Мәселенің байыбына бармау ма, әлде жалған намысшылдық па, қайдам, әйтеуір бүкіл әлем бізге аузын ашып, көзін жұмып тамсанып отыр деп жыртылып-айрылатын бүгінгі қазақтар арғы-бергі тарихымызда дүниядан өткен тұлғаларымыздың кейбір пендешілік кемшіліктерін, тіпті, ұлтымызға залалын тигізген тұстарын ұтыры келгенде айта қалсаң, сені жүндей түтуге даяр тұрады. Әнебір кезде күні кеше дерлік бақилық болған дарынды жазушы Рахымжан Отарбаев өзінің ой-тұжырымдарының бірінде Абай Құнанбаевқа қатысты қатып қалған шет-шексіз мақтау-мадаққа қайшылау келетін сөз айтып еді, кейбіреулер ұлардай шулап байғұсты талап тастады, қаны әбден қарайған біреулер интернетте Рахымжанның кітабын өртегендерін көрсетіпті. Ау, Абай жаны да, тәні де қылаудай мінсіз жаратылған Аллатағала емес қой, айта берсек тұлабойы толған мін екенін оның өзі де айтып еді ғой. Ол – бір. Екіншіден, Абай дүниядан өткелі қаншама заман өзгерді, қоғам өзгерді, адам өзгерді, жер, су, тіпті, ішер-ас, киер-киім өзгерді. Бір адамды тұтас бір халықтың ғасырлар бойғы табынатын тәңіріне айналдырып отыра берсек, қалай дамимыз, қалай замана көшіне ілесеміз, - деп едік тағы бәлеге қалдық. Әркімнің ішінде өзіне жетерлік бір-бір қап жыны бар, сол жынымыз ұстап сол жерде: «Абай орыстар қазақтың тілін де, дінін де, жерін де, суын да қаншеңгел езгіге, қорлық-зорлыққа салып отарлауының қайнап тұрған кезінде өмір сүрді. Абай соның бәрін күніге өз көзімен көріп отырса да не өлеңдерінде, не қара сөзінде сол отаршылдық қорлық-зорлық туралы бір ауыз сөз айтпағаны қалай? Ал Мұхтар Әуезовтің «Абай жолында» ол әкесімен жағаласып, әкесімен керілдесіп жүрген біреу ғой» дедім күйгеннен.
Енді қайран Мағжан Жұмабаевтың Кеңестік Ресейдің тірілерге арналған тозағына түсуіне М.Әуезовтің себепші болғаны туралы нақты деректі айтамын деп ақын М.Шахановтың басы дауға қалды. Бұл дау Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы болып 22 жыл отырса да кеткісі келмейтін Нұрлан Оразалинді орнынан әупіріммен әзер босатқан Құрылтайында Мұхтар Шахановтың Нұрланға бағыштап айтқан әзіл-сықаққа жақындау сөз айтуынан басталды. Сол Құрылтай кезінде елімізге есімі әйгілі біраз қаламгерлер Н. Оразалиннің небір қолайсыздау іс-әрекеттері туралы батырып та, бипаздап та айтқан-ды. Ал Оразалинді қорғаштаушы кейбіреулердің М. Шахановты нысанаға алуына оның қазақша айтқанда сон-а-ау бір «ит өлген жылдары» ақын М. Мақатаевқа арнаған әзіл-шыны аралас өлеңі себеп болды. Ол бұл өлеңінде Мұқағалиді оның жұрттан бір сомнан ақша жинап алмақшы болғаны үшін Жұқағали деп әзілдеп айтқаны да рас екен. Мұқағали ақын сол бір сомы түспегірді сол кезде ҚазМҰУ-да оқып жүрген бірде-аш, бірде-тоқ студент бізден де талай сұрап алған. Оның осы бір әдетін бүгінде көзі тірі талай қаламгерлер айтып та жүр. «Таз ашуын тырнаумен алады» дегендей Оразалиннің төрағалықтан кеткеніне әлі де күйініп жүрген кейбіреулердің М.Шахановтың соңына түсетіндей ол не қылмыс істеп еді. Жасыратыны жоқ Одақ төрағалығын ауыстырмасақ болмайды, Жазушылар Одағының қадір-қасиеті қалмай барады деп талай рет мақала да, Елбасының атына қайта-қайта хат та жазып жүріп оны орнынан әзер кетіргенімізді екінің бірі біледі ғой дедік.
М.Шахановқа таңылған тағы бір «қылмыс» та ойланбасқа қоймайды екен. «Айтып өткен ақында арман бар ма?!» - деп сол Мұқағалидың өзі айтқандай М. Шаханов қашан да Әділет пен Ақиқат жолында айтарын айтып өтетін ақын. Иә, Мағжан Жұмабаев өзін НКВД ұстап әкетіп баратқанда жан жары Злиханың құлағына өзінің тұтқындалуына Мұхтар Әуезов себеп болғанын сыбырлап айтып үлгіреді. Оны сол Злиха апамыздың өзі Мәскеуден шыққан кітабында жазған. «Ақиқатын айтпаса, тарихаттан не пайда?» деп кемеңгер шайыр Әбубәкір Кердері айтқандай М.Шаханов сол кітаптан өзі оқыған осы ақиқатты айтамын деп тағы бәлеге қалды. Ау, сонау 1986 жылдың желтоқсанында орыс солдаттары ақ қар, көк мұздың үстін қызылала қан қылып қазақтың ұл-қыздарын қорлап-зорлағаны туралы ақиқатты Кремльдің съездер сарайында КСРО Президенті М.Горбачевтің көзіне шұқып, саңқылдап тұрып жер жүзіне жар салып айтқан да бір ғана М. Шаханов емес пе еді? Соны сол кезде де, одан кейін де дәл Шахановқа ұқсап қай министр, қай депутат, қай үкімбас (Үкімет басшысы) айта алып еді дегің келеді осындайда. Оны айтпақ түгіл сол ұл-қыздарымызды сол күндері наркомандар, маскүнемдер, бұзақылар дегендер осы күні орденнен орден, медальдан медаль алып, сенатор болғаны сенатор болып, балаларын министр қойдырып ел ақсақалы атанып отырғанын да шыққыр көзіміз көріп отыр. Қазір олардың осы ісі туралы бір ауыз сөз айтсақ кейбіреулер шетімізден М. Шахановқа ұқсатып талап тастауы бек мүмкін-ау, ә!
Өз басым «Айман-Шолпан» спектаклін көрген талай адамның. «Апыр-ай, мына Мұхаң (Әуезов) Көтібарды кім қып қойған? Ау, Көтібар қазақ жерін Ресей басқыншылығынан қорғап өткен әрі батыр, әрі би, әрі киелі әулие еді ғой. Мына пьесада оны әумесерлеу біреу қып қойыпты ғой» дегенін де естігенмін. Ал М. Шаханов осының бірде-бірін ойдан шығарып, не жала жауып, не бір арам пиғылмен айтып отырған жоқ. Өз әулиелерінен гөрі шетелдіктерден мысал келтірсем білімдірек, күштірек боламын деп ойлайтын бүгінгі қазекемдер «Платон менің досым, бірақ шындық одан әлдеқайда қымбат» дегенді жиі айтуды шен көреді. Сөйте тұра, арғысы патшалық, бергісі Кеңестік Ресейдің қанды шеңгелінде өмір сүрген әйгілі тұлғаларымыздың да өзі өмір сүріп отырған қоғамға бейімделемін деп тура жолдан талай рет тайқып кеткен тұстарын азат ел болғаннан кейін, оның бержағында «рухани жаңғырамын» деп ұрандатып жүргенде де айта алмасақ қалай дамимыз, қалай ілгері басамыз? Қашанда шындықты айтып отыру – шырық бұзу емес екенін, ол тіпті әр мұсылманның парызы екенін естен шығармайық, ағайын.
Мырзан КЕНЖЕБАЙ, ақын
Пікір қалдыру