2015 жыл атаулы оқиғалар мен салтанатты мерейтойларға толы жыл. Сөзімізді дәйектесек, осы жылы қазақтан шыққан тұңғыш ғалым, тарихшы, географ Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың 180 жылдығы, Алаш зиялыларының бірі әрі бірегейі, жазушы, ақын Міржақып Дулатұлының 130 жылдығы, қазақ халқының ірі жазушысының бірі, Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы қызметін атқарған Ілияс Есенберлиннің 100 жылдығы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР ҒА-ның корреспондент-мүшесі Ермұхан Бекмахановтың 100 жылдығы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы, т.б. көптеген маңызды мерейтойлар бар. Десек те, осы айтулы шаралардың ішінде Қазақ хандығының 550 жылдығы мерейтойының шоқтығы биік, жолы бөлек, алар орны ерекше.
Тәуелсіздігіміз – еліміздің басты құндылығы. Бұл ұран теледидардан да, радиодан да, әлеуметтік желілерден де айтылып жүр. Бірақ бұл Алланың бізге берген нығметін толық мағынасында, тереңіне бойлап түсіндік пе? Бұл сұраққа әр адам өзінің ішіне үңіліп жауап бере жатар. «Материалдық жағдайда өзіңнен төмен тұрғандарға қарап, шүкір ет. Ал білім-ғылымда, мәдениетте өзіңнен бір қадам жоғары тұрғандарға қарап, теңесуге талпын», – деп айтқан ғалымдардың насихаты өміршең. Осы формуланы тәуелсіздігімізге, бейбіт өмірімізге салып, бір сәт айналамызға көз жүгіртсек. Басындағы тәуелсіздігін уыстан шығарып алған, бірлігіне сызат түскен елдер құлдырап, құрдымға кетуде. Оған айқын дәлел Украина мемлекеті. Барға қанағат, шүкір деудің орнына аспандағы айды аламыз деп өзінің тәуелсіздігін бодандыққа алмастырып алғандай. Әрине біз оларға сыншы емеспіз. Бірақ болашағымыз үшін үлкен өнеге, мысал болуда. Ал енді сәулеті мен дәулеті, ғылымы мен білімі тасыған, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мәдениеті жоғары елдер қаншама. Мысалы, Біріккен Араб Әмірлігі. 1971 жылы тәуелсіздігіне қол жеткізген мемлекет қазіргі күндері әлемдік саяси-экономикалық сахнасында ойып тұрып орын алған мемлекет. Құқық бұзушылық пен қылмыс деңгейі ең төмен ел [1]. Неге осы араб еліне қарап, үлгі алып, бой түземеске?!
Мәңгілік ел боламыз деген қаншама дүлдүлдерді жер қойнауы өзінің құшағына тұншықтырды. Жалпы, мәңгі ел болуды армандамайтын мемлекет кемде-кем емес пе? Осы табиғи заңдылыққа бағынған біз де мәңгі ел болуды басты назарға алып, мақсат етіп қабылдадық. Оған елбасымыздың «Мәңгі Ел» идеясы күшті импульс болып, халықтың басын біріктіретін ұлттық идеология деңгейіне көтерілді. Мақсат анық, бағытымыз айқын, түп тұрағымыз белгілі, ендігі кезекте осыған жетудің жолдары қандай және шарттары қалай болмақ?
Алғашқы кезекте осы «Мәңгі Ел» идеясының анықтамасы қандай екен, соған ой жүгіртсек. Қашаннан ата-бабамыз тереңнен ойлап, астарлап айтып, әр сөздің түбіне терең мағына салатын. Сондықтан «Мәңгі Ел» терминін сол күйінде қабылдап, мәңгі ешнәрсе жоқ деп кесіп айту асығыстық. Бәлки, бұл сөздің астарында түркі бабамыз келер ұрпаққа үгіт-насихат, ақыл-өсиет қалдырған болар. Абай Құнанбаев айтпақшы:
Алдыңғы толқын ағалар,
Артқы толқын інілер.
Кезекпенен өлінер
Баяғыдай көрінер.
Бұл дүние өткінші, адамдар тек мейман, осы уақытқа дейін қаншама адамдар келіп-кетті, неше елдер пайда болып, қайта жойылды. Сондықтан, мәңгі ел болуды мақсат тұтпайтын қоғам шығар. Ал ол үшін ең алдымен мәңгілік құндылықтарға көңіл бөлу шарт. Сонда ғана Әл-Фараби ғұламаның көксеген «Қайырымды қала тұрғындары» бола алармыз.
«Мәңгі Ел» – иманнан басталады, ал ұят иманның жартысы. Ата-бабамыз мұсылман болған, ұрпағына ұшқан құстың қанаты талатындай үлкен ауқымды жерді ғана емес, сонымен қатар шоқтығы биік мәдениетті, асыл дінімізді, бай тілімізді, өнеге толы салт-дәстүрімізді, ғылым-білімді мирас етіп қалдырған. Жоғарыда аталған құндылықтармен өскелең ұрпақты сусындатып, бесіктен бастап тәрбиелеген жөн. Мемлекеттің тірегі де, қозғаушы күші де артымыздан ерген ұрпағымыз. Бұл міндет әр адамның, кез-келген ата-ананың, қоғамның, мемлекеттің мойнына артылатын жүк. Қазіргі заман технологиялар заманы болса, онда жаңа құрылғылар арқасында ақпараттық тәрбиелеуді де қолға алайық. Сонда ғана болашағымыздан үміт күтуге болады.
Мемлекетіміздің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толатынын және ол тарихи датаны айрықша атап өтетінімізді мәлімдеді [2]. «Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды, қазақтың мемлекеттілігінің тарихы сол кезден бастау алады. Бәлкім ол бүгінгі шекарасындағы, бүкіл әлемге осынша танымал әрі беделді, осы ұғымның қазіргі мағынасындағыдай мемлекет болмаған да шығар. Бірақ бұлай деп сол кезеңдегі басқа да барлық мемлекеттер туралы да айтуға болады», – деді президент [3]. Осы жерде 1465 жыл деген уақыт қайдан алынды? Жалпы Қазақ хандығы жөнінде, ұлттық құрамы, территориясы, хандары жөнінде деректер мен еңбектер көп. Алайда хандығымыздың құрылған нақты уақытын көрсететін деректер жоқтың қасы. Тек бір ғана деректе дәл уақыты көрсетілген. Ол – Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегі. Мырза Хайдар Дуғлат өзінің еңбегінде хижра бойынша 870 жыл деп көрсеткен. Әлемдегі қазіргі күнде саяси-экономикалық ахуал өте күрделі. Оның үстіне әлемдік экономикалық дағдарыс та оттың үстіне май құйғандай болып отыр. Украинадағы болып жатқан саяси науқандар, Ресей Федерациясының Қазақстанның Солтүстік облыстарына көз алартуы, АҚШ пен Еуро Одақтың Ресейге қарсы санкциялық саясаттары, т.б. мәселелер аясында Қазақстанның әлемдік сахнадағы өзінің статусын нығайтып, орнын заңды бекітуі бірінші кезектегі мәселе болып отыр. Сондықтан болар елбасымыз Қазақ мемекетінің 550 жылдығына үлкен мән беріп, әлемге паш етіп атап өтуде. Осы 550 жыл датаның төңірегінде көптеген талас-тартыстар мен дискуссиялар болды. Яғни, мемлекеттілігімізді қазақ хандығынан емес, сонау түркі қағанаттарынан, одан әрі үйсін, ғұн, сақтар заманынан алу керек десе, енді кейбіреулері арий тайпаларынан өрбіту керектігін ұсынып отыр. Әрине, әр ұсыныстың артында бір шындық бар. Уақыт өте келе біз ақиқатқа жақындай түсеміз, ал қазірге осы 550 жылды қалдырып, дау-дамайды доғарып, біртұтастығымызды көрсетсек, қазақ мемлекеттілігін зерттеу жұмыстарын одан ары қарай жалғастырып, тың мәліметтерді жинастыруды тоқтатпай. Тарихи шындық қажет, әрине, оған бәріміз келісеміз, бірақ осындай қысылтаяң кезде біздің ауызбіршілігіміз алдыңғы орында тұруы керек.
Елімізге береке-бірлік, амандық, тыныштық, сапалы дамуды тілеймін!
Мурзаходжаев Қуаныш Мәдиұлы, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институтының «Халықтану және тарихи тұлғатану мәселелері» бөлімінің кіші ғылыми қызметкері
