Берекет Бақытжанұлы Кәрібаев ҚР ҰҒА корреспондент – мүшесі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, тарих, археология және этнология факультетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы
Қазіргі күнде Қазақ хандығының 550 жылдығына орай қалың жұртшылықтың хандықтың тарихына, оның ішінде хандықтың құрылуына, алғашқы хандар – Керей мен Жәнібек хандардың тарихи болмысына деген қызығушылықтары күрт артып отыр. Осыған байланысты қолына қалам ұстағандардың бәрі хандықтың құрылу тарихымен айналысып, өз пікірлерін ұсынып, небір «жаңалықтар» аша бастады. Ғылымдағы шынайылық принцип кейінгі қатарға шегеріліп, алдыңғы қатарға әуесқойлық шығып жатыр. Сол себепті, біз төменде осы мәселемен ұзақ уақыттан бері айналысып келе жатқан маман ретінде хандықтың құрылуы жөніндегі зерттеу жұмысымызды оқырмандар назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз. Қазақ хандығының құрылуы бір оқиғамен және бір мезетте жүзеге асқан саяси үрдіс емес, керісінше, 10 жылдан астам уақытқа созылып, өз ішінде оқиғалардың дамуына қарай бірнеше сатыға бөлінген. Бөлініп кету – хандықтың құрылуындағы алғашқы және маңызды қадам болса, Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында Қазақ хандығының билігінің толық және түпкілікті орнауы - хандықтың құрылуының аяқталғанын көрсетеді. Осы екі аралықтағы әр бір оқиғаның хандықтың құрылуындағы ролі мен маңызына тоқталып, жаңа мемлекеттің қалыптасуының сатыларына тоқталалық. Бірінші сатыға – Керей мен Жәнібектің бөлініп кетіп, Моғолстанның батысындағы Шу өңіріне келуі және Керей хан болып сайлануы жатады. Хронологиялық тұрғыдан алғанда бірінші саты – 1457 жылдың күзінің соңы қысының басы мен 1458 жылдың көктемі аралығын қамтиды. Енді осы оқиғалар барысына терең үңілелік. С.К. Ибрагимов Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған ру-тайпалардың бөлінуін Әбілқайыр ханның қалмақтардан жеңілісінен кейін болған деп дұрыс атап өтеді де, ол Сығанақ түбіндегі шайқасты 1451-1452 жылы өтті деп қате көрсетеді [1, 155 б.]. Тарихи әдебиеттерде Сығанақ қаласының түбіндегі Көке Кесене деген жерде Әбілқайыр хан мен қалмақ билеушісі Үз Темір тайшы арасындағы ұрыстың 1457 жылы өткендігі толық анықталған [2, 17 б.; 3, 65-66 бб.; 4, 230 б.]. Бұған дейінгі тарауларда біз бұл шайқасқа қатысты мәселелерді қарастырғандықтан оған тоқталып жатпаймыз. Тек қана қалмақтар жорығының жаз айларында болғанын еске сала кетеміз [5, 168 б.]. Шайқастың салдары Әбілқайыр хан үшін ауыр болғаны белгілі. Қалмақтардан жеңілу шибанилық әулеттің белсенді өкілдері, әрі «көшпелі өзбектердің» әскер басылары Бахтияр сұлтан мен Ахмед сұлтанның ұрыста қаза табуы, ханның Сығанақ қаласына тығылуы, қалмақтардың жергілікті өңірдегі тұрғындары емін-еркін тонаушылққа ұшыратуы Әбілқайыр ханның жеке басының беделін төмендетеді. С.К. Ибрагимов «бұл жеңіліс мемлекеттің құрамына енетін тайпалар алдында ханның саяси билігін әлсіретіп жіберді», -деп айтады [1, 155 б.]. Шайбанилық деректердің көпшілігі Әбілқайыр ханның үш жасар немересі Махмуд сұлтанның қалмақтарға аманат ретінде берілгендігі жөнінде ештеңе айтпаса, тек «Тарих-и гузида –йи нусрат намеде» ғана хан немересін қалмақтарға тұтқынға түсті деп баяндайды [2, 17 б.]. Б.А. Ахмедов бұл жағдайды, яғни хан немересінің аманатқа берілуін Әбілқайыр ханның қалмақ тайпасының жоғарғы билігін мойындауымен түсіндіреді [3, 67 б.]. Біздің ойымызша Б.А. Ахмедовтың бұл пікірі асыра айтылған пікір. Егер шынымен де жағдай Б.А. Ахмедов айтқандай болса, онда ол туралы деректер шайбанилық шығармаларда айтылмаса да, жағдайдың барлығын жіті бақылап отырған темірлік деректерде, әсіресе Абдарразак Самаркандиде айтылған болар еді. Ол туралы Шағатайлық шығармаларда да ешқандай мәлімет жоқ. Соған қарағанда Әбілқайыр хан Үз Темір тайшының саяси билігін емес, оған белгілі бір көлемде салықтар мен төлемдерді жыл сайын төлеп тұруға міндетттенген секілді. Ал соның кепілдігіне үш жасар немересі берілген. Жеті жылдан кейін Махмуд сұлтан өз еліне үлкен құрметпен қайтарылады [2, 17 б.]. Жалпы алғанда, 1457 жылғы шайқас - Әбілқайыр хандығындағы барлық қайшылықтардың бетін ашады, «көшпелі өзбектер» мемлекетінің саяси тарихында бір кезеңнің аяқталып, келесі кезеңнің яғни, күйреу кезеңінің басталғандығын көрсетеді. Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған ордаежендік тайпалардың бір бөлігінің бөлініп кетуі – соған дәлел бола алады. Бұған дейінгі тараушаларда бөлінудің себептері, түрткі болған оқиғалары қарастырылғандықтан, бұл жерде оларды қайталап жатуды артық деп санаймыз. Хандықтың құрылу барысындағы алғашқы және өте маңызды оқиға – бөлініп кету болғандықтан бірден соған ауысайық. Үз Темір тайшы бастаған қалмақтар жорығы 1457 жылдың жаз айларында болғандықтан, Әбілқайр хан секілді Керей, Жәнібек және ордаежендік басқа да сұлтандар өздерінің қол астындағы ру-тайпаларымен бірге сол тұста күндерін жайлауда өткізіп жатқан. Дерек мәліметтерінде баяндалғандай, Әбілқайр хан қалмақтар жорығы туралы хабардың растығына көз жеткізгеннен кейін, ол жарлық шығарып, Бахтияр сұлтан мен Ахмед сұлтандарды әскердің басшысы етіп бекітеді. Кухистани Көк Кесене түбіне аттанған шайбанилық сұлтандар мен шибанилық ру-тайпа басшыларының тізімін көрсетеді, бірақ онда ордаежендік әулет өкілдері мен ордаежендік әулетті қолдайтын тайпа атаулары кездеспейді [5, 168 б.]. Шайқастың нәтижесінен хабардар болған ордаежендік әулеттің басшылары Әбілқайыр тарапынан болатын қарсы әрекеттерді алдын-ала сезген. Мұхаммед Хайдар Дулатыи бір дерегінде «Жошы әулетінің кейбір сұлтандары одан келер бір пәлені сезіп, оны болдырмауға тырысты», - десе, келесі бір дерегінде «Жошы ұрпағының сұлтандары жорық жасап, Жәнібек хан мен Керей хан одан қашты»,- деп жазады. [6, 348 б.; 7, 305 б.; 110 б.]. Көріп отырғанымыздай, Әбілқайыр хан өзін қолдамағандарға қарсы жазалау шараларын жүргізген. Керей мен Жәнібек Әбілқайыр ханға қарсы топтың жетекшілері болғандықтан ханның негізгі соққы бағыттары өздері мен ұлыстарына бағытталғанын көре біліп, оны болдырмаудың жолы деп Моғолстанға кетуді ұйғарған. Егерде Керей мен Жәнібек аздаған адамдармен кетсе, онда олар жылдың қай мезгілі болғанына қарамастан көшкен болар еді. Олардың соңында ордаежендік ру-тайпалардың бір бөлігі болуы себепті олар жылдың қай мезгілінде болса да ауа көшіп кете алмайтын еді. Көшпелі мал шаруашылығы ол тайпалардың негізгі шаруашылық түрі болғандықтан, олар тек жайлаудан қайтар кезде ғана көтеріле көшіп, бұрынғы дәстүрлі қысқы тұрақтарына емес, Моғолстанға бет алған. 1996 жылы белгілі археолог М. Елеуұлының Шу, Талас өңірлеріндегі ел аузынан жинаған тарихи аңыз-әңгімелерінің бір тобы ҚазМУ Хабаршысының тарих сериясында жарық көрді [8, 6-12 бб.]. Сол тарихи аңыз-әңгімелер арасында Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты екі дерек кездеседі. Бірінші аңыз «Сырдың бойынан тышқан жылы қара күзде бір түмен елімен ауа көшкен ағайынды Керей мен Жәнібек сұлтандар қыс түсе Мойынқұмға кетіпті», - деп басталса, келесі бір аңызда «Қара күзде Сырдан қопарыла көшкен қалың елді Керей мен жәнібек сұлтандар Мойынқұмға бастап кетіпті», - делінеді [8, 7-8 бб.]. М. Елеуұлы бұл аңыздардың бірін 1924 жылы туылған Шәуенов Жүзімқұл деген ақсақалдан 1976 жылы тамыз айында жазып алғанын, ал келесі аңызды 1899 жылы туылған Назарқұлов Жүнжұма деген ақсақалдан алғанын айтады [8, 7-8 бб.]. Бұл жерде екі аңыздың мазмұнында «Тарих-и Рашидидегі» Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлініп кетуі жөніндегі дерекке ұқсастығы бар. Ұқсамайытын жеріне көшіп кетудің «тышқан жылы және қара күзде, қыс түсе» деген уақытты көрсетуі жатады. 1457 жылдың қай жылға жататынын білу үшін деректерге назар аударып көрелік. Кухистани да, Махмуд бен Уәли де Әбілқайыр ханның қайтыс болған жылын «874 (1469-70) жылы тышқан жылы» деп жазады. [5, 171 б.; 9, 361 б.]. 1469-70 жылдың алдындағы тышқан жылына 1457-58 жылдың жататынына ешкім күмән туғызбас болса керек. Олай болса, аңыздағы тышқан жылы жазба деректегі тарихи оқиғалардың уақытымен сәйкес келеді. Ал «қара күз», «қыс түсе» деген сөз тіркесі қараша-желтоқсан айларын білдіретінін ескере отыра, бұл мезгілдің күзеу, күзеуден қыстауға ауысатын мезгіл екенін білеміз. Олай болса, аңыздағы мезгілді көрсететін мәліметті дұрыс деуге болады. Осылайша, жоғарыда айтылған ойларымызды түйіндей келе, Керей мен Жәнібек бастаған ру-тайпалар Сығанақ түбіндегі шайқастан кейін Әбілқайыр ханның қаһарынан қорқып, сол жылдың күз айының соңында дәстүрлі қыстауларына бармай, Шу өзенінінң бойына келеді. Мұхаммед Хайдар Дулати «Есенбұға хан оларды құрметпен қарсы алып, қоныстануға Моғолстанның батыс жағындағы Шу өзені алқабындағы Қозыбасыны берді», - деп айтады [7, 110 б.]. Ал Махмуд бен Уәли бұл өңірді берудің себебін былайша түсіндіреді: «Сол кездерде Моғолстанда Шағатай хан ұрпақтарынан Уәйіс ханның ұлы Есенбұға хан билік жүргізіп тұрды. Сол тұста Әмір Темір курэканның ұлы Мираншахтың, оның ұлы Сұлтан-Мұхаммед мырзаның ұлы Әбу Сайд мырза Ирактан Жүніс ханды шақыртып, оған көмек пен жәрдем береді де, інісіне қарсы жібереді. Сол себепті Есенбұға хан билігінің негізіне сызат түсіп, соған байаланысты бұл хан Жәнібек хан мен Керей хандардың келуін адамдар /үшін/ қайырымдылық пен ізгіліктің көзі деп санады. Ханзадалардың келуіне құрмет көрсетіліп, келісім берілгеннен кейін, хан оларға Моғолстанның батыс өңірін берді. Ол өңір Есебұға ханның /иелігі/ мен Жүніс ханның иктасы арасында болды. Бұл өңір Шу және Қозыбасы деген /атаумен/ белгілі болатын» [9, 352 б.]. Қозыбасы – Тарғаптың қарсы бетіндегі Қордайда орналасқан тау жайлауы [10, 265 б.]. Енді осы географиялық атауларды карта бойынша анықтасақ, онда Керей мен Жәнібектің Есенбұға ханнан алған аймағының шекарасы – Балқаш көлінің оңтүстік-батыс жағалауы мен Шудың төменгі ағысы бойындағы алқаптар арқылы, батысы – Талас өзенінен, шығыста Іле өзеніне дейінгі, ал оңтүстікте – Іле Алатауының солтүстік тау жоталары мен қыраттары арқылы өткен. Бұл аймақ – Есенбұға хан үшін біріншіден, оның Моғолстанның Жетісу жағындағы иеліктерін Андижан маңындағы Жетікент деген жерді иелікке алған Жүніс хан тарапынан болатын жорықтардан қорғап тұрса, екіншіден, дәл сондай міндетті Әбілқайыр хан тарапынан болар жорықтарға байланысты атқарып тұрды. Жүніс ханның Моғолстан аймағына жақын келуіне байланысты билігінің іргесі сөгіле бастаған Есенбұға хан жоғарыда айтылған аймақты Керей мен Жәнібеке беру арқылы өзіне сенімді одақтас табады да, өмірінің соңына дейін тақ билігіне ағасын жолатпайды. Махмуд бен Уәлидің мынадай мәлімет осыны дәледейді: «Есенбұға ханның тірі кезінде /оған/ жоғарыда айтылған хандардың (Керей мен Жәнібекті айтып отыр – Б.К.) көмегі мен тірегі арқасында Жүніс хан тәкәпарлықпен аяғын үзеңгіге сала алмады» [9, 353 б.]. Басқаша айтқанда бұл дерек мәліметі Жүніс ханның Моғолстанда Есенбұға ханның тірі кезінде хан бола алмағанын көрестеді. Мұхаммед Хайдар Дулати өз еңбегінің бір жерінде былай дейды: «Сұлтан Жүніс хан екінші рет Мырза Сұлтан Әбу Сайдта Моғолстанға келгенде, мұндағы әмірлердің барлығы тағы да хан маңына жиналды. Хан Моғолстанда біраз тұрды. Жетікентте тұрақтап қалды. Бірақ Есенбұға ханға тиеселі иеліктерге кіруге батылы бармайды» [7, 113 б.]. Осылайша, 1457 жылдың соңында Керей мен Жәнібектің Моғолстанның батыс жағындағы Шу өңіріне келіп қоныс тебуі арқасында, Есенбұға хан ағасы Жүніс ханға қарсы өзіне сенімді одақтас табады да, 1461/62 жылы қайтыс болғанға дейін оның иелігіне ешқандай қауіп бола қоймайды. Енді Керей мен Жәнібекке қайта оралайық. Біз бұған дейінгі тараушаларымызда Керей мен Жәнібектің Шу бойына келуі – 1457 жылдың күзінің соңында, ал келгендер саны шамамен 100 мыңдай адам болған деп айтқанбыз. М. Елеуұлының жариялаған аңыздарының бірінде келуді «қара күзде» болған десе, ал екіншісінде «қыс түсе» деп көрсетеді. Деректердегі мәліметтердің баяндалуын хронологиялық тұрғыдан қарастырсақ, мынадай жәйттерді аңғарамыз. Керей мен Жәнібек бастаған ру-тайпалардың Шу өңіріне қоныстануы, Керейдің хан болғандығы, Есенбұға ханның иелігіне Жүніс ханның аяғын аттап баса алмағандғы, Есенбұға хан қайтыс болғаннан кейін қазақ билеушілері мен Жүніс хан арасында жақсы қатынастардың қалыптасуындағы жөнінде айтылады [9, 352-353 бб.]. Соған қарағанда Керейдің хан болып сайлануы Шу бойынан көшіп келгеннен кейін және Есенбұға хан қайтыс болғанға дейін жүзеге асқан. Жазба деректер ол жөнінде нақты айтпаса, М. Елеуұлының аңызында оған қатысты былай делінеді: «Сырдың бойынан тышқан жылы қара күзде бір түмен елмен ауа көшкен ағайынды Керей мен Жәнібек сұлтандар қыс түсе Мойынқұмға (Ұланбаелден Хан тауына дейінгі аралық сөз болып отыр – М.Е.) жетіпті. Құмды қыстап шыққан қалың ел көктемде Тұлпарсазда Керейді ақ киізге көтеріп, хан сайлап өздерін «қазақ» деп атапты» [8, 7 б.]. Аңыздың мәліметіне сүйенсек, Керейдің хан болып сайлануы -1458 жылдың көктем айларының бірінде, мүмкін наурыз айында жүзеге асқан. Хан сайлау процесі аса маңызды болғандықтан, әсіресе жаңа әулеттің алғашқы ханын сайлау сол елдің өміріндегі ерекше маңызды оқиға болып саналатындықтан, оған билеуші әулет өкілдері ерекше мән беретіндігі өз-өзінен түсінікті. Хан сайлау жинына билеуші әулет өкілдерінен басқа дін басылары, ру-тайпа көсемдері, мен батырлары және басқа әлеуметтік топ өкілдері қатысады. Қазақ қоғамында хан сайлау дәстүрі ХІХ ғасырдың соңына дейін сақталып, ол жөнінде орыс авторларының еңбектерінде баяндалады. А.И. Левшинның жазуы бойынша хан сайлау үшін алдын-ала оның уақыты мен өткізілетін жері белгіленеді, әртүрлі «жеке кеңесулер» өткізіліп, хан сайлауға әрбір топтың өкілдері анықталады, негізгі үміткер анықталғаннан кейін жалпы жиында ол ақ киізге отырғызылып, сұлтандар мен ру-тайпа көсемдерінің қолдауына ие болып, үш рет киізбен жоғары көтеріледі. [11, 126-127 бб.]. Бұл дәстүрді Керейді хан көтргенде қолданды деуге болады. Ал енді Керейді хан көтерген мезгілге келетін болсақ, біздің ойымыз жоғарыда айтып өткен аңыздағы уақытқа сай келеді. Керей мен Жәнібек бастаған ордаежендік ру-тайпалар үшін 1457 жылдың соңында ең басты мәселе қыстау, қыста жайлатын орындарын таңдау, оларды белгілеу, елді қоныстандыру және т.б. шаруашылық мәселелер болған. Ал көктем шыға алдын-ала дайындық жұмыстары жүргізіліп, жас жағынан Жәнібекке қарағанда үлкендеу Керей хандық билікке отырғызылады. Керейдің хан болып сайлануымен Қазақ хандығының құрылу барысындағы бірінші кезеңді аяқталды деуге болады. Осылайша, тарих мінбелеріне көтерілген Қазақ хандығын сол кездер үшін толыққанды, дербес хандық деуге толық болмайды. Өйткені, дербес хандық деу үшін оның нақты территориясы мен халқы, билеуші әулеті мен ханы, басқару әкімшілігі мен құрылымы, өзіндік жүргізетін дербес саясаты және мемлекетке қажетті тағы басқа шарттары қажет болатын. Керейдің хан сайлануымен мемлекет үшін ең басты шарттардың бірі орындалады, яғни жаңа хандық – Қазақ хандығы дүниеге келеді. Ортағасырларда хан - тек жоғарғы билікті иеленген адам ғана емес, сонымен бірге мемлекетттің символы болып есептелген. Жазба деректерден хан болмаған жағдайда елдің тарап, халықтың басқа хандарға көшіп кететін мысалдарын кездестіруге болады. Мұхаммед Хайдар Дулати Моғолстанның алғашқы ханы Тоғылық Темір ханның балалық кезіне қатысты былай деп жазады: «Әкемнен, әкемінің ағайындарынан «Алла олардың жанын жәннатта қылғай» және моғолдардың көне көз қарттарынан естігенім Тоғылық Темірдің әкесі Есенбұғаның Сатилмиш Хатун атты бәйбішесі болған. Оның Меңлік атты сүйікті тоқалы да бар еді. Сатилмиш хатун бедеу тұғын. Сондықтан ханда бала болмаған», одан әрі Есенбұға ханның қайтыс болғанын баян етеді де, «моғол тағы хансыз қалды, ұлыс күйреп, бүліншілікке түседі», - деп жазады [7, 44-45 бб.]. Ал Әбілғазы болса Хорезмде хан болған Жошы хан әулетінің өкілдері жөнінде айта келіп, Теміршайх туралы былай деп баяндайды: «... Теміршайхтың жігіт кезінде қалмақтан екі мың кісі келіп, елін шауып кетті. Теміршайхтың қаһары келіп, әскерінің жиылуын күтпестен жаудың артынан қуып барып соғысып еді, жеңілді, өзі сол соғыста өлді. Баласы жоқ еді, елін жауға шаптырды, төресінен айырылды. Патшасынан не ұл, не іні қалмады. Үш үмітсіздік біріне-бірі жиналды. Сондықтан халық өзге төреге кетті» [12, 122 б.]. Осы дерек мәліметтерінен ханның мемлекет үшін ең басты роль атқарғандығын көруге болады. Сол себепті де Керейдің хан сайлануын біз, қазақ хандығының құрылуымен тікелей байланыстырамыз. Осылайша, Керейдің 1458 жылдың көктем айларының бірінде хан болып сайлануымен Қазақ хандығының құрылуы барысындағы алғашқы кезең аяқталды. Осы кезең ішіндегі оқиғалардың тарихи маңызын атап өтер болсақ, біріншіден, Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілқайыр ханнан бөлініп кетуі – олардың Қазақ хандығын құрудағы алғашқы қадамы болды және Әбілқайыр хандығының тарихындағы күйреу кезеңінің тереңдегенін көрсеіп берді. Екіншіден, Шу өңіріне келіп қоныс тепкен ордаежендік тайпалар жаңа этникалық атауға – «өзбек-қазақ» атауына ие болды. Бұл дегеніміз этникалық процестің жаңа, ұлттық сипатқа ие болғандығын көрсетеді. Үшіншіден, хандық билікті қалпына келтіріп, Керейдің хан сайлануы – ұлттық сипаттағы мемлекеттік құрылымды дүниеге алып келгендігін көрсетіп береді. Сөйтіп, таза ұлттық негізде құрылған Қазақ хандығы толыққанды мемлекет мәртебесіне ие болуы үшін әлі де болса өзінің қалыптасуы барысында бірнеше сатыны бастан өткеруі қажет болды. Шарты түрде екіінші сатыға – 1458 жылдың көктем айларынан – 1461/62 жылға дейінгі, яғни Есенбұға хан қайтыс болғанға дейінгі аралық жатады. Осы аралықта Қазақ хандығының қалыптасуы барысындағы маңызды оқиғаларға мыналарды жатқызамыз. Біріншіден, Моғолстанның батыс жағында мемлекет құрып алған ордаежендік тайпаларға Әбілқайыр ханға наразы немесе оған қарсы шыққандар бірте-бірте Керей мен Жәнібек хандарға келіп, қосыла бастайды. Екінші маңызды оқиға – Жүніс ханға қатысты оқиғалар жатады. 1457 жылдың қазан айында Әбу Сайд мырзаның қолдауымен Моғолстанның іргесіне келген Жүніс ханның бірінші болып Ыстықкөл маңындағы құнжы, бекжак тайпаларының әмірі Керімберді, әмір Қажы Пір, әмір Ибрагим секілді басшылары мойындайды. Жүніс хан тайпа әмірлерімен жақындасу үшін осы жылдың соңында Әмір Қажы Пірдің қызы Исан Даулет бегімге үйленеді [7, 113 б.]. 1458 жылдың күзіне дейін Жүніс ханның маңайына біршама моғол тайпалары жиналады. Ыстықкөл тайпаларын өзіне қаратқаннан кейін Жүніс ханның алдында екі бағыт тұрды, бірі – Жетісу аймағындағы тайпаларға билігін орнату арқылы бүкіл Моғолстан тағы үшін күресу болса, екіншісіне – бірден Моғол ханы Есенбұға ханға қарсы аттанып, тақты күрес арқылы тартып алу жатты. Бірақта Жетісудағы тайпаларды өзіне қарату үшін оған Жетісудың батыс өңіріндегі Қазақ хандығы тосқауыл жасап тұрғандықтан, Жүніс хан бірінші жолдан бас тартып, екінші жолды таңдайды. Осы жерде Есенбұға хан есебінің өте дұрыс шыққандығын айтып өтпесе болмайды. Керей мен Жәнібек хандарға Жетісудың батысын беру арқылы ол бүкіл Жетісу аумағындағы тайпаларға Жүніс ханның ықпалын болдырмау жоспарын жасады. Қазақ хандығымен күресуден бас тартқан Жүніс хан 1458 жылдың жаз айының соңы – күз айларының басында Моғолстанның Шығыс Түркістан жағындағы Қашқарға көзін тігеді. Бұл кезде Есенбұға хан Моғолстанның шығыс жағындағы Жұлдыз жайлауында болатын. Жүніс ханның Қашқарға аттанғанын естіген Есенбұға хан тез арада Қашқар маңына келеді. Ағасы мен інісі арасындағы шайқас Қашқардың Ақсу жанындағы Хансалар деген жерде өтіп, өте қиындықпен Есенбұға хан мен әмір Сайд Әлі жеңіске жетеді (Мұхаммед Хайдар Дулатидың үшінші атасы –Б.К). Жүніс хан қашуға мәжбүр болады, бірақ әйелі жаңа туған үлкен қызы Михр Нигар ханым және қызыметшілері тұтқынға түседі. Жүніс ханның Исан Дәулет бегімге 1457 жылдың соңында үйленгенін, олардың тұңғыштары Михр Нигар ханымның емшекте болғанын ескеріп, Хансалар ұрысы 1458 жылдың тамыз-қыркүйек айларында өтті дейміз. Осы шайқасқа қатысқан Дулатидың арғы атасы әмір Сайд Әлі 862 (1457 ж. қараша -1458ж. қараша) жылы, яғни, 1458 жылдың қазан-қараша айларының бірінде қайтыс болады [7, 113-114 бб.]. Сөйтіп, Жүніс ханның Моғолстан тағын иеленуге бағытталған алғашқы әрекеті сәтсіздікке ұшырайды. Есенбұға ханның өз тағын сақтап қалуына Қазақ хандығы да өз септігін тигізеді. Қазақ хандығы Махмуд бен Уәлидің жазғанындай «Есенбұға ханның иелігі мен Жүніс ханның иктасы аралығында орналасып», Жүніс ханға бүкіл Жетісу тайпаларының қосылуына кедергі жасайды. Әбу Сайд мырза өзіне қашып келген Жүніс ханға екінші рет қолдау көрсетеді. Бұл жолы оған Андижан аймағының Жетікент деген жерін басқаруға береді [7, 114 б.]. Дулатидың көрсетуі бойынша Жүніс хан Әбу Сайд мырзаға екінші рет қайтып келгенде моғол әмірлері оның маңына қайта топтаса бастайды. Ол Жетікентте тұрақтап қалады. «Бірақ Есенбұға ханға тиеселі иеліктерге кіруге батылы бармайды» [7, 117 б.]. «Тарихи-Рашиди» авторының осы мәліметі Жетісудың батыс жағында құрылған Қазақ хандығының елеулі саяси күшке айналғанын көрсетеді. Сөйтіп, Қазақ хандығы сол жылдары Моғолстанның ішкі саяси өміріндегі оқиғаларға тікелей араласпаса да, саяси күш ретінде ондағы билік үшін күресуші топтар арасында танылады, Қазақ хандығын олар мойындауға мәжбүр болады. Бұл – біздің ойымызша, Қазақ хандығының құрылуы барысының екінші сатысындағы ең басты жетістігі болып табылады. Қазақ хандығының құрылуы кезіндегі үшінші сатыға 1461/62-1469/70 жылдар аралығы жатады. 1461/62 жылы моғол ханы Есенбұғаның қайтыс болуымен және оның мұрагері Досмұхаммедтің хан тағына келуімен Моғолстанның ішкі саяси өмірінде күрделі өзгерістер жүреді де, ол өзгерістер Қазақ хандығына да ықпал етеді. Енді осы мәселені тереңірек қарастыралық. «Есенбұға хан ажалы жетіп дүниеден озған соң, орнына ұлы Дос Мұхаммед хан патша тағына отырады. Оның жасы он жетіде болатын. Ол парасатты адамдар қатарына жатпайтын, көптеген істері ақылға қонбайтын еді, оның үстіне бір сәт болса да мастықтан есін жинаған емес. [Мисра]: Жүретұғын жері лас, отыратын тағы лас, Ақылды жан аулақ жүр, жынды бүгін тағы мас!»,- деп Мұхаммед Хайдар Дулати оның жеке басына осындай сипаттама сөздерді қосып жазады [7, 115-116 бб.]. Мемлекетті басқару ісіндегі негізгі принциптердің еленбеуі, жас ханның ішкі саясатында белгілі бір мақсаттың, жүйеліліктің болмауы Моғолстанның Шығыс Түркістан жақ бөлігіндегі әмірлер арасында жіктер мен алауыздықтарды туғызады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, «Тарих-и Рашиди» авторының арғы атасы Әмір Сайд Әлі 862(1457-1458) жылы қайтыс болғаннан кейін, артында қалған екі ұлдың үлкені – Сансыз мырза моғолдардың саясаты бойынша әкесінің орнына әмір болады да, Жаркентті өзіне орда етеді. Ал кіші ұлы – Мұхаммед Хайдар мырзаға жомарттықпен Қашқар мен Ианги Хисарды береді [7, 115 б.]. Сансыз мырзаның шешесі шорас тайпасынан, ал Мұхаммед Хайдар мырзаның анасы – Жүніс ханның әпкесі Ұрун сұлтан ханым да, әйелі – Есенбұға ханның қызы Даулет Нигар ханым болды [7, 115 б.]. Әмір Сайд Әлінің тұсында Шығыс Түркістандағы моғол тайпалары арасында алауыздық жоқ болатын, ал бар болса байқалмайтын. Әмір Сайд Әлі көп ұзамай Есенбұға хан қайтыс болғаннан кейін, Дос Мұхаммедтің билігі басталысымен тайпа басшылары арасында жік пайда болып, ол кеңейе түседі. Дулатидың жазуына қарағанда, Мұхаммед Хайдар мырза күйеу баласы болғандықтан, Есенбұға ханмен жақсы байланыс орнатты, ал ол болса дүние салғаннан кейін Дос Мұхаммед ханмен жақсы болды, ал Сансыз мырза Жүніс ханды қолдауға мәжбүр болды [7, 115 б.]. Сол себепті ағайынды екі мырзаның арасында араздық пайда болды. 863 (1464-1465) жылы Сансыз мырза аңда жүріп аттан құлап, жарақат алады да, көп ұзамай қайтыс болады. Осы кезде ешбір себепсізден Дос Мұхаммед хан әскерімен Жаркентке аттанып, Сансыз мырзаның әйелі мен үлкен ұлы Әбу Бәкірді өзімен бірге ала кетеді. Қашқарға да аттанып, қаланы тонауға ұшыратады да, өз астанасы Ақсуға қайтып оралады. Ханның бұл ісіне Мұхамед Хайдар мырза қатты ренжіп, ол енді Жүніс хан жағына шығады [7, 115-117 бб.]. Осылайша, Моғолстанның Ыстықкөл жанындағы Жүніс ханның күші молая түседі. Ал Дос мұхаммед ханның жоғарыда айтып өткеніміздей, өзінің қоластындағы қалаларға әскерімен барып, оларды тонауға ұшыратуын түсініп білу өте қиын. Ханның мұндай саясаты оның абырой-атағы мен беделін төмендетіп, жақтастарын азайтады., қарсыластарын көбейтеді. Осы тұстағы Қазақ хандығы мен Досмұхаммед хан арасындағы қарым-қатынастардың қандай болғаны белгісіз, ол жөнінде «Тарих-и Рашидиде» ешқандай мәліметтер айтылмайды. Соған қарамастан, екі арадағы қатынастарды мөлшерлеп, шамалап айтуға болады. Есенбұға хан тұсындағы дәстүрлі қатынастардың көбін бұзып, ешбір принциптерге негізделмеген саясат жүргізген Дос Мұхаммед хан Моғолстанның Жетісу жағындағы Қазақ хандығымен де жақсы болмаған секілді. Оның Шығыс Түркістан жақтағы жүргізген саясатының барысы осындай ойға жетікзеді. Қазақ хандығы үшін Дос Мұхаммед ханның бұл саясатының тиімді жағы болды деуге болады. Егерде Есенбұға хан тұсында Моғолстанның Жетісу аймағындағы батыс бөлікті иемденіп, оған белгілі бір дәрежеде тәуелді болған болса, Қазақ хандығы жаңа моғол ханының саясаты нәтижесінде дербестене бастайды. Бірақта оны толық жеке хандық деуге әлі ерте болатын. Моғолстанның ішкі саяси өміріндегі қатынастарда қазақ билеушілері қарсыласушы жақтардың ешқайсысын қолдамай, дербестік саясат ұстайды. Жүніс ханның жақтастары көбейіп, күші одан сайын арта түседі. Соған қарамастан, Жүніс хан билік үшін ашық күреске шықпай, Шығыс Түркістандағы саяси дамулар барысны бақылап, оның ақырын күтеді. Жетісудағы Қазақ хандығы үшін осы жылдар бір жағынан саяси күш ретінде күшею, көршілерге танылу жылдары болса, екінші жағынан алғанда, алғашқы тарихи сындарға төтеп беру жылдары болып саналады. Әбілқайыр ханға наразы болған жекеленген ру-тайпалардың Қазақ хандығына келіп қосылуы осы жылдары да жалғаса береді. К.А. Пищулина осыған қатысты мынадай ойды білдіреді: «... Жәнібекпен және Кереймен көптеген жошлық сұлтандар, сондай-ақ ру-тайпа басшыларының өкілдері Моғолстанға келді. Көшіп кету одан кейін 15 жылдай уақытқа созылды, әсіресе ол процесс 1468 жылы Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейін күшейе түсті» [13, 252 б.]. Осылайша, «көшпелі өзбектер» ханның көз алдында кеше ғана одан бөлініп кеткен қарсыластары Керей мен Жәнібек Әбілқайыр ханнан бөлініп кетушілер есебінен әрі көбейе, әрі күшейе түседі. Басқаша айтқанда, Әбілқайыр ханның ұзақ жылдар бойы соғыстар арқылы күшпен қалыптастырған мемлекетінің іргесі оның көз алдында сөгіле бастайды. Ол мемлекеттің күйреу процесін тоқтатудың бірден-бір дұрыс жолы деп Моғолстанның батыс жағындағы Қазақ хандығын жоюды қажет деп тауып, өмірінің соңғы жылы өзінің соңғы жорығын жүргізеді. Әбілқайыр ханның бұл жорығының «көшпелі өзбектер» елінің тарихында, Қазақ хандығының құрылуы тарихында алатын орны маңызы болғандықтан, ол мәселе арнайы қарастыруды қажет етеді. Жорықтың барысына кіріспес бұрын, алдымен жорық қарсаңындағы Шығыс Дешті Қыпшақ, Моғолстан және Темір әулеті мемлекеттерінің саяси дамуындағы маңызды оқиғаларға талдау жасап, олардың жорыққа жалпы қатысын анықталық. Әсіресе, 1469 жылғы Моғолстандағы ішкі саяси жағдайдың барысы – жорықтың себептері мен мақсатын анықтауға мүмкіндіктер береді. Жалпы алғанда, Әбілқайыр ханның Моғолстанға жорық жасауының себебі түсінікті. Өзіне бағынбаған Керей мен Жәнібек сұлтандарды және олардың соңына ерген ру-тайпаларды Жетісуға қоныстануға рұхсат берген моғол ханы Әбілқайырдың жауы, әрі қарсыласы болғаны белгілі. Керей мен Жәнібек Моғолстанға көшіп келгеннен кейін, бірден оларға қарсы Әбілқайыр хан бірнеше себептерге байланысты жорық жасай алмайды. Бірінші себепке – 1457 жылғы қалмақтардан жеңілуіне және ордаежендік тайпалардың бір бөлігінің бөлініп кетуіне байланысты күшінің әлсіреуі жатса, Керей мен Жәнібек сұлтандарға жорық жасау – Моғолстанға қарсы соғыс ашуды білдіргендіктен, күші әлсіреген Әбілқайыр хан оны уақытша тоқтата тұруға мәжбүр болады. Бұл - Әбілқайыр ханның Керей мен Жәнібеккке қарсы бірден жорық жасамағандығынының екінші себебіне жатады. Ал 10 жылдан астам уақыт бойы Әбілқайыр ханға наразы болған ру-тайпалардың Қазақ хандығына қосылу процесінің жүруі «көшпелі өзбектер» елі ханын жорық жасауға итермелейді. Әлі де болса күш ала қоймаған Жетісудағы Қазақ хандығын талқандау арқылы ол негізгі қарсыласын жоюды және өзіне бағынышты тайпалардың бөліну процесін тоқтатуды мақсат етеді. Бірақта Моғолстан ханының қол астындағы аймаққа жорық жасауға жүрегі дауаламаған секілді. 1469 жылдың бірінші жартысында Темір әулеті мемлекеті мен Моғолстанда қалыптасқан саяси жағдай Әбілқайыр ханға жорық жасауға мүмкіндік береді. Біз бұған дейін темірлік әулеттің өкілі Әбу Сайд мырзаның 1451 жылы жаз айында Әбілқайыр ханның тікелей әскери көмегі арқасында Самархан тағына ие болғанын айтқанбыз. 1458 жылдың соңында ол Герат қаласын алып, Мауереннахр мен Хорасанды қайта біріктіреді. Иранға толық үстемдік орнатуға оған Иранның батысындағы Қарақойлы әулетінің мемлекеті (1410-1467) кедергі жасайды. 1459 жылы Әбу Сайд мырза қарақойлылар билеушісі Жаһан Шахпен бейбіт келісім жасайды. 1467 жылы Қарақойлы мемлекеті құлап, орнына Батыс Иранда Аққойлы мемлекеті құрылады. Бұрынғы Қарақойлы мемлекетінің астанасы Тебриз қаласы Аққойлылардың астанасына айналады. Аққойлы мемлекетінің күшеюіне жол бермеу үшін Әбу Сайд мырза 100 мыңдық әсерімен Ұзын Хасанға қарсы аттанады. 1469 жылдың қысын Муган қаласында өткізген хорасандық әскер бүкіл аткөліктерінен айырылады, әскер аштыққа ұшырайды. Ұзын Хасан әскері Әбу Сайд мырза әскерін қоршауға алып, ақыры жеңіліске ұшыратады. Қолға түскен Әбу Сайд мырза өлтіріледі [14, 353-354 бб.; 15, 236-237 бб.; 16, 230-231 бб.]. Темірлік мырзаның өлімі Хорасан мен Мауереннахрдағы саяси тұрақтылықты саяси бытыраңқылыққа айналдырады. Ең алдымен Әбу Сайд мырзаның басты қарсыласы Хұсайын Байқара бас көтереді. Ол 1460 жылдан бері Әбілқайыр ханның қолдауына сүйеніп, бірнеше рет Хорезм аймағына өз билігін орнатқан болатын. Бірақта Самархан билеушісінің тықсыруымен ол Дешті Қыпшаққа қашуға мәжбүр болған еді [3, 144-145 бб.]. Б.А. Ахмедов Абдраззақ Самарканди мен Хондемирдің мәліметтеріне сүйеніп, оның Әбу Сайд мырзаның қаза табар қарсаңында Әбілқайыр хан Ордасында болғандығын айтады [3, 145 б.]. Соған қарағанда Әбу Сайд мырзаның 1469 жылдың қыс айларының соңы – көктемінің басында өлтірілгені туралы хабар Дешті Қыпшаққа сол жылдың көктем айында белгілі болған. Өте тез қимылдаған Хұсайн Байқара әуелі Хорезмді, кейін Гератты алады. Осы жылдардағы Хорасан мен Мауереннахрдағы оқиғаларды А. Мюллер былай деп баяндап түсіндіреді: «Темірлік мырзаларға бірлік деген ұғым өте жат болатын, Әбу Сайд мырзаның артында қалған он бір ұлы жағдайды өте қатты қиындатты. Одан басқа мырзаның өлімі Хұсайын Байқараның Хорасанға қарсы жорыққа аттануына мүмкіндік берді. Әртүрлі қақтығыстардан кейін онымен және Әбу Сайд мырза ұлдары арасында тіл табысылады. Әбу Сайдтың ұлдарының төртеуі – үлкені Ахмед мырза Самарқан мен Бұқарада, үшінші ұлы – Махмуд мырза – Бадахшанда, төртінші ұлы – Омаршейх мырза – Ферғанада, ең кіші ұлдарының бірі – Ұлықбек мырза – Кабул мен Ғазия аймақтарында өз биліктерін сақтап қалады. Ал қалған аймақтардың бәрінде Хорасан, Саджестан, Балх, Хорезмде Хұсайын Байқараның билігі онайды [7, 117 б.]. Сөйтіп, Әбілқайыр ханның соңғы жорығы қарсаңында Темір әулеті мемлекетіндегі саяси жағдай күрт өзгеріп, империя бірнеше дербес иеліктерге бөлініп кетеді. Бұл өз кезегінде Әбілқайыр ханның Моғолстан жаққа жорық жасауына жол ашқандай әсер етеді. Әбілқайыр ханның Моғолстан жаққа қарай жорықты бастауына түрткі болған оқиғаға – 1469 жылы моғол ханы Дос Мұхаммедтің кенеттен қайтыс болуы жатты. Мұхаммед Хайдар Дулати оның қайтыс болған жылын былай деп түсіндіреді: «Дос Мұхамед мырзаның өкпесіне суық тиіп, алтыншы күні көз жұмады. Ол жиырма төрт жаста еді. Жеті жыл патшалық етті 873(1468-1469) жылы қайтыс болды» [325, 16 б.]. Қазіргі біздің жыл санауымыз бойынша хижраның 873 жылы – 1468 жылдың 22 шілдесі мен 1469 жылдың 11 шілдесі аралығына сәйкес келеді [17, 16 б.]. Деректегі «мырзаның өкпесіне суық тиді» деген дерекке қарағанда, Дос Мұхаммед хан 1469 жылдың қыс айының соңында немесе көктемнің басында қайтыс болған секілді. Бірақта бұл туралы хабар Әбілқайыр ханға кеш жеткен деп есептейміз. Өйткені Әбілқайыр хан жорыққа шығу туралы шешімді жайлауда жүргенде қабылдайды. Біздің ойымызша, егерде моғол ханының қайтыс болғандығы жөніндегі ақпарды ол Сыр бойындағы қыстауда естіген болса, онда Шығыс Дешті Қыпшақтың солтүстік жағына жайлауға көшпеген болар еді. Дос Мұхаммед ханның қайтыс болуы Моғолстанның Шығыс Түркістан жағындағы ішкі саяси өмірді біршама шиеленістірді. «Тарих-и Рашидиде» ол туралы: «Бұдан соң ел бір-бірімен тартысып, берекелері кетті»,- делінеді [7, 117 б.]. Ондағы әмірлердің бір тобы Жүніс ханды қолдаса, екінші бір тобы Дос мұхаммед ханның ұлы Кебек Сұлтан оғланды алып, Турфан жаққа кетеді [7, 117 б.]. Осындағы, Моғолстандағы саяси жағдайдан хабардар болған Әбілқайр хан өзінің негізгі мақсатын жүзеге асыруға уақыттың жеткенін біліп, бірден жорыққа дайындалады. Сөйтіп, 1469 жылдың басынан бергі Мауереннахр мен Моғолстандағы саяси жағдайлар Әбілқайыр ханға 1457 жылға дейінгі мемлекетінің қуаты мен өзінің беделін қалпына келтіруіне қолайлы жағдайлар қалыптастырады. Мауереннахрда үш дербес иелік пайда болып, бір-бірімен алауыз болып жатқанда олар Әбілқайыр ханның қайта күшеюіне тосқауыл қоя алмас еді. Моғолстанның оңтүстігіндегі әмірлер арасындағы бірліктің болмауы, Жүніс ханның әлі де болса Ақсудағы билікке отыра қоймауы да Әбілқайыр ханнның Жетісудағы Қазақ хандығын талқандап, ол аймақты өз мемлекетіне қосып алуына ешқандай кедергі жасай алмаған болар еді. Жалпы қорытып айтқанда, Әбілқайыр ханның 1469 жылғы Моғолстан жаққа жорығы қарсаңындағы бүкіл аймақтағы саяси жағдайлар ол үшін өте қолайлы болды. Мұндай сәтті өз пайдасына шешу үшін «көшпелі өзбектер» елінің билеушісі бірден жорыққа аттану туралы шешім қабылдайды. «Көшпелі өзбектер» елі билеушісінің 1469 жылғы Моғолстанға жасалған жорығы туралы зерттеу жұмыстары өте аз. Біз өзіміздің бірнеше мақалаларымызда оған арнайы тоқталып, ондағы кейбір мәселелерді түсіндіруге тырыстық [18, 17-20 бб.; 19, 624 б.]. Бұл жорықтың Қазақ хандығының қалыптасуы кезеңінде, оның ішінде үшінші сатысында алатын маңызы өте ерекше болғандықтан, оған тереңірек тоқталуыды жөн санап отырмыз. ХY-ХYІ ғасырлардағы Қазақстан тарихының көптеген мәселелері шығыс жазба деректері ішінде шибанилық шығармаларда көп көрініс тапқаны белгілі. Бұл топтағы шығармалардың өзіндік бір ерекшелігіне - әулет билеушілері мен сұлтандарының өмірін, соғыстары мен жеңістерін мадақтау, марапатттау, ал жағымсыз жақтары жөнінде жақ ашпау жатады. Сол себепті де Әбілқайыр ханның бұл соңғы жорығы өз мақсатына жетпегендіктен, осы жорық барысында ханның өзі ауырып қайтыс болғандықтан, шибанилық туындылардың ешқайсысы бұл жөнінде ешқандай мәліметтер бермейді. Керісінше, аштараханилық топқа жататын «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахиар» шығармасында осы жорық оқиғалары біршама тәуір баяндалады. Тіпті бұл тарихи шығармалардағы осы жорыққа қатысты деректерді бірден-бір жалғыз деуге болады. Олай болса, осы шығармалардағы дерек мәліметтеріне сүйеніп, Әбілқайыр ханның 1469-1470 жылғы соңғы жорығын талдап қарастыралық. Махмуд бен Уәли жорықтың нақты қай жылы және қай айда басталғанын айтпаса да, оны жорық барысындағы кейбір оқиғалармен салыстырулар арқылы анықтауға болады. Ханың қайтыс болған жылы мен айы – 874 жылғы қыстың алғашқы айы болса керек. Ол қазіргі жыл санау бойынша – 1469 жылдың желтоқсанына сай келеді [9, 359-360 бб.]. Осыны ескере келе Әбілқайыр хан жорықты 1469 жылдың күзінің басында бастаған деп санаймыз. Махмуд бен Уәли Әбілқайр ханның жорыққа дайындығы туралы былай деп баяндайды: «... Кенеттен ол (Әбілқайыр хан- Б.К) моғол сұлтандарының билігіндегі Моғолстанның қалған жерлерін бағындыруды ойластырып, әскер жинауға жарлық береді. Хан жорығына сәйкес барлық ел мен ұлыстардағы басшылар айтылған уақытта өздерінің ондықтарымен, жүздіктерімен және мыңдықтарымен Еділ бойындағы хан ордасына келуі тиіс болды» [9, 358-359 бб.]. Махмуд бен Уәли Әбілқайырдың жорыққа аттанған, әскерінің жиналған жері деп Еділ өзенінің бойын өз дерегінде біршама атап өтеді [9, 359 б.]. Одан ары жорықтың жүрген бағытына үңілсек, Әбілқайыр хан Еділ өзені бойынан аттанып, Ала-Так маңынан өтеді де, Қызыл Надыр жайлауының жолымен жүре отырып, бірнеше асулард