Мәжілісте депутаттар бастамашы болған газ және газбен жабдықтау туралы заң жобасы бойынша түзетулер мақұлданды. Бұл жайында ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі мәлімдеді.
Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заң жобасына түзетулерді мақұлдады.
Бұл құжатқа Мәжіліс депутаттары өздері бастамашы болған еді. Оған сұйытылған мұнай газ нарығындағы ахуал себеп болып отыр. Бұл газды негізінен еліміздің тауарлық газбен газдандырылмаған өңірлеріндегі тұрғындар мен кәсіпорындар тұтынады, сондай-ақ, көлік құралдарына пайдаланады.
Біздің елімізде аталған заңға сәйкес, сұйытылған газдың бекітілген шекті көтерме сауда бағасы бүгінгі күні, қосылған құн салығын есепке алмағанда, тоннасы 38437 теңгені құрайды. Ұсынылып отырған заң жобасының мақсаты – сұйытылған мұнай газын шығару көлемін арттыруға өндірушілердің қызығушылығын тудыру арқылы сұйытылған мұнай газ тапшылығын болғызбау. Ол үшін цифрландыру және бизнес үшін әкімшілік кедергілерді қысқарту бойынша жүргізіліп жатқан саясат шеңберінде шығынмен жұмыс істеп отырған зауыттарға сұйытылған мұнай газын ішкі нарыққа беруді енгізгеннен кейін электрондық сауда алаңдары арқылы олардың кірістілігін қамтамасыз ету көзделген.
Депутаттар әзірлеген түзетулер бұл тетіктерді 2019 жылдан бастап, 2021 жылға дейін кезең-кезеңмен енгізуді қамтиды.
Жалпы отырыста халық қалаулылары «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға түзетулер енгізуге қатысты Конституциялық заң жобасын жұмысқа қабылдады. Құжат жаңа институттарды енгізу, құқықтық олқылықтар мен қайшылықтарды жою арқылы сайлау заңнамасын жетілдіруге бағытталған. Конституциялық заңға ұсынылып отырған түзетулер барынша ашық әрі демократиялық сайлау процесін қамтамасыз етуге ықпал етпек.
Бұл ретте сайлау мәселелері бойынша түзетулерге қатысты заң жобасы да жұмысқа алынды.
Осы күні Мәжілісте бірқатар заңнамалық актілер екінші оқылымда мақұлданды. Оның ішінде, коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне қатысты заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында қолданыстағы заңнамаға, заң техникасы қағидаларына сәйкес келтіруге бағытталған редакциялық-нақтылау сипатындағы түзетулер енгізілген.
Айта кетерлігі, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылуын және жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап 5 жылға дейінгі өтпелі кезең аталған Заңмен белгіленді, бұл кезең өткеннен кейін Үкімет ҰКП қатысушыларының құрамынан шығады.
Осыған байланысты Мәжіліс депутаттары ҰКП-ның Үкіметпен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылының жаңа нысанын енгізуге, өңірлік палаталарда аудандық кеңестер, салалық кеңестер қалыптастыру үшін құқықтық негіз құруға, Үкімет өкілдерінің Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқару органдары – Съезд және Төралқа жұмысына қатысуы туралы норманы алып тастауға қатысты түзетулер ұсынды.
Сондай-ақ, осы күні Палата сақтандыру және сақтандыру қызметіне түзетулерді, сонымен қатар, валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы және оған ілеспе заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдады.
Жалпы отырыста 1992 жылғы 6 шілдедегі ТМД Экономикалық Сотының мәртебесі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама депутаттар тарапынан қолдауға ие болып, Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасындағы біздің елге тікелей инвестициялар салуды жүзеге асыратын Қытай-Қазақстан өндірістік қуаттарының ынтымақтастығы қоры кірісінің жекелеген түрлерін салық салудан босату туралы келісімді ратификациялау бойынша бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімі белгіленді.