«Қазақхандығына 550 жыл» шығармашылық бәйгесіне
Ежелгі қазақ жері Батыс пен Шығыстың өзегін жалғап
Еуразия құрлығының жүрегінен, әлемдік өркениеттер
тоғысынан орналасқан.
Біз мыңдаған жылдар бойы азаттық үшін арпалысып келдік.
Жан алысып, жан берісе жүріп өз жеріміз бен
бас бостандығымызды сақтап қалдық.
Сондықтан біз үшін тәуелсіздік - көздік қарашығындай
сақтайтын құндылық.
Ол бізге ержүрек бабаларымыз - Ұлы Дала көшпенділері қалдырған
киелі өсиет.
Н.Ә. Назарбаев
Тарих атты үлкен қарттың қолтығында небір жаужүрек бахадүрлер, жеңімпаз қолбасшылар әмірі жарты әлемді тітіренткен патшалар, сонымен бірге қайғыдан қан жұтқан, зарлауынан жан біткенді егілткен, шарасыздықтан шаштарын жұлған талай жауланған, қаңғырған елдер де осы ұлы тарихтың жадында мәңгілік қалған.
Қарт абыз ешқашан тағдыр желісіне араласпаған, түземеген яки дұрыс-бұрыстығына қарап ешкімді сөкпеген. Оның бар мұрат-міндеті бақылау, өн бойынан өткізіп, келешек ұрпақтың өз пайымына, әділ бағалауына ұсыну. Беті әбден әжімделген, салалы саусақтары сан-ғасырлық оқиғалар мен хикаяттарды қойнындағы қалың кітапқа жазудан еш таймаған. Міне бүгінде абыз қарт қойын кітапшасының беттерін парақтап, кем-кетігін түзеп, әлдеқандай ұмыт қалған оқиға желістерін толықтыру үстінде. Мұқабасы қалың, алдыңғы беттерінің жазулары көмескілене бастаған бұл тағдыр жазуларының жалғыз куәгері бар сарын бойынан ешқашан тірі жан атаулыға жария етпейді. Қажетті ұрпақ өкілі өзі іздеп, мақсатына қарай жинақтап, зерделеп пайымын алады. Осы ұрпақ мирасқор әңгімелі тарих қартты соңғы кезде көп мазалайды, өйткені ғұмыр бойы жасаған еңбегі, адамзат үшін алтыннан да қымбат қызметі, мол мұра сенімді қолда болуы тиіс. Абыздың жан қиналысы да бекер емес, артындағы жалғыз ұлы Ғасыр жаратқанның қалауымен бұл дүниеден қонақты боп кеткен. Бойында әділеттік пен шырмалған дүниенің шексіз желісін бірізділеуге, реттестіруге, жоғын жаңғыртуға деген ерекше қасиетті Ғасыр бұл фәниде ұзақ тұрақтамады. Тағдыр таразысының әрқашан өз ретін бұзбайтынына, дәлдігіне өн бойы қанық Тарих абыз ұлының жоқтауын жүрегінің түкпірінде жат көзден алыс тербеген. Жаратқанның құдіреттілігі қай заманда да адамзат біткенді тағдыр тәлкегінен құтқарған емес, болуы тиіс заңдылық пешенедегіден айна қатесіз орындалады, мұны Тарих қалың кітабына түсіріп желісіне қарай әспеттейді. Құдіретіне шек жоқ, осы ұлы күштің қалауымен абыз қарт адамзат үшін еңбек етіп келеді, болмысына, бояуына, сыр бедеріне қарай сан-алуан тағдырлардың барлығын ой-санадан өткізу оңай жұмыс емес. Десек те Тарихтың шөл даладағы зәм-зәм суы, қараңғы түндегі сәулеті ай нұры, бұл фәнидегі жалғыз сенері, ардақты жұбанышы Заман атты немересі. Жастайынан зерек, ізденімпаз, баба сөзін жерге түсірмей, көңілін тауып жүрген асылынан абыздың күтері мол, талабы ұшан теңіз.
Заманның ата жолына түскелі көп болмаса да, ақ-қараны анық көретін тағдыр тартуларын кітап беттеріне орынды түсіретін төселіп қалған шағы. Оған қоса әр хикаятты талдап, жөніне, желісіне қарай жазуды Тарих бабасымен ақылдаса отырып жасауы, абыздың мерейін қашан да көтере түсетін. Бүгінде осы қалың кітапты қолға алған Тарих қарт пен Заман жігіт әдеттегідей мазмұнына қарай өмір өткелдерін, пешене жазуларын сүзіп, кем-кетігін дұрыстамақ. Күндегісінен бөлек Тарих абыз бүгін кітаптың қажетті бөлімін тауып, оны зерделеп, өшкенін енгізудің жоралғысын немересі Заманға ұсынды. Мұндай мәртебе дана қарттың ықыласының артқаны, болашаққа сеніммен қарауының белгісі еді. Заман да жасқанбады, ниетпен келген тілекті қабыл алып, жауапты іске ыждахаттылықпен кірісті. Тағдыр жолдары жазылған пешене бұйрықтарының жиынтығы мынау қалың мұқабалы кітап, сырт көзге қанша жұмбақ болса, оны иіріміне сай оқу ағынына байланысты жүргізіп отыру соншалықты ауыр жұмыс болатын.
Мұндай адамға бергісіз қасиетті жаратқан тек Тарихтың үрімбұтағына, яки соның бойына дарытқан еді. Ал Заман соның батасын алған ақиық арманы, таза мөлдір бұлағындай шәкірті десек артық емес. Заман кітап сырын білетін, оның барлық мәтіндік қырын меңгеріп алмаса да, мазмұндық бедерін әрқашан байыппен зерделейтін. Қазір де сол, қажетті тарау, тиісті бөлімді ашып, бабасы түсірген желісті жолдарды оқып, жазу өнеріне мейлінше молынан қанығу керек.
Бұл кітаптың әр бөлімінің басында адамзатқа үндеу салған, ой тастаған, ұлылық айтқан адам пенденің сөздері жазылады. Осылай жазуды Тарих қартқа Ғасыр баласы ұсынған еді, сол пенделердің өздері түйінген, кейінгісіне ақыл не нақыл сөз деп есептеген. Сол Ғасырдың Заман ұлы осы сәтте бар әлемді мойындатқан һәм «Басы барды идіріп, тізесі барды бүктірген» көк бөрінің асыл ұрпақтары түркілердің жиһанкездігін оқымақ. Бала кезден түркінің даңқты ерліктері мен айбарлы қолбасшылары жайында білетін. Енді тарих абыздың өзі сол ерліктерді өзі оқып, пайым пешенелік жолдарды ұғынудың сыры мен астарын түсінуді жетекшілік жасаудан еш тартынбайды, қайта жас ұрпағын баптап, баули түседі. Ия, заман көп кідірмей киелі кітапты парақтай жөнелді. Бұл сәтте ұлы дала көшпенділерінің құрсағында түркінің тәңір тектес ұрпақтары жарық дүниеге әмірін жүргізу үшін асыға бұлқынып жатқан еді...
Түркілер – жағынуды, алдауды, арбауды, жағымпаздықты, ғайбаттауды, екіжүзділікті, көкірегін туысқа, жолдасына шеттетуді, адамзатқа айуандықты тілемейтін, сонымен бірге қажетті ақпаратты түсіндіру үшін ақша алуды білмейтін ерекше жаратылысты адамдар. Олардың кемшілігі мен қайғысының басты себебі – туған жерге деген махаббат, жиһанкездік пен әскери жорықтарға аса жоғары құмарлығы және салт-дәстүрге деген адал беріктігі.
Музалиттік теолог: Сумама б. Ашрас.
Қытай күнтізбесі бойынша 3428 яғни ақ қой-қара маймыл, біздіңше 732 қой жылы. Тамыз айы болғасын ба Орхон жазығында солтүстіктен соққан самал жел мен оңтүстіктің жылы лебі еріксіз сезіледі. Бұл екеуі қосыла келіп, дала біткенді баяу бір ұйқыға тартқандай. Әшейінде соғатын дауылды жел бүгін саябырсып, қажетінде келермін дегендей үнсіз.
Осынау табиғаттың бейкүнә сәтін пысқыра жүріп, әбзелдері шырт-шырт еткен, жалдары өрілген, кекілдері жинақы, ер-тұрманы сәнді безендірілген ат жүрістерінен бұзылған болатын. Бұлардың сән-салтанатынан үстіндегі қияқ мұртты, кең иықты, қастары қалың, бет-жүзі тостағандай, жақтары шығыңқы, бәз біреулерінің тартымды сақал-кекілдері бар көшпенділерге келісетін дала адамдарының қару жарағы, сауыт-сайманы ажарлай, толықтыра түседі. Әрқайсысының бойлары ат белінен биік, қорамсасы толған садақ, белінде ұзын қылыш, айбалта, жауын түйреп не тесіп өтетін пышақ басты найза, жақын шайқасты ұрып жығатын наркескен және осы елдің ата салтында сарбаз болғандықтан бастап сиға тартылатын немесе арнайы жасалатын жеке қанжар. Мұнан бөлек сарбаздардың басында дулыға, мойын қуысы шынжырлы тормен жабылған. Кеуде, білек, сан тұстары қайыс белбеумен бекітілген темір сауыттары жарқ-жұрқ етеді. Сауыт ішінен киген жейде, кеудеше, шалбарларының жағасы, етек-жеңдері дала халқының әсем ою-өрнегімен көмкерілген. Бұлардың сән-салтанатын қабақтары түюлі, жүздерінде өкінішті қайғысы бар етраттардың мұңы бұзып келеді. Он аттылы қатар жүрген, әр аттылының арасы жарты құшақ осынау әскердің қол саны есепсіз, басы мен ортасының өзі тым қашық жер. Мұндай айбарлы жауынгерлер тек етрат даланың жалғыз қожайыны «Көк бөрінің ұрпақтары түркілерде» ғана болатын. Өйткені бұлар бейне бір әлемді билеу үшін жаралған жандар секілді. Ғұмыр бойы аттың үстінде, жорықтан жорыққа аттанатын халық еді. Ал сол «Көк бөрінің ұрпақтары үшін бүгін қазалы күн, мынау ұзын сонар әскердің күрсінген жүрісі де содан еді. Әскери көштің бағыты Орхон жазықтығындағы айналасынан биіктеу қыратты жер. Бұл жазықтықтан сәл биігірек, тасқын судан, жолай өтетін сауда керуендерінен де оқшауланған Кошо-Цайдам төбесі болатын. Кошо-Цайдам хан ордасы Қара Балғасұннан онша қашық емес, Оңтүстігінде Үгей-Нұрадан 26 шақырым Солтүстігінде Эрден-Дзау мінәжатханасынан 33-37 шақырым жерде Көкшін –Орхонның оң жақ бетінде кең де жазық биік төбе. Шығыстан өзен жағалай тау қыраттары созылып, Кошо-Цайдамға жете бере бұлар жазыла түсіп, Қыратқа өзінше бір үшбұрышты пішін беріп, оны мәртебелей түседі. Онан әрі толқындай иірілген қырат шығысында тұзды көлге тіреледі, халық арасында бұны Цайдам-Нұра дейді. Цайдам-Нұраның Орхон өзеніне құяр сағасы бір, бірақ ол жыл бойы құрғап жатады. Кошо- Цайдамның батыс бөлігінде шекаралай жанасып ені 400-600м болатын Көкшін-Орхон өзені шектеседі. Осы аталған жерлердің барлығында түгелдей сормен төселген.
Цайдам төбесінің біраз жері құммен жамылып, ара-арасында әсіресе батыс бөлігінде қалың топырақ араласа көмкерілген бетінде ғана жергілікті жердің дерсүн деп аталатын сабағы қатты домалақ өсімдігі өседі. Әйтпегенде кей жерлерде бірді-екілі қылқан жапырақты ағаштар бой алған, басқадан мүлдем таза мекен. Адам аяғы сирек жүрсе де, осы бір қыратты бел мен өзен бойы көрген жанды өзіне бірден еліте жөнеледі. Алыстан-ақ мен мұндалап тұратын Кошо-Цайдам қарапайымдылығымен, сарбаз табиғи реңімен, асқан паңдылығымен өн бойымен оқшау байқалады. Иә, осы жер нағыз «Көк бөрінің асыл ұрпақтары түріктердің» қағандары мен бекзадаларына лайықты мәңгілік мекен еді. Тірісінде көп тобырдан биік, өктем болған төрелер өлісінде еш төмендеуі мүмкін емес еді. Бұл дала заңы, ержүректер қағидасы...
Тағы да аттылардың сауыт-сайман, қару-жарағының дыбысы, пысқырынған аттардың демі жақындай түсті. Енді осы қалың қазалы қолды бастап келе жатқан әміршісі көрінді. Оның киім киісі, болмыс бітімі, ер-тұрман, беліндегі қылыш-қанжары, ат үстіндегі алып тұлғасы осы ұлы даланың қожасы екенін сөзсіз байқатады. Шүйліге қараған қырандай көзқарас, арыстандай суық тәкәпарлық ұлы қағанға жарасып-ақ тұр. Бұл талай шайқасты басынан кешіріп, өліммен сағат сайын санасқан бар түркінің билеушісі Білге қаған. Мың сан әскер осы Білгенің етраттары, адалдығымен, ант берген, жарты әлемді бағындырған жанкештілер. Түркі ұғымында қаған алдында аттылы адам жүрмейді, ал жанында тек әулет ұрпағы ғана ілесіп отырады. Бірақ қаған жанындағы бүгінгі салт аттының жөні тым бөлек. Оның аты үш қағанды мойындатқан, содан болар Тоныкөк жырау тақ мұрагерлерінің қазыналы ақылшысы, алып бәйтерегі. Бұл жерде жыраудың қаған жанында жүруі қаншалықты құрмет болса, Білгенің Тоныкөкпен үзеңгілесе жүруі одан бетер абыройлы. Өйткені қарт жырау көненің көзі, ақылдың дарясы, халық сыйлаған данагөй. Десек те Кошо-Цайдам төбесіне жақындаған сайын, қағанның жүзі бұзыла түсіп, жүрегіндегі қайғысы тереңдеп барады. Ел тірегі әкесі Құтлық қаған дүниеден озғанда бауыры Күлтегін жеті жаста болатын. Екеуі жастайынан тағдыр айдауымен сан рет өлім аузынан қалды. Ажал шіркін, бұлардың қыр соңынан қалмайтын еді ғой. Ол бірде сыйлас бекзадалар, бірде сарай пәруаларынан, тіпті жақын туыстардың кейпінде де келіп тұрды. Текті ұрпақтың ұлдары ешқашан мойымады, жігерлерін жасқа малындырмай, өжет боп өсті. Құтлық қаған іргесін қалаған түрік шаңырағының отын сөндірмей, екі ағайынды төрелер: Үлкені Білге ел бастады, кішісі Күлтегін қол бастап, сол қағанаттың айбынын асырып, мерейін тасытты. Екі ұлан ақыл қосып, бірге қимылдап, елінің бірі алтын тұтқасына, бірі айбарлы асыл тірегіне айналды. Осының бәрі асыл бауыры Күлтегіннің қаһармандығының, аға сөзін әрдайым ардақ тұтуының арқасы еді.
Өйткені 10 жасында сарбаз болып жауға шауып, 16 жасында алты чуб соғдыларды, 21 жасында Чача Сеңмен шайқасып, 26 жасында қырғыздың қағанын өлтірген жеңімпаз Күлтегіннің халықпен жауынгерлер арасындағы беделі зор болатын. Оған айғақ батырдың шу деген бір сөзінен бір миллион салт атты әскер сарбаз лезде жиналатын, бұл айтуға оңай болғанымен, іске келгенде өте салмақты еңбекпен, өршіл рухтың, асқан дарындылықтың жемісі болатын.
Жалпы түркі халқында «ата» сөзі не тоқтап, «ана» сөзіне иланатын. Ағаны сыйлап, ініге ізет қылатын, көршімен тату, ағайынмен ауызбіршілікте болуды қадір тұтатын. Бұл жастайынан сіңіріліп, өсе келе туған жерге деген үлкен отаншылдыққа ұласатын. Осындай ұлы қаситеттердің барлығына ие Күлтегін алтын тақтың қызығын қаламай, шексіз биліктің сұм шырмауына бой бермей жалғыз ағасы Білгенің басынан сөзін асырмай, жолын сыйлап, құрметін ешқашан аямады. Фәниде іні болса осы Күлтегіндей-ақ болсын дегеннен басқа еш қолпаштау қажет емес.
Міне сол иісі түркі халқының айбарлы алтын діңгегі құлап, тамырының орны үңірейгені қазір анық сезілді. Ұлы дала күңіреніп, төрткүл дүниеден түгел елші келіп тұрған бойы осы. Күлтегіннің құдіретіне тағзым етіп, Білгенің көңілін жұбатпақ ойлары да бәрі-бәрі осы жерде... Қаралы көш Кошо-Цайдамның тиісті жеріне келді. Білге, Тоныкөк сонымен бірге қағанның пәруалары жерлеу рәсіміне дайындала бастады. Осынау кілең бекзадалар, әмірлер, билеушілер, әскербасылардың жиналған жүз қаралы төбесін манағы мың сан қол сәл төменірек жерде қыл өт кізбей қоршап тұр. Бұлардың әскери борышынан бұрын, қолбасшысына деген адал пейілі мен шексіз сыйластығы ұлы қолбасшының мәңгілік мекенін ғұмыр бойы қоршап, қорғап өтуге дайын.
Жерлеу рәсімі басталғалы азғантай уақыт өтті. Кең жазық далада саңқылдаған қыран дауысы мен гуілдеген желден бөлек еш дыбыс жоқ. Бір мезетте жерді жара күн күркіреді. Тып-тыныш айнадай анық көгілдір аспанды қара бұлт торлап түнере түсті. Заматта аспан көкжиегінде жіңіщке найзағай қылыштар жарқ-жұрқ ойнай сала берді. Долы жел көтеріліп, шөп бастары жерге жығыла шуылдай түсті. Осылайша құдіретті табиғат ананың өзі батыр ұлын осылайша аялап, егіле қоштасуы еді.
Бауырының қазасына қабырғасы сөгілген Білге қаған «Көк түріктің көк семсері» атанған асыл баһадүрін адамзат баласы мәңгі жадында ұстап, есте қалдыру үшін Қытайдың көк тасын алдырып, сол тасқа барлық ерліктерін, өмір жолын, болашаққа тілегін қоса жазып кетті. Бұл өз алдына ұрпақ үшін баға жетпес мұра, қасиетті аманат еді...
Күлтегіннің қазасына қайғырып, көңіл айтқандардың қатары осыдан кейін бір жыл толастамады. Оның ішінде ат бауырын сүзіп келген: Шығыстағы Тамғаш патшалығы, оңтүстіктен сыр-Авар елі, арғы Ұрым-Рим, Терістік Сібірден Қырғыз елі көңіл білдіріп, егіліп, жоқтау айтты. Осы бір жыл ішінде Қытайдан және басқа елдердің хас шеберлерінің қолымен Күлтегіннің мазары тұрғызылып, барлық рәсімдері өткізілген болатын.
Анығында түркі жұрты астына ат мініп, аяғына саптама етік киіп, қоныштарына қамшы басты, ат сүндеттеп, торқалы тойда болсын, топырақты өлімде болсын, бастысына басалқы, ағасына базына, інісіне ілтипат білдіріп, асқарлы тоқтау, тозғанына жоқтау айтты. Малын сойып келген-кеткеніне кәде таратты. Маңдайын керек қарыс тіліп, қойдың басын құдайы қонағына берді. Осы дәстүр мен салт-жораны, мәдени мол қазынаны түркі жұрты бұдан 732 жылдан соң дүниге келетін «Алаш» яки «Қазақ» атты дана ұрпағына аманаттады. Ол ұрпақ келместен бұрын жылғалардан талай су ағып, Еуразия кеңістігінде алуан-алуан қағанаттар мен патшалықтар, небір-небір билеушілердің дәуірі өтті десеңші...
Ағайынды қос баһадүрлердің ерлігі мен жанкештілігі, сыйластық пен бауырмалдықтарына, халқын әр кез тәуелсіздікке құл мен күң болудан сақтаған қаһармандықтары бір ғана ұлы сөз «Түркінің ұрпақтары – түркі жұрты» астарына еш бояусыз тұрақтайды. Осындай ұлдары бар халықтың арманы жоқ шығар, деп ойлаған Тарих қарттың Заман немересі бағанадан бері «Көк бөрінің түркі ұрпақтарына» тәнті болып, жүзінен іштей ризашылығы байқалды. Заман Тарихтың осынау киелі кітабын оқыған сайын талай өркениеттерді басынан кешірген әлем халқының тек ар-ожданы мықты, салт-дәстүріне берік, елі мен жеріне деген махаббаты шексіз ұлт қана өзінің өн бойы қадір қасиетін, мемлекеттік тұтастығын , ұлттық болмысын жоғалтпайтынына анық көзі жетті. Заманның назары осы «Көк түріктің көп семсері», Күлтегін батыр, «Көреген патша» Білгенің «Данагөй жырау» Тоныкөктің тікелей мирасқор ұрпақтары «Алаш» әрісінде «Қазаққа» құмарта түсті. Заманның асқан қызығушылығын байқап отырған Тарих абыз баласына тоқтау жасамады. Керісінше, бұл халықтың тағдыр жолында, ел болып қалыптасу жолында сан-қилы ұрыс, қан майдан кешіліп Түргеш, Ұйғыр, Қарлұқ, Оғыз, Қарахан, Хазар, Қимақ, Қыпшақ секілді ірі қағанаттар мен ұлыстардың, Монғол мен Алтын Орда сияқты атағы жер жарған мемлекеттердің дәуірін осы «Қазақ» халқы басынан кешіргенін, жігері ешқашан сынбай, шыңдалып, шынығып, текті ұрпақ екенін Тарих қарттың алдында сан рет дәлелдегенін Заманға абыз арт ыждахаттылықпен түсіндірді. Бабаларының ерлігіне сүйсінген Заман енді «Алаштың» өмірін білгісі келді. Тағыда киелі кітаптың беттері парақтай жөнелді. Тиісті тарау мен қажетті бөлім алдынан шыға келді. Осы кезде жарты әлемді, қанды қылышымен басын идірген, ержүректілігімен бірге қанқұйылы қатыгездігі бірге жүретін Шыңғысханның көкжал ұрпақтары өзіне тиісті ұлыстарын басқарып, қырық пышақ боп бөлініп, өзіне қарасты елді қойша тырқыратып, қаласа тоғытып алатын кезі еді. Шыңғыстың Жошы атты ұлының он төрт баласының Шайбан мен Орда Ежен ұрпақтарының қырғи қабақ таласты кезеңі болатын...
Жүректің түріп құлағын,
Ойланып тағы қарашы.
Кімсің сен, қайда тұрағың,
Енді қайда барасың?
Омар Хайям.
Азуы алты қарыс алып ұлыс «Алтын Орда» мемлекеті Бату хан ұрпақтарының арасындағы алауыздықпен, сарай ішіндегі тұрақсыздықтан кейін, қала берді Орта Азияның тең жартысын жұдырығына уыстаған барлас руынан шыққан атақты Ақсақ Темірдің жорықтарынан соң шашылып, бөлшектеніп байырғы ызғарынан түк қалмаған. Оның орнына Қырым, Қазан, Астрахан, Сібір, Ноғайлы ордалары мен өз алды хандықтарына бөліне кетті. Осылардың ішінен осы кезде айбары мен айдары оқшау биік Дешті Қыпшақ хандығы кей жерлерде көшпелі Өзбек деп аталатын Алтай мен Атыраудың, Ертіс пен Сырдың арасындағы көшпелі халық ерекше көзге түседі. Бұлардың тілі мен ділі, дәстүрі мен мәдениеті, діні бір, бауырлас рулар мен тайпалардың үлкен шаңырағы. Жыл он екі айда қыс қыстауы, мен жаз жайлауында қауышып, қыз берісіп, қыз алысқан көшпелі халықтың байырғы тұрағы да осы кең ұлы дала. Көшпелі өмірдің мазмұнына әбден үйренген халық, барына қанағат қылып, тіршілігін одан әрі жалғастыра түсетін, тек көңіліндегі бар қаяу мұң ру мен руды, тайпа мен тайпаны жекелеп билеп, төстеп дегеніне жүргізіп, көнбегенін таяқтап айдап кететін Шығыс ұрпағының талан-таражы болатын. Осындай берекесіздіктің салдарынан талай ауыл шабылып, көзден қанша қан ақты десеңші. Сол баяғы қарғыс атқан алтын тақтың буымен ырылдасқан билеуші топ сұлтандар, халықтың жалғыз қалуын, бір ел болып өмір сүру тілегін миығына қыстырмады, оларға бәз-баяғы қойша бөлініп алатын әрқайсысына бөлек ұлыс, қала берді орда, хандық керек тұғын. Ал кез-келген хандықтың берік іргесі мұздай қаруланған мың сан әскер емес, оның түтінін түтететін қарапайым халық еді.
Осындай үлкен араздық Дешті Қыпшақ ханы Әбілхайыр мен Ақ Орда ханы Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандар арасындағы өшпенділік. Он алты жасында атақты би Едігенің немересі Қазы биді бауыздап, он жеті жасында аталас туысы бала күнінен пана болған Дешті Қыпшақ ханы Жұмадікті шімірікпестен шоқпармен өлтірген Әбілхайыр қазіргі хандықтың билігін неше түрлі айла-арбаумен, жан түршігерлік аяусыз өлім кесапатымен қолға түсірді. Былайша айтқанда бұл да қанды жолмен келген тақ еді. Шыңғыс тұқымы үшін үйреншікті, заңды құбылыс. Ал біреудің өлімінен аттап өтіп алынған алтын тақтың алуынан оны қолыңда ұстау өте қиын еді. Оған қоса хан, сұлтандардың көп жылғы озбырлығы, қара халық мүддесінің үнемі тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетуі халық ашуының жиналған шағы. Әбілхайыр хандығының іргесі сөгіліп, кей жерлерінің орны әбден босаған тұсы да осыдан. Ал Дешті Қыпшақ хандығының ойы бойынша бұның бәріне кінәлі Орыс хан ұрпақтары. Керей мен Жәнібек сұлтандар, солардың астыртын әрекетінің жеке хандық құру мақсатындағы озбыр әрекетінің нәтижесі деп ойлаған.
«Қазақтың көшпелі рулары алмас қылыш» екенін білетін Шыңғыс тұқымы осы қаруды-жұмсай білсең - ол жауыңа айбар, жер-суыңа қорған екенін еш ұмытпауың керек тін. Бәлкім Әбілхайыр Керей мен Жәнібектен көп күдіктенді ма, әлде шын мәнінде халықтың кім екенін ұмытты ма, нақ осы кездерде қазақ жұрты мен хан арасы күннен күнге алыстай берді.
Тумасынан ел тынысын жетік білетін бары мен жоғын жақсы түсінетін Орыс хан ұрпақтары Керей мен Жәнібек көшпелі елдің көкейінде жүрген арманын сезіп жүрген...
Бірде қыр үстіндегі ауылдан өтіп бара жатқан Жәнібек, Әбілқайыр лашкерлері шауып кеткен бір ауылдың үстінен шыққан. Шаңырағы күйрей жерге түскен үйлер... Ұлдары сойылға жығылып, ботасы өлген інгендей боздаған аналар...
Төресін таныған бір ақсақал:
-Қарағым, Жәнібек, - деген, бөтен елдерді шыбуға жігіттеріңді бермедіңдер, мерзімінде алым-салықты төлемедіңдер, деп ханның аш бөрілері аулымызды шауып кетті. Еділ бойында да көрген күніміз осындай болды. Құтқара көр енді бізді бұл қорлықтан!
-Қалай құтқарам?! – деген, Жәнібек.
-Әбілқайырдан бізді бөліп ал,-деп жауап қайырған қарт, өзгенің жер-суына қызықпайтын, өз елінен жат жұрттай ауыр алым-салық салмайтын жеке шаңырақ көтер.
Дешті Қыпшақ хандығының іргесі жиди бастаған тері іспеттес, хан салған алым-салықтан зардап шеккен, еңсесі әбден қажылған халық, мұндай ханның атасына нәлет – деп, күні бүгін бөлінгелі тұрған қазақ рулары аз емес...
Тек осы ұлы ойды жүзеге асыратын, жоғын жиып, жесіріне пана болатын көшбасшы керек бұл қазаққа. Осының бәрінен Жәнібек жеке хандық құрудың көптің арманы екенін және өз басының қамы мен ел-жұртының тілегінің сабақтаса бастағанын көптеп түсінді. Бұл – ұлы мұратқа жетудің даңғыл жолы. Енді сәл кешікпей ұлы дала төсінде шаруашылығы, жер-суы, әдет-ғұрпы, тілі, тілегі бір Дешті Қыпшақ даласының көп руының бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бір ел болып құрылуы бір халықққа айналу сәті жақын еді...
«Көк түріктің көк семсері» атанған Күлтегін бабасының қазасынан тура 733 жылда «Қазақ баласы» жеке шаңырақ көтерді. Бабаларының жеті ғасырлық қасиетті батасын алып, «Қазақ хандығын» құрды
Ұлы даланың кіндік жұртын ежелден қоныс еткен скиф-сармат, сақ-ғұн, үйсін-қаңлы, оғыз-қыпшақ, түркі монғол этникалық түзілімнің тікелей мұрагері асыл ұрпағы болып табылатын қазақ халқы XV ғасырдың 60 жылдарында өзіндік атауымен тарих сахнасына шығып, өз алдына дербес хандық шаңырағын көтерді. Бұл Қазақ даласындағы ғасырлар бойы әбден қайнауы жеткен әлеуметтік-экономикалық және саяси үрдістерінің заңды нәтижесі еді.
Бұл жерде сол қазақ хандығының іргесін қалаған, шаңырағын көтерген Керей мен Жәнібек сұлтандардың еңбегі ұшан-теңіз. Әбілқайырдың қаһарлы әскерінен сескенбей, қазақ халқының ежелден аңсаған теңдігін, дархан тәуелсіздігін аяқ асты қылмай жеке бас мүддесіне пайдаланбай Шу ,Талас, Қозыбасы жерінде бір тудың астына жиылып, орда тігуі ағайынды Білге мен Күлтегін бабаларының арман еткен мұраты еді. Керей мен Жәнібек те немерелес ағайындылар, олардың қазақ ордасын құрудағы жасампаздық жолында сан рет шешуі қиын күрмелі қиындықтар бытыраған қазақтың бітпейтін рулы-тайпалы даулары кесе көлденең тұрып шыға берді.
Әрине, ежелден еркіндікті сүйген қазақты бір жұдырықтай жұмылдыру оңай нәрсе емес. Бұл жолда қызыл тілдің қасиетті құдіреті, кейде қалың сойылдың күші де болғаны сөзсіз...
Іргесі қаланып, туы биіктеген Қазақ хандығының құрылғаннан кейінгі шаруасы оған дейінгі машақатынан аз болған жоқ. Ежелден біткен жау сырын жасырған көрші қулығын асырғысы келетін адамның ол кезде қазақтың берекесін, бірлігін ордасын, іргесін мықтап ұстау Керей мен Жәнібектің ұрпақтары Бұрындық, Жиренше, Махмут, Қасым, Әдік, Жаныш, Қамбар, Таныш, Үсек, Жәдік кейіннен олардың ұрпақтары Хақназар, Тәуекел, Есім, Жәңгір, Тәуке хандардың тұсында қылыштары қынабына салынбай түн ұйқылары төрт бөлініп, қазақтың тұтастығын сақтауда, іргесін бекітуде еңбектері аз болған жоқ.
«Қазақ хандығын» құруда Керей сен Жәнібек хандардың істеген қызметтері қаншалық зор болса сол шаңырақыт онан әрі көркейикен, шегарасын кеңейткен Жәнібектің ұлы Қасымның алатын орны ерекше.
Халық арасында «Кіші Жәнібек» атанған осы Қасым хан Дәшті Қыпшақты түгелдей өз билігіне алғаны соншалық, Жошы ханнан соң ешкім де ол сияқты жоғары билікке қол жеткізе алмады. Оның билік еткен кездерінде қазақ жұрты арасындағы орныққан іргелі ата салт-дәстүрді, жол-жобаны берік ұстанды. Осы тұста ішкі қоғамдық қатынастардың қатаң белгілі бір жүйеге түсіру арқылы «Қасым ханның қасқа жолы» атты қалың бұқара мойындаған заңдар жинағы өмірге келді. Мемлекеттікті нығайтудағы ханның бұл саясатын әлеуметтік топтар қолдап, халықтың күнделікті тіршілігі тұрақталды. Бұл өз кезегінде мал басының өсуі, қолөнер, егіншілік, сауда-саттық мәселелерінің оң шешімін тапты. Қасым хан тұсында қазақ халқының саны 1 млн-нан асып түсті, атты әскер үш жүз мыңға жетті. Қазақ хандығы дербес мемлекет ретінде халықаралық қатынасқа араласа бастады, көрші елдермен дипломатиялық байланыс артты.
Уақыт сахынасында XVI ғасырдың орта тұсы болатын, халық жадында берекелі саналған Қасым хан кезеңінен кейін қазақ көшін оның ұлы Хақназар, Тәуекел, Есім, Жәңгір, Тәуке хандар ілгері жетелеп, хандықтың мерейін асыра түсірмесе ешқашан төмендетпеді.
Буыны бекіп, өрісі кеңейген «Қазақ хандығы» күйі жақсарып, қабілеті қатайған сайын ұрын қарайтын аш көзде көбейді. Азу тісін ырситқан көрші-қолаң Қытай, Ресей мемлекеттерімен қоса іргеде көшіп жүрген ойрат-қалмақ тайпаларынан құралған Жоңғар хандығының қаупі қазақ жұртшылығына ауыр нәубәт болды.
Енді Алаш баласына ұлт ретінде үлкен қауіпті кезеңдер, сынағы мол, шешімін тек жұмыла біріккен жағдайда шешетін ел үшін өте қиын кезеңдер таяп келе жатты. Жаратқанның өзі қазақ халқын тумысынан қиындықпен арпалысып, тағдыр тауқыметін жеңіп, бұл өмірдің ақ-қарасын терең зерделей білетін ерекше танымдық қасиеті бар дала философиясының кемеңгері етіп тәрбиеледі. Осыдан ба, қазақ елі уақыт өткен сайын кемелденіп, ұлттық бітім-болмысы ерекше жаратылысты, көреген, дана халық болып қалыптасты.
Өзгеден өн бойына бөлек даралықты силаған жаратқан пенделеріне деген тағдырдың тауқыметті, тірліктің тартысты күндері мен жылдарынан кен қылмады бұл халықты. Деседе тәңірі ол кезде де қазақтың қамын ойлар айбынды ұлдарын, көш бастар көсемдерін де беруді ұмыт қылмады...
Арғысында Түркінің көк бөрісі, бертін келе Жәнібек пен Керей сұлтандар, Қасым мен Хақназар хандардың дәуірін жетік меңгерген Тарихтың тұяғы Заман барған сайын «Қазақтың тарихына» қызыға, құмарта түсті. Дана атасының көңілі марқайып барады, ғұмырының алтын мұрасы өз иесін енді тауып сонымен етене байланыс жасауда. Тарихтың мол мұрасы Заманға құдды теңдессіз қазына болып көрінді, осыдан артық абыз қартқа алғыста, қошеметте қажет емес. Бір ғана Заманның өз ізін жалғастырам деген ниеті мен пейілінен асқан бахыт жоқтай еді.. Иә Заман жігіт әдетіне салып киелі кітаптың беттерін парақтай жөнелді, қажетті бөлім, тиісті тарау ашылды..
«Қазақтың дербес ел болуына, әрі-беріден соң,
қазақтың қазақ болуына, басы қосылып,
бір жеңнен қол, бір жағадан бас шағаруына ерен
еңбек сіңірген Абылайдан артық адам болмас»
М. Әуезов
Қазақтың қазақ болып өз аузына өз қолы жеткелі екі жарым ғасыр өткен еді. Бұл кез XVII ғасырдың орта шені, Алаш баласы «Ақтабан шұбырынды алқа көл сұламаны», Жоңғардың талай шапқыншылығын басынан кешірген аласапыран уақыты. Дөң басында ұзын бойлы, кең иықты, көздері өткір, ат жақты жасы қырықтарға жетіп қалған жігіт ағасы үлкен ой үстінде тұр. Бет жүзіндегі терең қамалуына қарап, басындағы қымбат бөркі мен үстіндегі әдемі шапанына қарай бұны ақсүйек тұқымы екенін бірден байқауға болады. Ақсүйек демекші, бұл өзі «ақтабан шұбырынды» жылдарында жетім қалып, үйсін Төле бидің қолына келеді. Аш-жалаңаштықтан жүдеген өңіне, өсіп кеткен шашына қарап Төле би оған «Сабалақ» деп ат қойып, түйесін бақтырады. Әрісінде он үшке келіп Әбілмәмбет төренің жылқысын да бағады.
Бала кезінен көрген жұпыны тіршілік, өмірлік тәжірибе Сабалақ шын аты Әбілмансұрды ел өміріне ерте араласуына себепші болады. Сондай ел тағдыры шешілер майданда бұрын белгісіз жас жігіт Әбілмансұр жекпе-жекке шығып, қалмақтың бас батыры, қоңтажы Қалдан Сереннің жақын туысы (кейбір деректерде күйеу баласы) Шарышты өлтіреді. Тек өлтіріп қана қоймай қазақ әскерінің рухын көтеріп, мерейін асырып, үлкен әкесінің аруағын шақырып, жауға Абылайлап ат қойған Әбілмансұр жеңісті ұрыстан соң, Орта жүздің сұлтаны деп танылып, қазақ даласындағы ең беделді әміршілердің біріне айналады. Бұдан соңғы жерде Әбілмансұр есімі ұмытылып, Абылай атанады.
Қазақтың қабырғалы жырауы Бұқардың Абылайға «Сен жиырма жасқа жеткен соң, Алтын тұғыр үстінде Ақ сұңқар құстай түледің» деуі осының дәлелі. Мынау дөң басындағы жігіт ағасы жиырма жасында қан майданда ерлігімен танылған қазақтың біртуар ұлы, қазақ ордасының негізін салған Әз-Жәнібек, одан соң еңсегей бойлы ер Есім хан, ондан Салқам Жәңгір хан, сол Жәңгір ханның бесінші ұрпағы – данышпан сұлтан Абылай еді.
Қазақтың тағдыры айдахардай сықырған Қытай, аюдай ақырған Ресей, құмырсқадай құжынаған Жоңғардың қаупі төнген, шыбын жаны шүберекке түйілген қу заманда жаратқан қазақ халқын дарынды ұлдарынан кенде қылмады. Бұл кез 45 күнге созылған қазақтың үш жүзінің біріккен жасақтарының қимылын үйлестіріп, жоңғар басқыншылығына қарсы жүз жылдық азаттық соғысында бетбұрыс жасаған ең ірі жеңісі Аңырақайда қолбасшылық жасап халқына танылған Әбілқайыр хан, ақ білекпен ақ найзаның ұшын жауға қарсы сермеген Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Қаракерей Қабанбай, Тама Есет, Шекті Тайлақ, Ошақты Саурық, Шапырашты Наурызбай батырлардың дәуірі болды. Екі жүз жылдық ойрат-қазақ соғысындағы шешуші нүктені Аягөз-Нарын ұрысында, кейін Дұрбін-Ойратта Абылай өзі бастап түпкілікті жеңіске жетті.
Ал Абылай осы батырлардың басын қосып, халықтың қамын өз қамынан кем ойламаған, елдің ішкі-сыртқы қатынасын теңдей қамтуға барынша атсалысқан ерен ер. Дүние шіркінде әлсізді жаншып, күштімен санасқан сор заманда, алпауыт көршілері Қытайға бағынбай бірақ соғыссыз шешіп, Ресейдің көңілін тауып ел тағдырын бейбіт жолмен шешуді жөн көрді. Күшті демекші, бұл кезде қазақ халқының кей ру-тайпалары Ресейдің қолтығына сүйеніп, лажсыз жан сақтау амалдарын жасап жатты. Бұл тек қазақтың емес әлем өркениеттерінің басынан өтетін, тіпті өткен колонизациялық саясаттың басы еді. Сол алпауыттардың арам ойын Абылай хан жақсы білді, айдауларына көнбей әрдайым ұтымды жауап беріп, есесін жібермеді.
Көршісімен тату болуды қалаған қазақ ханы Шүршіттің, Орыстың сан-жолғы саяси қитұрқы әрекеттеріне мойымады. Осылайша қиын жағдайда ортақ тіл табысу ол заманда ерен сабырлылық, білімділік, қайраттылық, жігерлілік, парасаттылық, терең ойшылдықтың белгісі еді. Бұны қалмақтың ханы Қалдан Серенде мойындап, Абылай өз заманының көреген сасясаткері, ақылды дипломаты деген еді.
Уақыт шіркін еш тоқтамайды, оның құдіреттілігіне шек жоқ. Абылайдың ұлы істерін оның артындағы ұрпақтары жалғастырды, бірақ олардың дәуірі басқа болатын, сондықтан Абылайдың немересі Кенсары хан бастаған азаттық көтерілістер халық тарапынан қолдау тапқанымен, ұзаққа бармай жаншылып, ел санасынан жүйелі түрде мүлдем жойыла бастады.
Қолбасшысын ардақ тұтқан қазақ халқы Абылайдай дана ханын қай заманда да құрметтеп, ұрпақтан ұрпаққа оның мәртебесін асыра түсті. Оған дәлел Абылайдың әр сөзі қазақтың жадында ұрандай қастерлі, құрандай қасиетті болатын. Мұны бабамыздың келесідей сөздерінен, ұрпақ сабақтастығын анық байқаймыз: «Алтай мен Атыраудың арасындағы Ұлан ғайыр алқап - көшпенді қазақ жұртының бағзыдан бері ірге тепкен Ата қонысы. Ұлан ғайыр атырап, Ертіс пен Еділдің, Арқа мен Алатаудың арасы - қазақтың алтын бесік Ата жұрты. Әгәрәкей, кім де кім осынау қасиетті жерімізге көз алартып, шырқымызды бұзар болса, өз қанына өзін тұншықтырарымызды біліп қойған абзал. Төсекте басымыз қосылмаса да, төскейде малымыз қосылған. Қай көршімізге айтарымыз осы! Дос болғанға құшақ ашық туыспыз, қас қылғанға қиып тусер қылышпыз!» Қазақтың ханы Абылай. Бұл болашақ қазаққа алысты нұсқар жол, қажетінде қайрап түсер ұран болды.
Осындай ерліктің барлығын түйініп отырған Заман жігіт «Қазақ халқына» шын ғашық болды. Мұндай халықты тудырған әке мен ана, өсірген қасиетті ұлы дала неткен ғажап едің. Ал осынау елдің тағдырын әспеттей білген Тарих абыздың да бұларға бүйрегі ежелден оң тиетін. Өйткені қазақ халқы досын силай білетін, көршісімен тату, салт-дәстүрге берік, отанына деген сүйіспеншілігі шексіз, адалда ақжарқын ұл тұғын. Жаратқанның өзі бейне бұл халықты ерекше қып жаратқандай, әйтпегенде осыншама бай мінез-құлықпен, орасан зор жерді кеңдігіне қарапта, елдің кереметтілігіне сай берген болу керек...
Тағдыр жолдары жазылған киелі кітаптың құдіретін түсінген немересіне разы болған Тарих қарт, Заманға бұл фәнидің алдамшы қылықтарын айта келіп, өзінің асыл кітабын Заманға беретін кезегі келгенін айтты. Қарт абыз алдымен Заманға аталы патиқасын беріп, маңдайынан сүйді. Кейін осы «Түркінің даңқты» ұрпағына әркез көз қырын салып, біртұтас халық, іргелі мемлекет ретіндегі дамуына тілектес екенін білдірді. Заман болса қазақтың ендігі дәуірі мейлінше жақсаратынына, жаратқанның нұрына бөленетініне шүбә келтірмеді. Себебі қазақ халқы ендігі заманда бахытты болу үшін жаралған халықтын.
Перзент тілектен туады,
Ән жүректен туады.
Күй көңілден туады,
Бәрі де өмірден туады.
Жақсы менен жаманды саралай біл,
Барың менен бағыңды бағалай біл.
М. Жолдасбеков
Кенесары ханнан кейінгі 180 жылға жуық империялық езгі мен ұлт ретіндегі мойынсынбау, одан кейін осы драманы «Қызылдар әділ, шаруалар жасасын, жұмысшы тап билесін» деген көркемдік желіспен 75 жыл халық санасын әбден улаған атеистік идеологиялық режим өз шегіне жетті.
Бұл ретте театрлық ұжымды ұйымдастырушы яғни басты көркемдік жетекші Ленин, Сталин, Берья, Хрущев, Брежнев, Горбачев секілді социалистік шырмаудың шекпенділері өз жолында ұлтты ұлт, дінді дін, қала берді дәстүр, мәдениет деген ұлы қағидаларды СССР-дің қызыл туымен бүркемелеп, мүлдем жоқ қыла жаздады. Алып толқындары мен ірі мұзды кесектері бар үлкенмұхиттың ар жағынан осыкезде алдамшы бір еміс-еміс бостандық, теңдік, әділеттілік сынды мәдени ортада «Демократия» деп аталатын жүйенің күбір-сыбыры көбейді. Ғұмырының 75 жылында апандай аузымен айналасындағылардың зәре құтын кетіретін улы жыланның қып-қызыл терісінен, тек шоқтай қою көздері қалған. Өн бойын әрең билеп, құйрығы мен басын зорға көтеретін зұлым аждаһа, көп жылғы қасіреттің жазасын енді өзі тартатынын б
Пікір қалдыру