Ат мінді ауы толар қазақ бүгін

/uploads/thumbnail/20170708171049936_small.jpg

"Қазақ хандығына 550 жыл" шығармашылық бәйгесіне!

Ата жұртым - бақ қайнарым Білмеймін, Бұл араның аспаны – кім, Орынсыз одан бәлкім жасқануым. Өз елім, өз отаным құшағында, Табанға мүмкін емес тасталуым.   Атажұрт қасиетті шаңырағым, Таңдайдан тамылжыған  жалын-әнім. Ат жығып алыстан кеп жамырадым, Тәңірім, енді айырма жалынамын!   Өзіңде тағдыры ортақ жанашырым, Алау етіп көтерген Алаш үнін. Басқа түскен қаймықпас тауқыметке, Қарға тамыр қазақтың баласымын.   Өзіңде тамыр тартқан болашағым, Өзім хан, өзім мұнда қарашамын. Биікпін бетегеден жайы келсе, Жайшылықта жусаннан аласамын.   Жасай бер толықсыған бостандығым, Алтын күндей әлемге шашқан нұрын. Өзіңде бар бақытым шаш-етектен, Өзіңде дәурендейді астамдығым.   Құшағыңда алшаңдап азаттығым, Жасқанбайды ешкімнен қазақтығым. Жаһандану жолында жарлық айтып, Ат мінді ауы толар қазақ бүгін.   Кеудемде сілкінеді қуанышым, Бойымда бұлқынады бұла күшім. Азаттық, бостандықтан артығы жоқ, Босаған аяқбаудан қыран үшін...   Алтын бесік Отаным атбайларым, Сарқылмас шымырлаған бақ қайнарым. Шаңырақ салар болсаң мен болайын, Қайыспас қара нарың, ақ тайлағың! О, сүйікті атамекенім, Табалдырығыңда тұрып тәжім етемін.   МАҒАН САЛСА...   Кіші пейілге жасайтын кішілігім, Кішкентайдан ұстанған кісілігім. Жалбарына жүруді жарамсақсып, Маңдайына жазбаған түсінігім.   Кемшіліктер дегенге кіші-гірім, Кешіріммен қарайды кісілігім. Басқа шапшып дүр төбет абынбаса, Елемейді құлағым күшік үнін.   Тәкаппарды көргенде жыным ұстап, Бүктей салғым келеді бүріп ұстап. Құмалағын шаштырар шатқаяқпен, Қуып салғым келеді құрық ұстап.   Қаскүнемнің қу сорын қайнаттырып, Екі қолын артына байлап тұрып. Сот билігі тисе егер жіберер ем, «Тескен таудан» өткізіп айдаттырып.   Отырғанда жайраңдап ойнап-күліп, Шырық бұзса бір содыр бойлап кіріп. «Ашты суға» есірте есірте бөрттіріп ап, «Ор текедей» қояр ем «ойнаттырып».   Қолымызда тұрғанда қайраттылық, Алдымызды бөгесе айбатты ұлық. Қолақпандай биліктен жұлып алып, Қоя бергім келеді қой бақтырып.   Ерге лайық қайда екен қайраттылық, Төңіректей көрмесін маймақ құлық. Ар-ұятсыз, намыссыз көргенсізді, Бүрке салғым келеді шайнап тұрып.     Жалқауларға жүргенде ішім пысып, Қорқауларға көрмегей ісім түсіп. Алдамшыға албастым ұстағанда, Жалғаншыға тұрады тісім қышып.   Таразысын мақшардың берсе төрем, Әр мінезді мінеусіз өлшетер ем. Түйе сойған кісідей түріп жеңді, Қуырдақтың көкесін көрсетер ем!   АЗАМАТ ҮНІ   Ақ жаңбыр боп ой сорғала аспаннан, Семіп қалған қиял гүлі тірілсін. Сенің күшің теңдессіз күш тасжарған, Мейлі, мейлі ет жүрегім тілінсін.   Ақ жаңбыр боп ой сорғала аспанан, Жойылсын бір көңілдегі қара дақ. Шабыт құсым түлеп ұшып асқардан, Кетер мүмкін иран бақты аралап.   Ақ жаңбыр боп ой сорғала аспаннан, Ойсыз өткен күндеріме ашынам. Құшақ-құшақ гүл аламын достардан, Көкіректен самғап ұшса асыл ән.   Ақ жаңбыр боп ой сорғала аспаннан, Барлығымыз бақыттымыз былайша. Ақын отыр жанарынан жас тамған, Жалғыздықты ұққан кім бар құдайша.   Ақ жаңбыр боп ой сорғала аспаннан, Дүниенің тылсым сырын бағайын. Орындармай қалса қалсын басқа арман, Өлең-шамның білтесі боп жанайын!   ҰРПАҚТАРҒА АРЫЗ немесе АБАЙ АРУАҒЫНЫҢ МОНОЛОГЫ   Аңсап күткен армандарға жетпедік, Күңірене айтарым бар өкпе ғып. Айтыңдаршы, Ұрпағым-ау сендерге, Тіл мен ділден айырылсын деп пе едік?!   Бойларыңнан байқалмайды тектілік, Бар ма сенде, Шамдай жанған текті үміт. Жетесіз боп ержеттіңдер қайтейін, Мәңгүрттікке кеттіңдер-ау бет бұрып.   Даналардың сөзін ұғар жан бар ма? Қашан шіркін самғайсыңдар заңғарға. Көп сандыңның болашағың бұлыңғыр, Дәрменсізсің қол созғанмен арманға.   Пенделікті тастайтұғын мүрдеге, Бір ұрпағым табылмай ма, бұл неге? Тоғышар боп барасыңдар ойламсыз, Оранып ап үлде менен бүлдеге.   Мақтан болып кетем десең бір елге, Уақытты қолдан текке жіберме! Жетелі ұрпақ болам десең көзі ашық, Жеті атаңды, салт-санаңды түгенде!   Ерте сөнген жастығыңның алауы, Мені осылай ауыр ойға салады. Қуанар ем желбіресе биіктен, Өміріңнің, өрлігіңнің жалауы.   Шын сүйе біл, мынау дархан еліңді, Ата-анаңды, туған байтақ жеріңді. Ризамын осы айтқан нақылым, Тебірентсе сенің көңіл көгіңді.   Өмір-орман, Жол таба алмай бөгелме, Арсыздықты табанға сап көгенде! Артта қалған мұраларды қастерле, Аруақты құрметтесең егерде.   Дарын-шоғын қыздырыңдар, көсеңдер, Басқаларға жібермеңдер есеңді ел! Жыртық үйдей рухыңды бүтінде, Жер-бессікте тыныш жатсын десеңдер!    Әбу ҒАППАРҰЛЫ, 1983 жылы ҚХР-дың Тарбағатай аймағы, Толы ауданында жазушы отбасында дүниеге келген. 2003 жылы атамекенге оралған. 2005-2009 жылдарда С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің журналистика фаукльтетін тәмамдаған. 2010 жылы «Өскемен» қалалық газетінде, 2011 жылы «Жас қазақ үні» газетінде қызмет атқарған. 2007 жылы «Сезімнің жылы жаңбыры» атты алғашқы жыр кітабы басылым көрді. Өлеңдері 2009 жылы Бердібек Сапарбаевтың демеуімен жарық көрген «Туған ел – алтын бесігім» атты алманаққа, сонымен қатар 2013 жылы «Дәстүр» баспасынан шыққан «Жетісу жауқазындары» атты ұжымдық жинақтарға енгізілген. 2014 жылы «Кермен» баспасынан «Талаптың мініп тұлпарын» атты жас ақындар жинағына, 2014 жылы 10 томдық «Жыр маржаны» атты қазақ поэзиясының антологиясына бір топ жаңа туындылары кірген. Облыстық, республикалық жыр мүшәйлаларының бірнеше дүркін жеңімпазы.    

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар