Жыр басы Оңтайлы сәтің түспеген, Жазатын толғап жырым ең. Тат баспас сен бір мыс шеге, Толғантып келген пірім ең. Айқасып жаумен көруге, Жорыққа шыққан Шерубай. Еркіндік үшін өлімге, Басыңды тіккен ерім-ай! Жаралдық неден сор қабақ, Киелі бабам Шерубай. Айтылмай келген қорғалап, Ақтардым ішкі шерімді-ай. Ағызып қанды теріңді, Қайратыңды алып зорладың. Сарыарқа сынды жеріңді, Көзіңдей көріп қорғадың. Тағдырың айдап жіберді, Тәуелді болмақ мұнша кім. Намысқа қайрап жігерді, Пейішке батыл жұмсадың. Жаужүрек туған өзің де, Жаралған едің елдікке. Қастандық қалай кезінде, Жолыққан жомарт ерлікке?... Көңіліне жұрттың тоқ болған, Қасиетті аңғал ерім-ай. Жазымышқа осал тап болған, Қапыда өлген жерің-ай. Қаракелердің әулетін, Себебсіз жаудың қорлаған. Рулы ел, жер дәулетін, Шерубай едің қорғаған. Иесі озық ақылдың, Жолыққан жанға жолдас ең. Өйтпесең Қараке батырдың, Немере ұлы болмас ең. Әкесі де алып Байболды, Жаралған абзал санадан. Туылмас едің Айшадай, Ажарлы ару анадан. Қайсарлығыңа жан бұққан, Ата маңызды текті едің. Шырқымды бұзып сондықтан, Ойыма орнап кетпедің. 1. Сұғанақтаған сумаңдап, Жоңғарлар әмір таптырмай. Аранын ашып құмаңдап, Жаулады кірпік қақтырмай. Қасыды аузын жараның, Көрмеген едің озбырды. Қалмақтар шашып қаһарын, Еліңді бейғам тоздырды. Аяусыз қырып жауыздар, Көшпелі қазақ қан жұтты. Жалаңдап қорқау ауыздар, Тарыдай шашып қаңғытты. Дұшпанға кірген басынған, Жол емес намыс беру жай. Бесаспап қару асынған, Аттанды батыр Шерубай! Тіленіп келіп жорыққа, Көрсеткен өзі ерлігін. Атысқан жаумен торықпай, Бағаламайды ерді кім. Қанкешті болған күресін, Жанкештілермен бөлісіп. Өзінің қосты үлесін, Беріскен сертке келісіп. Қанжығалы Бөгенбай, Қасына баулып ертіп ед. Қаракерей Қабанбай, Еркелеп берген есім ед. Ержүректіктен батылды, “Хасбатыр бала” атанған. Бөгенбайдың алғысын, Қабанбайдан бата алған. Аңырақайдың шайқасы, Болмаған оңай айтарға. Бітіріп Жоңғар айқасын, Еліне батыр қайтарда. Айланып қарап тосаңсып, Берген соң шіркін алаңдай. Ең соңғы сөзін босаңсып, Тапсырды жолда Қабанбай. - Батырға сақтық бекемдік, Берік бол інім!, - деген-ді. Қаһарман бала екен деп, Ерекше қамын жеген-ді... Жорыққа баптап баулыған, Құшағына алып қапсырып. Шығарып салды аулына, Аманат етіп тапсырып. 2. Шерубайдың да аулында, Болмаған сірә тыныштық. Бермейтін маза жау мұнда, Отырған кезде тыныс қып. Жоңғарлар талап араша, Жатқанда елді тоздырып. Батыстан қалмақ таласа, Бастапты лаң қоздырып. Келтірмек екен ретін, Шерубайды аңдып ойқастап. Жүргенін олар білетін, Аңырақайдағы шайқаста. Сұғанақ итше аңдыған, Іргеден тығып тұмсығын. Тіміскілеп қаңғыған, Қадады қалмақ тым сұғын. Айлана қорып сумаңдап, Қайыршыланып торыды. Қалмады сау жер бұл маңда, Жаулардың болды қорығы. Ауылды тектеп тексеріп, Түнімен кезіп жортатын. Келіп қалса!... деп сескеніп, Шерубайдан тек қорқатын. Шерубай десең тосыннан, Зәресі қалмай ұшатын. Кезінде жаман шошынған, Ішіп-жегенін құсатын. Мекенін тонап арыстан, Шапса да қырып тоймады. Болжаған дәндеп алысты, Аңдыған дұшпан қоймады. Бүркітті таудан өткенде, Жалтарып ізін жаңалап. Қарамұрынға жеткенде, Шерубайды алды қамалап. Жаралған сұсты жігермен, Талайын соғып жайратты. Хасбатыр да есе жібермей, Жұмсады соңғы қайратты. Семсерге басын қаққызып, Қайтарып кері қастығын. Қағынған жауды жатқызып, Жастандырды жастығын. Қатерлі қырсық шалды ма, Жалғыздың күні қаралы. Көз жұмды жете аулына, Қансоқта болып жаралы. Болмаған серік қасында, Жүректе кекті дерт толды. Бойында Топар, Тосында, Шерубай батыр мерт болды. Өртеді ауылы өзегін, Алла бір сәтін бермеді. Бойына Нұра өзеннің, Ұлдарын жылап жерледі. Қайранда қалар естіген, Қасірет едің о, қандай! Ауылы қалды өксіген, Жеңістің күні тойланбай. Серіксіз батыр аңғалын, Жіберіп жауға қазағым. Күңірентіп Нұра аңғарын, Тынбады сан жыл азалы үн. Қайыңға сүйеп арқасын, Күйзелді күйреп достарың. Өрмелеп өскен Жартасың, Жоқтады өлген асқарын. Тентек өзені еңіреп, Көзінің ащы төкті уын. Түнерген бозаң төңірек, Іркілді ақпай Көксуың. Алапат соғып долданып, Аунатып тасты жел ұрды. Лықсып көлдер жалданып, Кемерден асып елірді. Тасыған шақта сарқырап, Құятын орап ұраға. Толастап ақпай арқырап, Қайысты тоқтап Нұра да. Құмадыр сусып құлады, Сұлу-Мәдине сұлады. Тассуат зәмзәм бұлағы, Мөлдіреп мөлт-мөлт жылады. Балықты көлдің сұңқылдап, Аққуы қайтты киелі. Бұғылы Бүркіт мұң тыңдап, Ақ бұлтқа басын сүйеді. Өкініп мысал келтірдік, Өтіпті ғұмыр жырақта. Еркіндік құрып, ел тірлік, Ұрпағың жетті мұратқа! 3. Тәуелсіз әнін шырқадым, Бақ қонбас әсте ерліксіз. Көтеріп биік жыр тағын, Басымызды иіп бердік біз. Қиын да қыстау кезінде, Қастерлеп арыс есілін. Шерубай-Нұра өзен деп. Тіркеген халық есімін. Армандап жырын ақындар, Арнаған бүгін өренге. Серуен құрып жатыңдар, Шерубай-Нұра бөгенге. Заманға өткен күйіндік, Мақсатқа берік түйіндік. Қасиетіңе сыйынып, Жаратылысыңа сүйіндік. Жазылып жерге есімің, Кітапқа айқын қалмаған. Күйреткен шындық есігін, Үстемдік екен жалмаған. Қиялға батып ойлаған, Ойымды жіктеп сан түнгі. Теренге тартып бойлаған, Асырдық асқақ даңқыңды. Аруағыңды атап ұранға, Ақорда көтердік асыңа. Атыңды түсіріп Құранға, Құлпытас қойдық басыңа. Аңыз ғып желі батырын, Шерлі күй шертіп толқынды. Жүректі тербеп ақырын, Шерубай атты көл тұнды. Жырладым мен де асқақтай, Сауытты ерін халықтың. Бөгенде жүзген қасқақпай, Қорғаған бізді балықсың. Қадірлі жұртқа есімін, Қалдырған жерге атыңды. Шерубай сынды есілім, Қастерлап өтем затыңды. Тәуелсіз болып ғасырдан, Ғасырға астық бір белес. Сарыарқа сынды далаңа, Астанам қонды іргелес. Қазағы, келген басылып, Талпынып ғылым білімге. Айығып тұман ашылып, Сөйледі ана тілінде. Жыр соңы Елім бай, байтақ жерім бай, Еркіндік құрған бар ортам. Қорғаған ерің Шерубай, Жасай бер жаса, Сарыарқам! Айналып торып торлаған, Жауларың дәйім болмасын. Бабалар ұлы жолдаған, Қасиетті аруақ қолдасын! Жырықтан аңсап оралған, Мен де бір ақын түлегің. Халқыма қайсар жаралған, Береке-бірлік тіледім!

Солдатхан Орайханұлы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын
