Айтпақшы, науырыз келді. Басқа қаланы қайдам? Алматыда дыбыс жоқ. 1 қаңтарды бір ай бұрын алаулатып, жалаулатып бастайтын Ахметжан мырзаның айналасы үнсіз.
Біз қала көшелерін аралап, Наурыз мейрамына байланысты әлдеқандай әдемі безендірулерді көреміз бе деп едік... Көзімізге түспеді. Сосын «әй, осы біз көрмей жатқан болуымыз керек» деп Әкімшілік қызметкерлерінен мән-жайды білмек болдық.
Әуелде Санжар Омарұлы Боқаев мырза басшылық ететін Алматы қалалық Ішкі саясат басқармасына қоңырау шалдық. Хатшы қыз "Ағай қазір жиналыста. Кеш шығады. Сіздің сұрақтарыңызға толық жауапты осы кісілер береді" деп, қоғамдық-саяси жұмыс бөлімінің басшысы Асхат Өсербаевқа сілтеді. Содан Асекең: "Ішкі саясат басқармасы Наурыз мерекесін өткізуге, оның идеологиялық мәнінің үлкендігіне бей-жай қарамайды. Жақында БАҚ беттерінде біз биылғы Наурыз мейрамын жылдағыдай орталық алаңда емес, М.Горкий атындағы орталық саябақта атап өтетініміз туралы ақпарат таратқан болатынбыз. Кейбір басылымдар мұны саяси тұрғыдан бұрмалап әкетіпті. Негізі, осы уақытқа дейін орталық саябақ жеке тұлғалардың меншігіне тиесілі еді. Былтырдан бастап саябақ Қалалақ әкімшіліктің балансына өтті. Енді әрі тыныш, әрі жайлы орында Наурыз мерекесін өткізуді дәстүрге айналдыру үшін биылдан бастап, мейрамды сол жерде тойлайтын боламыз. Ал мейрамға дайындық шараларына жауапты кісілер әрі сіздің сауалдарыңызға толық жауап беретін – қалалық мәдениет басқармасы. сол жаққа хабарласыңыз", - деді. Содан Алматы қалалық мәдениет басқармасына қоңырау шалған едік, ондағы хатшы қыз "бұған жауапты Шығармашылық және білім беретін жобаларды ұйымдастыру бөлімі" деп, Қасымова Раушан Нұрқасымқызына бағыттады. Ол жақтан телефон көтерген Арай Ыбыкенова есімді хатшы қыз бізді басшысымен байланыстыруға асықпады. Ары-бері қипықтап, трубканы Раушан ханымға әрең жалғады. "Жауап беретін жан табылды" деп қуана бергеніміз сол-ақ екен, басшы ханым бар бәлені PR және жарнама бөліміне итергендей болды.
Төл мерекеміз туралы бір ғана сұраққа мардымды жауап таба алмай, ендігі жерде сандалған беті Рашида есімді қызға телефон шалуға мәжбүр болдық. Рашида ханым жаңағы PR және жарнама бөлімінде жұмыс істейді екен. Бірақ, бұл жолғы әрекетіміз де сәтсіз шықты. Раушан Нұрқасымқызына қайта байланысқа шықтық. Бұл жолы Ракең әкімдіктің баспасөз қызметін нұсқады. Ақыры айналып келіп, Айбар Қайнарұлы Олжай мырзаның бөліміне байланысқа шықтық. Айбар мырза бір дегеннен: «Наурыз мейрамына дайындық шаралары 8 наурыздан соң басталады, наурыз айындағы ұйымдастырылатын барлық шараларды мына кестеден табасыздар", - деп айлық жоспарын ұсынды. Оған да тәуба дестік.
Алматы қалалық әкімдігінің бөлім-бөлімдерін телефон арқылы кезіп жүріп ұққанымыз - қандай да бір сұраққа жауап іздесеңіз кемінде жеті бөлімнің алдынан өтетін сияқтысыз. Тіпті «Науырыз мерекесінің» болатынынан хабарсыз сияқты...
Сұрағымызға жауап іздегендегі хабарласқан бөлімдердің картасы төмендегідей болды:
Ал Айбар мырзадан алған Алматы қаласының науырыз айындағы іс-шаралар жоспары мынау:



