«Қазақ хандығына 550 жыл» шығармашылық бәйгесіне!
Барақ атаның басына бір барсам деп ойлайтынмын. Неге екенін білмеймін, осы ой басыма келсе өзімнен өзім жүрексініп, іштей толқу ма, өзім де түсіне алмайтын бір сезім тұла бойымды билей жөнелетін. Содан да болар кім білген, ол жаққа көпке дейін сапардың сәті түсе қоймады. Ақыры жолым болды. Асау-Барақ есімді әкелі-балалы батырлар жатқан өңірге сапарлап келем. Мезгіл былтырғы жылқы жылының тамыз айы. Атаның ақырғы демі таусылып, топырақ бұйырған жері Маңғыстау облысы Бейнеу ауданына қарасты Тұрыш елді-мекенінің маңында деп естіген едім. Сол Тұрышқа қарай тартып келеміз. Көлігіміз жарақты, жер апшысын қуырып зулап келеді. Жолбасшымыз ауылдағы ағам - Сәкен. Қасымызға інім Әмірені де ерткенбіз. Және інімнің кіші ұлы Нұртілек пен өз балам Серікті де алдық. Бұлар да бала емес. Бірі 20 да, екіншісі 17-ге толды. Сапарлап келе жатқандардың ішінде балам екеумізден басқалары атаның басына талай барған. Ата-баба әруағына бас иіп, тәу етуді, бұл күнге шүкіршілік айтып, ертеңгі күніміздің нұрлы болуын тілеуді олар өмір ырғағының бір тетігіне айналдырған. Бұл жағынан алғанда қалалықтардан гөрі ауылдықтардың мүмкіндігі де мол, бір жағынан әкелерінің айтып кеткен өсиет-өнегесі де әркез жадында жүретіні рас. Әке өнегесі балаға бағдаршамдай көкірек көзіне жарық түсіріп, бағыт беріп тұратыны сөзсіз. Соның куәсі бүгінгі күндей көрінді маған. Біздерді ата басына бастап келеді.
Қазақ батырға кенде емес. Көпшіліктің ортасына кіріп, ата-бабасын сұрай бастасаң шетінен «сен тұр, мен атайын» мықтылар. Олар еріккеннен батыр болған жоқ. Оларды батыр қылған кеудедегі намыс, көкіректегі ар-ұят еді. Өйткені, ұшқанда құс қанаты талатын ұлан-ғайыр жатқан кең даламызға көз алартқан дұшпандардың аз болмағанын тарихтан білеміз. Міне, соларға «ұлтарақтай жер бермейміз» деп атқа қонған аталарымыз елдің тұтастығын, іргесінің сөгілмеуін ойлап намысқа шапты. Қазақ қазақ болғалы аттың жалы, түйенің қомында келген қалың елдің көрмеген азап-қайғысы аз болмады. Сондайда «әруақ» деп ақыра жауға шауып, кек алған батырлардың біразының есімі тарих бетіне жазылды. Олардың ел іргесіне тиген қалмақ пен жоңғарды қалай жайпағаны жыр болып қалды. Ал, енді біреулері туралы айтылмады да, жазылмады да. Есімі Қазақстан тарихы кітабына енбей қалғандардың бірі Барақ Сатыбалдыұлы еді. Бірақ, жауына қасқая қарсы шапқан жасыл тулы ер Барақтың есімі тарихтан мүлде сызылып тасталған жоқ. Оның аты бүгінгі күнге ауыздан ауызға көшіп айтылып келген «Барақ батыр» дастанымен жетті. Барақ Сатыбалдыұлы Кіші жүз қазақтарының ұлт-азаттық қозғалысы басшыларының бірі. Ол Кіші жүздің Жетіру тайпасының Табын руынан шыққан. Барақ батырдың атағы 18 жасында торғауыт батыры Алакөбікті жекпе-жекте жеңгеннен кейін шыққанын сол тарихи дастанды оқысаңыз куә боласыз. XVIII ғасырдың 70-жылдарына дейін шөмішті-табын қолын бастап Еділ мен Жайық арасында қалмақтармен соғысқан Барақ батыр Ресей отаршылдығына қарсы күресте Сырым Датұлының жақын серігі болғандығы жайында дерек бар. («Батыс Қазақстан облысы» энциклопедиясы, Алматы, 2002). Барақ батыр үш мың қолдық жасағымен Орынбор шебіндегі бекіністер бойында патша үкіметінің қазақ даласына жіберілген жазалаушы отрядымен кескілескен шайқастар жүргізген. Еліміз Тәуелсіздігін алып, жан-жағын түгендеген шақта Барақ батырды іздеп, оны қатарға қосуға атсалысқан алғашқы азаматтардың бірі жазушы Смағұл Елубай болды. Ол Үстірттің Сам құмында дүниеге келіп, сол жерде дүниеден өткен батырдың басына барып, құлыптасына жазылған жазуларды оқу арқылы Барақ батырдың туған жылын айқындап (1743ж.), туғанына 250 жыл толуы қарсаңында оның басына кесене тұрғызу керектігін айтып бастама көтергендердің бірі. Жазушының бастамасын іле көтеріп алып кетіп, арысы Қарақалпақстан, берісі Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Орал мен Алматыдағы адай-табын қалың ел қолындағы барын беріп, атаның бейітіне күмбезді кесене тұрғызды. Ат шаптырып ас берді. Осылай ұрпаққа ұлағат боларлық іс істелді. Бұл 1993 жыл болатын. Бірақ бұл бұған дейін оның аты аталмады деген сөз емес. Оның есімі одақтас республикаларға өз үстемдігін жүргізіп, «тізесін батырып отырған» кеңестік саясаттың дәуірлеп тұрған кезінде де ауыздан түскен жоқ. Сол өңірді жайлаған алыс-жақын елдің бәрі атын атамай құрметпен «ата» деп, қасиет тұтып, әруағына бас иді. Өткен ғасырдың 70-жылдары, менің кішкентай бала кезім. Біздің ауыл Үстіртке қарай кететін жолдың бойында-тұғын. Қыстай момақан жатқан ауыл жаз шыға ары-бері қатынаған машинаның жолына айналады. Жолаушылап бара жатқандар біздің үйге де түсетін. Әр келгенде бірлі-екілі емес, 10-15-тей адам болатын. «Құдайы қонақпыз» деп келгендерге анамыз көрпе жайып, шәйін қойып, әкеміз қорадағы қойын соятын. «Атаның басына бара жатқандар екен» дегенді даладағы қазан-ошақтың басындағы сыбыр-күбір әңгімеден естіп қалатынбыз. Осылай жаз бойы ағылатын халықта есеп болмайтын. Біреулері «жол көрсет» деп қолқа салса, әкем ауыл арасына мінетін дара мотоциклімен біраз шақырымға дейін шығарып салатын. Кейде қолы бос болса солармен ілесіп, өзі де барып қайтатын. Сол кездегі саясаттың қаталдығы ма кім білсін, барғандар да, қайтқандар да тіс жарып әңгіме айтпайтын. Сапарларын соншалықты дау-дабыра қылмайтын. Қазір ойласам, атаның басына тәу етуге ағылған осынша халықтың көкірегіндегі сол жерде ғана ақтарылатын көп арманы бізді бүгінгі тәуелсіздігімізге жетелеп жеткізгендей көрінеді маған.
Байғанин ауданына қарасты Дияр елді мекенінен таңертең ерте шығып, түске таман Тұрыш ауылына да жеттік. 50-60 түтіні бар шағын ауыл. Осы жерден 15 шақырым жерде Барақ атаның кесенесі бар. Биіктеу төбешіктің басында Барақ ата, одан сәл төменірек жерде баласы Асау батыр жерленген. Асау батырдың бейітінің айналасына көп адам жерленген екен. Бірсыпырасының есімдері тасқа қашалып жазылғанмен көбінің есімдері белгісіз күйі жатыр. Тек әр төмпешіктің басында теңкиіп-теңкиіп тұрған қой тастарды көресің. Шырақшы ақсақал батырдың жорық даласында қасында болған сарбаздары дегенді айтты. Бұйрат-бұйрат құмдауыл жерде аласа біткен жусан мен шөлге шыдамды теріскен көрінеді. Айдалада көзге түсер басқа ештеңе жоқ. Қос бейіт ағарып алыстан көрінеді. Жанында тәу етушілер аяқ суытып, тынығып, шәй-суын ішіп, намазын оқуға деп үлкен мешіт салыныпты. Бізді әкелі-балалы батырлардың мазарында шырақшы болып отырған Жеткербай деген ақсақал қарсы алды. Жасы жетпістен асса да жүріс-тұрысы ширақ көрінді. Әңгімесі де түзу. Он сегізінде батыр атанған Барақ талай жорықтарға қатысып, қарсы келген жауға қаймықпай шапқан тұлға ретінде таныс. Барақ Сатыбалдының ұлы Асау мен немересі Дәуіт те атақты батырлар болған. -Барақ батыр Айшуақ ханды орыстардан босатуға кеткенде, баласы Асау 13 жаста екен. «Әлі жассың» деп үйге тастап кетіпті. Содан бала ұйықтайын десе, Шалдар асамен қайта-қайта түртіп, «Әкеңе көмектес» деп ұйықтатпай оята беріпті. Бала баруға бел буады. Тымағын әкесі танып қалмасын деп бастыра киіп, қосынның алғы шебінде жүріп орыстармен айқасса керек. Барақ баласын, айналасында жүрген Шалдарды байқап, «Балам, маңдайыңнан аққан терді сүртпе» деп айқайлайды. Беріліп кеткені соншама байқамай терін сүртіп қалғанда, манадан тимей жатқан оқтардың біреуі иық тұсынан тиеді. 13 жасында аты шыққан батыр Бабам — Асау Барақұлы сондай жан болған, - деп әңгімесін қайырды Жеткербай ақсақал. Оның айтуынша Барақ тек батыр емес, әруағы бар қасиетті адам болған. Ол жауға жалғыз шапқанда дұшпандарының көзіне қалың нөкермен келе жатқандай елестейді екен. Сол сияқты ыстықта жол шеккенде төбесінде қалың қара бұлт көлеңке болып еріп жүреді екен деген аңыз әңгімелер ел ішінде көп айтылады. Бізге аңыз болып жеткен әңгімелердің ақиқатын ешкім білмейді. Оның сыры тарих қойнауында жатыр.
ТАРИХТЫҢ ЖАҢА ПАРАҒЫ немесе ЭКОНОМИКАНЫҢ КҮРЕ ТАМЫРЫ - «ЖЕЗҚАЗҒАН-БЕЙНЕУ» ТЕМІРЖОЛЫ
Ертеңгі күнге қол артқан тәуелсіз еліміздің экономикасы қарыштап дамып келеді. Кешегі бабалар жанын беріп қорғаған ұлан-ғайыр дала бүгінгі ұрпақтың қолында. Ұшса құс қанаты талған қазақ даласының әр шалғайына жаңа заманның лебі келуде. Соның бір мысалы, «Жезқазған-Бейнеу» теміржол магистралы. Экономикамыздың күре тамырын кеңейткен жоба аясында шалғайда жатқан елді-мекендерге «тіршілік» барды. Үлкен тарихи орны бар теміржол құрылысы Бейнеудің жанындағы Тұрыш ауылының да үстімен өтті. Ауыл шетіне теміржол бекеті салынып, теміржолшыларға тұрғын үйлер тұрғызылған. Томаға тұйық жатқан ауылға жаңа құрылыс кәдімгідей серпін берген. Адамдардың да көңілі жарқын. Ауыл тұрғындарының біразы теміржолға жұмысқа тұрып, екі қолға бір күрек тапқан. Елбасының тікелей басшылығымен қолға алынған ірі стратегиялық жоба «Жезқазған - Бейнеу» теміржолының пайдалануға берілуі тарихи оқиға болды. Бұл еліміздің тәуелсіздік алғаннан бергі жаңадан салынған ең ұзын теміржол желісі. Жаңа жолдың 142 шақырымы Маңғыстау облысы аймағы арқылы өтеді екен. Ол аймаққа 7 ірілі-ұсақты теміржол бекеттері салынуы тиіс. Жаңадан жұмыс орындары ашылады. Жүк тасымалы облыстың экономикасына жаңаша серпін берсе, жол бойындағы елді мекендердің әлеуметтік мәселелері де шешіліп, тұрғындардың тұрмыс жағдайы жақсара түсері сөзсіз. PS. Бұрын «Асау-Барақ» атаның басына жету бір мұң болатын. Аталмыш теміржол желісі құдіреттің күшімен нақ сол ауылдың үстімен өтті. Бұл елім деп өткен бабаларды ұмыт қалдырмай, олар жатқан жаққа «көз сала» жүрсін деп жаратқанның бұрғаны болар деген ой келді.
Кешегі бабалар қорғаған мекен бүгінде осылай гүлденіп жатыр. Бұған қарап «тәубе» дейсің. Бізден кейінгі ұрпақ та осыны жадында жаттап жүрсе деген арман да қылаң береді көкіректен. Әкелі-балалы батырлардың аңызға бергісіз ақиқатқа құралған өміріне бүгінгі баланың оңай иланбасы хақ. Сол себепті оларға кешегі күн ертегідей елестер. Бірақ бұл кешегі қазақ баласының басынан өткен тарихтың бір парағы екені рас. Өскелең ұрпақ өсіп-өнетін туған жерді қасық қаны қалғанша қорғап қалған ата-баба бүгінде сол туған жердің топырағын жамылып, өзі жүрген өлкенің бір бұрышында мәңгілікке тыныстап жатыр. Арада қаншама жылдар өтсе де олардың ісі кейінгілерге күш беретіндей көрінеді маған. Тіпті тыныс-деміне дейін сезіліп, асау аттың тізгінін тартып, халыққа қарап тіл қатып тұрған сәтіне дейін көз алдыма келе береді. Өткен ғасыр мен бүгінгіні жіпсіз жалғастырып тұрған құдіретті күшке иланбасқа, бас имескке шараң жоқ. Бұл сірә, рухтың тірілігі шығар. Рух өлмесе қазақ деген қасиетті халықтың да ұлы көші мәңгі жалғаса беретініне бек сендім. Тәңірден рухымыз мәңгі өлмегей деп тіледім!
Ирина ҚОСПАҒАНБЕТОВА,
Ақтөбе облысы.




