Мені ылғи Әлихан атамыздың либералдық-демократтық ұстанымдары толғандырады. Өйткені, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы жалпы Ресей жеріндегі либералдық қозғалыстар жағдайында демократиялық қағидаларды жариялау әркімнің болмаса да, көпшілік интеллигенттердің қолынан келетін. Бірақ, жай ғана мақалалар мен петицияларда, баяндамалар мен партиялық тұғырнамаларда соларды жариялау бар да, оны өмірлік саяси процесте қолдану бар. Екеуінің арасы, - аңғарып қараған адамға, - жер мен көктей. Әлекеңдер Алашорданың билігін қолға алып, Семейге келгенде, Қарқаралы азаматтары Патша заманында қуғын-сүргін ұйымдастырған болыстарды жазалауды ұсыныпты. Әлекеңнің інісі Смаханның естелігінше, «Әлекең кек қумаңдар» деп дүйім елді тоқтатқан. Жаңа билік уақытында «кек қумаңдар» деген бір ауыз сөздің астарында мыңдаған адамдардың тағдырын шешетін салмақ бар. Бұл жерде Әлекеңнің кісілік келбетінің де бір қыры жатыр. Әлекеңнің 1913 жылы «Қазақ» газетіне жазған «Ұят-ай» деген мақаласы да адамшылық биігінің қаншалықты тереңге кеткенін көрсетеді. Абыл мен Қабылды еске алады. Әлихан бұл заманда бейнелеп айтқанда, ұлттың әкесі, зиялы қауымның тәрбиешісі болды. Сол биігін міндетсімей, халқына кінә артпай, ұлтының арлы көшбасшысы болды. Саясатта ашық күреске шықты, жауының өзіне әділ болуға барын салды. Әлекеңнің 150 жылдығына 1 жыл ғана уақыт қалды. Келер жыл Әлекеңнен пұт жасау емес, шын мәнінде әлихантану, Әлекеңнің адами келбетін тану, саяси жолын ұғыну, Әлекеңнің аманаттарынан ой қорыту жылы болады деп үміттенемін.
(Болат Мүрсәлімнің фейсбуктегі парақшасынан)