«Әкелі бала жаужүрек, әкесіз бала сұм жүрек» деп, қазақ бекер айтпаса керек. Біздің қоғамда әдетте бала тәрбиесіне ана жауапты, одан соң бала-бақша, мектептегі тәрбиешілер мен мұғалімдерді атаймыз. Әкенің бала тәрбиесінде ерекше орны бар екенін ескермейтініміз рас. Өйткені ер-азаматты үйдің емес, түздің адамы деп санайтындықтан, жұмыс істеп, отбасын материалдық тұрғыда қамтамасыз ету ғана оның міндеті тәрізді.
Жасыратын несі бар, еліміздегі әкелердің көпшілігі балаларымен жиі бас қосып, әңгімелеспейді. Талай әке жұмыс бабымен сыртта жүретіндіктен балаларын сирек көреді. ЮНИСЕФ Балалар қоры ұсынған баяндамаға сүйенсек, әлемдегі 74 мемлекетте 3-4 жасар бүлдіршіндердің жартысынан астамы әке мейіріміне зәру. Әкелер негізінен бар ойын қызметі мен сырттағы мәселелерді шешуге арнайтындықтан өз отбасына көңіл бөлуге уақыт таппай жатады. Отбасылы ер-азаматтардың талайы демалыс саналатын сенбі-жексенбі күндері бар уақытын достарымен өткізуге тырысады.
Шет ел ғалымдары жарық дүние есігін жаңадан ашқан сәбиге де әке махаббаты аса қажет екендігін айтуда. Туған ананың шуаққа толы мейірімі өз алдына, әкенің балаға деген сүйіспеншілігі оның адам ретінде қалыптасуына ғана емес, денсаулығына да үлкен әсер етеді. Алайда біздің елімізде бүлдіршіндердің 49 пайызы әке махаббатына зәру екен. ЮНИСЕФ мәліметі бойынша бұл көрсеткіш Украинада — 29 пайыз, Грузияда — 40 пайыз, Белорусияда — 32 пайыз. Көрші Өзбекстанда кішкентай ұл-қыздардың 46 пайызына әкесі жеткілікті көңіл бөлмейді, яғни әке тәрбиесі жетпейді.
Баланың ер жетуі үшін ең маңыздысы, әрине ана тәрбиесі дегенімізбен, әкенің адам өмірінде алатын орны айрықша. Ғалымдар әкесі бар бала мен әкесіз өскен баланың ойлау қабілеті, тұлға болып қалыптасуында үлкен айырмашылық болатынын айтуда. Әке тәрбиесін көрген ұл мен қыз жалғыз анасымен тұрған балаларға қарағанда батыл келеді, өзіне өзі сенімді болады. Батыс ғалымдары мектеп оқушыларын зерттей келе әкесі көп көңіл бөлген балалардың оқу үлгерімі де басқаларға қарағанда жақсы болатынын анықтаған. Әкенің иісін сезіп өскен бала ер жеткенде кездескен қиындықтарға морт сынбай, өмірден өз орнын адаспай табатыны да белгілі.
Мамандар бала психологиялық күйзеліске ұшырамай, толық адам болып ержетуі үшін ана мейірімін жеткілікті деңгейде алып қоймай, әке ұлағатын да көруі қажет дейді. Қанша шаруабасты болғанның өзінде ұрпағының болашағын ойлайтын әке оған жиі уақыт бөлуге тырысу керек. Баланы материалдық тұрғыда қамтамасыз ету бір басқа да, оның тәрбиесін уыстан шығарып алмау бөлек дүние. Ғалымдар сондай-ақ сәбидің тілі дұрыс шығуына анасынан гөрі әкенің вербалды әрекеттерінің әсері көбірек екендігін айтуда.
Ұлыбританиядағы Эволюция және қарекет орталығының ғалымдары елу жыл бойы он жеті мың нәрестеге әке тәрбиесінің әсері қандай болатынын зерттеген. Сәбилер өсіп, ержеткенде олардың өмірде қандай адам болып қалыптасқанына зерттеу жүргізген. Сол он жеті мыңның ішінен адамның кемелденген кезі саналатын қырықтың бел ортасына жеткен бес мың адамды «тексергенде» мынандай қорытынды шыққан: әкесі нәресте кезінен көңіл бөлген адамдар жалғыз ана тәрбиесін көргендерге қарағанда өмірден өз орнын дұрыс тауып, алға қойған мақсаттарына адаспай қол жеткізген.
Ағылшын жазушысы Д.Герберт «Бір әке жүз ұстаздан артық» деген екен. Иә, әке ұлағатына еш нәрсе жетпейді. Әкесі жоқ балалар күйзеліске бейім болады. Еуропа ғалымдары тіпті әкесіз өскендердің семіздікке жиі шалдығатынын да анықтаған. Ерте жастан бұзылатындар да әкесі жоқтар немесе әкенің қатал қабағы жетпейтіндер санатынан екені белгілі. Нашақорлық, ішімдікке салыну тәрізді дерт түрлері де арқа сүйер әкені көрмегендерге үйір көрінеді.
«Әкенің шапағаты таудан биік, ананың шапағаты теңізден терең» дейді жапондар. Балаңызды әкелік мейірімге бөлеп жүрсіз бе, азамат?
Шарафат Жылқыбаева
Пікір қалдыру