ЖҮРЕКПЕН ҰҚПАҒАН, ЖҮЙРІКПЕН ЖЕТПЕГЕН

/uploads/thumbnail/20170708171623267_small.jpg
Менің өзі де, сөзі де өзгермейтін бір таныстарым бар. Өздері көп емес, бірақ сондай тұрақты. Жиі кездесе бермейміз. Әр кездескен сайын бір ғана сұрақ қояды: – Қандай кітап оқысам болады? «Түзелуге» бет қойған түрі. Қашан көр­сең: «бірдеңе оқу керек еді», – деп жүреді. Бір ғажабы – оқымайды. Менімен таныс­пай тұрғанда оқымайтын, қазір таныстығымыздың алды 10 жылға таяды, әлі оқыған жоқ. Сірә, оқымай-ақ кетеді-ау. Арнайы ат терлетіп келмесе де, кездесе қалған жағдайда кәдімгідей көңіл бөліп жататынына малданып, о баста тізім ұсынуға дайын тұратын әдет пайда болып еді. Қазір қойдым. Байқасам, өзім оқымаған кітаптарды да тықпалап жібереді екем. 10 жыл ішінде бірде-бір шәкірт тәрбиелей алмаған соң, «ұстаздық карьераммен» жылы қоштастым. Кейде біреулер шын ниетімен сұрайды: «Қандай кітап оқысам болады?» – үйреншікті көлгірсу. Оны айтпаймын. «Балама не оқытсам болады?» – міне, бұл тәуірлеу әңгіме. Сол кезде нені, кімді ұсынарыңды білмей, дағдарып қалатының болады. Біреулерді атаған боласың. Бірақ осы бір сұраққа психологиялық тұрғыда дайын емес екенбіз. Себебі не екен... Айналаңның бәрін оқудан, кітаптан қол үзгендей көретін басымыз әлгіндей сөзді естігенде айран-асыр қалатын шығармыз бәлкім...
«Кітапты өртегеннен де ауыр қылмыс – оны оқымау» дейді. Демек, оқымағаннан өртеп жіберген дұрыс. Немесе басқа да бір керекке қалай да жаратуға болады. Әйтеуір сөресінде сарғайып, шаң басып, яки сіздің үйіңіздің сәнін кіргізіп (!) тұруы шарт емес. Не оқылу керек, не... Бұл – баяғы сөз. Сол замандарда бәлкім, құлаққа жағымды, көкейге қо­ным­­ды болған-ақ шығар. Бірақ белгілі бір шындықтың да ғұмыр-жасы болады. Бүгінгі күннің шындығының жанында «жарамдылық мерзімі өтіп кеткен» мұн­дай әдемі сөздер тым әлжуаз. Бродский­дің осы сөзін анық ақиқат деп алып, айна­лаңыз­ға қарап көріңізші. Бүкіл жұрт – қыл­мыскер. «Ауыр қылмыс» жасаған. Ал, сіз ақ қаздар арасындағы жалғыз аққу – «оқымысты». «Құтылар хал болмады мына дудан, Біз де ішпесек болмайды жын­ды судан» – заманның сұрқылтайына қайла таба алмаған Абай-Масғұт келеді көз алдыңа... Қазір үй-жайы бар кез келген қазақ­тың шаңырағынан құрығанда бір кітап кездестірмей қалмайсыз. Бір үйде алба-жұлбасы шығып, баласына ойыншық болуға жарап, аяқ асты иленіп жатады. Енді бірде сөреде ретсіз болса да әйтеуір азды-көпті жиналып тұрады. Алғашқы көрініске күйінесің. Сыртқы мұқабасы болмайды көп жағдайда, – жөнін қолыңыз тисе ішін ақтарып отырып білуіңіз мүмкін. Мұндай жайтқа Ғабит Мү­сіреповтің «Ұлпаны» арқылы куә бол­ға­ным бар. Баланың ойыншықтарының ара­сында жатқан жартыкеш кітаптан әй­гілі романның бір бөлшегін танығам, жазушының өзі шығармасының негізгі бастау деталі ретінде пайдаланған Ұлпан­ның мүрдетасының бір сынығын моншадан көретіні бар еді ғой. Сол есіме түскен. Бір-біріне ұқсас екі оқиғаны іштей салыс­тырып, таңдана бас шайқап едік. Сұра­дым, үй иесі кітаптың қандай шығарма екені­нен бейхабар. Тіпті, ойыншықтардың арасына қалай түскенін де, үйіне қалай келгенін де білмейді. Ал, Мүсіреповті бі­ле­тін болып шықты. «Ұлпанды» танымайды – оқымаған, жазушының атын естіген, классик екенінен хабардар. Бәрі түсінікті болған – кітап атаулыны мүлде оқымайды. Қол тимейді. Қолы тиюі мүмкін шағында – оқымаған! Енді, міне, немересі кітаппен ойнап жүр... Екінші көрініс қалай болғанда да адам­ды сүйіндіреді. Көрдіңіз, мөлдірей тізіліп тұр. Қазағы, орысы, ағылшыны, немісі, французы... – аралас. Авторға, ұлт­қа негізделген рет емес, кітаптың сырт­қы түр-түсі, көлеміне қарай сап түз­ген. Бәрібір әдемі көрініс, жарасымды сурет. Отағасы қырықтан енді асқан, алпауыт болмаса да, әжептәуір бақуатты тұрмысы бар, пысық кісі. «Біздерде мынадай бар, мынадай бар»-дың жөнімен жаңа салып біткен қос қабатты үйінің іші-тысымен таныстырып жүрген. Жаңа­дан бері «жақсы екеннен» өзге сөзге ба­рыспай, сөзуар ағамның мақтанышты лебіне құлақ төсеп қана келе жатыр едік, соң­ғы көрініс еріксіз сұраққа жетелеген. – Оқыдыңыз ба? – Нені?.. А, мыналар ма... менің ондай ауруым жоқ екенін білесің өзің. – «Қол тимейді бұған, басқа да маңызды шаруалар бар ғой» дегенмен астас маңғаз жауап. Өзінің іскер екеніне, үйде қарап бос оты­ра алмайтынына деген мақтаныш дәрежесіне жеткен ақталудың лебі еседі ләмінен. Неге екенін, әйелі мұғалім бе екен деген ой келген алғаш. – Кім оқиды мұның бәрін! Біздің шал­дың жинап жүргені ғой. Былтыр өзі қайт­қан соң, осында әкелдім. Ауылдағылар үйге сыймайды дейді. Көршілерге таратып береміз бе, қайтеміз деп отыр екен, қан­ша дегенмен шалдың қолы тиген, иісі сіңген дегендей... Қимадым. Міне, арнайы заказбен полка жасатып, сақтап қойдым. Тағы да мақтаныш. Әкемнен қалған мұраны сақтап отырмын деген жарасымды мақтан. Бұдан ары әкесі туралы әңгіме кетті. – Біздің шал сұмдық көп оқитын. Бізге де оқыңдар деп отырушы еді, оған қайда... – «Шалекең де айта береді осы» деген леп­те лекіте бір күліп алды. – Таң­ғалам, осының бәрін қалай оқып тауысты екен, ол үшін де біраз білім, шыдам керек қой. Бірақ сол оқуының арқасында кейін­нен ауылдың әкімі болды. Сұмдық шешен сөйлеуші еді. Ауданнан, облыстан келген­дер­дің жиналыстарда аузы ашылып қала­тын. – Бұдан ары әкім атамыздың ауылды тексере келген өкілді қызыл сөзбен мақ­тап-мақтап, риза қылып шығарып сал­ғаны, зейнетке шыққасын ауылдың ақса­қал­дар алқасының төрағасы болғанын, ол кезде де шешендігі мен білімділігінің арқасында ауылға бір ауыз сөз келтірме­ге­нін, қысқасы, о баста оқымысты еді де­ген­нен басталған естелігін заманын тазы болып шалған әккі еді, қу еді дегенмен түйіндегенін өзі де аңғармай қалды. – Оның кітап оқуы да жұртқа ұқсамайтын. Соншама сарылып отыруға уақыт қайда қазір. Бір кітапты бір демалыста оқып тауысып тастайтын. Біз таңғаламыз. Сосын, қолына іліккен кітапты оқи беретін. «Авторларына да назар аудармаймын» дей­тін. Шынымен ғой, кітапты оқысаң, өзіңе керектісін алсаң болды ғой, авторын қайтесің. Кейіннен бір отырғанда өзі айтты, кітапты ел сияқты сарылып оқып отыр­майды екен. «Бір бетін оқысам екін­ші бетінде не жазылып тұрғанын оқымай-ақ білем» дейтін. Міне, былай ғой сонда, – деп әкесінің кітап оқу тәсілін сөреден кітап алып, тәптіштеп түсіндіріп берді. Бәрі түсінікті болған. Әкесі кітапты сапырылыстырып қарап шыққан, баласы: «мүмкін кейін пенсияға шыққанда ма­ған да керек боп қала ма, бала-шаға ер жетсе басқа не істейсің», – деп жүр. «Осы­ның бәрін оқығанның арқасында ауыл­ға әкім болды» – кітаптың ішінде өмір сүрудің, қулық-сұмдықтың сан мың түрі жазылып тұрады деп ойлайтын адам­ның аңғал ақылы, тар түйсігі айтқызған сөз. «Сіз де оқып шықпадыңыз ба, біраз жоғарылауыңыз мүмкін еді ғой», – дегім келген. Дей алмадым. Не деп жауап бере­тіні белгілі еді. «Пенсияға шыққанда не істейсің басқа» – кітапты қолы бостар, ерік­кендер ғана оқиды деген бүгіндері қалып­тасқан түсініктің бір түйіні. Иә, кітап оқып, елге сыйлы болар, біліммен биікке жетер заман емес қазір! Күн көріс пен жан жалдауды іштен оқып туған адам­ның әккі түйсігі бұл тоқтамға баяғы­да берік бекігені анық. Ал, оның әкесінің кітап жинауын да – кітапқа, оқуға деген махаб­бат дей аларсыз ба? «Бір кездері елдің бәрі оқымысты болған» деген шындығынан дақпырты басым болыпты-мыстың анық дерегі тек сол замандарда шыққан кітаптардың таралымымен ғана анықталып жүргені болмаса, сол жүз мыңдаған тираждар кітап жинауды модаға айналдырумен шектелгендей көріне береді. Шағын ғана ауыл арасында «оқымысты» атанғанын кәдімгідей дәреже санайтын көнекөздермен аз сұх­бат­тасқан жоқпын, бірақ бүкіл әңгіме «ол кезде қазіргідей емес, кітап оқитындарды сыйлайтын еді, жұрттың өзі де аз оқымай­тын» деген жалпылама сөзден арыға бармайды. Нақты сұрақтарға дұрыс жауап ала алмайсыз. «Кітап дәуірінің» адам­дарымыз дегенді айта бергісі келеді, әйтеуір. «Қазіргілер кітап оқымайтын болды ғой», – деп өкінген кейіп танытумен бітеді бар әңгіме. Бір жеңгеміз күліп отыратын: Ағамыз Шымкентте оқып жүріп, сөз байласып қойған Алматыдағы қалыңдығына өлең­детіп хат жазатын көрінеді. Өзі шығарған! Хатта солай делінген. Жеңге ағаға қара­ған­да пед. институтта оқиды, әлгі өлеңнің кімдікі екенін, қайдан шыққанын жақсы біледі. Сонда да, аңғал қылығын қызық­тап, жігітіне біраз «өлең жаздырған» көрінеді. Бертінде балалы-шағалы бол­ған, болысқан-толысқан шақтарында осы бір қызықтары әңгіме болғанда, ағамыз аздап қызарып: «Қайдан білейін, ол жақтың кітаптары басқа екен, бұл жақ­тағылар оны оқымайды деп ойлап жүрмін ғой мен», – деп риясыз күліп қоятын. Қатарластары «біз кезінде кітапты көп оқитынбыз» деп өзінен абыз жасай алмай жүргенде, кітап туралы түсінігін ашық мойындай білгені үшін риза бола­сың мұндайда. «Кітап көп оқылған» әде­биеттің алтын ғасыры қарапайым жұрт­шы­лық­қа осылай хат жазыстырғаны бол­маса, анау айтқандай елдің бәрін кітапханаға жіпсіз байлап қоймаған болу керек. Тек, «біз сендерге қарағанда пай­ғамбар заманына жақындаумыз» дегенге ұқсас бір іс демесеңіз... Кітап туралы көзқарастың енді қызық бір түрі – кітапты өзінің белгілі бір керегіне жарату үшін ғана пайдаланатындардан шығады. Мәселен, той басқарған асаба – елге «свежий» бірдеңе айтсам дейді, сөздік қорын байытып, тіл байлығын жетілдіре түссем дейді. Сосын, әдебиеттен хабары бар бір бауырынан «қандай кітап оқысам болады?» – деп сұрайды. Әде­биет­­ші не айтуы мүмкін, күмілжиді, ой­лан­ған болады, бір-екі автордың атын атауы мүмкін, әйтеуір оңдырып ештеңе айтпайды. Қалай айтар, әдебиет, кітап туралы түсінігі тойлы ауылдың төңірегінде әләуләйлім айтып жүрген досының сұрағы төбеден түскендей дөкір. «Сенің тойыңа Бәленше жарауы мүмкін» деп, нақты сілтеме жасау мүмкін емес. Елге белгілі болып қалған бір актер тойды жақ­сы басқаратын, тіл байлығы мен сөз­дік қоры тәп-тәуір айтыскер бір інісіне: «Осы сөздің бәрін қайдан аласың-ей? Қанша кітап оқыдым, жоқ қой мынадай сөздер», – депті ағынан жарылып. Інісі анау ойлағандай сұңғыла оқымысты болмаса да, парасатты жігіт еді: «Тақ бір кі­тап­та тура солай, «арнайы той үшін» деп жазылып тұратын сияқты сұрайды-ақ ол да», – деп күледі. Егер, өзі айтқысы келген бір ойға жақынырақ оқиға, ой таба қал­са, білімді жанның қалпына ауысып, ел алдында арнайылап тұрып: «Тарихтан белгілі, өздеріңіз де білесіздер, Осындай деген жазушы өткен. Соның «Сондай» деген кітабында мынадай бір сөз бар», – деп нақты тоқталып барып, көсіліп берсін бір. Мейлі, айтсын-ақ, жарасымды болса жарады. «Сондайды» оқымаған екінші бір асаба әлгіні естіп алып, келесі тойда ол кісімсінсін. Сөйтіп, күндердің күнін­де әлгі жазушының тәп-тәуір ойы (немесе керісінше) «өзгертулер мен то­лық­­тыруларға» молынан ұшырап, «жақ­сының­ да, жаманның да аузында» «дежурство» атқарып жүріп, тозады. Қолында бір-екі жаңа сатып алған кітабы бар бір асаба кітап дүкенінің алдында кездесіп қалған досына: «Ішіміздегіні халыққа бердік қой, соның орнын толтыру керек», – депті дейді. Бірлі-жарым «оқығанымен» «елге бірдеңе беріп жүрмін», – деп аса сенімді ойлайтын мұндай әріптестер өздерін толыққанды әдеби (өнерпаз, бі­лім­ді) тұлға санай алады. Жылдың қай мезгілінде де өзіне деген көңілі тоқ. Сонысымен де бақытты. Айтыстың айналасында жүрген кей­бір жігіттермен араласып тұрамыз. Ай­тыс­қа дайындық кезінде: «идея айтшы», – деп, «жөн білетіндерге» қол жайып жүретіні бар. Кейде оңаша әңгімелерін естіп қа­ла­­сың. Қызық, «Бәлен жазушының «Түген» деген кітабында айтысқа алатын көп нәрсе бар», – дейді бірі екіншісіне «ақыл айтып». Енді әлгі екінші сол кітапты ақтарып шықсын делік. Кім біледі, бәлкім, қандай да бір аңыз, белгілі бір оқиға ке­ре­гіне жараған-ақ шығар. Мүмкін, жазу­шы­ның көзқарасы мен жекелеген толғам­да­рына құда түсуі. Яки, сөз қолданыс тұр­ғы­сынан бірдеңелер ұрлап-жырғады. Басқа не табуы мүмкін? «Оқу – ойды байы­тады» байламынан туған осы бір қызық көзқарас жақын болашақтың бір күндері «айтыскерлер оқуға арналған шы­ғармалар» деген топтама шығаруға жеткізсе, қуырдақтың көкесіне қақалып өлеміз-ау. Өздері ештеңе оқымайды, оқи қалған бірді-екілі кітабының айналасында малшылап жүріп, қатарындағы біреуге ақыл айтады. Ол ғана емес, әдебиет туралы пікір айтып, кесім жасап, төрелік етуге бейім тұрады. Аздаған оқығаны мен естіген-түйгендерін араластырып жіберіп, мысал келтіруге әбден машықтанған. Сонысымен-ақ білімді жан болып көріну­ге мүмкіндігі бар екенін жақсы біледі. Соны меңгерген. Осыған ұқсас тағы бір жайт алдымыздан жиі көлденеңдейді: Тойға тақпақтатып тілек айтқысы келмейтін қазақ аз ба, бірлі-жарым бізге де кездесіп тұрады. Га­зет­те, жай газет емес, әдеби басылымда істейтініңді біледі, ғұлама деп танымаса да, әйтеуір қағаз кеміргендердің төңі­ре­гінен екеніңнен хабары бар біреулер «тойға айтатын тост жазып беру» туралы өтініш айтады. Арасына өлең қосып дегендей. Немесе мектепте оқитын қызы «Қыз сыны» байқауына (мектепішілік) қатысып жатыр екен, соған «таныстыру» керек. Ат-тоныңды ала қашасың, – рен­жиді. Қолыңнан келіп тұрғанда бір көмек бермегенің үшін ат құйрығын кесісуге бар. Ақыл тоқтатқан, тіпті, немере сүйер жасқа жеткен көкелерің кәдімгідей таусыла өтініш жасап тұрғанын көргенде...Айтары жоқ, айналаңнан түңіліп кетесің. Сөз қадірі келеке қылып па, өлең дегеннің өзін жөнді ұқпайтындар кезегі келіп қалғанда «біздің киелі топырақтан ақын да шыққан, батыр да шыққан, текті ата­ның ұрпағымыз», – деп шалқи-тасып сөй­леп кеткенде, есіміңді ұмыттырады. Өзі бір өлеңін білмейтін (оқымаған) жерлес ақынның атын шақырып ұрандағанда аруақты көрден тұрғызғандай. «Мынаның бәрін қалай оқисың? Ішің пыспай ма?» – деп сұрайды бір бауырың алдыңдағы (қолыңдағы) кітапты нұсқап. Күлесің. «Мә, мынаны бір оқып шықсаң, өзгеріп кететін шығарсың ә кәдімгідей», – деп тағы бір жаңалық ашады. Қарап тұрмай: «Бір кітапты қанша күнде оқып бітіресің?» немесе «Қанша кітап оқыдың?» – дейді сосын анық тергеуге ауысып. Көп емес екенін айтасың. Жасырып тұр деп ойлайды да, өз өлшеміндегі болжамға кіріседі: «Ең құр дегенде, он-жиырмасы бар шығар, а?» әйтпесе «Бір айда бітіріп тастайтын шығарсың?». Міне, өлшем. Он кі­тап оқуды үлкен еңбек санайды. Бір кітап оқып шыққан адамды ғұламалықтың алғашқы сатысына аяқ басқан деп есептеуге бар. Өзі бетін ашып көрмеген кітап­ты оқу – дүниенің азабы санайтындар ара-тұра жанашырлық танытып: «қазір әдебиеттің дәуірі өтіп кеткен ғой, иә?» – деп қоятыны бар. Сөз өнерінің бір пұшпағын илеп жүр­ген журналист ағайын әдебиеттен баяғы­да ірге бөліп алған. Өздерін сөз жауапкер­шілі­гінен тыс санайды. Тұрақты тір­­­­кес­­­тер­дің өзін орнымен қолдана алмай жүріп, сөзін көркемдеп, дәмдеп сөйлеуге құмар. Әдебиет туралы әңгіме болса, елге кәдімгідей ықпалы бар, сөзі өтімді дейтін ағаларыңның өзі әдебиетті белгілі бір топтар, белгілі бір адамдар ғана білуге, айналысуға тиіс деп есептейді. Жалпыхалықтық игілік саналатын әде­биет­­тің өзіне қатысы жоқтай, аздаған кем-кетіктерін «мен енді әдебиетші немесе лексиколог емеспін ғой», – деп ақтап алуды ар көрмейді. Кітап оқымайтын тағы бір орта – әде­биет­тің нағыз қайнаған ордасы. Әрине, басқалармен салыстырғанда кітапқа, әдеби процеске бір табан жақын бұл тарапта «мына кітапты қалай оқып бітесің» тектес таңдану мен тамсанулар бола қоймайды. Әйтсе де, өздерінің кем-кетігін жасырып-жабу үшін, «көп оқыған жоқпын» деген бір ауыз сөзден қашып, қулыққа басады. Білгіш болып көрінудің оңай жолына түседі. Бірде, бір жазушы ағаммен сапарлас болып, барар жолда әлгі кісінің біліміне тамсанып, қайтар жолда, қарным ашып қайтқаны бар. Барғанша ауыз жап­паған ағам, сөйтсем, көп жағдайда өмір­баян­дық, ақпараттық деректермен сөйлепті. Сөз аяғы ұзара келе нақты шы­ғар­малардың көркемдік деңгейі, мазмұнына ауысқанда кібіртіктей баста­ған. Қай жазушыны (мейлі қазақ, мейлі басқа) алмаңыз, өмірбаяны мен оның істеген істері жөнінде біршама мағлұмат бере алатын ағам, әлгілердің бірлі-жа­рым болмаса, жалпы шығарма­шылы­ғы­мен таныс болмай шықты. Таныс болса да, жанымен қабылдай алмаған. Сол ағаларым сондай ақпараттық білімімен-ақ өздерін әдеби ортада да, сыртқары орта­да да білгір көрсете алып жүр. Өзін толыққанды әдеби тұлға санайтын, әдеби өмірдің қайнаған ортасында жүрмін деп сенімді түрде есептейтін тісқаққан әде­биет­ші қай ортада да сенімді сөйлейді. Кез келген шығарма жайында, кез келген жазушы хақында кесім жасай алады. Әлгі «кітап көп оқылатын заманда» өзі жазбаса да, шығарма туралы талдап, талғап пікір айта алатын дәрежеге жеткен бір кісі болыпты. Сол бірде жазушы інісіне ренжіпті дейді: – Сен «Ақ боз атты» түсінбепсің. – ?.. – Өткенде іске алғысыз қылып тастап едің, көп уақытқа дейін оқығым келмей жүрдім. Сөйтсем, мынауың жақсы дүние ғой. Өзің жүрдім-бардым оқығаныңмен, шала ұққаныңмен қоймай, шешім шыға­ра­сың. Батыл пікір айтасың. Жазушы ағамыз қайталап оқуға мәж­бүр болыпты. Және екінші қайтара оқы­ған­дағы әсері мүлде басқаша болса керек. Кітапты оқудан бұрын қалай оқу маңызды болса керек. Әйтпесе, іске алғысыз қылып пікір айту түк емес, ұйқы шақыру үшін басына жастанатындармен де табақтас болғанбыз. Әдеби ортаның кітаптан алыстауы бізді қайда апара жатқанын бағамдай беріңіз. Әдебиет туралы сөзді алдымен айтатын қауым өзінің қате көзқарасы мен асығыс түйгенін жалпақ елге таңа берсе... «Ет бұзылса тұз себесің, тұз бұ­зыл­­­са не себесің?» дегенмен астас қор­қынышты құбылыс бұл. «Пайғамбар заманына бір табан жа­қын» аға буын қалай айтсаңыз да кейінгі буынмен салыстырғанда әжептәуір оқы­ған, дау жоқ. Енді әдебиетте мүлде оқы­ма­ған, бұрынғы әдебиеттен мүлде бейхабар буын қалыптасып келеді. Біздің буын. Кейде бір мақалада аздаған авторлардан цитата келтіріп, аздаған мысалдармен, үлгілермен сөйлеп қойған замандасының өзін кешірмейтін, «білгіш­сіне береді» деп жек көретін, бар уақыты әлеуметтік желіге жұтылып жатқан көп қатарластарымыздың соңғы рет қашан, қандай кітап оқығанын құдай білсін! Алда-жалда оқи қалса, соны әжептәуір мақтан санап, «осындай дүние оқып жатырмын, керемет екен, мынадай ойы бар екен, сіздерге де оқуға ұсынам» деп жа­рия­ға жар салып жатқанын көресің. «Өзін­де бармен көзге ұру» – ғұмыры қыс­қа, алдамшы көрініс. Бәрінен бұрын «өзіндік стиль» қалыптастыруға құштар, әдебиеттің табалдырығын құбылыс болып аттауға құмар аты жаман ауру – бізге қайдан жұқты екен. Өзіне дейінгіні көп оқыған жазушы сол оқығандарының бодауында кетеді, еліктеп, солықтап жүріп, өз жолын (стилін!) таппай қалады деген қайдан келгені белгісіз бір түсінік кезіп жүр саналарды. «Оқу өтіп кеткен» дейтін қазақ, басқаның бәрін қарық қып болып, сол оқу дертінің инфекциясын жұқтырып алмауға тырысып, оқудан безсек, ендігі заманда қазақтан жазушы шыға ма, жоқ па деген сұрақ та қойылып қалар. «Моги­кан­дардың соңғы тұяғы» арамызда жүр, аялаңыздар, аяңыздар оларды! Филология мен журналистика саласында оқитын студенттермен кездесуде бір ағамыз сөз ыңғайымен біраз авторды атаған көрінеді. Сірә, өзімізді қойып, шетелге шығып кеткен. «Білесіңдер ме?» Студенттер үнсіз. Тағы бір авторды айтады. «Оқыдыңдар ма?» Тағы үнсіздік. Осындай үнсіздік созыла берген соң, өзімізге жақындап, «Абай жолы...» – дей бергенде, бүкіл студент «Білеміз!» – деп шу ете қалыпты. «Соның ішінде осындай деген бір үзінді бар ғой, мынадай бір оқиға болады», – деп нақтылай түскенде, бір сәтте өздері білетін шығарма атал­ған­ға еңселерін тіктеп алған әлгі жастар қайтадан қожырап сала беріпті. Біздің әдебиетші атанып жүргендердің көпшілі­гінің білімі де осы төңіректе. Нақтылыққа көшкенде арығымызды білдіріп қоймайық деп, сыртымызды қампайтып баққаны­мыз­бен, жеме-жемге келгенде, жүніміз жығылып сала береді. Сөйтіп жүріп, әлде­бір бағдарлама кітапты насихаттау (!) жайын­да сұрай қалса «кітап – жан азы­ғы», – деп тебірене сөйлеп беретініміз-ай. Бір жылдары бүкіл елге, әсіресе, жас­тар­ға қатты әсер еткен айтыскер ақын Мұхамеджан Таза­бековтың «Жазушы қайтпек, бауыры бүтін, басы аман, Кейіпкерлердің тағды­рын ойдан жасаған» деген екі жол өлеңі әдебиеттен тыс қаншама оқырманды кітап­тан алыстатты екен. Әдебиеттің мәні мен мақсатын ұғына қоймаған бала күнімізде бір мұға­лімі­мізден жазушылар оқиғаны, тағдыр­ды, кейіпкерді көп жағдайда ойдан шыға­ра­тынын естігенде, кәдімгідей қоңыл­­тақсып қалғандай болушы едік.Өзің сонша сенген, көңіл қойған, суығына бірге тоңып, ыстығына бірге күйген кейіп­керіңді біреудің қысыр қиялына телігің келмейтін. Содан бастап, кітаптан мүлде қол үзіп кетпесек те, әр бетін ашқан сайын күмәнмен қарайтын бір әдет пайда болыпты. Аталмыш өлең де осы тарапта біраз «еңбек» сіңіргені даусыз. Онсыз да аты кейін жүріп тұрған әдебиет көшіне мұндай қатқыл көзқарас­тар­дың қалай әсер ететінін онша бағам­дап үлгерген жоқпыз. Екі сөзінің бірін Абаймен түйіндейтін имамға еліктеп, «Абайдан басқаны оқып керегі жоқ» деген пікір айтқандарды да көргенбіз. Осын­шалық ұшқары пікірге жетудің себе­бі де біреу-ақ: Әдебиет пен кітап туралы түсініктің тым ұшқарылығы. Кітап туралы түсінігі толық қалыптасып үлгермеген әлсіз иммунитетіміз сырттан келетін вирус­тарға төтеп беруге қауқарсыз болып шықты. Бердібектің «Балалық шаққа саяхатында» «бір-екі беті кемігеннен кітаптың ештеңесі кетпейді» деп есептеп, темекі орап тартатын, әріп танымайтын адамның образы бар еді ғой. Содан беріде жаппай сауаттанған, «алтын ғасырда» дүниежүзі бойынша кітапты ең көп оқитын ел санал­ған Совет Одағында өмір сүрген қазақтың заманнан заман озса да кітап туралы түсінігі Бердібек қалыптаған қараңғылық­тан алыс кете қоймағандай көріне береді. Оған мысалды айналаңыздан іздеп кө­ріңіз, көзіңіз жете түседі. Қалай қара­саңыз да, айналаңызда кітап оқы­ма­ған­дардың, оқымайтындардың портретін молынан ұшырататыныңызға кепілдік берем. Нұрғиса Тілендиев қонақта болған бүкіл бір ауылдан домбыра табылмапты деседі бір заманда. Ұятты болған әлгі ауыл біраз шабылып, 40 шақырымдағы көрші ауылда тұратын бір жылқышының үйінде домбыра бар екенін естіпті. Түн ауғанына қара­май тартып кеткен Нұрғиса ертеңіне ауыл­дың атқамінерлері мінгізген атты сол жылқышы жігітке байлапты дейді. «Бәленше деген жылқышының үйінде дом­быра бар» дегізіп, ат шаптырымнан арнайы іздеткен де заман болыпты. Ал, бүгін «Ана үйде кітап бар екен» дегенге жете қоймасақ та, «Түгеншекең кітап оқиды екен» деген сөз қарапайым ауыздардан кәдімгідей таңданыспен шығатын кезеңге аяқ басыппыз...
Алмас Нүсіп

Қатысты Мақалалар