Алматыда автотұрақта жүз теңге үшін атылған оқты жанжал жалғасын тапты

/uploads/thumbnail/20170708171917028_small.jpg

Алматыда автотұрақта жүз теңге үшін туындаған жанжал жалғасын тапты. Автотұрақ қызметкерін атып, жарақаттаған жүргізуші Астана арнасының тілшілеріне оқыс оқиға туралы өз шындығын баяндады.

Бәрі тұрақ үшін ақы төлемеуден басталғанын айтады. Ал ақы сұрағандар заңды қызметі туралы куәлікті көрсетпесе керек. Әкімдік өкілдері Алматы қаласында жол жиегіндегі автотұрақтар үшін, егер төлем терминалдары болмаса, тұрғындар ақша төлеуге міндетті емес деп мәлімдеді.

"Маған келіп автотұрақ үшін ақша төле, деді. Мен бұл жер тұрақ тегін емес пе, дедім. Ол "мен ештеңе білмеймін, төле!" деді. Чек бар ма? Құжат бар, дедім. Жоқ па, онда төлемеймін, деп едім. Ол менің күртешемнен ұстап, бетімнен ұра жөнелді", - деп баяндайды күдікті Иван Хутор. Күдікті азамат қаруды қорғану үшін қолданғанын айтады. Жұдырықтың астында қалған соң, қаруды алып шыққанын жеткізді. Екі рет ауаға, сосын автотұрақшының аяғына атқан. Бұл әрекетіммен ашулы топты тоқтатпақ болдым, деп түсіндірді. Бірақ тепкіден құтыла алмағанын айтады. Қазір жігіт қаралып жатқан Қарасай аудандық ауруханасының жарақат дәрігері Әсет Есқұлов: "Науқас 17-сі күні сағат 22.40 түсті ауруханаға. Келіп түскендегі шағымдары - бас ауруы, бас айналуы, есінен тануы. Қазір емін алып жатыр, жағдайы орташа ауырлықта. Диагнозы - жабық ми жарақаты, бас миының шайқалуы", - дейді. Бұл оқиғаға қатысты қала басшылығы да түсініктеме берді. Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркебұлан Оразалин: "Айта кететін ақпарат: Алматы қаласының түрғындарына, өздері білетіндей, жалпы олардың, ешқайсысы автоматтандырылмаған жағдайда, қызметкерлерге жүз теңгеден ақшаны төлеу міндетті емес", - дейді.

Ал белгілі заңгер Сергей Уткин осы төңіректе арнайы заңның жоқтығы азаматтарды адастырып келетіні айтады.

"Осыдан барып адамдардың арасында түсінбеушілік туындайды. Арнайы заңның жоқтығынан, жүргізуші төлемеуім керек дейді, ал автотұрақ қызметкерлері барлығы төлеуге тиіс дейді. Екі жақ та өз талаптары заңды екеніне сенеді. Егер жақын арада бұл жағдайды тоқтатпасақ, атыспен аяқталатын жайттар қайталана береді. Өйткені жұрт тектен-тек ақша төлегісі келмейді", - дейді заңгер. Алматы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, көшедегі тұрақтардан жиналған қаржының тек 20 пайызы қала қазынасына түседі. Өткен жылы бұл сома 75 миллион теңгені құраған. Әкімдік ешкім төлеуге тиісті емес деп айтқандықтан, Сергей Уткин осыншама қаржының барлығы жүргізушілерден заңсыз жиналды деп отыр. Ал тұрақ үшін ақы төлеуден бас тартқан Иван Хуторға байланысты қылмыстық іс қозғалған, тергеу жалғасуда. Ол қайткенмен де, қоғамдық орында қару қолданды.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар