19 наурыз. Qamshy.kz - Бүгін 26 сәуірде өтетін кезектен тыс Президент сайлауына үміткер ретінде тіркелген Жарылқап Қалыбай Алматы қаласында журналистерге арналған баспасөз мәслихатын өткізді. Бұл туралы "Қамшы" порталы хабарлайды.
Бұған дейін біз порталымызда "Жұлдыздар отбасы" мен "Аңыз адам" журналдарының бас редакторы Жарылқап Қалыбайдың ҚР Президент сайлауына үміткер ретінде тіркелгенін және оған 23 сәуірге дейін қазақстандық сайлаушылардың 93 мың қолын жинау парағы берілгендігі туралы жазған болатынбыз. Ал бүгінгі баспасөз мәслихатында үміткер Жарылқап Қалыбай мырза осы қысқа мерзім арасында дауыс берушілерден қол жинау процесі қалай жүріп жатқаны, белгілеген меженің қанша пайызы жиналғаны және аталмыш сайлауға қатысты күтпеген келеңсіздіктер мен кедергілер туралы журналисттерге айтып берді.
Баспасөз жиынына Президенттікке үміткер Жарылқап Қалыбайды қолдауға белгілі журналист Ермұрат Бапи мен Ғабиден Жәкей, ал өнер иелерінен танымал режиссер Еркін Рақышев пен актер Ерлан Біләл мырзалар ғана келіп қатысты.
Баспасөз жиынында сөз бастаған Ғабиден Жәкей Президент Назарбаевпен өресі тең, нағыз интелектуалды ұлтшыл азамат сайлауға түскелі отырғанын атап айтты. Ғабиден Жәкей "Республика көлемінде үлкен сұранысқа ие қос бірдей журналды шығарып отырған Жарылқап нағыз білімді, парасатты, кез-келген министрліктің тізгінін ұстай алатын жан-жақты азамат. Қазіргі қазақ қоғамы екі санатқа бөлінген. Біріншісі белгілі бір лауазымды орындарға жайғасқан - ресейшілдер болса, екіншісі - тура осыған қарама-қайшы - ұлтшылдар. Бүгінгі күні сол арбаның бесінші дөңгелегіне айналып бара жатқан ұлтшылдар бірігіп, күш болып Жарылқапты ұсынып отырмыз. Біз либералды құндылықтарды қолдаймыз. Таза демократиялық қоғам қалыптастыруға күш саламыз",-деді. Ал Ермұрат Бапи мызра алдағы сайлау науқанына дайындық жұмыстарын сөз ете отырып, Жарылқап Қалыбайдың кандидатурасын қолдаушылардың қолдарын жинау барысында кездесіп жатқан түрлі келеңсіздіктерге тоқталып өтті. Ермұрат Бапидің айтуынша қазірдің өзінде ұйымдасқан провакаторлар Жарылқап Қалыбайдың қол жинау парақшаларын бүлдіріп, ондағы дауыс беруішінің есімдерін бұрмалаған фактілер де кездескен. "Тіпті, кейбір БАҚ-та арнайы адамдардың тапсырмасымен Жарылқап Қалыбайға қатысты провакациялық мақалалар да жариялана бастаған",-дейді Ермұрат Бапи.
Жарылқап Қалыбай, "Жұлдыздар отбасы" мен "Аңыз адам" журналдарының бас редакторы:
- Менің сайлау додасына түсудегі басты мақсатым Қазақстанды 25 жыл басқарған адамды орнынан құлату емес. Ол мүмкін емес те. Алайда өзімнің конституциялық құқымды пайдалана отырып, осы сайлауда халықтың кем-кетігін билікке жеткізу. БАҚ арқылы әлеуметтің алдына шығару. Ұлтшылдардың бір мүддеге ұйысқандығын көрсету. Бүгінгі күнде уақыт өте қысқа болса да, Қазақстанның аймақтарынан келіп қолдау білдіріп жатқандардың қарасы мол. Облыстар мен аудандардағы түрлі ұйымдар мен бірлестіктердің жетекшілері келіп қол жинау парақшаларына толтырып жатыр. 23 наурызға дейін 93 мың адамның қолын жинау жүктелсе, бүгінге дейін 35 мыңның үстінде дауыс берушілердің қолын жинап үлгердік. Бұл шамамен 50 пайызды құрап отыр. Қазір қол жинау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Құдай қаласа 23 наурызға дейін 120 мыңдай дауыс берушілердің қолын жинаймыз деп жоспарлап отырмыз. Ескерте кететіні менің кандидатурамды қолдаушы электораттарымның 50 пайызы белсенді жастар. Сондай-ақ, түрлі Республикалық бірлестіктер мен ұйымдардың жетекшілері менің кандидатурамды қолдап отыр. Мысалы, Дос Көшім ағамыз бастаған "Ұлт тағдыры" қозғалысы, "Мемлекеттік тіл" ұйымы, "Журналистер қауымдастығы" секілді бірқатар ұйымдар қазірдің өзінде қол жинау жұмыстарына араласып отыр. Сонымен қатар, мені қолдаушылардың қатарында Жалпы ұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері мен «Нұр Отан» партиясының мүшелері де жоқ емес. Осыған байланысты әлеуметтік желілерде "ЖСДП Жарылқаптың кандидатурасын ұсыныпты" деген мағынадағы ақпараттар жариялана бастапты. Біріншіден ЖСДП бұл сайлауға қатыспайтынын, партия атынан ешбір кандидат ұсынылмайтынын мәлімдеді. Бірақ, бұл партия мүшелері сайлауға үміткерлік ұсынған адамды қолдамайды деген сөз емес қой. Бұл үлкен сайлау. Бір елдің басшысын таңдайтын өте жауапты іс. Бұндай кезде міндетті түрде осындай арандатушы ақпараттармен шабуылдардың жасалатыны белгілі. Осы мақсатпен де мен бүгін баспасөз мәслихатын өткізіп отырмын.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Пікір қалдыру