Амангелді Кеңшілік. Халыққа ақын керек пе?

/uploads/thumbnail/20170708172141238_small.jpg

Қайғы шығар ілімнен,

Ыза шығар білімнен.

Қайғы мен ыза қысқан соң Зар шығады тілімнен. Абай

Жазушы Ғабит Мүсірепов дүниеден өткен жылы, ұлт зиялыларының оны соңғы сапарға қалай аттандырғаны әлі күнге есімнен кетпейді. Ол жылдары біз - иегімізге қырма сақалдың өзі шыға қоймаған, әдебиет әлеміндегі жаңалықтың бәріне елеңдеп, ішімізде бұғып жатқан сырымызды айта алмай, булығып, іштен тынып жүрген жас едік. Халықтың аузына ілінген ақын-жазушы көзімізге шалынса, тірі әулие көргендей мәз болатын біз, ұлттың мақтанышына айналған қаламгермен кезігіп қалсақ, құдды бір пайғамбармен жүздескендей әсер алатынбыз. Ол алған әсерімізді сөзбен айтып жеткізу мүмкін бе сірә? Бәлкім, сондықтан шығар, біз үшін Ғабит Мүсірепов әдебиетке төрелік айту үшін жаратылған, мәңгі жасайтын жазушыдай көрінетін. Ал, сол абзал жан дүниеден өткен күні - Алланың құдіреті, пенде баласының ғұмырының мәңгілік еместігін, оның да дәм-тұзының таусылатын күні бар екендігін тағы бір есімізге түсіргендей әсер қалдырды. Жазушының қабірінің басында сөйлеген сөздер, айтылған әңгімелер тұла-бойымызды тебірентіп, жүрегімізді елжіретіп, қатты толқынысқа салып еді. Өз басым Ғабит Мүсіреповты соңғы сапарға шығарып салған кездегі қабырғалы қаламгерлеріміздің сөйлеген сөздерін, оның рухының алдында, әдебиетке адал қызмет етуге берген ант секілді қабылдадым. Сол кезден бері жиырма жылға таяу уақыт зымырап өте шығыпты-ау! Қалай десек те жиырма жыл шашасына шаң жұқпай өте шығатын жиырма секунд емес қой. Зымырап өте шыққан жиырма жылдың ішінде не өзгерді? Жазушыға деген халықтың махаббаты ұлғайды ма, әлде кеміді ме? Жиырма жыл бұрынғы Ғабит Мүсіреповтың шығармаларына деген біздің сүйіспеншілігіміз суып қалған жоқ па? Ғабит Мүсірепов атындағы жасөспірімдер мен балаларға арналған театрдың жанынан өткен сайын, мені ылғи да осы ой мазалап, тұла-бойымды бір аяныш сезімі билейді. Театрдың алдында орнатылған, жүдеп-жадап шаршаған, құныс біреудің ескерткішін Ғабит Мүсіреповтың тұлғасы деп айтуға аузым бармайды. Қысы-жазы осы театрдың алдынан қанша өтсем де, бірде-бір адамның, оның ескерткішінің алдына бір тал гүл апарып қойғанын көрген емеспін. Жазушының туған күні де, өлген күні де елеусіз-ескерусіз өтіп жатыр. Егер де халқымыздың, жазба әдебиетіміздің негізін қалаған Ғабит Мүсіреповке деген құрметінің сиқы осындай болса, қалғандарына деген кұрметінің бағасын шамалай беріңіз. Маған кейде өмірден өткен қазақтың ақын-жазушыларының шығармалары, халық үшін емес, олардың отбасы мен туған-туысқандары үшін ғана керек қазына секілді болып көрінеді. Өйткені ылғи да о дүниелік болып кеткен қаламгерлердің шығармаларын халықтың емес, олардың отбасы мен туған-туысқандарының ғана түгендеп жүргенін байқайсыз. Олардың іздеушілері солар ғана, олардың шығармаларының шығып жатқанына шын қуанатын да - солар ғана секілді. Баласы өлген әкесін, әйелі марқұм боп кеткен күйеуін іздейді.. Бірақ халықтың өз ақынын іздеп жатқандығын көрген емеспін. Мына аласапыран заманда ақынның ақынға да керегі болмай қалды... Таяуда Жазушылар Одағынның кіре берісінде Маңғыстау жақта тұратын бір ақынның үш томдық шығармалар жинағы көзіме оттай басылды. Біраз жылдан бері баспасөз бетінде көрінбей кеткен осы ақынның, соншама мол дүниені қашан жазып үлгіргеніне таң-тамаша қалып, үш томдықты сатып алып, оқып шықтым. Ақынның үш томдығында жүрекке жылы тиіп, сезіміңе әсер ететін мінезді өлеңдер некен-саяқ кездескенімен, кірпіштің қалыңдығындай кітаптардың ішкі-сыртқы безендірілуінен иненінің жасуындай мін таба алмайсыз. Бір қарағанда осы үш кітапта тұрған ештеңе де жоқ секілді. Бүгінгі нарық заманында мен айтып отырған ақыннан да төмен жазармандардың, одан да нашар жинақтары алтынмен апталып, күміспен бапталып, том-том болып шығып жатқанда.., тәйірі, сол да сөз болып па.. Тіпті, менің әңгімеге арқау етіп отырған кейіпкерім, жаман менен жақсыны ажырата білетін, кезінде, өлең өлкесінде шын мәнісіндегі жауһар жырларымен танылған ақындардың бірі емес пе... Ендеше оның үш томдығын шығарғанына түсіністікпен қарауым керек шығар? Ия, әрине, егер де әдебиеттегі барлық таланттардың шығармалары да дәл осылай шығып жатса, оларға көрсетіліп жатқан құрмет те осыдан төмен болмай, “өнер өлшеніп тартылса” ( Абай) шындығында қуануға тұрар еді. Өйтпеген күнде, кемталантқа көрсетілген керемет құрмет, іс жүзінде тірі таланттың бағасын кемітіп, оны қорлау емес пе.. Мысалы осыдан бірнеше жыл бұрын жарық көрген ақын Жұмекен Нәжімеденовтың шығармалар жинағының ішкі-сыртқы безендірілуі, менің жоғарыда тілге тиек еткен ақын кейіпкерімнің үш томдығының алдында жіп есе алмайды. Және осы үш томдық ақын Жұмекен Нәжімеденовтың артында қалған жары Нәсіп Мұстаханқызының қажырлылығының, сол кісінің талай есікті тоздыруының арқасында ғана жарыққа шықты. Пендешілік тұрғыдан алғанда менің жоғарыда әңгіме қылған, маңғыстаулық ақын кейіпкерімнің үш томдық шығармалар жинағын, керемет безендіріп шығаруын түсінуге де болады. Өйткені Жұмекен Нәжімеденов секілді тамырын тереңнен тартқан, поэзия әлеміндегі қайталанбас тұлғаны халық керек қылмағанда, маңғыстаулық ол ақын дүниеден өтсе, оның шығармаларының екібастан ешкімге қажеті болмай қалатындығын түсіндіріп жатудың өзі артық шығар. Жұмекен Нәжімеденов шығармалары, оның мұрасын көзінің қарашығындай сақтап отырған ақынның отбасына немесе өнердің бағасын білетін жандарға керек болуы мүмкін. Бірақ халыққа ақынның баға жетпес мұрасының соқыр тиынға да керегі жоқ. Егер де Жұмекен Нәжімеденов шығармаларын халық керек қылса, жыр сүлейі дүниеге келген мұнайлы өлке, ақын мұрасын насихаттау үшін бір шөміш мұнайын неге қимайды? Шет елдік алпауыттардың жемсауына кетіп жатқан осы өлкенің байлығы, жалғыз Жұмекеннің ғана емес, қазақтың барлық ақын-жазушыларының бағын ашуға молынан жетпей ме.. Ақиқатында Жұмекен Нәжімеденов қана емес, дүниеден озған талантты ақын-жазушылардың қай-қайсысы да іздеусіз қалып барады. Бұл - ұлттық трагедияға айналған індет. Кейде ұлы Әуезов болмаса, поэзия пайғамбары Абай да елеусіз қалар ма еді деп ойлайсың.. Сонан соң, қазақ сөзінің мәңгілік екендігіне күдікпен қарай бастайсың да, келешектен үмітің үзіліп, тұла-бойыңды бір үрей билейді. Мүмкін, қазақ сөзінің соңғы сәулесі сөніп, біз оны әлі сезінбей жүрміз, мүмкін қазақтың рухы баяғыда өліп қалған шығар...

ХХХ

Орыс жазушысы Василий Розанов “Біз ( орыстар) әдебиетпен тым қатты ауырамыз” депті. Осы сөзді ол қайғырып отырып жазыпты. Халқы әдебиетпен тым қатты ауыратын орыс ақындары қандай бақытты жандар еді, шіркін!. Сол себептен орыс ақындарының көзі тірісінде болмаса да, өлгеннен кейін бағы тез жанады. Таяуда Алматы қаласындағы бір кітап дүкенінен орыс ақыны Николай Рубцовтың өлеңдер жинағын көрдім. Ақынның кітабын қолға ұстаудың өзі, оқырманды керемет бір ғанибет сезімнің бесігіне бөлейді. Ондағы жарық көрген өлеңдердің орналасу тәртібі, жинақтың соңындағы әр өлеңге берілген түсініктемелер, орыс халқының мәдениеттілігінің қаншалықты биік екендігінен ғана емес, өз ақынын іздей алатын ұлы ел екендігінен де хабар бергендей. Менің кітапханамда, осыдан жиырма жыл бұрын жарық көрген орыс ақыны Николай Рубцовтың “Подорожники” атты өлеңдер жинағы бар. Оның барлық шығармасының көлемі бір-ақ томдай ғана. Сол бір томдықты орыс халқы көркемдеп, әр түрлі етіп, жиі-жиі шығарады. Ақын туралы жазылған монографиялар мен естеліктерді айтпағанда, орыстың әдебиет зерттеушісі Вадим Кожиновтың Николай Рубцов туралы жазған кітабының өзі неге тұрады. Ал, осы Николай Рубцов орыстың көп жақсы ақындарының бірі ғана. Ақынның шығармаларын түгел оқып шыққан кезімде, маған оның бес-алты өлеңі ғана қатты әсер етті. Орыстардың Николай Рубцовтан басқа, жиырмасыншы ғасырда өмір сүрген Сергей Есенин, Александр Блок, Анна Ахматова, Борис Пастернак, Иосиф Бродский секілді ақындары туралы Ресейде соңғы жылдарда ғана шыққан кітаптардың санын да түгесіп шығу мүмкін емес. Орыс халқы, өз ақындарының бір ауыз сөзіне шейін шашау шығармай, түгендеп, санатқа қосып жатады. Осы тұрғыдан алғанда, орыстың талантты ақындарының қай-қайсысы да бақытты. Олардың артында іздейтін халқы бар. Ал, қазақтың талантты ақын-жазушыларының бәрі де шетінен бақытсыз. Өйткені қазақ халқы ешқашан да, ешуақытта да өз ақынын іздеген емес. Үстіміздегі жылы дүниеден ерте өткен, қазақтың талантты ақындарының бірі Жұматай Жақыпбаевтың алпыс жылдық мерейтойы елеусіз-ескерусіз қалды. Және ақынның алпыс жылдығының өз дәрежесінде аталып өтпегендігіне қысылып-қымтырылған халықты байқамадым. Қазақтың ресми басылымдары, әйтеуір, міндетінен құтылғандай ақын шығармашылығы туралы бір-бір мақала жариялады. Сонымен ақынға көрсетілген “үлкен құрмет” тәмәмдалды. Ақынның алпыс жылдығы қарсаңында Жұматай Жақыпбаевтың өлеңдер жинағының жарыққа шыққанын көрмедім. Естімедім де. Дегенмен, осыған қарамастан Жұматай Жақыпбаев өмірден өткеннен кейін, поэзия әлеміндегі бағы жанған ақындардың бірі саналады. Себебі оның артында қалған жары Зәйда, жыр сүлейінің шығармашылығын насихаттау жолында аянбай жұмыс жасап, табанды еңбек етіп келеді. Әйтпесе ақын Жұматай Жақыпбаевқа дейін де, одан кейін де дүниеден өткен, кез-келген халықтың тақиясына тар келмейтін, қазақтың талай марғасқаларының есімі ұмытылып кетті емес пе.. Ол жыр сүлейлерінің есімдері сол ақындардың шығармашылығының осалдығынан емес, соңында қалған іздеушісінің, ақынын жоқтайтын халқының болмағандығынан, санадан сыпырылып қалды. Отызға да толмай опат болған Төлеген Айбергеновті де өлгеннен кейін өнердегі бағы жанған ақындардың қатарына қосуға болады. Ақынның жары Үрниса, қызы Салтанат пен күйеу баласы, өзі де ақын Бауыржан Жақыптың арқасында Төлеген Айбергеновтың шығармалары қайта жаңғырып, халықтың жадында сақталып, ұмытылмай келеді. Ал, дүниеден ерте озған Ақан Нұрмановты мен, өлгеннен кейін өнердегі бағы жанған жазушылардың қатарына қоса алмас едім. Егер де жазушы Ақан Нұрманов ең құрығында орыс топырағын еміп туғанда, оның есімі Бунин немесе Шолоховпен қатар аталары сөзсіз. Шын мәнісінде жазушы Ақан Нұрмановтың “Құланның ажалы” атты романы, Мұхтар Әуезовтың “Абай жолы” эпопеясынан кейінгі, қазақ прозасындағы ең шоқтығы биік туындылардың бірі. Ақан Нұрмановтың “Құланның ажалы” атты романын, тіпті шығарма деп айтуға аузың бармайды. “Құланның ажалы” нағыз эпикалық дастан. Дегенмен Кеңес дәуірі тұсының өзінде атын айтуға тиым салынған Кейкі батыр туралы роман жазып, орыс отаршылдығының озбырлығын керемет шеберлікпен суреттеген жазушы Ақан Нұрмановты да қаламдас достары Сайын, Қалихан, Әкімнен басқа ешкім іздемейді. Былтыр әйтеуір, жазушы Ақан Нұрмановтың жетпіс жылдық мерейтойын жетім қыздың тойындай қылып өткіздік. Алматыдағы бір кіші-гірім кафеде Ақан Нұрмановтың туыстары жиналып, жазушының аруағына арнап ас берді. Торғай топырағында жазушы Ақан Нұрмановтың жетпіс жылдығы дүрілдеп өтіпті деген хабарды құлағымыз шалған жоқ. Тіпті, әшейінде желпінгенде алдына жан салмайтын торғайлық ақын-жазушылар да Ақан Нұрмановтың мерейтойы тұсында шөптің басын сындырмады. Бір сөзбен айтқанда, Торғай халқы жазушы Ақан Нұрмановты іздемеді. Өз басым Торғай топырағынан талай-талай “крутой бизнесмендер” мен халық қалаулыларының, қолы ұзын шенеуніктердің шыққандығын жақсы білемін. Бірақ солардың көбісі түкке тұрмайтын шаралар үшін ақшасын судай шашқанымен, кіндік қаны тамған туған топырағының рухани қажеттілігі немесе өз елінің біртуар перзенттерінің есімін ардақтау үшін қалтасынан соқыр тиын шығарғысы келмейді. Әйтпесе, Ақан Нұрманов секілді біртурар тұлғаның жетпіс жылдық мерейтойын Алматының қақ төрінде де, Торғай өңірінде де дүрілдетіп өткізуге болар еді. Ендігі жылы қазақ поэзиясындағы ұлттық нақыштағы өлеңдер мен баллада жанрын жаңаша қалыптастырған ақын, әкем Кеңшілік Мырзабеков алпыс жасқа толады. Ақын Кеңшілік Мырзабековты да өз халқының іздейтініне күмәнім бар. Міне, әкемнің дүниеден озғанына он сегіз жыл толды. Осы он сегіз жылдың ішінде Торғай топырағында әкемнің атына ең құрымағанда бір көшенің де аты бұйырмады. Ешкім сенбейді., тіпті адам күлетін жағдай. Торғайдың қақ төрінде көзі тірі жазушылар Қоғабай Сәрсекеев пен Қойшығара Салғариннің есімімен аталатын көшелер бар. Бірақ дүниеден өткен менің әкем, ақын Кеңшілік Мырзабековтың атындағы көше жоқ. Әкемнің тай-құлындай тебісіп, бірге өскен достары ақын Серік Тұрғынбекұлы мен Серікбай Оспановтан басқа, есімі белгілі торғайлық жазушылардың ешқайсысы ең құрығында Кеңшілік Мырзабековтың шығармашылығы туралы осы күнге шейін бір ауыз пікір де білдірген емес. Жәрайды, ұлы Абай айтпақшы “ақылдарына сәуле қонбаған” сол торғайлық кемталант жазушылардың ақын туралы айтқан пікірінде тұрған не бар дейсің? Бірақ, ақын Кеңшілік Мырзабековтың қандай талант екендігін жақсы білетін Торғай еліндегі билік тізгінін ұстап отырған азаматтар неге үндемейді? Кеңшілік Мырзабековтың атында, туған елінде, бірде-бір көшенің, немесе бірде-бір мектептің жоқ екендігіне, олар ұялмай ма? Әлде ақынның өлең өлкесінде балауса дауысымен таныла бастаған кезде-ақ “Боз бие” атты балладасы арқылы тың трагедиясын суреттегенін, Торғайдың есімін жыр әлеміне мәңгі өшпестей етіп жазып кеткендігін халық жадынан шығарды ма? Осыдан он жыл бұрын әкемнің кіндік қаны тамған Ақшығанақ ауылындағы мектепке Кеңшілік Мырзабековтың есімін беру туралы бастама көтерілгенде, оның аяғы ру таласына айналып кетіп, соңында ол мектеп Топаев деген ешкім танымайтын біреудің еншісіне бұйырды. Сондықтан Қоғабай мен Қойшығара көкелеріме көзі тірі кездерінде Торғайдың қақ төрінен бір-бір көше бұйырғаны әбден дұрыс болған. Тіпті олар, қолдарында бар мүмкіндікті пайдаланып, Торғайдың қақ ортасынан өздеріне арнап, бір-бір ескерткіш құйғызып алса да артық етпейді. Өйткені өлгеннен кейін ақынның халыққа керегі жоқ. Жазушының тем более..

ХХХ Абай атам осыдан бір ғасыр бұрын: Атымды адам қойған соң, Қайтіп надан болайын. Халқым надан болған соң, Қайда барып оңайын - деп зарлап, жалғыздықтың күйін кешті. Халыққа бұдан артық қатты сөз айту, халықты бұдан артық сынау мүмкін емес. Өз замандастарының ішінде халықты надан деп сөгуге ешкімнің батылы бармады. Дәті шыдамады. Абай айтты. Не үшін? Бақсының моласындай жалғыз қалған Абай атамды өз халқы туралы құйқа тамырыңды шымырлатып, тұла бойыңды түршіктіретін ауыр сөз айтуға қандай мұқтаждық итермеледі? Неге екенін білмеймін, Абай атамның осы сөзінің сырын мен, таяуда 31 телеарнадан берілетін “Дода” хабарын көріп отырып түсінгендей болдым. Апта сайын 31 телеарнадан беріліп тұратын, бұл жолғы “Дода” телехабарының негізгі кейіпкерлері екі адам екен. Біріншісі - жазушы Сәкен Жүнісов, екіншісі - әуесқой композитор Қалдыбек Құрманәлиев. Телехабарды көріп отырып ұққаным, оны жасаушылар бір-ақ мақсатты көздеген сыңайлы. Ол – бүгінгі қазақ зиялыларының бәрін түкке алғысыз, қарындарының қамынан басқа ештеңені ойламайтын тоғышар етіп көрсету. Осы тарапта әуесқой-композитор Қалдыбек Құрманәлиев ақын Мұхтар Шахановтың позасына тұрып алып, өзінің рөлін тамаша ойнап шықты. Құдды, осы елдің пайғамбары да, құтқарушысы да өзі секілді, зиялы қауым өкілдерінің түгін қалдырмады. Кей жағдайда тіпті, бірдеңе айтқысы келіп оқталған, жазушы Сәкен Жүнісовтың аузын да аштырмады. Хабарға қатысып отырған бір оппозиционер әйел сөз алып, “зиялы қауымды – зиянды қауым” деп атауымыз керек, деген қорытынды түйін жасады. Осы сөзді естігенде құйқа тамырым шымырлап қоя берді. Отыз жетінші жылғы зиялы қауымға шығарылған үкім де бұдан жеңілірек болған шығар. Ең құрығанда Кеңестік империя оларды көпшіліктің алдында масқара қылмай, өлтіріп еді ғой. Тәуелсіздікті аңсаған зиялы қауым өкілдерінің, сол күнге жеткендегі көрген рахатының сиқы осы. Хабарды көріп шыққаннан кейін, бір асыл дүнием былғанып қалғандай күй кештім. Әсіресе, өзім жақсы көретін, шығармашылығын жоғары бағалайтын жазушы Сәкен Жүнісов ағам үшін жаным ауырды. Осы “клоунданы” ұйымдастырған журналистердің ой-өресінің таяздығына қарным ашты. “Дода” телесайысын көріп отырған халықты аядым. Әділіне жүгінсек, жазушы Сәкен Жүнісов кім, әуесқой-композитор Қалдыбек Құрманәлиев кім? Екеуін таразының басына теңестіріп қою, мәдениетті елдерде мүмкін болмаса да, “шошқасы ит болып үретін”, “Қазақстан” атты мемлекетте оңай іс екендігіне толық көзім жетті. Есіне сала кетейін, Қалдыбек Құрманалиев бесікте жатқанда, Сәкен Жүнісов “Жапандағы жалғыз үй” атты шығарма жазып, тоталитарлық жүйеге қарсы шыққан қаламгерлердің бірі. Ол кездегі жасалған ерлікті, бүгінгі замандағы жасалып жатқан ерлікпен, салыстыруға да келмейді. Ол замандағы жасалған ерлік ажалмен бажа болу немесе айдаһардың аузына үңіліп қайтқанмен бірдей көзсіздік еді ғой. Тіпті оны айтпаған күннің өзінде, жазушы Сәкен Жүнісов “Ақан сері” атты эпикалық сарындағы роман жазу арқылы-ақ, мыңдаған оқырманның рухани әлемін байытып, ізгілік рухын сеуіп, халықты ұлттық тәлім-тәрбие беруге баулыды емес пе. Жазушының ұлттық бояуы мол осы шығармасы, талай ұрпақты рухани тұрғыдан байытты, сезіміне сәуле түсірді. “Заманай мен Аманай” атты шығармасы арқылы жазушы Сәкен Жүнісовтың ең тұңғыш рет қазақ даласындағы аштықты суреттегенін Қалдыбек біле ме екен? Оның тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары қазақтың тілі, жері туралы жазған мақалаларын Қалдыбек оқып па? Егер де осының бәрі оңай шаруа болса, Қалдыбек Құрмәналиевтің өзі жер туралы, тіл туралы, тереңнен тебіреніп неге бір мақала жазбайды. Мақала жазу қолынан келмесе, неге, “баяғы заманда шенеуніктердің есігін теуіп кіріп жүрген” ( өз сөзі) Қалдыбек Құрманәлиев, жер сатылып жатқанда, Астанадағы Ақ Орданың алдына барып, аштық жариялап жатып алмады?. Сосын, зиялы қауым өкілдерінің бәріне топырақ шашып сөйлеуге Қалдыбек Құрманалиевтің қандай моральдық құқы бар? Қазақ халқына оның қандай еңбегі сіңіпті? Ең қорқыныштысы хабардың соңында көрермендердің көбісі Қалдыбек Құрманәлиевті жақтап дауыс берді. Яғни, бұл біздің халықтың басым көпшілігінің ой-өресі, әуесқой-композитор Қалдыбек Құрманәлиевтің деңгейіндей-ақ деген сөз. Басқаша сөзбен айтқанда, “Дода” телехабарынан халықтың ақын мен жазушыға деген құрметінің жоқ екендігі, сөзді силамайтындығы, тек биліктің жағасынан алып, кеше елді тонап байып, енді бүгін қалың жұртты қантөгіске шақыратындарды ғана зиялы деп санайтындығы анық аңғарылып қалды. Ендеше мұндай халықтың келешегінен не қайыр, қандай үміт күтуге болады?.. Әрине, күні кеше жер сату туралы әңгіме қозғалғанда, зиялы қауым өкілдерінің арасында да үндемей қалғандар бар, бірақ ештеңеден тайсалмай өз қарсылығын білдіргендер де табылды ғой. “Зиялы қауымның бәріне зиянды қауым” деген үкім шығару арқылы, “Дода” телехабары, қазақ ұлтының рухы үшін күрескен, сол үшін жанын аямаған аяулы перзенттеріміздің атқарған істерінің бәрін де күресінге лақтырып тастаған жоқ па? Сәл, сабыр қылайық! Сабыр! Егер де күні кеше жер сату туралы мәселе көтерілгенде, немесе елдің басына түскен сын сағатта үндемей қалғандар немесе ұлтына опасыздық жасағандар табылса, оларды атымен атайық. Әйтпесе, “зиялылардың бәрі зиянды” деген жеңілтек будың желігіне беріліп, “Дода” телехабарының, жазушы Сәкен Жүнісовтен, сондай адамның образын жасауға тырысуы, жеңілдетіп айтқанда - надандықтың ғана белгісі. Неге біз соншама шолақ ойлаймыз. Күні кешегі Кеңестік дәуірде зиялы қауым өкілдері ұлттық тәуелсіздік үшін жасырын күрес жүргізбесе, біз оған қол жеткізе алар ма едік? Ұлттық тәуелсіздік жолында күрескені үшін атылып кеткен Ахмет, Міржақып, Бейімбет, Жүсіпбек пен Мағжандардың идеясын, аттарын атамаса да санамызға сыналап сіңірген де осы ақын-жазушылар емес пе? ..Кейде аямаймын, тіпті, жүрегімнің жанынан біреу өткір біз сұғып алғандай күйге түсемін. Соңғы жылдары мынандай бір құбылысты байқадым. Басқасын айтпағанда, халқы үшін аянбаған, көп еңбек сіңірген ақын-жазушылар дүниеден өтіп жатқанда, соңғы сапарға шығарып салуға туған-туысқандары мен достары ғана жиналады. Оларды соңғы сапарға аттандыруға қарапайым халық келмейді. Осының бәрі де соңғы жылдардағы, сөз бостандығының арқасында зиялының бәрін де зиянды қауым етіп көрсетіп, жазушы туралы теріс пікір қалыптастырған тәуелсіз телеарналар мен басылымдардың істеген жұмыстарының “жемісі”. Қазақстанның жер асты, жер үсті байлығы тоналып, оның рахатының бәрін де келімсектердің көріп жатқандығына үндемейтін біз, зиялы қауым өкілдеріне үкімет тарапынан кішкентай жақсылық жасалса, жарылып кете жаздаймыз. Бүгінгі таңдағы халқымыздың ең үлкен трагедиясы, бізде ұлтымыздың сөзін сөйлейтін, мұңын жоқтайтын билік те, ол үшін қабырғасы қайысып отырған оппозиция да жоқ. Содан соң барып, Қазақстандағы орыс тілді ресми билік қазақ тілінің мәртебесін көтермеу үшін жанталасады да, ал, біздегі жалдамалы оппозиция Ресейге барып, орыс халқының сөзін сөйлеп, сойылын соғады. Жазушы Мұхтар Мағауин жетпістен асқанда “Ұлтсыздану ұраны” атты көлемді мақала жазды. Мақала емес, зарлы толғау. Зарлы толғауды оқып шыққаннан кейін, өз халқыңнан күдеріңді үзіп, қазулы көр дайын тұрса, өле салғың келеді. Жазушы үшін жасап жатқан жұмысыңның баянсыз екендігін сезінгеннен артық қандай қасірет бар. Қазақ халқы үшін зор еңбек сіңірген, “Бес ғасыр жырлайды” атты жыраулар мұрасын түгендеп санатқа қосу үшін барлық саналы ғұмырын сарп ету арқылы, ұлттық санамызды оятқан екі адам болса, соның бірі - Мұхтар Мағауин емес пе. Өкінішке қарай, Кеңес үкіметінің тұсының өзінде ұлттық рух майданында күрескен, сол үшін теперіш көрген жазушыны, құлдық санадан арыла алмаған біз, әлі күнге шейін тоқпақтаумен келеміз. Мұхтар Мағауинге ғайбат сөздер айтылып жатқанда, жазушыны қорғаған, оған араша түскен халықты байқамадым. Қайта керісінше, қырғыздың қаламгері Шыңғыс Айтматовтың “жазушы Мұхтар Мағауинді білмеймін” деген сөзіне қыбымыз қанып, өлген әкеміз тіріліп келгендей қуандық. Екі езуіміз, екі құлағымызға жетіп мәз-мәйрам, айран-асыр болдық. Өз ұлтының рухы үшін күрескен, білдей бір жазушысын өзге біреуге тек қазақ қана сабатып қоя алады. Сабатып қоймай, оған өлердей қуанатын да - қазақ қана. Өйткені бізде ұлттық сананы айтпағанда, ең құрығанда тіпті, жүздік сана да жоқ. Бізде тек құлдық сана ғана бар...

2005 жыл

Қатысты Мақалалар