Шешем менің иілген сұрау белгі,
Сәл ғана шаттық көрді, жылау көрді.
Қалай ғана қалпына келтірерсің,
Дауылдар майыстырған мынау белді.
(М. Мақатаев)
Өмірге келу бар да, сол дүниені, қоршаған ортаны қабылдау сәті бар. Санамыз қалыптасқаннан бастап, яғни есіміз кіргеннен кейін көретініміз де, көз алдымызда жүретін де – ата-анамыз. Әркімге ата-ана қымбат, әркімнің ата-анасы өзіне үлгі-өнеге, әсіресе – анаң.
Мені де өмірге әкеліп, ақ сүтімен тойдырып, мейірімімен қандырып, осы халге жеткізген де – анам. Баласы үшін анасының мейірімі еш уақытта да таусылған емес. Ананың ыстық жүрегінен тараған мейірім мен маңдайыңнан бір иіскегенінен асқан еш нәрсе жоқ. Одан артық қандай сый болсын!
Менің анамның да көңілі түскенде төлімнің басы, тұла бойы тұңғышым, «түйеқызым» деп еркелетіп қоятыны бар. Ондайда, «есейіп кетсем де мен саған сәбимін» дегендей, анамның ыстық құшағына басымды тықпалап, тіпті, жас балаша еркелеп, бір жасарып қалатынымыз да рас.
Алла Тағала «Сүйген құлыма жаңғақтың қаттысын беремін» деген екен. Шешемнің көзін ашып, оң-солын танығаннан бастап көргені – қиындық. Тағдыр тақтасына жазылған тауқыметті бір кісідей тартқан анам өз тірлігіне тастай қатты болғанмен, жан-жағына, балаларына деген ықыласы шексіз, жаны нәзік, жүрегінің жұмсақтығы сондай – жылы сөзге де, азын-аулақ сәтсіздікке де ағыл-тегіл жылай салатыны бар. Себебі де жоқ емес. Анамның айтуынша, әкесі, яғни нағашы атамыз Ұлы Отан соғысынан аман-сау оралғанымен көп ұзамай дүниеден өтеді. Анасы екеуінің бастарынан өткен қиыншылық өз алдына бөлек әңгіме. Жетімдіктің тауқыметін аз тартпаған анам сол кездері алты-жеті жастағы сәби екен. Жылдар өтіп, жасы сексеннің сеңгіріне келсе де, сол жетімдік жылдар салған жан жарасы әлі де жазылған емес. Анда-санда есіне алып, кемсеңдеп те қалатын кездері болады. Әкесіз баласын, жесірін жылатпаған қазақ десек те, олар әке үйін, туған ауылын амалсыздан тастауға мәжбүр болады. Күнкөріс үшін нағашы жұртын жағалап, көшіп кетеді. «Өлмес құлға өлі балық жолығады» демекші, Алла өмір беріп, ырзығын тауып жеп, анасы екеуі күндерін көре береді. Арпалыс пен аянышқа толы жылдар жылжып өтеді.
Кешегі қаршадай қыз бала бойжетіп, тұрмыс құрады. Үйлі-жайлы болып, ел қатарлы өмір сүреді. Өмірге біздер келеміз. Сонымен, бұл қуанышы да анамның ұзаққа бармайды. Тағдырдың ащы дәмін әбден тартқан шешем отыз жеті жасында жеті баламен жесірліктің қара орамалын ерте жамылады. Әкеміз сол кезде аудандағы белгілі және белсенді мұғалім болады. Ол өте білімді, еңбекқор, өз мамандығын жан-тәнімен сүйген, өз қызметін беріле атқарған ұстаз небәрі қырықтан енді асқан шағында жоғары қан қысымынан көз жұмады. Анам өзі айтқандай «бір етек баламен» аңыраған күйі әке артынан «аһ» ұрып қала береді. Балалық шағындағы ащы өмірдің зардабын енді-енді ұмыта бастағандай болған анам, аз ғана шаттық көрсе, артынша жылау көреді. Күйеуінен ерте айырылып, жесірлікті жетімектерімен қоса жүрегі қарс айырылса да, қабырғасы қайысса да, келісу керек екенін түсініп, сабырмен қабылдайды.
«Басқа түссе, баспақшыл», - деп Алла салған бұл сынаққа да белін бекем буып, қайраттанады. Ол: «Атадан өзім жалғыз болдым, сендердің әкелеріңді медет тұтушы едім, енді балаларым – байлығым, барым да сендерсіңдер. Бірің – әкем, бірің – шешем, Жаратқан Ием енді сендерді аман ете гөр», - деп, өзін-өзі жұбата отырып, жалбарынды. Қайғының қара суын ішіп отырса да, қайраттанып, жігеріне құм құйылмай, жігерленді. Басқа еш амал жоқ екенін ол қалтқысыз түсінді. Жылдар жылжып өтіп жатты.
Соғыстан кейінгі қиыншылықтың зардабын тартқан ел, еңсесін енді-енді көтеріп жатқан кезде қандай оқу болсын! Білім ала алмады, тұрмыс құрды, балалы-шағалы болды. Сол екі-үш кластық біліммен шектелген шешем байғұс, қолынан келген қара жұмыстың қандайы болса да атқаруға әзір етін. Ол заманда колхоз, совхоздар егін, мал шаруашылығымен, бау-бақша жұмыстарының түр-түрімен айналысатын. Қайнаған қызу еңбек, екі қолға бір күрек кімге болса да табылатын. Біз тұрған ауыл қант қызылшасын өсіретін. Облыс бойынша мемлекет қазынасына қант қызылшасын тапсырудан ең озат аудан саналатын және алдыңғы орынды иеленетін.
Ерте көктемде басталған тұқым себу науқаны қант қызылшасын күтіп-баптау, одан жиын-терін жұмысы сонау қарашаның қара суығына дейін созылатын. Қант қызылшасын өсіру өте қиын және ұзақ. Жерден өніп шыққаннан басталған жұмыс жекелеумен шектелмейді. Арам шөбін шауып тазалау, сары шөбін теру, ең қиыны - қыркүйекте басталатын қазықпен жалғасады. Ал бұл науқанда ауыл адамдары түгіл, бүкіл мектеп оқушылары жаппай жұмылдырылатын. Шыны керек, бірінші тоқсанда жарытып сабақ та оқылмайтын. Сол қараша айында қар түспей тұрып, қызылшаны қазып, мемлекет қоймасына, яғни, зауыттарға өткізгеннен соң, бірақ тынатын. Иә, бәрі де айтуға оңай... Өзіміз де осы машақаттың бәрін басымыздан өткізгенбіз. Сондықтан бұл жұмыстың қиыны мен «қызығына» әбден қанықпыз. Не қызық болушы еді, тәйірі! Біздің жасымыздағы бүлдіршіндерге қол еңбегімен атқарылатын бұл жұмыс, әрине жеңіл емес еді, бірақ қазақ көнбіс және еңбекшіл халықпыз ғой. Қаршадайымыздан күнге қақталып, кеңсірігіміз кеуіп, шаң жұтқан, ал қара суықта қол-аяғымыз қарысып, тоңып секірген кездеріміз көп болды және ол күндер ұмытылмайды. Дәл мен суреттегендей ауыр жұмыстың «қызығын» анам әбден көрді. Ұзақ жылдар қызылша алқабында жаз бойы маңдайынан ыстық күн, күздің қара суығында табанынан сыз өткен, небір аңызақ желді күндері қолдары тілініп, еріндері жарылған азапты кездері артта қалып жатты.
Анам: «Мен жаным нәзік әйелмін, жұмыс - ауыр» демеді, шаршау дегенді білмеді. Ол еркелемеді, оны еркелететін адамның жоқ екенін ерте түсінді. Болмысынан аса төзімді анам ақылына сабырды серік етті. Шыдамдылықпен шыңдалған ол мансап-дүние қумады және оған қызықпады. Барына да, жоғына да көнді, шүкір деді. Бар білетіні – тынбай еңбектену. Еңбек, еңбек – бәрін де жеңбек, ұстанымы да осы болды.
Алладан басқа сүйенері де, сүйрейтіні де жоқ екенін түсінді. Демеуші болар ағайын-абысын жоқтың қасы десе де болды. Жесір қалған біреуіне келін, біреуіне жеңге болатын анамнан ағайын-туыс, қайындары іргелерін аулақ салды. Себебінің не екенін түсінбеген анам дал болды, ондайда ағыл-тегіл жылап та алатын. Көзінен аққан жасын шайымен қоса ұрттай салып, атып тұрып жұмысына асығып-аптығып кетіп жатушы еді, оны көзім көрді. Еріне сеніп кеткен әйел байғұс, ә дегенде, есі шығып ер адамның тындыратын тірліктеріне бейімделіп кетпейтіні белгілі емес пе?! Отбасында тек балаларының тәрбиесі мен бітпейтін үй шаруасынан аспаған әйелге әрине, бірден түз тірлігіне кірісіп кету қиынға соғады. Анам қиналған шақтарында, оған қол ұшын беріп, ақыл қосып, демеу болып көмектеспек түгілі, тірі жүріп тірлік қылғанын да көре алмағандар көп болған. Жас болсақ та, есейіп, есімізді біліп қалған біз оны түсінетінбіз.
Балаларымды есейтіп, қалай да жеткізсем деп, анам күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалды. Күн ұзақ қызылша алқабында еңбектеніп, қажып келсе, түнде ай жарығымен бау-бақшасын, жоңышқа, тал-дарақтарын суарып, нанын көміп, кірін жуып, бар шаруасын тындыратын. Кейде көз шырымын да алмастан таңғы жұмысына кете беретін. Мен баланың үлкені болғандықтан, таң ата ояна кетсем, анам ұйықтап жатқан балапандарының беттерінен емірене иіскеп, көрпелерін қымталай жауып, қоңыраулатып келіп қалған қызылшашылар таситын көлікке апыл-ғұпыл отырып кететін.
Сол заман адамдарының жұмысқа деген құлшыныстары да ерекше еді-ау! Құдды бір тойға кетіп бара жатқандай мәре-сәре болып жататын. Қалжыңдасып, көңілдері де көтеріңкі, сіз-бізі де жарасқан, сол тату-тәтті қалыптарынан бір айнымайтын. Осылайша, бір күні бір күнінен қызығы мол сияқты көрінген тәубашыл анам «жетімектерімді ешкімге жәутеңдетпеймін» - деп, жанкешті жылдары өте берді.
Балалар да есейіп қалғанбыз. Егін шаруашылығы, яғни дала жұмысы аяқталып, арасында үзіліс болған сәттерде де анам бос отырмады, әр түрлі жұмыстар атқарды. Сол жылдары әрбір отбасына жібек құртын өсіруді міндеттеп бөліп береді. Бар ынта-шынтасымен жанын салып, күтіп баптаудың арқасында шешем жібек құртын өсірудің жоспарын артығымен орындап берген көрінеді. «Көрінеді» деп, көмескілеу айтып отырған себебім, ол уақыттарда мен қалада жоғары оқу орнында оқып жүрген едім. Тіпті, жібек құртын өсіріп, баптаудан ең биік көрсеткішке жеткені үшін басшылықтан алғыс алып, жергілікті радиодан озаттар туралы арнайы хабар да беріледі. Өзім ауылға каникулға бара қалғанымда көрші-қолаңдардың: «Ойпыр-ай, осы сенің шешеңнің қолы майлы болды, тіпті ата-бабамыз өсіріп көрмеген мына жібек құртын өсірудің шебері атанды. Құдды өзінің баласындай күн-түн жанынан шықпай баптағанын көзіміз көрді, еңбегі жанып, жақсы өнім әперді, соған қуандық», - деген анама қатысты жақсы лебіздерін естіп, көңілім марқайып қалатын.
Анамның «бұл - ер адамның жұмысы» - деп, намыстанып, я болмаса қиынсынып, босаңсығанын көрмедік. Қиналса да, құлшынып жүретін. Анамның жаны нәзік әйел заты бола тұра, оның табандылығы, қажыр-қайраттылығы бізге, балаларына үлгі болды. Ақ ниеті мен адал еңбегі, кіршіксіз көңілі мен таудай талап-тілегіне орай, Алла Тағаланың жарылқағаны сол – балалары зейінді, еңбекқор болып өстік. Анамыздың айтқанын екі етпеуге, қандай тапсырма берсе де дер кезінде орындауға тырыстық. Шамасы келгенше әркім өз шаруасын тындыратынбыз. Есейе келе, үй шаруасын балалар түгел өз мойнымызға да алдық. Түзде анамыз, үйде балалар болып еңбектендік. Соның арқасында, ынтымағы ыдырамаған үлгілі отбасы болып өмір сүрдік, қалыптастық. Ынтымағы ыдырамаған үйден ырыс та алыстамайды екен. Алланың берген ырысы сол – бәріміз де қалаған жоғары оқу орнының күндізгі бөлімдерін бітірдік. Әрине, жоғары оқу орындарында оқып жүрген жылдарымызда анамның еңбегі мен моральдық демеуі шексіз. Сәтімен әркім өмірде өз орнымызды таптық. Ең маңыздысы – анамызды ел алдында, өмірде де, оқуда да ұятқа қалдырып, сөз келтірмедік, жаман қылық көрсетіп, қаңқу сөзге іліндірмедік. Ұлын ұясына қондырып, қыздарын қияға ұшырды. Шүкір Аллаға, бүгінде бәрінен немере, шөбере сүйіп отыр.
Анамыз бізді жастайымыздан қолға алған ісімізді тиянақты бітіруге баулыды, өзі тікелей үлгі болды. Құрғақ насихат айта бермей, өзі өнеге көрсетті. Анамыздың тірлігі, бейнеті көз алдымызда өтті. Кез-келген жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қарауға, тындырымды болуға үйретті. Өзіңнің жеке бас пайдаң үшін кісі ақысын жемеуді, пайдакүнем болу – жаман әдет, одан аулақ болу керектігін жиі айтатын. Өзі де және бізден де біреуден бір сабақ жіп алса, уәдесінде тұрып уақытында қайтаруды талап етті. Әуелімде, біреуден естіген жылы сөзін де, қиналған сәттеріңде адамнан көрген жақсылығыңды да еш уақытта ұмытпауды құлағымызға әбден құйып өсірді. Жетім бала мен жесір әйел намысшыл келеді. Анам бізді ешкімнің ала жібін аттамауды, әділін айтып, ақ сөйлеуге тәрбиеледі. Қолыңда болса, барыңды бер, сұраса аяма, аз болса да бөліс, адам баласынан алғыс ал, қонақ келсе, дастарханыңды мол жай, қонақ ырзығын ала келеді дейтін. Сол жақсы қасиеті, әдемі әдеті, қонақжайлылығы әлі де жалғасып келеді. Келіндері де енелерінен көргенін істеп, айтқанын тыңдайды. Көңілден шығатын тірліктерін көріп, марқайып қайтамыз. Жан-жақтағы ұл-қыздары «қарашаңырақ әулетіміз» деп, жинала қалсақ, мол дастархан, жайдары қабақтарына қарап, келін-ене болып, сыйласып-сырласып, ақылдасып-ардақтасып отырғандары бізді шын қуантады. Осы береке-бірлік ұзағынан болғай деп тілейміз. Күйеуінен ерте айырылып, анам тағдырдың соншама ауыр жүгін жалғыз өзі арқалап, «тар жол, тайғақ кешу» кезеңін артқа тастап, өзі айтқандай, кешегі жапырайған жаппа там бүгіндері үлкен қара орманға айналды. Әке үйінің іргетасының берік болуына, шаңырағы шайқалмай, шаттыққа кенелуіне бар өмірін сарп еткен қара орманның сенімді күзетшісі – анамызға мың тағзым! Ғұламалардан мынадай қалған сөз бар: «Басқаларды бақытты етуге тырыса отырып, өз бақытымызды табамыз» - деген. Бірінші, Алланың берген бағы, екінші, анамның табандылығының, қайсарлығының арқасында кедергілерді жеңіп, балаларын бақытты етті. Өз еңбегінің жемісін өз көзімен көріп отыр, шүкір Аллаға!
Анамыз «баласы атқа шапса, анасы тақымын қысып отырады» - дегендей өмірдегі әрбір жетістігімізге бірге қуанып, сәтсіздіктерімізге демеу болып келеді. Өз балалары үйлі-жайлы болып аяқтанып кетсе де, енді немерелерін ойлап, сол өзімізді өсірген кездегідей шынайы жаны ашып, әрқайсысы үшін шыр-пыр болып жатқаны. Алыс қалаларда тұратын немерелері ұзағырақ хабарласпай қалса, жағдайларын білмейінше әже жүрегі бір тыншымайды. Өз немерелері болсын, жиен немерелері болсын, бір-бірінен бөлмейді, бәрінің жетістіктеріне шынайы қуанады, шын уайымдап жүреді. Жасына, денсаулығына қарамастан, алыс-жақын демей той-қуаныштарына барып қайтады.
Жұдырықтай жүрегіне бәрінің қуанышын да, күйініш-сүйінішін де сыйғызған кең жүректі әжелері дегенде, немерелерінің де ықыластары, сағыныштары құрақ-құрақ. Бәрі де әжелерін «Орал апам» деп жақсы көреді, сағынады. «Әженің иісін сағындық, бір көріп қайтайық» - деп, есейіп кеткен немерелері де бірер күнге болса да, жолды алыссынбай әжелеріне сәлем беріп, барып қайтады. Ал, апалары болса, «мынау - ұлдың баласы, мынау - қыздың баласы» демейді, апасына бәрі бірдей. Бәрі үшін кең жүрегінің түкпіріндегі қайнап жатқан ыстық сағынышы мен мейірімі еш уақытта сарқылар емес. Бұдан асқан бақыт, қане?!
Анам өзі айтқандай, атадан қалған жалғыз шынар шыбық еді, енді міне тәуба, жалғыз шыбық мәуелі бәйтерекке айналды. Бәйтерек бірден жайқалмады. Дауылдар да құлата алмады, қисайса да құламады, себебі, тамыры терең, берік еді. Қыстың суық ызғары мен жаздың ми қайнатар ыстық аптабына да төтеп берді. Күйзелсе де, күйремеді. Шөлдесе де, қурамады. Жайқалып, жапырағын жайды. Қажыды, бірақ қайтпады, керісінше, қайраттана түсті. Алдына мақсат қойды, мақсаты – жетімектерді жеткізу еді. Жеткізді, жай емес, жылатпай жеткізді. Өсірді, жай өсіріп қана қойған жоқ, өксітпей өсірді. Әкелерін іздетпеді, әкесінің ізбасарлары деп, ізгілікке үйретті. Әкелерін жоқтатпады, жоқ деген сөзді естіртпеуге тырысты. Жанын жалдап, қара табанынан өткен суықты елемеді. Сорғалаған маңдай тердің арқасында жоқтан бар жасады. Бардан той жасады. Той демекші, той да жасады. Қызын жасаусыз, ұлын ұясыз қалдырмады. Осылай, анамыз өз міндетін асыра орындады. Алла берген перзенттері алдындағы аналық парызын толығымен атқарды.
Бүгін сол «мылтықсыз майдан» жолын кешіп өткен, жанкештілікпен жеткен, арпалыспен атқарған, бейнетпен келген зейнетін көруге Алла нәсіп етіп, көріп отыр. Еңбекпен келген бейнетіңнің зейнетін көруге Алла Тағала ұзағынан жазсын, анашым, дегім келеді.
Бір менің ғана емес, әркімнің де анасы баласына ардақты. Әр адамның да басында дәл мен айтқандай жағдай болуы әбден мүмкін. Өмір болғасын, қайғы мен қуаныш, аштық пен тоқтық қатар жүретіні – өмір заңдылығы. Өмір сонысымен күрделі, сонысымен қиын және қызық. Бір сөзбен айтқанда, барша адамзат баласы үшін ата-ананың орны ерекше. Қазақ халқы да әже-атамызды, ата-анамызды, үлкендерді қатты қадірлейтін халықпыз, әсіресе, анамызды. Сол қасиетімізді меңзейтін халық арасында «Алланың разылығы – ата-ананың разылығында», «Ананың сүтін ақтамаған Аллаға жақпайды», «Жұмақ – ананың аяғының астында» қатарлы мақал-мәтелдер қалыптасқан. Салт-дәстүріміз де санамызда қалыптасқан мұсылман халықпыз. Ендеше, өткенсіз болашақ, салт-дәстүрсіз халық та жоқ. «Жақсы заңың болғанша, жақсы дәстүрің болсын» деген бар. Дәстүріміз хақында бірер ауыз сөз көмейіме келіп тұр. Бұрын қазақ баласы туған ата-анасын қарттар үйіне өткізбек түгілі, күйеу бала мен қыздың қолына да қаратпайтын, намыстанатын, ар санайтын. Өз қара шаңырағында қалуды қалайтын. Бірде «Айтуға оңай...» телебағдарламасында ақ самайлы әже мен ақ сақалды қарияның омырауы мен аппақ сақалын жас жуып, кемсеңдеп отыр. Дәтің шыдап, тыңдау да қиын болды. Туған перзенттері (перзент деуге де қимайсың) үйден қуғандықтан, қарттар үйіне қабылдауды өтіне келген екен. Азғындықтың бастауы деген – осы. Біздің қазақ халқында бұрын-соңды тарихымызда мұндай әрекет болмаған. Біз, «Төріңнен қазыналы қартың кетпесін» деп, қарияны қазынаға теңеген, дұғасы қарияның әрдайым қабыл болады деп тілеген халықпыз. Өкінішке орай, мынадай көріністердің белең алуы – жақсылықтың нышаны емес. Егер, ата-анасының көзі тірісінде туған перзенті жақсылық көрсете алмаса, одан өткен қасірет те, өкініш те жоқ шығар.
Алла елшісі (с.а.с.) бір хадисінде: «Ақырзаман жақындағанда аналар өздерінің мырзаларын туады» деген. Яғни, ата-анасының талап-тілегін орындамай, керісінше, бала өз айтқанын істетеді, оның бойында үлкенді, ата-анасын құрметтеу, аяу деген қасиет қалмайды, керісінше, бірбеткейлігімен ата-анасын ренжітіп, көңілдерін қалдыратынын айтады.
Тағы бірде: «Ата-ананың жүзіне мейіріммен қарау – ғибадат». «Ата-анаға құрмет – бақытсыз адамды бақытты етеді, өмір-жасын ұзартады» делінген. Сол себепті, бүгінгі жастарымыз ата-анаңа не істесең, алдыңа сол келетінін ұмытпаса, ертең сен де қартайып, қажып, қауқарсыз қалатыныңды естен шығарма дегім келеді. Болашақта өзіңді қандай қарттық күтіп тұрғаны бір Аллаға ғана аян.
Ата-ананың, қарт адамның алғысын алу – сауапты іс. Осы тұрғыда аят-хадистерде: «Үш адамның дұғасы қабыл болады: әке-шешенің, зұлымдыққа ұшыраған адамның және қонақтың дұғасы», - делінген. Алла Тағала баршамызды ата-анасын қадірлеп, Өзінің разылығын алған құлдарының қатарына қосқай. Әмин!
Тағы да анам жайына оралайын. Адам темір емес. Тас пен темір де мүжіледі, майысады. Тамшы да тасты теседі. Өмірден көрген қиыншылық, ауыртпалық та өз дегенін істеп, ізін қалдыратыны заңды. Кейде біз анамызға «Ауған соғысынан жараланып қайтқан ардагер жауынгер» - деп қалжыңдаймыз. Бірнеше рет денесіндегі ең басты мүшелеріне жасалған отадан аман-сау қалған анам - нағыз батыр, жауынгер сияқты. Жаратқан Өзі берген дертінің шипасын да Өзі салды. Екі бірдей жанарына Алматыда ота жасалынды, сәтті өтті. Көретін болды. Көзілдіріксіз-ақ кітап-газетіңді тәп-тәуір оқи беретін анама «бізден де жақсы көресіз» - деп қалжыңдаймыз. Кейде, «тұла бойыңызда пышақ көрмеген не қалды?» деген қалжың аралас сұрағымызға, Жаратқанның салған сынағын көтерген анам: - «Тірі жүріп көргеннің бәрі - қызық» - деп, бір кездері өзінің жұбайы айтқан жұбату сөздерімен жауап береді.
Мен де елге барып қайтарда, осылай көз алдымда жүре берші, анашым деп, қақпа алдында ақ самай шашы желбіреп, қоштасып қалып бара жатқан анама Алладан амандық тілеймін! Жаратқанның өлшеп берген жасын жасап, жамандық көрме, анашым! Тұңғыш перзентім, «түйеқызым» деп емірене ақ сүтін емізген анамның алдында, бізге сіңірген еңбегін еш нәрсемен өтей алмайтынымды, қарыздар екенімді түсініп, көкейімде жүрген ырзашылық алғысымды ақ қағаз арқылы айтып, көк сиямен өрнектедім. Бізді бағып-қағып, өсіріп жеткізген еңбегіңіздің қайырымы Алладан еселеп қайтсын, анашым! «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды», «Есейіп кетсем де мен саған сәбимін» - деп, әндерде шырқалғандай, әлі де «қартаймаған» алпыстағы «сәби» қызың Рыскен!
Балаларын бақытты ету үшін бар ғұмырын арнаған, өз балаларынан бақытын тапқан барша Аналарымызға басымды иіп, тағзым етемін. Аналарымыз ғұмырлы болсын, еш жамандық ендігәрі көрмесін!
Рыскен ӘБІШЕВА, Алматы қаласы