Түркістан облысында «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты семинар тренинг өтеді. Осыған орай, өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз жиыны өтті. Оған Қазақстан Халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптама кеңесінің мүшесі, саясаткер Дос Көшім мен БАҚ өкілдері қатысты, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Баспасөз мәслихатында мемлекеттік тілдің мәртебесі сөз болды. Қазақстан Халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптама кеңесінің мүшесі, саясаткер Дос Көшімнің ойынша, қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін халықтың белсенділігі жоғары болуы керек.
«Кеңес үкіметінің шекпенінен босап шыққан елдердің арасында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жағынан кемшін тұстарымыздың бары жасырын емес. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін қоғам болып атсалысу керек. Яғни, мемлекет тарапынан қазақ тіліне жасалып отырған жағдайды дұрыс пайдалануымыз керек. Соңғы кездері қоғамда жиі айтылып жүрген мәселенің бірі мемлекеттік тілді көтеру. Әлеуметтік желілерде, жиындарда түрлі ұсыныстар мен пікірлер айтылып жатады. Бірақ, іс жүзіне келгенде ешкім бас ауыртқысы келмейді. Менің айтқым келгені қоғамда мемлекеттік тілге деген сұранысты арттыру керек. Азаматтар тарапынан қажеттілік болмаса, бұл мәселе сол күйі қала бермек», – деді Дос Көшім.
Сонымен қатар, баспасөз отырысында кирилл қарпін латын қарпіне көшіру жайы да талқыланды. 2018 жылдың соңына қарай латын қарпіне негілделген жаңа әліпби қабылданатынын айтқан спикерлер осы мәселеге де бейжай қарамау керек екенін айтады. Латын қарпін талқылауға қатысатын ғалымдармен өткен дөңгелек үстелдерде өз ұсынысын талқылауға салып, белсенділік танытудың маңызы зор екені айтылды.
Баспасөз жиыны соңында 15-17 қазанда Қазақстанның оңтүстік өңірде, яғни Түркістан, Кентау, Арыс, Шымкент қалаларында «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты республикалық семинардың өтетіндігі хабарланды.
Пікір қалдыру