Енді қалада «Ақтау – Халықаралық әуежай – Ақтау» бағытында №10 және №11 автобус тұрғындарға қызмет ететін болады. Бағасы 350 теңге.
Жолаушылар тасымалына арналған 47 орындық «Ankai» автобусы электр қуатымен жұмыс істейтіндіктен, экологиялық жағынан тиімді. Оны қуаттауға 2,5-4 сағат уақыт қажет. Бір рет қуатталған соң шамамен 160 шақырымды еңсере алады. Электробус үнемі қуатталып отыру үшін арнайы ток стансасымен қамтылған.
Желдеткішпен, қол жүктеріне арналған сөремен қамтылған, 4 бейнебақылау құрылғысы орнатылған. Алдыңғы бөлігінде сыртқы дыбыстарды қабылдағыш құрылғысы бар.
№10 маршрут «Жерұйық» қонақ үйі жанынан жүріп қала іші арқылы әуежайға жетсе, №11 маршрут «Каспиан Ривьера» қонақ үйі жанынан жолға шығып, теңіз жағалауы арқылы өтеді. Электробус аялдамалары мен уақытын infobus.kz сайты арқылы анықтауға болады.