Қытайдың шалғайында жатқан Ақсай қазақтарының әдебиет іздері

/uploads/thumbnail/20181026132912642_small.jpg

Бүгінгі әдебиеттік зерттеу тақырыптары сөз болғанда арғы бет – Қытайдағы қазақтардың әдебиеті жайында «Шынжаң қазақ әдебиеті» деген жалпылама атауды жиі қолданамыз. Ал Шынжаңнан тысқары жерде жатқан қазақтар хақында, олардың әдебиеті жөнінде аз айтамыз.

Қытайдың Гансу өлкесіне қарасты Ақсай аталатын аудан бар. Толық атауы – Ақсай қазақ автономиялы ауданы. 1930 жылдардағы зобалаң кесірінен туған жер, өскен өлкесінен босып, ішкі қытайға қарай, одан ары Түркияға дейін көшкен қазақтардың жол-жөнекей шашылып қалғандарынан құралған бұл ауданда қазір 10 мыңға тарта халық тұрады. 30 пайызын қазақтар құрайды.

Ақсай қазақтарының әдебиет іздері сөз болғанда, ең әуелі, жазушы Қабылқақ Күлмесханұлының есімі еске оралады.

Қабылқақ Күлмесқанұлы (1944-2005 жж.) – ақын, жазушы. ҚР жазушылар одағының мүшесі.

Алғашында Қытайдағы Іле педагогикалық училищесін, кейіннен ШҰАР оқу-ағарту инситутын тамамдаған.  Туған ауылы – Гансу өлкесіндегі Ақсай Қазақ автономиялы ауданында мұғалім болып, ағартушылық қызмет атқарған. 

1993 жылы Жамбыл облысы Шу ауданына көшіп келіп, 1997 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Нұрлы ауылына қоныс аударады. 2005 жылы Алматыда қайтыс болған. Екі ұл, үш қызы Алматы облысы Іле ауданы Боралдай ауылында тұрады.

«Тұманды дала», «Ұрпақ», «Иенде», «Керсағым», «Домалақ сел», «Шытырман жылдар» повестерінің авторы. Шығармаларының өзегі – қытайдағы қазақтардың басынан өткен қиын-қыстау кезеңдердегі қазақ көштерінің аянышты тағдырын баяндайды. Сонымен қатар, «Ойландырар ойықтар», «Қолға қарға қонғанда», «Шектесу», «Адал еңбек – игілік қайнары», «Бәсеке», «Он сом», «Тамырдың таңбасы», «Оқушыда болатын Айбар», «Менің ханзу атам», «Қойшының түні», «Құбылмалы есім», «Жұмекең», «Ақ қозы мен көк қозы», «Таңау мен таңқай» т.б әзіл-сықақ әңгімелері бар. «Дастарқан басында» атты әңгімесі Ақсай қазақтарының өмірі туралы жазылған. Әңгімелері негізінен Шынжаңда шығатын «Алтай аясы», «Шұғыла» жуналдарында жарияланып тұрған. «Арманда кеткен өмір», «Күн шуағында», «Бәрімізде пендеміз» т.б өлең, балладалар да жазған.

Педагогика және әдебиет саласында «Үйретуден естелік жинақ», «Оқу жоспары 1991-1992 жж. «Екінші маусым», «Тапсырма жайлы аз сөз», «Оқытуды зерттеу», «Сабақ мінбесінде», «Қазіргі заман әдебиетімен сұрақ-жауаптар», «Әдебиет теориясы туралы», «Шығарма құралының нақты мазмұны», т.б. зерттеу мақалаларын жазған.

          1993 жылы Қазақстанға көшіп келгеннен кейін «Тұманды дала» повесі Жұлдыз журналының 1996 жылғы 12-13 сандарында жарияланған.

Қабылқақтың Ақсайда өткен кезеңінде ауыз әдебиеті үлгілерін жинау науқаны да кеңінен етек алған. Қытай қазақтарының Гималай асқан көші және Елісхан бастаған көшті тақырып еткен Сүлеймен Дәрібайұлының  «Керзаман кешулері»,  Сейітхан Бортанқажыұлының «Қарамолданың қиссасы»,  Мұхаметәлі Қалитұлының «Зарлы заман», Нәби Тұрсыбайұлының «Әйембет туралы жыр» атты дастандары ел ішіне кеңінен тараған. Тіпті оқиға кейіпкерлерінің де көбінің көзі тірі болатын.

Осы кезеңдерден бастау алған, көш және өзге де тақырыптар аясында қолына қалам алған қаламгерлер шоғыры көбейе бастады.

Құрманбай Төлегенұлы, Қамит Болатханұлы, Әпетай Мұқарапұлы, Әнуар Нұрғазыұлы, Алмас Әбутәліпұлы, Марқа Мәлікұлы, Кенжебек Зарқымұлы, т.б. қаламгерлердің көптеген шығармалары өмірге келді.

Бастыларынан Ә. Мұқарапұлының «Жан алқымда» повесі мен «Киелі көш» деректі шежірелік кітабын атауға болады. Бұл шығармалардың негізгі арқауы қазақтардың қанды көші хақындағы ауыр, аянышты оқиғаларды тақырып еткен.

Кейінгі буын жастардан шыққан ғалым, жазушы Қалбан Ынтыханұлы атажұртына оралып, «Үркек» атты роман, «Босқын қазақ көштері және деректі әдебиет» атты зерттеу кітабын жазды. Тарих ғылымдарының магистрі Қажымұрат Төлегенұлы ҚР «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының» ғылыми бөлімінде абыройлы қызметтер атқарып, мақалалар жариялап жүр.

Ақсайдағы қазақ әдебиеті және көш тақырыбы төңірегінде ұжымдық жинақтардан «Сарқырама», «Чиңхай-Шизаң үстіртінде», т.б. кітаптар жарық көрген.

Ақсайдағы қазақ әдебиетінің кейбір озық үлгілерінің қытай тіліне аударылуы мен қытай тілінде шығармалар жазу үрдісі де қалыптаса бастаған. Қытай жазушысы Хы Чидің «Гансу қазақтары» кітабы мен қазақ қаламгері Әнуар Нұрғазыұлының «Бақыттың шын сыры» кітаптарының қытай тілінде жарық көруі соның бір ғана мысалы.

Бүгіндері қытайдың шалғай түкпірінде жатқан Ақсай ауданының қазақтары интернеттік байланыс жүйесін пайдаланып, Қазақстан қазақтарымен де, Шынжаң қазақтарымен де жиі байланыста болып отырады. Әрі әдеби ортамен де қарым-қатынасын үзген жоқ.

 

Жәди Шәкенұлы

Қазақстан Жазушылар одағының, Еуразия жазушылар одағының мүшесі.

Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі.

 

 

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар