Дүниежүзілік Экономикалық форум (World Economic Forum) өзіне әріптес ұйымдар мен компаниялардың қатысуымен статистикалық мәліметтер мен сауалнамаларға сүйене отырып, терең зерттеулер жасаудың нәтижесінде әлем елдерінің Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексін (The Global Competitiveness Index) шығарып отырады.
Аталған зерттеулер 2004 жылдан бері жүргізіліп келе жатқанын айта кету керек. Биылғы рейтинг бойынша Дүниежүзілік экономикалық форум әр елдің бәсекеге қабілеттілігін сол мемлекет пен оның институттарының ортамерзімдік дамудағы экономикалық өсімді қамтамасыз ететін қабілеттілік ретінде анықтайды.
Аталмыш көрсеткіштері күшті елдерде халықтың әл-ауқаты өте жоғары болады. Бұл индекс әр ел экономикасы мен бәсекеге қабілеттілігін дамыту жолындағы проблемалар мен мәселелерді шешу үшін таптырмас талдау құралы болып табылады. Осы арқылы экоомикалық прогресске жету жолындағы стратегияны жасауға септігін тигізеді.
Дүниежүзілік экономикалық фоум өкілдерінің айтуынша, елдердің бәсекеге қабілеттілігі көптеген факторлар арқылы анықталады. Егер мемлекеттік басқару жүйесі тиімсіз болып, инфляция жоғары болса, онда даму тежеледі. Ал, зияткерлік меншік жақсы қорғалып, сот жүйесі тиімді жұмыс істесе, индекстің жоғары болуына пайдасын тигізеді. Сонымен бірге білім беру, жұмыс күшінің біліктілігін көтеру және жаңа білім мен технологиялардың қолжетімді болуы да маңызды рөл атқарады. Экономиканың бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын факторлар экономикалық жүйеге әр елде түрлі жағдайларға байланысты әр түрлі әсер етеді.
Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексін алғаш рет 2004 жылы Колумбия университетінің профессоры Ксавье Сала-и-Мартин жасап шығарды. Бұл индексті жасауда 114 ауыспалы көрсеткіш пайдаланылды. Оның үштен екісі компания басшыларынан алынған сауалнамалар болса, қалғаны статистикалық мәліметтер мен халықаралық ұйымдардың зерттеулері болып келеді. Жалпы алсақ, 12 бақылау көрсеткіші бар:
- Институттар сапасы.
- Инфраструктура.
- Макроэкономикалық тұрақтылық.
- Денсаулық пен бастапқы білім беру.
- Жоғары білім беру және кәсіби дайындау.
- Тауарлар мен қызмет көрсету тиімділігі.
- Еңбек нарғының тиімділігі.
- Қаржы нарығының дамуы.
- Технологиялық даму.
- Ішкі нарық көлемі.
- Бизнестің бәсекеге қабілеттілігі.
- Инновациялар.
Бұл көрсеткіштер теориялық және эмпирикалық зерттеулерге негізделген және олардың бір де бірі жеке дара экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыра алмайды. Индексті жасау кезінде эксперттер әр ел экономикасының дамуы әр деңгейде екенін ескереді. Кейбір факторлар сол елдің сол елдің институционалдық және құрылымдық сипаттамаларына, яғни, бастапқы жағдайлар мен даму деңгейіне байланысты. Зерттеушілер қазіргі құбылмалы заманда бәсекеге қабілеттілікті өлшеудің тиімді құралы болу үшін индексті есептеу әдістемесін әрдайым жетілдіріп отырады.
Осы әдістеменің қалай түзілетіндігі туралы Дүниежүзілік экономикалық форумның жыл сайынғы баяндамасында жан-жақты айтылады. Рейтингке кірген әрбір елдің жағдайы барлық тұрғыдан жақсылап талданып, қандай мықты жақтары немесе кемшіліктері бар екендігі айтылады. Сонымен бірге әр түрлі индикаторлардан тұратын рейтингтер кестелері статистикалық тарауда келтіріледі. Баяндамада елдер мен аймақтарды жеткілікті зерттеген тақырыптық тараулар бар.
Қазақстан 2012 жылдан бері осы бәсекеге қабілеттілік рейтингісінде қатысып келеді. Осы бағытта экономикалық жағдайды жақсарту үшін біршама реформалар елімізде жасалды. Ол өзгерістердің маңызы өте жоғары және осы бағытта мемлекет пен экономиканы тиімді басқарудың стратегиясын қалыптастыруда септігін тигізеді.
Рейтингте әр ел өз экономикалық даму деңгейіне байланысты орналастырылған. Қазақстан өтпелі 2 - кезеңнен 3-кезеңге, яғни өнімділікке негізделген елден инновацияларға бағыт алған ел ретінде қарастырылған.
Біздің елде Ұлттық экономика министрлігі Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексінің үйлестірушісі болып табылады және оның тарапынан аталған индекс көрсеткіштерін дамыту үшін арнайы Қазақстан Үкіметінің 21.04.2015 жылғы отырысының хаттамасымен бекітілген жоспары жасалған.
Салалар бойынша жауапты ретінде Ұлттық экономика министрлігі, Инвестициялар мен даму министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, Әділет министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Ұлттық қауіпсізідк комитеті, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Ұлттық банк сияқты мемлекеттік органдар тартылған. Оған қоса «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес пен кәсіпкерлерге мәселелер бойынша ұдайы түрде ақпараттық қолдау көрсетіп отырады.
Биылғы жылдың жаңа рейтингісінде 140 ел қатыстырылып, жаңа баяндама дайындалды.
Алғашқы бестікте АҚШ (индексі - 86.5), Сингапур (83.5), Германия (82.8), Швейцария (82.6) және Жапония (82.5) болса, Африканың Чад (35.5) елі ең соңғы орында тұр. Біздің ел 61.8 индексін иеленіп, Үндістан (62.0) мен Колумбияның (61.6) ортасында 59-орында орналасқан. Жоғарыда аталған жауапты мемлекеттік органдарды құлаққағыс ете отырып, келер жылдары Қазақстанның көрсеткіші жақсы деңгейге шығады деген сенім артамыз.
Дүниежүзілік экономика форумынығ Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексі жоғарыда аталған 114 көрсеткіштің жиынтығы болып табылатындықтан, олардың кейбіреулеріне тоқталып өтпекшіміз.
Адам әлеуетінің дамуы рейтингісінде Қазақстан 0.800 индексімен 58- орында орналасқан. Көрші елдерден 49- орындағы Ресей (0.816) ғана бізден ілгері тұрса, Қытай (0.752) 86-шы, Қырғызстан (0.672) 122 -, Өзбекстан (0.710) 105 және Түркіменстан (0.706) 108 - орындарда.
Адам жасының ұзақтығы бойынша рейтингте біздің ел 71.41 жылмен 155 - орынды місе тұтқан. Қытайдағы адамның өмірінің орташа ұзақтығы 75.73 жылмен бізден жоғары 111-ші орында болса, 70.68 жаспен Түркіменстан ғана 160 - орында төмен тұр.
Халықтың өсімі бойынша рейтингте еліміздің жылдық өсімі 1.1 % ғана құрап, 107 - орында ғана тұрмыз. Ресейде өсім (-0.1%) жоқ болып 183-орында болса, Өзбестан (111-орын) мен Қырғызстанда (113-орын) 1.1 пайыздан және түркімендердің (103-орын) жылдық өсімі 1.2 пайыз құрап отыр.
Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көрсеткішінде - 92 - орын, Инновациялар рейтингінде 78 - орын, Интернетпен қамтылу - 81 - орын, Электрондық үкімет дамуы 28 - орын, Экологиялық тиімділік - 101 - орын біреуден алда немесе біреуден артта деген деген сияқты позициялар бар.
Жыл өткен сайын Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексінің бұл көрсеткіштері жаңарып отырады және соған байланысты оған қатысушы елдер нәтижелерге қарап қорытынды шығарады. Жалпы тізімде 2015 жылы 42 -орында болсақ, 2016 жылы 53-ші орынға түстік. Ал 2017 жылы 57-орынды қанағат тұтсақ, биыл еліміз 59 -орында.
Серікқазы Көкенайұлы
Пікір қалдыру