Ағымдағы жылдың 26 қазанында Ақордада ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Ә.Исекешевтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысы болып өтті.
Кеңестің жұмыс күн тәртібі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудың және Бағдарламаны басқару офисінің қызметін ұйымдастырудың нәтижелерін талқылауға арналды. Ұлттық комиссияның төрағасы отырысты аша отырып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының негізгі бағыттарын іске асыру аясындағы ерекше маңызын атап өтті.
ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалуын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толтырудың маңыздылығын атап өтті.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, таяу уақытта жаңа «Ауыл – ел бесігі» және «Өз жеріңді танып біл» жобалары іске қосылатын болады, олар ауылдық аумақтардың дамуына қосымша серпін бермек, - деп атап өтті Ә.Исекешев.
Комиссия отырысында сондай-ақ О.Оразалин, А.Балаева, Д.Абаев, А.Евниев, Д.Калетаев, А.Мұхамедиұлы және Р.Кенжеханұлы сөз сөйледі.
Бейнебайланыс режимінде Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдері тыңдалды. Талқылаулар қорытындысы бойынша Ұлттық комиссияның төрағасы Үкіметке 2018-2019 жылдарға арналған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі бірыңғай жоспар әзірлеуді, Ауыл шаруашылығы министрлігіне жаңа «Ауыл – ел бесігі» әлеуметтік жобасын іске қосуды тапсырды.
Өңірлер басшыларына жергілікті жерлерде Бағдарламаның тапсырмаларын барлық басымдық бағыттары бойынша нақты мақсаттар мен нәтижелерге қол жеткізуге көңіл бөле отырып, іске асыру жөнінде тапсырмалар берілді.
Пікір қалдыру