Алматы қаласы Түркісіб ауданында ескі үйді сүру бағдарламасы бойынша бірнеше жоспарлар іске асырылды деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы аудан әкімі мәлімдеген болатын. Алматы қаласындағы ескі үйлердің көбісі Түркісіб ауданында орналасқан. Екі қабатты 16 үй сүрілсе, тұрғындарға пайдалануға берілетін баспана саны 4 есеге көбейеді екен.Ал «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы бойынша «Жас қанат» ықшамауданында 47 тұрғын үй бой көтеріп, тұрғындардың тілегін орындады. Биылғы жылдың соңына дейін 90 отбасы жаңа пәтерде қоныс тойын тойлайды.
«Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасын іске асыру үшін аудан негізгі 4 аймаққа бөлінген. Алдағы уақытта белгіленген жоспар бойынша сүру мен құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен, саты-сатысымен жүргізіліп отырады. Бұл жұмыстардың алғашқысы алдағы жылдың бірінші тоқсанында басталады деп жоспарануда. Қазіргі уақытта кезекте 16 ескі үйді сүру жоспарланып тұр. Ал олардың орнына 800 пәтерді қамтитындай 40 жаңа үй бой көтеретін болады.
Алматы қаласы Түркісіб ауданының әкімі Павел Кулагиннің айтуы бойынша, барлық шаралар келісім арқылы немесе сот арқылы шешіледі. Алайда ең бірінші тұрғындармен арнайы келісім жүргізіледі. Егер тұрғындар өз еркімен келіспеген жағдайда сот арқылы мәселе шешіліп, ескі үйлер сүрілетін болады.
«Қазір тиісті жұмыстар істеліп жатыр. Жоба бар. Менің ойымша, келер жылдың алғашқы тоқсанында жаңа үйдің құрылысы басталады», дейді Павел Кулагин.
Аудан әкімі Түркісіб ауданындағы негізгі мәселелердің көбісі жаңадан қосылған аумақтарда екенін тілге тиек етті. Қазіргі уақытта жарықтандыру, газ жүргізу, инфрақұрылымды жақсарту, заңсыз құрылысты жою секілді мәселелер өз шешімін тауып жатыр. Қазірдің өзінде 370 көшеге шам орнатылып, 3 жерасты өткелі тұрғындарға қызмет көрсетуге жарап тұр. «Алматы-1» темір жол вокзалы алдындағы алаң да көріктендірілді. Екі аптадан кейін қоғамдық көліктерге арналып аялдамалар қойылатын болады. Ал алдағы 2019 жылы аудан толықтай дерлік көгілдір отынмен қамтылмақ.
«Жеке тұрғын үй секторында бірнеше үйлер көгілдір отынмен қамтылуы тиіс. Олардың дені магистралды желілерден алшақ орналасқан. Оларды биыл қамтып үлгермейміз. Бірақ келер жылдың бірінші жартысында аудандағы барлық үйлерге газ жүргізіледі», – деді Павел Кулагин.
Ауданда жаңа балабақша, мүгедектерге арналған психоневрологиялық интернат үйі және медициналық мекемелер салынып жатыр. Аулаларды көріктендіру мен оның қауіпсіздігіне де ден қойылуда. Қазір 4000 бейнебақылау камералары орнатылған.
Жалпы 9 айдың көрсеткіші бойынша ауданда барлық сала бойынша оң нәтиже байқалып, ауданның жақсарып қалғанын көруге болады. Осы уақыт ішінде 30 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылып, шағын және орта бизнес мекемелері мен компанияларының саны 102 пайызға артқан. Бұған қатысты 7 мыңға жуық кәсіпкер жақсы табыс тауып, пайда көріп отыр. 2018 жылдың басынан бері 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылған. Сонымен бірге жақында әуежай терминалы салынатын болса жұмыс орындарының саны тағы да артатын болады.
Аудан әкімі Павел Кулагиннің сөзіне сенсек, қазіргі уақытта әуежай терминалының сызбалық жұмыстарына байланысты халықаралық конкурс жарияланған.
«Жақын арада сіз бен біз сол жобамен танысамыз деп ойлаймын. Көпшілік назарына ұсынылады. Әзірленіп жатқан жоба бойынша қазіргі әуежайдың оң жағында бос аумақ таңдалып, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деді Алматы қаласы Түрксіб ауданының әкімі.
Сұлтан Әбішұлы