Қазақстан және әлемдік қауіпсіздік

/uploads/thumbnail/20181112102546539_small.jpg

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін барлық халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасын дұрыс жолға қоя білді және өзара түсіністік орнату үшін бар күшін салды. Қазақстан қауіпсіздік саласында ерекше бастамаларымен әлемдік қауымдастық алдында беделін алғашқы күндерден жинады. Оған ең бірінші дәлел ретінде Елбасы Н.Назарбаевтың ұсынысы бойынша ССРО құлаған сәттен бастап-ақ еліміздің ядролық қарудан бас тартуын айтуға болады. Семей жеріндегі аждаһа апаны болған полигонды жабу арқылы Қазақ елі өзінің кеңестік тоннан шықса да, жаңаша саяси форматта өмір сүре алатын және бейбітсүйгіш мемлекет ретінде қадам басуы әлем елдерін тамсандырды. Бейбітшілікті ту еткен еліміз сол кезден бастап-ақ көптеген бітімгершілік миссияларына ұйытқы бола білді. ТМД елдері бойынша бұл Таулы Қарабақ, Приднестровье сияқты қақтығыстар болса, халықаралық масштабта Түркия мен Ресей арасындағы жанжалды реттеу, Сирия Араб Республикасындағы азаматтық соғысты тоқтату жөніндегі Астана процестерін атап өтсек болады.

Қазақстан Президенті Н.Назарбаев 1992 жылы қазан айында алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен алғаш рет сөйлеген сөзінде планетамыздағы бейбіт қатар өмір сүру мәселелерін атап өтіп, оның ішінде Азия құрлығындағы қауіпсіздікке де жете мән беруімізді баса айтқан еді. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес құру туралы бастама біздің ел басшылығы тарапынан сол кезде көтерілді. Жылдар өте келе Қазақстанның табандылығы арқасында аталған кеңес 2002 жылы алғашқы саммитін өткізіп, халықаралық деңгейдегі өзіндік орны бар ұйымға айналды. Қазіргі таңда оның мүшелігінде Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан сияқты ТМД елдерімен қатар Азияның көптеген мемлекеттері бар. Ұйымның шешім қабылдайтын жоғары органы төрт жылда бір бас қосатын мемлекеттер мен үкімет басыларының саммитінде аймақтық ғана емес әлемдік деңгейдегі көптеген мәселелер көтеріліп және шешімін тауып келеді. Біріккен Ұлттар ұйымынан бастап халықаралық басқа да мекемелермен тығыз қарым қатынаста жұмыс істеп жатқан аталмыш ұйымның Хатшылығы Астана қаласында орналасқан.

1973 жылдан жұмыс істеп келе жатқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) Қазақстан 1992 жылдың қаңтарында-ақ мүшелікке кірді. Бірақ бұл құжат жүзіндегі формальды ғана дүние болғанмен, онымен сенімді серіктестік орнату көптеген жылдардың еншісінде болды.

Ұйымға мүше болып кіргеннен кейін Хельсинки қорытынды актісі мен ЕҚЫҰ-ның басқа құжаттары негізінде қалыптасқан қағидаттарды қалыптастыру мен оны іс жүзіне асыру үшін біздің ел басшылығы өз атынан ұсыныстар беріп, бастамалар көтерді. Ол қандай бастамалар еді? Ұйымға кірген сол 1992 жылы Финляндияда өткен басқосуда Елбасы Н.Назарбаев қауіпсіздік мәселелері тек Еуропа ғана емес Азия құрлығына да байланысты екенін айтып, жалпы «Батыс-Шығыс» және «Солтүстік-Оңтүстік» деген ұғымдарды бөлмей-жармай біртұтас қарауды ұсынды. Екінші ұсыныс ретінде ЕҚЫҰ аясында жүзеге асқан тағы бір салмақты ой, ол жоғарыда айтып өткен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес деп айтуымызға болады. Үшінші ұсыныс ретінде Қазақ елін Азия құрлығы бойынша өзіндік бейбіт келіссөздер алаңына айналдырып, қашанда барлық елдер мен халықтарға талқылау мен пікір алмасулар үшін есігіміз ашық екендігін айтқанымыз болды. Төртінші ой – ол Азия елдерінің ынтымақтастығы мен бейбір қатар өмір сүруі үшін іс-шаралар атқару. Бұл кейбір Батыс елдерінің Шығысты «Ислам фундаментализмінің» қауіп-қатері дамитын аймақ ретінде қарайтын заманда аса қажетті ынтымақтасу керектігінен туған ой болатын. Бесінші ұсыныс ЕҚЫҰ аймақтық ұйымдармен тығыз қарым-қатынастар жасау арқылы тұрақты байланыс орнату туралы болды. Сол кездегі Хельсинкиде өткен кездесу Қазақстанның осындай ұсыныстары арқасында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының жаңа белестері ашылып, алып-қоспасыз айтқанда, ол жаңаша жұмыс форматына көшіп, халықаралық қатынастар жаңаша түрге енген еді.

Әлемнің белді 56 елі мүше болып отырған ұйымның әр саммитіне біздің ел аса жауапкершілікпен қарап, оның жұмысына белсене араласып отырды. Соның арқасында біздің елімізге 2010 жылы осы халықаралық ұйымға басшылық жасау тапсырылды. Ұйымның саммиті 1999 жылдан бері өтпей қалған еді. Сол себепті Қазақстан бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында 2010 жылы 1-2 желтоқсанда кезекті басқосу ұйымдастыруды қолға алды. Кездесуге БҰҰ мен ЕҚЫҰ сияқты халықаралық ұйымдардың басшыларымен қатар, 38 елдің мемлекет және үкімет басшылары мен мүшелері, сондай-ақ өңірлік ұйымдар өкілдері қатысып, үлкен пікірталас алаңы ретінде көптеген ойлар мен идеялар айтылды. Әлемде түрлі деңгейде болып жатқан қақтығыстарды реттеу және соғысушы елдер мен тараптарды бейбіт келіссөздерге шақыру сияқты үлкен мәселелер талқыланды. Азия құрлығында талай жылдардан бері жағдайы тұрақсыз болып келе жатқан Ауғанстан туралы да әңгімелер өрбіп, ұсыныстар айтылды.

1992 жылы құрылған Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымына биыл Қазақстан төрағалық етуде. Кеңестік өкімет құлағаннан кейін бұрынғы одақ кеңістігінде әскери қауіпсіздік мәселесі күн тәртібінде тұрды. Сол жылы 15 мамырда Өзбекстан астанасында құрылған бұл ұйым ТМД елдерінің әскери-саяси одағы болып табылады. Социалистік лагерь құлағаннан кейін әлем бір полярлы жағдайда қалған еді. Сол себепті де ТМД елдері кеңістігінде қауіпсіздік мәселесі күн тәртібіндегі аса маңызды болғандықтан ұйымның құрылуы заңды құбылыс болды. Бірақ мүшелікте болған Ресей, Белоруссия, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Грузия және Өзбекстан елдерінің соңы үшеуі 1999 жылы, өкінішке қарай ұйымнан шығып кетті.Оның ары қарай жұмысының тоқтамай әрі шатқаяқтамай жүруіне Қазақстан өз тарапынан қажетті қолдау көрсетіп, ықпалдастық етуде.

Трансұлттық қауіп-қатерлер, ішкі және сыртқы орын алуы мүмкін қақтығыстардың алдын алу, экстремизммен мен терроризммен күресу, халықаралық лаңкестікке қарсы тұру сияқты ірі маңызды мәселелермен айналысуда еліміз атсалысып келеді. Осы тұрғыдан әріптес елдермен бірлескен көптеген әскери жаттығулар мен шараларға белсенді түрде қатысып келеді. Қазақстанның төрағалығы аясында биыл 23 мамырда Елордада мүше-мемлекеттердің басшыларының кездесуі өтті. Ендігі төрағалық ететін кезекті Қырғызстанға бере отырып, еліміз ұйымдағы белсенді қызметін жалғастыра береді.

Қазақстан басшылығы өз отанымыздың қауіпсіздігі болсын, аймақтық тыныштық болсын, әлемдік масштабтағы бейбітшілік мәселелері болсын үрдістерден қалыс қалмай өзіндік ерекше орны бар мемлекет ретінде көріне береді.

Серікқазы  Көкенай

Қатысты Мақалалар