Самурайдың ұлы

/uploads/thumbnail/20170708174238718_small.jpg

2006 жылдың қыркүйек айы. Жоғарғы оқуды жаңадан бітіріп, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің халықаралық ынтымақтастық департаментіне қызметке кіргенмін. «Физика факультетіне Жапониядан физик профессор келді» дегенді естіп, көңілім алып ұшып жетіп барсам, ол кісі де дәп бір мені көптен күткен адамдай үлкен ықыласпен қарсы алып, факультеттің лабораториясында екі сағаттай емен-жарқын әңгімелескен едік. Профессор ретінде дәріс оқуға келген ғалыммен физика саласындағы университетаралық байланыс туралы жапонша алған сұхбатым оқу орнының халықаралық бюллетеніне «От Хоккайдо до КазНУ» деген атпен орыс тілінде жарияланды. Содан бері де біраз уақыт өтіпті. Жастардан аталық қамқорлығын аямай, айналасына шуағын шашып жүретін мейірімді ақсақалмен жүздесуге биыл сәті түсті. Сексеннің үшеуіне келіп отырған Хоккайдо университетінің профессоры Кандзи Фудзи сан Жапониядан құр қол емес, бір дорба кітап арқалай келіпті.

Кандзи сан, бұл жолы да физика фа­куль­те­тінің студенттеріне, жас ға­лым­дар­ға дәріс оқуға келдіңіз бе? – Бұл жолы дәріс оқуға емес, қыды­рып келдім. Мен Алматыға ең алғаш сонау 1992 жылы Ташкент университетінің профессоры, доктор Мусабековтың ша­қыруы­мен келіп, осындағы физик-мате­ма­тик ғалымдармен танысқан едім. Мусабеков менің Алматыдағы Ядролық фи­зика институтының, әл-Фараби атын­дағы Қазақ Ұлттық университетінің ға­лым­­дарымен кездесуіме ұйытқы болды. Сол кезде марқұм әйелім Джюнко екеуміз Орта Азияның біраз жерлерін аралаған едік. Алматының тауларын, Медеу шат­қа­лын суретке түсіріп, өзім де өлкенің көрі­нісін қылқаламмен салып, кейін «Владивосток пен Орта Азияға саяхат» деген атаумен кітап етіп бастырып шы­ғар­дық. Тарихы Ұлықбек медресесінде бедерленген өрнектердей терең Бұхара, Самарқанд шаһарларын да аралағанбыз. Әйелім та­ғамтанушы ғалым еді, Тағамтану инс­титу­тына барып, ғалымдармен кездесу өткізді. Содан бері де жиырма жылдан астам уақыт өтіпті. Алматыға келудегі мақсатым – ескі таныс физик жолдастармен кез­десіп, ел аралап, жер көру. Оның үстіне біз сені ылғи ойлап жүреміз ғой. Сенің еңбектерің елге көрініп жатса қуанамыз, қиналсаң, біз де уайымдап отырамыз. Саған керек қой деп, жапон классиктерінің кітаптарын дүкендерден іздеп, жинап жүр едім. Соны саған тапсырайын деп, ар­найы келіп отырмын. Мынау Мори Оугайдың шығар­ма­­лар жинағы. Кезінде дәрігер болған жазушы ғой. 1884-1888 жылдар ара­лы­ғында Германияда дәрі­гер­лік ғылыми тәжірибеден өткен. Сол кез­де жазған дү­ниелері осы кітапта бар. Мори Оугай мықты бір әскери дәрігер болған деседі. Неміс қызы ғашық боп, артынан іздеп барған екен. Сыншылар сынап жатса да жалпы шығармалары өте қызық. Хоккайдо университетінің жанындағы кітап дүкенінен алған едім, қажет боп қалар. Акутагава Рюноскэ, Тани­дзаки Джиюничироуды бұрын аудар­саң да бір-бір кітабынан ала алдым. Кі­тап­тың әдебиеттанушы жазған қоры­тындысында пайдалы мәліметтер бар. Коуда Роуханның кітабын оқып отырып, қазіргі жапон тілінен мүлдем басқа екенін көресің. Мэйдзи дәуіріндегі жазушы ғой. Қызы Коуда Ая да елге белгілі жазу­шы болған. Кейін әкесі туралы кітап жазған. Ал Кикучи Кан Тайшйоу дәуірінің қаламгері. «Бунгэйшюнджю» деген баспаны ашқан. Жалпы жапон жазушыларының бар­лығы дерлік лақап атпен шыққан ғой. Тағдырлары да ауыр. – Соның бірі Дадзай Осаму. Ол ау­қат­ты отбасында дүниеге келген. Бірақ соғыс кезіндегі тағдыры қиын қаламгер­лер тобына жатады. Соғыстан соң өзіне өзі қол жұмсаған. Жалпы жазушылардың өмірі өте қиын. Дадзай Токиодағы Тэйкаку университетінің француз әдебиеті бөлімінде оқыған. Өзі жазған ғой, «Мен француз әдебиетін жақсы көргендіктен емес, емтихансыз қабылдағандықтан бардым» деп. Бір гейшаға ғашық болғаны үшін әке-шешесі оны тегінен айырған. Алғашқы «Рэшшя» деген шығармасы сыйлық алған. Студент кезінде сабаққа бармай, тек жазушылықпен айналысқан. Психологиялық депрессияға ұшыраған жазушы жас кезінде нашаға да әуес болған деседі. Қаламгер «Жас кезімде өмі­р­ім туралы тезірек жазып бітіп, жылдам өлу үшін жазсам, 31 жасқа келгенде өмірге деген сүйіспеншілігім оянып, бұл дүниеде жасау үшін қолыма қалам алатын болдым» деген екен. Шабыт қысқан кезінде ауырады екен. Жазғысы келгенде тоқтамастан жазып тастайды да, біраз уақыт қолына қалам алмай жүретін әдеті болған көрінеді. Отыз бір жасына дейін бірнеше рет өмірмен қоштасуға бекінген, бірнеше рет үйленген. Оның үшінші қызы Сатоко кейін Юко Цушима деген лақап атпен атақты жазушы болды. Дадзай Осаму қазір Мори Оугайдың жанында жатыр. Мынау ақын, балалар жазушысы Миядзава Кэнджидің шығармалар жина­ғы. Негізінен Тоухоку диалектісінде жаз­ған ғой. Бәрі де солтүстік жақ болғанмен, Хок­кайдо емес, Аомори емес, тек Тоухоку диалектісін пайдаланған. Токио тілімен салыстырғанда өте көне диалектісі бар, ежелгі салт-дәстүрлерді сақтаған бір ел осы Тоухоку елі. Көнелігі аңыздарынан да байқалады. – Тоухоку диалектісін басқа аймақтың жапондары түсіне бермейді. Миядзава Кэнджи ана тілдің мәйегін мейлінше пай­да­лан­ған адам. Доува, яғни балаларға арналған ертегі, әңгімелер жазған. Со­ғыс­­тан бұрын Жапонияда өте жақсы оқыл­ған жазушы. Шығармалары негізінен бала­ларға арналғандықтан көптеген мультфильмдер, анимелер жасалған. Мы­нау балалар жазушысы Цубота Джйоуджи құрастырған жапон жазушыларының әңгімелер жинағы. Ішінде жапондардың жақсы көретін хайкулері де бар. «Чикума» деген кітап дүкенінен таптым. Цубота Джйоуджи Тайшйоудан бастап Шйоува кезеңіне дейін шығармашылықпен ай­на­лыс­қан. Ұзақ жасаған жазушылардың бірі. Елуге жуық кітаптың авторы, балалар журналын ашып, жапонның ертегі-жырларын жинап, зерттеген. 1986 жылы жазушыларға арналған Цубота Джйоуджи атындағы сыйлық тағайындалды. «Чюмонрйоуритэн» деген мына кітап – балаларға арналған өлеңдер жинағы. Бұрынғы классиктер болмаса қазіргі жазушыларды оқи бермеймін. Мэйдзиден бұрынғы самурай дәуірін суреттеген дүниелерді көп оқимын. Осара Гиджироу (1897 - 1973) деген жазушы болған. Курама Тэнгу деп өзіне ат қойып алған самурай туралы жазған кітабын бала кезде жастанып жатып оқығанмын. Бұл шығар­ма­ны одан кейін де бірнеше мәрте оқып шықтым. Бұл жазушының барлық туындылары менің үйімдегі кітап сөресінде тұр. Ол өзі француз әдебиетіне жақын болған. Нобель сыйлығын алған тұңғыш жапон физигі Юкава Хидэкимен (1907-1981) бірге атом қаруына қарсы өмірінің соңына дейін күресіп өткен. Ескі дүниені қазіргі балалар оқымайды ғой. Нацумэ Соусэкидің туындыларын жақ­сы көремін. «Боччян», «Кайрокоу», «Ко­коро» деген шығармалары жапон әдебиетінде ерекше орны бар дүниелер. Нацумэ Соусэки жаңа жапон классикалық әдебиетінің көрнекті өкілі. Анасы қырық­тан асқанда туған деседі. Қаламгерлік жо­лы 1903 жылы әдеби журналдарға хайку, сценарийлер жазудан басталған. Жастайынан ежелгі жапон, қытай әде­бие­тімен сусуындап өскен. Жазушы болуды бала кезінен армандаған екен. Ол Жапониядағы тұңғыш ағылшын әдебие­ті­нің маманы. 1900 жылы Жапония үкі­ме­ті алғашқы жапон-ағылшын әдебиеті­нің зерттеушісі ретінде Ұлыбританияға жіберген. Британияда кітапханалардан шықпай, күні-түні оқумен болады. Көп оқы­ған соң достары оны ақылынан адас­қан деп ойлаған. Жазушы Батыстағы өм­ірін босқа өткен өмір деп есептеген. «Лондонда өткізген екі жылым өмірімдегі ең келеңсіз кезең. Ағылшын джентль­мен­дері­нің ортасында қасқырдың үйірінен шығып қалған ит сияқты бейшара боп жүрдім» деген. Англияда жапон жазушы­сы­ның жанын түсінетін ешкім болмаса керек. Токиодағы империал универси­тетінде профессор ретінде әдебиет теориясы мен әдеби сыннан дәріс оқыған. Нацумэ Соусэкиді «Ақ қайың» ағымының жазушылары пір тұтқан. Акутагава Рюноскэ де жазушыны қатты құрметтеген деседі. Харуки Мураками «Менің ең сүйікті жазушым» деген. Нацумэ Соусэки­дің алпыстан астам шығармасы отыздан астам тілге аударылды. 2004 жылға дейін жазушының бейнесі 1000 иендік купюрада бейнеленді ғой. Бір, екі, үш, төрт, бес... Барлығы он үш кітап екен. Көп рахмет сізге, қа­шан­да жастарға қамқорлық жасап жүресіз. Сіз соғысқа дейінгі көп балалы үйде туып-өстіңіз. Ол кездегі жапон қоғамы қандай еді? – Бала кезде ақсақалдарды көріп өс­тік қой. Дөңгелек үстел басында үбір-шүбір қарадомалақтар жиналғанда у-шу боп кететін. Соның өзі бір байлық екен ғой. Қазір мейірім, береке-бірлік ескі заманмен бірге кеткендей боп көрінеді. Қазір әркім жеке басын күйттеген заман ғой. Жалғыз бастылар көбейіп барады. Қарттарға балалары емес, роботтар қарай­тын заманға жеттік. Осы жолы Алма­тыға келгенімде Алматы облысын­дағы бір ауылға қонаққа бардым. Он-он бес шақты кішкентай бала алдымнан жү­гі­ріп шығып, ағылшынша білетін сөздерін айтып, амандасып жатыр. Үйге кірсек, кең дастархан жаюлы. Үсті толы қазақтың ұлттық тағамдары. Ақ орамал тартқан, жасы алпысты алқымдап қалған бәйбіше қарсы алып, мені төрге отырғызды. Үлкен ұлы әңгіме айтып, келіні шай құйып отыр. Алдыма құйрық-бауыр қойды. «Сіз бізге құда­сыз» дейді. «Қалайша?» дедім таңда­нып. Сөйтсем, бұл кісінің немере бауыры былтыр Жапониядан келін алыпты. Содан мені жақсы танымаса да «Хоккайдодан келген құдамыз» деп, шапан жауып, қалпақ кигізіп, Алматыдағы қонақүйіме дейін жеткізіп салды ғой. Орта Азия ха­лық­тарының қонақжайлығы, әсіресе, қазақтың дархандығына қандай шетелдік болса да таң қаларлықтай. Бұхарада өзбек профессордың үйінде алғаш рет тандыр нан мен кілегейдің дәмін татқан едім. (Кейін марқұм әйелім, көпке дейін «Тандыр нан жеу үшін Орта Азияға тағы да барайықшы» деп жүрді). Қазақ ауылында маған «денсаулыққа пайдалы» деп, құйрық асатты. «Таңбалы тас» деген жерге барып, тауға шығып, қайтар жолда машина бұзылып, кенеземіз кеуіп келген еді, сүт қатқан шай ішіп, мейіріміз қанды. «Таңбалы тас» көріністерін, тау табиғатын өзімнің альбомыма бейнеледім. Жапон­дарға таныстыру үшін қолдан салған Жетісу суреттерін қосып, кітап етіп жазсам деймін. Мен қазақ ауылына келгенде 70-80 жыл бұрынғы бала кезімді еске түсіріп, бір марқайып қалдым. Соғысқа дейін де әр жапон үйінде аз дегенде 7-8 баладан болатын. Менің өзім де сегіз баланың ортаншысымын. Сіз туған өлке байрақты батырлар мен аузы дуалы ақындардың елі, мә­де­ние­ті тереңнен бастау алатын ерекше ай­мақ қой. Сіз самурайдың ұлысыз, иә? – Әкем мен шешем Жапониядағы ең үлкен арал Хоншюдің батысындағы Ямагучи қаласы маңында дүниеге келген. Бұл сол 1887-1896 жылдардағы самурай­лық кезең болса керек. Әкем – самурай, анам шаруаның қызы. Ол кездегі жалпыға ортақ міндетті білім бар болғаны төрт жыл. Ата-анам сол төрт жылдық мектепте оқу, жазу, соробанды (есеп) үйренген. Әкемнің шешесі самурайлық кезеңнің соңында туғандықтан мектеп қабырғасын көрмепті. Бірақ ескі әңгімелерді көп біле­тін, шежіреші жан еді. Ол уақытта Солтүс­тік­тегі Хоккайдоны айндар мекендейтін. Қазіргідей қалалар тұрғызылмаған, тыңы игерілмеген жер ғой. Жаңа Үкімет құрыл­ғанда самурайлардың жағдайы қиындап кетеді. Жапонияның әр аймағын­дағы самурайлар түгел Хоккайдоға қоныс аударады. Ол кезде Хоккайдо қалың нулы, сықасқан орманды өлке екен. Самурайлар ағаштарын отап, жерді егістік алқап­тарына дайындайды. Әкем үкімет жоспары бойынша қалалар салуға қатысып, сауда-саттық өркен жайған шаһарларды тұр­ғызуға атсалысқан. Ол уақытта Хок­кай­­доның барлық ауылдары айн сөз­дері­мен аталатын. Әкелеріміз барған соң әлгі жер атауларын жапон тілінің дыбысталу заңдылығына бейімдеп, біраз өзгеріс енгізеді. Көптеген жер атауларын тыңды игерген адамдардың туған жерінің атауына сәйкес етіп қойған деседі. Мысалы, Хоккайдоның бас қаласы Саппоро мен Чибаның әуежайы арасында Китахирошима (Солтүстік Хирошима) қаласы бар. Бұл шаһар әйгілі жарылыс болған Хоншю­дің оңтүстік-батысындағы Хирошимамен бауырлас қала, солтүстікте бол­ған­дықтан Китахирошима деген атауға ие болды. Әкем ол кезде қылшылдаған жас жі­гіт. Жаңадан тыңы игерілген Хоккайдоға келіп, орман шаруашылығымен айналыса бастайды. Содан соң үйленіп, атамыз бен әжемізді Хоншюден көшіріп алады. Хоккайдоның солтүстік бөлігіндегі Асахикава деген шаһардан үй алып, балалы-шағалы болады. Жағдай енді оңалды-ау дегенде, дүниежүзілік экономикалық дағдарыс басталып, 1925 жылы император ауысады. Шйоува деген жаңа кезең басталады. Бұл кезең тарихта Шйоува дағдарысы деген атпен қалды. Әкем кәрі әжемізді, шешеміз бен балаларын алып, Хоккайдодан Солтүстіктегі арал Сахалинге көшеді. Сахалин аралы Ресей империясымен соғыстан соң 1905 жылдан бастап Оңтүс­тігі жапон территориясы саналады. Са­халинді жапондар Карафуто деген. Чехов «Сахалин аралын» содан он жылдай бұ­рын ғана жазған екен. Самурай заманы өткен соң Хоккайдомен бірге Солтүстіктегі аралға Жапония­ның әр аймағынан ел көше бастайды. Ка­рафуто үкіметінің орталығы Тойохара (қазіргі Южный Сахалинск) деген жерге қоныстанады. «Үйімізде самурайдың қылышы сақталған» деп едіңіз? – Әкем бұнда көшіп келген соң тағы бір қызы дүниеге келеді. Мен 1931 жылы туыппын. Бес жылдан соң үйдің кенжесі дүние есігін ашты. Карафутода балық шар­уашылығы, көмір өндірісі, қағаз жасау деген сияқты өндіріс орындары ашылды. Теміржолға арналған шпал, тұрғын үй құрылысына арналған материалдар жасайтын кәсіпорын ашып, әкем ісін жалғас­тыра­ды. Бірақ ел экономикасы қайтадан құлдырап кетеді. Соғыстан жеңілген соң бүкіл кәсіпорындар жұмысын тоқтатады. Мұрагер саналатын үлкен ұл Оңтүстік арал­дағы соғыста мерт болады. 1945 жыл­дың 15 тамызында императордың соғыстан жеңілу туралы мәлімдемесінен кейін де жалғасқан майданда Кеңестер Одағының әуе шабуылынан үйіміз бүкіл мүлкімен қоса өртеніп кетеді. Әкем банк­тегі азғантай қаржысынан да айырылады. Содан 1947 жылдың көктеміне дейін Кеңес Үкіметінің пәрменімен әкем жапон-орыс жұмысшыларын бастап, Южный Сахалинскіге жақын жердегі орманда жұмыс істейді. 1947 жылдың жазында үй-ішіміз кемемен Хоккайдоға барады. Таныс-тамыр жоқ. Әкемнің жас кезінен араласып жүрген бір досы бар еді. Соны тауып алып, Саппороға жетеді. Саппоро түбін­дегі портты шаһар Отаруда досы бар еді. Сол досының қала сыртындағы орманында жұмыс істейді. Екеуі орман шаруашы­лы­ғына қатысты жоспар жасайды. Бірақ соғыстан кейінгі экономикалық тұрақ­сыз­дық жоспарын аяғына жеткізбеді. Әкем 1959 жылы асқазан ауруынан дүние салды. Ағаларымның әңгімесіне қарағанда Карафутоға көшерден бұрын самурайдың қылышы, найзасы, бүкіл сауыт-сайман­дары үйімізде сақталыпты. Ал Карафутода үйдегі тартпаның ішінде жап-жаңа қылыш жатқанын көрдім. Басқа сауыт-саймандардың қайда кеткенін білмеймін. Карафутоға көшу үшін кемеге пұл ретінде төленіп кетті ме екен деп ойлаймын кейде. Мэйдзи реставрациясы кезінде жаңа мемлекеттің орнауына, елдің қалып­та­суына Ямагучидің самурайлары зор үлес қосты. Оның ішінде менің әкем де бар. Мен туған 1931 жылы Манчжурия оқиғасы басталған болатын. Бұл оқиға Англия, Америка, Қытаймен біріккен одақтасқан мемлекеттер қатысқан Екінші дүниежүзілік соғысқа ұласты ғой. Атом бомбасының жарылысын, т.б. ел ба­сына бірінен кейін бірі төнген аласапыран уақиғаларды көзіммен көрген мен ескі білім жүйесі бойынша орта мектептің екінші сыныбын 1945 жылдың жазында бітіргенде «15 жылдық соғыс» та аяқ­тал­ды. Бастауыштың бірінші сыныбынан милитаристік білім алып, соғыстан соң орта мектепті жаңа білім жүйесімен жалғадым. «Соғыста туған ұрпақ» дейді ғой. Бұл ұрпаққа менің үш ағам да кіреді. Екінші дүниежүзілік соғыста талай жас жі­гіт әскердің жеке құрамында жүріп мерт болды. Әкем арқа сүйеген үлкен ағам да сондай сарбаздың бірі боп кете барды. Ол кезде Үкімет гуманитария факультетіндегі жігіттерді түгел соғысқа алып кеткен. Тағы бір ағам 1943 жылдың күзінде Үкіметтің студенттерді майданға алу жөніндегі жоспарына сәйкес соғысқа кетті. Екі ағам Қытайдың Манчжуриясында соғысу үшін Карафутодағы әскер құрамына алынғанмен, соғыс аяқталар­дан сәл бұрын 1944 жылы Жапонияның Кюшю аралына жіберіліп, тірі қалады. Сөйтіп, Сібірдегі мәжбүрлі түрдегі қара жұмысқа алынғандардың қатарына ілінбей аман қалады.

Бүгінде сол сегіз ағайындыдан бір інім мен екі қарындасым бар. Мэйдзи реставрациясы кезінде жапон халқының саны көп балалы отбасылардың арқасында өсті. Ол уақытта халық санын ұлғайту жө­нін­де Үкіметтің арнайы жоспары бар болатын. Қазір баласыздар көп, жалғыз бала, әрі кетсе екеумен шектелуде. Көп балалы отбасылар санын көбейту тұрғы­сынан ешқандай үкіметтік жоспарды көрмей отырмыз. Бала туу көрсеткішін жо­ғарылатқан дұрыс деп есептеймін. Өйткені, бұл үлкен мемлекеттік мәселе.  Муромачиден жеткен, самурайлардан қалған мәдени мұраларды, Мурата­ның оюлары бейнеленген самурай кимоноларын бүгінде мұражай­лардан ғана көретін болдық. Самурай әлемі классика ғой. Музыкалық мұра­ларын, мұрағаттар­дан табылатын хай­кулерін мұрнынан тіреле зерттеген ешкім жоқ шығар, сірә. Ар жолынан таймаған самурайдың бірі Ямамото Цунэтомоның «Хагакурэ» деген еңбегі де Батыстың тісі батпайтын дүние ғой. – Дұрыс айтасың. Ар, намыс, адамгер­шілік, ұят, төзімділік, адалдық, осының бә­рі самурай кітабының тақырыбы. Самурайлар өздерінің жазғанын мықтап ұстанған. Самурайлардың жазуы бөлек, ісі басқа болмаған. Әр әрекеті ойлаған ойымен, ұстанымымен, айтқан-жазған идеясымен астасып жатқан. Олар арды өте биік ұстаған адамдар. Ар үшін жанын құрбан еткендер. Бушидо – самурай жолы бойынша қожайынға, бастыққа қызмет ету құлдық психологияға жатпайды, бірақ самурайлар басшыға ұнау үшін жағым­пазданған надандарды құл деп есептеген. Самурайдың жауы – өтірік, қор­қақтық, жалқаулық, сатқындық. Самурайлар өте талантты болған ғой. “Гүлдiң ұлысы – Сакура, жiгiт төресi – Са­му­рай”, “Сакураның тарихы – са­му­райдың тарихы” деген мақал-мә­тел­дердің мәнi ерекше. Самурайлар тік жүріп қана өмір сүрмеді, өз қолдарымен сакура бағын отырғызып, Жапонияны гүлдендірді. Хирошимадағы салмағы 30 келi болатын “Кодзакурагаваодошийорой” деп аталатын самурайдың алтыннан жасалған сауыт-сайманына қарап отырып, жапондар ежелгі заманда расында алтынға бай ел болған-ау деп ойлайсың. – Марко Поло жазып кеткендей, біз­де алтын кендері көп болған көрінеді. Мұ­ражайларда алтыннан жасалған бағ­зы заманның жәдігерлері аз емес. Бірақ жапон табиғатына дүниеқұмарлық тән емес. Алтын өнер, сән үшін ғана ғой, тір­ші­лік үшін емес. Қазіргі жапон кәсі­п­кер­лері де самурай аталарымыздың жазып кеткен кітаптарындағы өсиеттерін жиі-жиі оқып, парасат-пайым тұрғысынан өздерін жетілдіріп отырады. Өзің де көріп жүрсің, біз бар жиған-тергенімізді саяхат­тауға, ел аралап, жер көруге жұмсай­мыз. Токиодағы бір компанияда істейтін әйел екі жылдық жалақысын жинап, «Ал­ма­тыдағы Панфилов бағын көруге ар­найы келдім» дегенде таң қалып едім. Тағы бір жазушы бір аяқ киіммен 22 елді аралап шыққан. Жапонияда жаңа дегеннің өзі көнемен байланыс­ты. Ұс­та­ханалар, дүкендер, тіпті ірі ком­паниялар да жүз­деген жылдық та­рихқа ие. Маған жа­пон­дардың қара­пайым­ды­лығы бәрінен ұнайды. – Ваби-саби дейді ғой, қарапайым­ды­лық жапон эстетикасының өзегі емес пе? Қарапайымдылықтың астарында жапондар ғана түсінетін үлкен күш бар. Бұл ұғымды Батыстағылар ұқпайды. Түсінеді дегеннің өзі үстірт, өйткені, бұл ұлттық мә­де­ниет. Киото, Нара сияқты көне қала­ларда қазірдің өзінде жарқыраған жарнамалар ілуге, ғимараттарды өткір бояуларға бояуға болмайды. Қара­пайым­дылық табиғи сұлулықпен астасып жатыр. Дзэн философиясы да материалдық дүниеден ажыраған адам жанының еркіндігіне меңзейді емес пе? Садоу, шйодоу, сумиэ сияқты өнер түрлерінде қарапайым көрініс арқылы жанға жайлы көркемдік бейнеленеді. Бүгінде жапон халқын не толғанды­ра­ды деп ойлайсыз? – Қазіргі Премьер-министр Абэ Ямагучиден сайланған. Император жаңа Үкіметті құрғанда басында тұрған тұлға. «Мықты мемлекет болу» деген мақсатпен екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі кезеңге оралу саясатын ұстанатын сияқ­ты. Бұны қазір шығып жатқан, сол заман­ның көрінісін бейнелейтін заңдарынан көріп отырмыз. Қазіргі заңнамалық өзгерістері бұрынғы адамның құқығын қорғауға негізделген, 1947 жылы қабыл-данған бейбітшілік Ата заңын негізгі мәнінен айыруға апара ма деп қорқамын. Осыдан барып, елді қатты алаңдатып отырған бір мәселе соғыс өрті тұтанып кете ме деген қауіп алаңдатады. 1947 жылғы Ата заңда Жапония соғыс атау­лыға қатыспау туралы мәлімдеген. Бұл жалпы жапон халқын толғандыратын мәселе. «Бұдан кейін Жапония қайда барады, болашағы не болады?» деген сұрақ әр жапонды мазалайтыны рас. Жапон қариялары бос жатпайды ғой. Сіз де қоғамдық іске араласып жүр­ген боларсыз? – Биыл сексен үштемін. Ақпан айында жүрегіме операция жасатқан соң бұ­рын­ғыдай шауып жүре бермеймін. Бірақ ешкімге масыл боп отырғаным жоқ. Қа­зір үлкен ұлдың қолындамын. Оның мектеп жасындағы үш баласы бар. Одан кейінгі ұл Саппоро маңындағы портты қала Отаруда тұрады. Кенже ұлдың бес жастағы бір баласы бар. Хоккайдо университетінде Жаратылыстану ғылым­да­рына кіріспе пәнінен, математика ғылымына қатысты лекциялар оқимын. Физикадан аспиранттардың диссертацияларына жетекшілік етемін. Оған қоса өзімнің докторлық диссертациямды қайта қарап, жаңадан бастырып шығарсам деймін. Жапонияның әр аймағының тыныс-тіршілігін, тарихын, мәдениетін таныстыратын кітаптарың жарыққа шыққанда ғаламтордан көріп таныстым. Жұрт қара бас қамын ойлап, бас пайдасы үшін бір-бірімен ит тартысқа түсіп жатқан заман ғой. Осындай қиын уақытта екі халықты бір-біріне жақындатқан, тарихы мен мәдениетін, әдебиетін таныстыру жолын­дағы еңбектерің ұзағынан болсын. – Рахмет!

 

Әңгімелескен  Шарафат Жылқыбаева

1-10-2014

"Қазақ әдебиеті"

Қатысты Мақалалар