Үлбідегі уран банкі: Ғаламдық қауіпсіздік үшін

/uploads/thumbnail/20181129111152500_small.jpg

Қазақстан президенті Нұрсұлтан   Назарбаев – әлемде бейбітшілік пен татулықты және тұрақтылықты басты мақсат етіп келе жатқан халықаралық дәрежедегі қайраткерлердің бірі. Елбасының әлемді ядролық азат аймаққа айналдыру жөніндегі бастамасы шын мәнінде құптарлық іс. Қазіргі уақытта Назарбаевтың бастамалары әлемнің түкпір-түкпірінде мінбелерден айтылып, талқыға салынуда. Міне соның айғағы ретінде кеше Нью-Иоркте ядролық мәселелерді талқылау жөніндегі форум болып өтті.  БҰҰ-ның қаурусыздану жөніндегі бөлімімен бірігіп ұйымдастырылған бұл басқосу Қазақстан президенті көтеріп отырған мәселенің жан-жақты және маңызды екенін тағы бір рет көрсетті.

Форумның қатысушылары алдында сөз сөйлеген Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары  Ержан Ашықбаев әлем ядролық қарусыз аймаққа айналуы үшін ең алдымен күш-жігtр және ынтымақтастық керек екендігін атап көрсетті. Ол үшін не істеу керек?

Ержан Ашықбаев «бұл орайда Қазақстан президенті Назарбаевтың бастамасы маңызды». Сол үшін мемлекет басшысы айтып өткеніндей, қазіргідей қайшылықтарға толы уақытта ядролық қарусыз аймақтағы мемлекет басшыларының басқосуы қашан да күн тәртібінде тұрғаны анық.

Бұл орайда Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев Президент бастамасына орай, барлық ядролық қарусыз аймақтардың көшбасшылары мен осы саладағы халықаралық қоғамдастықтың белсенділерінің жиынын Қазақстан аумағында өткізуге  дайын екенін мәлім етті.

Шындығында қашан да халықаралық бастамаларда алдыңғы лектен көрінетін Қазақстанның қадамы басқа елдерге үлгі боларлықтай. Расында ядролық қару мен атом өндірісінің бір-бірімен тікелей байданысы бар. Сондықтан мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде төмен байытылған уран банкін ашу жөнінде мәселе көтергенде оны алғашқыда ешкім түсіне қойған жоқ.. «Бұл біздің экологиямызға орасан зор зиянын тигізеді» дегендер де болды. Бірақ бейбітшілік жолында батыл қадам жасауымен әлемге танылған қазақ басшысының әрекетін түсіне білгенге бұл –дұрыс қадам. Ақыры соңғы алты -жеті жыл бойы талқыланып келген бастама өмірге қадам басты. 2017 жылдың тамыз айында Елбасының қатысуымен Өскеменде төмен байытылған уран банкі ашылды. Оған МАГАТЭ-нің бас директоры Юкия Амано қатысты. Елбасы оған уран банкінің символикалық кілтін салтанатты жағдайда табыс етті.

Жалпы өткенге шегініс жасар болсақ, Қазақстан тарапы төмен байытылған уран банкін Қазақстан аумағында орналастыру жөніндегі бастамасын 2011 жылдың 29 шілдесінде МАГАТЭ ұйымына жіберген. Ақырында Қазақстандағы бірнеше  алаң қаралғаннан кейін халықаралық агенттіктің мамандары уран өндіретін байырғы кәсіпорын Үлбі металлургия зауытының қоймасын таңдаған.  Енді аталған зауытта алдағы уақытта 90 мың тоннаға жуық төмен байытылған уран сақталатын болады және ол бейбіт мақсатқа жұмсалады.

Жалпы уран банкі Қазақстанға не береді? Мұның халықаралық маңызы бар. Біріншіден, ураны бар елдер оны өздерінде байытып, ядролық атом бомбасы мен оқтұмсықтарын орналастыруға ұмьылып жатқаны белгілі. Ал оны Үлбі металлургия зауытына орналастырудың халықаралық қауіпсіздік үшін маңызы өте зор. Өйткені Үлбідегі уран банкі Қазақстан мен МАГАТЭ мамандарының бақылауында болады. Сонымен қатар, оны Ұлттық ұланның сарбаздары кірпік қақпай күзетіп тұр. Оның үстіне Қазқстанның уран банкін өз аумағында орналастыруының тарихи-саяси символикалық маңызы бар. Өйткені 1949 жылдан бастап Семей полигонында мыңнан астам ядролық сынақ жасалды. Екіншіден, Қазақстан президенті дүние жүзінде ядролық арсеналы жағынан төртінші орында тұрған сынақ алаңын өз жарлығымен жапты. Демек өз еркімен атом тажалынан бас тартқан Қазақстанның халықаралық аренада абыройы артты, беделі көтерілді. Қазақстан президентінің 29 тамызды ядролық қаруға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп атау туралы бастамасын БҰҰ бекітті.  Орталық Азия аймағын ядролық қаурудан азат ету аймағы туралы Назарбаевтың бастамасы бүгін, ертең және болашақта да өте өзекті юола береді. Сондықтан халықаралық қоғамдастық пен әлемдегі ядролық қаруы бар алпауыт елдер Президенттің уран банкін  Қазақстанда орналастыру туралы бастамасын бірден қолдады. 

–1991 жылғы 29 тамызда, менің Жарлығыммен әлемдегі ірі полигон – Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Бүгінде бүкіл әлем 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні ретінде атап өтеді. Қазақстанда қуатты ядролық қарудың болуы тағы бір мәселе болды. Қазақстан іс-әрекеті арқылы ядролық арсенал проблемасымен бетпе-бет келген басқа да елдерге үлгі  көрсетті. Төмен байытылған уран банкі МАГАТЭ-нің толық бақылауымен жұмыс істеп, ресми түрде оның заңды меншігінде болады. Сондықтан, МАГАТЭ басшылығына және Банк донорларына осы маңызды жобаға зор үлес қосқаны үшін ризашылық білдіремін, – деді президент Назарбаев уран банкінің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.

Сөйтіп, президент Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан уран банкі орналастыру  Қазақстанға не береді? Біріншіден, біздің еліміздің халықаралық аренада беделі артты. Абыройы көтерілді. Екіншіден, Қазақстан осы қадамы арқылы ғаламдық ядролық қауіпсіздікке өз үлесін қосты. Үшіншіден, Үлбідегі халықаралық маңызы бар стратегиялық нысанның қауіпсіздігі мен Қазақстанның тәуелсіздігіне және тұрақтылығына қалған  ірі державалық елдер кепілдік береді. Төртіншіден, уран банкі елімізде  атом өндірісін дамытуға қуатты серпін береді. Бесіншіден, төмен байытылған уран банкі қоғамға қауіп төндірмейді.
Міне қашан да халықаралық аренада салмақты да сарабдал саясат ұстанатын Қазақстанның, атап айтқанда президент Назарбаевтың ғаламдық бейбітшіл бастамалары ел үшін де, төрткіл дүниенің қауіпсіздігі үшін де өте маңызды бола береді.

Уран банкінің ашылу салтанатында президент Назарбаев ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитті  басқосуының бірін Астанада өткізуге дайын екенін мәлім етті. Демек, мұндай ғаламдық жиынды біздің елде өткізуге ядролық қарудың зардабын тартқан ел ретінде Қазақстанның өткізуге толық қақысы бар. Мұның түбінде толық жүзеге  асатынына да сенімдіміз.

Еркін Қалдан  

Қатысты Мақалалар