Биыл Қазақстанда халық санағы жүреді. 2019 жылдың ең басты оқиғасы осы халық санағы екені белгілі. Бұған мемлекет те баса мән беріп отыр. Халық санағына қазынадан 8,8 миллиард теңге жұмсалмақ. Бір ерекшелігі, биылғы санақ электронды форматта өтпек. Статистика комитетінің мәліметіне қарағанда, азаматтар 89 сұраққа жауап береді. Оның ішінде 45 сауал азаматтардың жеке мәліметтері мен жоспарына қатысты. Алғашқы санақ мамыр-маусым айында, екіншісі қараша айында өтпек. Сонымен қатар, халық санағына 30 мың ерікті тартылатын болады. Олар үй-үйді аралап, кез келген адамға қатысты мәліметті жинайды, оны планшетке түсіреді.
Елімізде қазіргі таңда 18 миллион 393 мыңнан астам халық тұрады. Мамыр айына дейін бұл дерек тағы да толыға түседі. Ал біздің айтпағымыз бұл емес. Бұл санақтың маңызы зор. Өйткені...
- Бұл он жылдан кейін жүргізіліп отырған халық санағы.
- Ұлттың демографиялық үлесін көрсететін басты көрсеткіш.
- Биылғы халық санағының саяси - әлеуметтік, тарихи мәні бар.
Сондықтан...
Бұл санақта мемлекетқұрушы ұлттың басымдығы айқын көрсетілуі тиіс. Өйткені осыдан он жыл бұрынғы санақта республика халқының үлес салмағында қазақтың саны алғашқыда 65 пайыз деп көрсетілді де, бұл дерек кейіннен 63 пайыз делініп кетті. Мұның жалған немесе шынайылығын ешкім аңғара алмай қалды. Көпшілігі бұған мән бергенімен, кейін ұмытылып кетті. Сондықтан осы жолы аталған кемшіліктер қайталанбауы тиіс. Өйткені...
Қазақтың саны барған сайын артып барады. Мұны алдағы уақытта ашық көрсетуіміз тиіс. Өйткені біз көпұлтты мемлекетпіз бе? Алдағы санақтан кейін мұндай терминді қолдануды мүлдем қою керек. Барған сайын елімізде азайып бара жатқан басқа диаспоралардың саны да нақты көрсетілуі керек. Онда да негізгі диаспоралардың дерегі шынайы болуы тиіс. Орыстар қанша қалды, немістер мен өзбектер және кәрістердің саны қанша? Мұның барлығы қажет және керек дерек деп білеміз. Өйткені осыған байланысты қазаққа қатысты биліктің ұстанған саясаты да күрт өзгеруі тиіс. Биылғы халық санағы біздің басты көрсеткішіміз болатыны анық. Демек, қазақтың демографиялық үлесіне қарап, биліктің де өзгеретін кезі келді. Халық санағына қатысты біздің айтпағымыз осы еді...
Пікір қалдыру