Өлімін бе, тірімін бе? (әңгіме)

/uploads/thumbnail/0_small.jpg

Өкінішті...Тағы да кеш қалдым... «Жақсылыққа жақсылық әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық ер кісінің ісі» деуші еді. Ал мен болсам ер кісі түгілі, әр кісінің ісін жасай алмай, тілімді тістеп, санымды соғып отырмын. Күні кеше Қарлығаштың маған жасаған жақсылығына жақсылықпен жауап бере алмадым. Көмек сұрап алдыма келгенде қолымнан келер істі келмейді деп, көмектесуге қауқарым жетпеді. Артынан тағы өкініш басты өзекті. Бүгін тағы...

Қаңтардың қасқыр бораны ұлып өтті, ақпанның арлан аязы тіземізді қалтыратып, терімізді сылып өтті, ұмытылмас кектің санада жұрнағы, жүректе сызы қалатыны секілді қыстың уақытында төгілмеген кәрін сақтап наурыз жетті, сәнімізді түзеп, әнімізді еркін шырқайтын көкек те қиырдан ұшып келді. Сәуір болмай көктем де тәуір кейіпке ене алмай абыр-сабыр, мәре-сәреге түсіп,ырғалып-жырғалып ұясына бұлбұлын, қия, қырына гүлін қондырып, жер бетіне жасыл кілемін жайып үлгерді. Адам да,аң да қабат тонын тастап, ұйқыдан оянғандай дел-сал кейпінен арылып, сәуірге қарап сән түзеді. Иә, бәрі керемет,бәрі әдемі,бәрі ғажайып...

Бірақ ұяңдығы ұятынының орамалы болып, намысын тік көтерген кеудесіне сыйдыра жүрген мені көктем де, тәуір болар деген үмітті арқалай келген сәуір де жадырата алмады. Әуелі қыз сүйдім, ғашық болдым. Басым қатып, бұрынғыдан бетер қиялға берілгіш, «қияли» болып кеттім. «Махаббат па? Әй, қойшы соны, сүю бір сәт қана, сыйластық- ғұмырлық сезім, үйленер болсаң сезімнің ырқына көніп, айдауына еріп үйленудің қажеті шамалы, сананың бағыттаған жолымен жүру керек шығар».

Ауылым, төсіңде неге ғана ойнап-күліп жүре бермедім екен? Сен ғой, санама «арман» дегенді әкеліп, оған Алматыны қосақтаған. Сонда маған жұпарың мен кәусарыңды артық көрдің бе? Сенде туған арманды қуам деп Алматы төрін паналадым. Мұнда жетісіп жүр дейсің бе? Сені сағындым.Жалықтым. Бәрінен жалықтым,шаршадым. Университеттегі мылжың, басқатырғыш сабақтардан, тілінен өрнекті сөзі төгілсе де қарқ қып дәлелді дерек бере алмайтын, студенттің басына тапсырмамен қатар мұңды үйіп-төгіп беретін мұғалімдерден шаршадым. Өзімнен шаршадым, маған не болды?Қолым тар, сараң боп барам, ұйқыны адам баласынан артық жақсы көрем.Менің болмысым осындай ма еді? Бірде аты құрғыр «Психология» деген пәннен ағымдық бақылау қабылдады. Жиіркенішті нәрсеге кім жақын барып, махаббатпен оны зерттемек? Сабақтан көп қалғаным үшін 56 балл, яғни үштік қойды. Қасымдағы бір топта оқитын студенттер қорғамақ болып, жалына бастады.

-Апай, Жанұзаққа 75 қойып беріңізші, апай,-деп көзілдірік таққан арамыздағы жасы бәрімізден үлкен Қарлығаш жалынуды бастап кетті.

-Қалай қоям, сен 6 балыңды бересің бе?-деп жүйкесі тозған «псих апай» Қарлығашты шарасыздыққа салмақ болып еді,

-иа, апай берем Жанұзаққа 6 балымды,-деп апайдың ұсынысын қабыл етіп, мені таң қалдырды Қарлығаш. Ұяттан жерге кірердей қызарып, тілімді тістеп отырған орнымнан қаққан қазықтай қозғала алмадым.

-Жанұзақ, сөйлессей апаймен, не қып отсың?-деп Қарлығаш жанашырлықпен ұрыса бастады.

-Қайтесің, үндеме, керек емес,-дедім де, орнымнан тұрып сыртқа шығып кеттім.

Ішім алай-дүлей болып тұр. Кешегі қаңтардың қасқыр бораны ішіме кіріп ұлып жатқандай, ақпанның арлан аязы бауырымды солқылдатып, дірдектетіп жатқандай күйге түстім.Жылдан кеткен қыс кәрі менің ішіме кіріп, ішімдегі көктем сыртқа шыққандай. Шіркін, солай болса ғой, айналама қарап мен қандай керемет адам болғам деп тамсанар ем. Олай емес.

Кеш. Кеш түскенде «кеш» ұғымының екінші бір мағынасы ойыма оралып, өкініш өзекті тырналап, көкірекке өксік ұялатушы еді. Бүгін де солай. «Әй, қойшы,өткен өтті, қайтемін бас қатырып, енді алдымнан шығар тосқауыл болса тізем мен тісімді қатар батырып, қараңғылығымды жарық етермін». Ертеңгісін болатын сабаққа дайындалып отырғам. Орыс тілі пәнінен кроссворд жасау тапсырылған болатын,ғаламтор беттерінен көшірме жасап алып, оны А4 форматтағы қағазға шығару үшін 17-бөлмеге бардым. Жолай бүгін маған әпкемдей қамқорлық жасаған Қарлығашты кезіктірдім.

-қалайсың, Жанұзақ,-деп әдеттегідей менен бұрын халімді сұрап,- маған да кроссворд жасап берші.

-Жарайды, бірақ мен өзімдікін ғаламтордан алдым ғой,-дедім.

-Маған да сол ғаламтордан алып берші,-деді.

-жарайды, көремін қазір,-дедім. Содан бөлмеме кіріп, ғаламтордан кроссвордты іздемек болып компьютер алдына жайғастым, интернетпен байланыс орната алмай ғаламторға кіре алмай қойдым.

Қарлығаш хабарласқанда «жасай алмадым, менде интернет дұрыс жұмыс істемей тұр» дегеннен басқа ештеңе дей алмадым. Кеш... тағы да өкініш. Қарығаштың бүгінгі жасаған жақсылығы ойыма оралып, өзекке өкініштің шоғы түсіп, санды соққаннан басқа ештеңе істей алмадым.

Таң атты, түс ауды. Екінді. Жатақхананың алдындағы жолдың қарсы бетінде орналасқан «28-панфиловшылар гвардиясы» атындағы паркке кіріп, қайта-қайта алдымнан шыға беріп, ығырымды шығарған «Психологиядан» тест жаттамаққа кірістім. Парк ішіндегі жолдан қашықтау, тыныш, жасыл шөбі жайқалған жерге барып отырдым да, телефонымдағы тестті біртіндеп оқи бастадым. Телефоннан көзімді тайдырып әкетсем болды, қарсы алдымдағы жолдан өтіп бара жатқан қол ұстасып, құшақ айқасқтырған екеуді көзім шалып, «махаббат, қызық мол жылдарым» есіме түсе кетеді.Елемейін деп, телефоныма қайта үңіле бергенімде тынымсыз шырылдаған көктегі қос қанаттының аянышты дауысы ойымды бөлді. Назар салмақ болып, басымды көтеріп қарағанымда қарсы алдымда жасыл шөпті кезіп жүрген екі итті көрдім. Бірі қызыл, бірі ақ ит еді.Ақ иттің ауызында қанатын қайта-қайта қаға түскен, өмірге құштарлығы өлімнен қашпаққа итермелеп, тынымсыз қимылдап азулының азуынан құтылмаққа тырмысып жатқан қанатты болды. Ал төбеде шыр-пыр болып шырылдап, азуға іліккен қанаттыны құтқармақ боп байыз таппай өрекпіген екі құс ұшып жүрді. Торғай дейін десем, торғайдың бұрын мұндай батылдығын көрген емеспін. Торғайдың бір түрі шығар деп түйсіндім. Содан бір кезде әлгі көкте қалықтаған торғайлардың бірі азулының тұмсығына бүркітше түйіле келіп, теуіп өтті де, қайта биікке өрледі. Әттең не керек, ақ азулы ақ азуын қызыл етіп, азуына іліккен торғайды шайнап, жұта берді. Ал аспандағы шырыл қаққан қос торғай тынымсыз шырылдап, әлдекімді көмекке шақырғандай тынышсыздана алмады. Тұла бойымда ыстық жігер қайнап тұрса да, орнымнан тұрып әлгі ит аузына түскен торғайды құтқаруға қауқарым жетпеді. Отырған орныма шегеленіп қалғандай болып отырдын. Бұл оқиға да біраз ойға батырды.

Өкінішті...Тағы да кеш қалдым... «Жақсылыққа жақсылық әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық ер кісінің ісі» деуші. Ал мен болсам ер кісі түгілі, әр кісінің ісін жасай алмай, тілімді тістеп, санымды соғып отырмын. Күні кеше Қарлығаштың маған жасаған жақсылығына жақлысықпен жауап бере алмадым. Көмек сұрап алдыма келгенде қолымнан келер істі келмейді деп, көмектесуге қауқарым жетпеді. Артынан тағы өкініш басты өзекті. Бүгін тағы...Қанаттыны азулының азуынан төнер ажалынан аман алып қалуға қауқарым жетпеді. Неткен пасық адаммын,а?

Кеш. Ымырт кезінде тағы да ойға шомып, басымнан өткен екі өкінішті оқиғаны еске алып отырмын. Енді қарап отырсам, кешегі «псих апайдың» қояр бағасынан шегер зияннан мені қорғамақ болып шыр-пыр еткен менімен бір топта оқитын студенттер бүгінгі көкте қалықтаған торғайларлар да, азулының аузындағы ажал төнген торғай мен екем, ал ақ азулы «психология» пәнінен сабақ беретін апайым екен. Ал иттің тұмсығына бүркітше түйіле кеп, тепкі салған торғай өзінің 6 балын маған қиып берген Қарлығаш.Бірақ азулының азуынан қанатты ажал тапты, ал мен...Білмеймін.Намысым сөгіліп, ұятқа қалғаным, жақсылыққа жақсылық ете алай қауқарсыздық танытқаным өлімге тең бе? Өлім дейін десем, өлгеніді мойындағым келмейді. Білмеймін...Өлімін бе, тірімін бе?

 zhanuzak

Жанұзақ Оразбай Қобландыұлы Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университеті Филология факультетінің 1-курс студенті. ОҚО, Төлеби ауданы, Алғабас ауылы.

Қатысты Мақалалар