Анашым
Әлдименен әлдилеп бесігімді,
Әділдікті жүр едіңіз жақтап ылғи.
Әлемім де сұрықсыз, мәнсіз бүгін,
Әлдеқашан күн батты сізсіз жылжи.
//
Дүрсілі жүрегімнің естілмейді,
Дірілдейді қос тізем, бассам қадам.
Дала кезген жалғызбын сізсіз, Ана,
Дүниеде болса да сансыз адам.
//
Лағыл моншақ сыйлап та үлгермедім,
Лүпілінен жүректің жинақталған.
Лақтай қалдым маңыраған, енесінсіз.
Лалагүлі сындымын қирап қалған.
//
Ескі күндер естелік сыйлап кеткен,
Есімді алып кей кезде бой көрсетті.
Ертеңіне үміт пен арман артқан,
Ендігі бұл қызыңыз, міне, ер жетті.
//
Тарылды-ау дүние осынау кең,
Тамағыма келді де өксік жұттым.
Тірі адам тірлікті қылады тең,
Тіршілікте не ұттым, не ұтылдым (?)...
//
Хас сұлуым, Ханымым, Асыл Анам,
Халім жайлы оқырсыз көк дәптерден.
Хатты жолдап тұрамын енді сізге,
Хабарсыз кететұғын ақ кептерден.
//
Алақанын анамның сағынғанда,
Алыс сапар келеді шеккім кейде.
Айырылып қалған жұмақ кіл(і)ті де,
«Ананың табанында екен» дей ме?
//
Нағыз бақыт анам бар күндер екен,
Наурыз да Сізді алған тағы келді.
Неше жыл Сізді іздеп, күтсем-дағы,
Нансам да, нанбасам да жоқсыз енді...
/мамыр, 2014/
***
Сыйлаймын кімге гүлімді?!
Сағыныш сарқып сарыала болған күз-жанды,
Кеудемді керіп әлдебір үміт, наз қалды.
Сағым боп кеткен бейнесі салып сызатты,
Үнсіз үздігіп сағыныш мені жылатты.
//
Бейнесі бейне бейтараптанып белеске,
Тұнық боп тұрып, айналып кетер елеске.
Қолыммен қармап, жармасып жатып етекке,
Жеткізбей қойған өкпем бар менің сол түске.
//
Балалығым мен шалалығымды кешірген,
Боқмұрын қыздан «осындай» адам өсірген.
Табан тоздырып айналып жерді шықсам да,
Анашым, артық адам табылмас бір сенен!
//
Мереке келді! Сыйлаймын кімге гүлімді?!
Үздіге шыққан еститін кім бар үнімді?!
Суарып саған сыйлар гүлімді көз жаспен,
Жалғастырамын өзіңсіз өмір сүруді...
//
Айларды қуып жылдарым жылжып барады,
Әрбір шаттықтан әлдебір сағым қалады.
Өзіңмен өткен өшпес күндерім «ойнақтап»,
Жаныма келіп саябырсиды, «талады».
//
Менде де болған «аналы өмір», қамсыз күн!
Бауырына кіріп, алаңсыз ұйықтар сансыз түн!
Шүкір Аллаға, сыйлаған сіздей адамды!
Болғансыз менде, боласыз да, барсыз шын!
//
Сыйлашы, пенде, барында «алтын, құнсызды»!
Ананы қадір тұтпаса... сыйлар кім сізді?
Бақытты бола берейік әркез, әр сәтте!
Тілегім менің жүректен шыққан тек ізгі!
//
Жайнаңдар, құрбы-қыздары, мынау қаламның!
Жайқалып өскен гүлдері болып даламның!
Бақыт құсы да қонады тек біз бар жерге,
Біздерсіз, сөзсіз сәні кірмейді ғаламның!
/05.03.2012/
***
Асыл Ана
Шуағын шашқан күнімсің, анам!
Жасырған сырды түнімсің, анам!
Сағынышымнан үздіге шыққан,
Үзілмейтұғын үнімсің, анам!
Күнімсің маған!
//
Тұлғасы биік, «ірісің», анам!
Қымбат жандардың бірісің, анам!
Көзімнен ғайып болғaныңменен,
Мен үшін әркез тірісің, анам!
Пірімсің анам!
//
Қорғаным болған, панашым анам!
Ақылын айтар, данашым анам!
Сан жылдар сізді ұмыттыра алмас,
Қалай өшірер санасын адам?!
Баласын адам?!
//
Алтыннан асыл, қымбаттым анам!
Ақылдым, көркем, сымбаттым анам!
Түсіме енген сәттерде тағы,
Үмітіменнен үн қаттым саған...
Үн қаттың маған...
//
Сіздей қамқор жан табылмас маған,
Анасын қалай сағынбас адам...?
Қарызыңызды өтеуім – парыз,
Бастаймын, ана, жаңылмас қадам...
Таңыңды аш, ғалам...
//
Мауқымды басып, құшаққа қысып,
Қиялға кетсем, Сізбен бір ұшып.
Мезгілі жетіп, қайыңның жатыр,
Жапырақтары сор жерді құшып...
Аспанға ұшып...
//
Жер басып жүрген жаһанда жалған,
Бақытты жанның бірімін көптің.
Бұйырған сіздей ананы маған,
Тағдырды сүйіп, маңдайып өбтім...
Отына күйіп, жасымды төктім,
Маңдайын өбтім...
/12-01-14/
***
Ауылға ат басын бұрмаймын,
Асыға...
бұрынғы сәттердей...
Ұшырып әкеткен бұл көктем...
Анамды
ақ қанат кептердей...
//
Анамның көжесі секілді,
Көжені әлі бір татпадым...
Бар адам тым жақсы болғанмен,
Анамдай жанды әлі таппадым...
//
Аналар біреу-ақ, дара жан...
Таппаймын, несіне іздеймін...
Жұмақта кездессек екен ғой...
...деп сорлы үмітті үзбеймін...
//
Келгенмен көктемім далама,
Менде тек күз мезгіл үнемі...
"Бұртима"... дегендей Анашым,
Көктемнің төрінен күледі...
//
Мөлтілдеп жанарым жас тола,
Жанымды құшақтап сағыныш...
Мінгесіп алайын мен саған,
Көктемім, өткенге алып ұш...
/24.02.2014/
Мақпал Сембай