Кеше Түркістан қаласы маңында орналасқан Ескі Иқан ауылында жергілікті ақсақалдар кеңесінің ұйғарымымен Иосиф Сталиннің ескерткіші қайта орнатылды, деп хабарлайды "Қамшы" порталы.
Бұрынғы Кеңестер одағының қанды қол көсемінің 3 метрлік тас мүсіні Ескі Иқан ауылында 1954 жылдан бері тұрған. 2014 жылы маусым айында қатты дауылдан кейін, ескерткіш қирап қалған болатын. Араға бір жыл салып, Ескі Иқандықтар қираған көсемнің мүсінің қайта қалпына келтіріп қана қоймай, ауылдың орталығынан, ең көрікті жерге орнатқан. Ескі көсемнің жаңа мүсінінің биіктігі 5 метрге дейін жеткен.
Осылайша Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Ескі Иқандықтар өздеріне сый жасаған мыс.
Жергілікті ауыл ақсақалдары, соғыс ардагерлерінің айтуынша, отты жылдары осы өлкеден 300-ге тарта азамат майдан даласына аттанған. Олардың 58-і ғана жеңіспен елге оралған.
Иә, екінші дүниежүзілік соғыс жылдары бүкіл кеңес армиясы "Отан үшін! Сталин үшін!" деп ұрандап, жауға қарсы ұмтылғандарын бүгінгі ұрпақ жақсы біледі.
Десе де, ел тәуелсіздік алған жылдардан бері, қылышынан қан тамған Сталиннің барлық ескерткіш мүсіндерін қирату немесе жою жүргізіліп келеді.
Қазірдің өзінде, Қазақстандағы жалғыз Сталиннің толық бойлы ескерткіші осы Ескі Иқан ауылында ғана қалған. Сондай-ақ БҚО Бүгін ауылында Иосиф Сталиннің жарты белінен келетін кішкене ғана мүсіні сақталған.
Табиғат өзі қиратқан Сталиннің ескерткішін әлі күнге дейін әспеттеп, төбелеріне көтерген Ескі иқандықтар қирандыны қайта қалпына келтіру үшін ауыл болып қаржы жинаған.
Ескі Иқандықтардың Сталинге деген шексіз махаббатынан хабардар болған Грузияның Гори қаласында орналасқан Сталиннің мұражай-үйінің әкімшілігі Түркістан қаласынынң әкімшілігіне ескерткішті сақтап қалуларын сұрап, хат дайындаған.
Соншама, әлекке түсетіндей Иосиф Сталин кім еді? Тарихи деректер ол туралы не дейді?
1920-30 ж.ж. қазақ даласындағы ашаршылықтың экономикалық және демографиялық зардаптарының өте ауырлығы дәлелдеуді қажет етпейді бүгінде. Бұл қазақ тарихында «ұлы жұт» атауымен қалған. Сол кездегі қазақ зиялыларының мәліметтері бойынша, ашаршылық апаты Алтайдан Маңғыстауға дейінгі қазақ даласын түгел қамтыған. Кейбір деректерде қолдан жасалған ашаршылықтан қырылған қазақтың саны 4 миллион 200 мыңнан астам адам деп көрсетіледі. Сол кездегі қазақ ұлтының саны 6 миллион болса, соның 4 миллионынан астамын әдейі қырып салған. Бұл саясатты жүргізуші әрине - Иосиф Сталин. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында 40 миллионнна астам адам Сталин зұлымдығының құрбанына айналған. Бұлардың ішінде әрине қазақ ұлтының ұлдар бар еді. Алайда күні бүгінге дейін, қазақтың тағдырындағы ең қорқынышты қасіреті, халықтың 70% ажалға душар еткен ашаршылыққа куә боларлық ештеңе жоқ та, сол қырғынды жасаған "жалмауызға" ескерткіш қояды екенбіз...
Ал, Түркістандықтар ата-бабамызды қан жосадай қырып салған Иосиф Сталиннің бір ескерткішін орнынан ала алмағаны баба рухына құрметсіздік емес пе? Ескі Иқандықтардың ауыл болып, бір ауыздан қанды қол Сталиннің ескерткішін сақтап қалу үшін күресіне қарап, бұл ауылдағылар әлі де болса кеңестік ойлау санадан арылмаған, тәуелсіздікті толық мойындамайтындығының белгісі деп топшылауымызға әбден болатын секілді.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Пікір қалдыру