Түркия СІМ: Украина территориясының бұзылуына Ресей кінәлі

/uploads/thumbnail/20170708180242345_small.jpg

Жақында Түркия Республикасы Сыртқы істер министрі Мавлют Чавушоглу Анталияда Украинаның шығысындағы жанжалдар мен Ресей және Батыс елдері арасындағы мәселелерге қатысты мәлімдеме жасаған. Бұл туралы AFP ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Түркия СІМ-нің айтуынша, Ресей Федерациясының Украинаға және өзге де пост-кеңестік мемлекеттерге жасаған басқыншылық әрекеттері ешқандай ақтауға жатпайды. Украинаның территориясының бұзылуына бірден-бір кінәлі Ресей Федерациясы.

"Анкара ресми түрде Мәскеу мен Батыс елдері арасындағы қарама-қайшылықтарды реттеуде конструктивті рөл ойнауға әр қашан дайын. Бірақ, Ресейдің Украинаға, оның ішінде Қырымға, Грузияға және өзге де көрші мемлекеттерге жасаған, жасап жатқан зұлымдығын, халықаралық келісімдерді аяққа таптағанын кешіруге болмайды",-дейді министр Чавушоглу.

Сондай-ақ Түркия СІМ басшысы Қырым татарларының ресей билігі тарапынан репрессияға ұшырай бастағанына алаңдаушылық білдіріп, тиісті шараларды қабылдайтынын айтқан. Чавушоглуның айтуынша, түрік депутаттары группасы Қырымға арнайы барып, қырым татарларының жағдайын көзбен бақылап келген. Түркия депутаттары делегациясы бұл жолғы сапардың қорытындысын шығарған кезде, расында қырым татарларының құқығы ресми ресей билігі тарапынан аяққа тапталып жатқандығын жеткізген.

Сонымен қатар, Түркия дипломаттары жетекшісі Украина жанжалдарына қатысты Батыс елдері де бірқатар кемшіліктер жібергенін атап өткен.

"Батыс өз кезегінде Украинаға Еуропа мен Ресей арасында таңдау жасау мүмкіндігін бергендігі ең үлкен кемшілік болды",-дейді Мевлют Чавушоглу.

Ал Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Түркия Республикасы Украинаны стратегиялық серіктес ретінде есептеп, оның территориялық тұтастығын (Қырыммен бірге) қолдайтынын айтқан болатын. Ол тіпті Украина халқына қолдау ретінде 50 миллион доллар бөлу туралы мәлімдеме жасаған.

Түркия Президенті, Қырым аннекциясынан кейінгі қырым тарарларының жағдайына қатысты Ресей билігін ауыр сынға алған болатын.

"Біз қазір Қырымдағы татар бауырларымыздың жағдайын бақылап отырмыз. Міне, бір жылдан асты. Қырым заңсыз түрде Ресей құрамына енді. Жағдай өзгерді. Қырым татарлары Ресей билігі тарапынан қысым көре бастады. Біз мұны күн тәртібінен түсірмейтінімізді айтқым келеді. Мейлі, екі жақты келіссөздер арқылы немесе кез келген халықаралық платформада біз қырым татарларының мәселесін алдыға тарта береміз",-деген Тайып Ердоған мырза.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Қатысты Мақалалар