Алматы облысы әкімі Амандық Батталовтың үкімімен Алматы облысы ішкі саясат басқармасының басшысы болып - Ғалиасқар Төлендіұлы Сарыбаев тағайындалды. Бұл туралы "Қамшы" порталы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Ғалиасқар Сарыбаев - 1963 жылы туған. Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетін және Қазақ Еңбек және әлеуметтік қатынастар Академиясын бітірген. Мамандығы бойынша — механик, заңгер.
Еңбек жолын В.И. Ленин атындағы Павлодар трактор зауытында инженер-конструктор болып бастаған. Әр жылдарда Кербұлақ аудандық комсомол комитетінде және жергілікті атқару органдарында жауапты қызметтерде болды. Кейін Алматы облыстық Ақпарат және қоғамдық келісім басқармасында бас маман, бөлім бастығы, Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары қызметтерін атқарған.
2011 жылдың мамырынан — Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары.
Ғалиасқар мырзаның Ішкі саясатқа баруын әлеуметтік желі қолданушылары жылы қабылдады. Мысалы, Талдықорған қаласы Баспасөз қызметінің жетекшісі Ғалимұрат Жүкел өзінің фейсбуктегі парақшасында былай деп жазды: "Боламын деген баланың, бетін қақпа, белін бу" деген сөзді Ғалиасқар Төлендіұлының өз аузынан бірнеше мәрте естігем. Сондықтан болар, жастардың қанатын қатайтып, бағын ашуға барын салатын".
Ал бұған дейін Алматы облысы ішкі саясат басқармасын Гүлжиян Сүлейменова басқарып келген.
Гүлжиян Мағданқызы облыстың ішкі саясат басқармасын ұзақ жылдар басқарсада, қазақтілді электронды БАҚ-пен жұмыс жасауда белсенділік танытпаған еді. Біз Ғалиасқар мырза осы кемшілікті түзейді деген сенімдеміз.
"Қамшы" порталы ұжымы Ғалиасқар Төлендіұлын жаңа тағайындалған қазметімен құттықтай отырып, жұмыстарына сәттілік, табыс пен жеміс тілейді.