Елбасына ашық хат: Тендердің былықтары

/uploads/thumbnail/20170708180518273_small.jpg

Елбасы, "НұрОтан" партиясының төрағасы Н.Н.Назарбаевқа,

"НұрОтан" партиясы төрағасының орынбасары Б.Байбекке,

ҚР Премьер-министрі К. Мәсімовке,

Бас прокурор А.Дауылбаевқа,

Қаржы министрі Б.Т. Сұлтановқа,

Мәжіліс депутаттары:

Р.Халмұрадовқа,

Н.Сабильяновқа,

О.Асанқызына,

М.Бегентаевке,

Тәуелсіз БАҚ өкілдеріне,

және  қазақ тілі қолданыстан мүлде шығып жатқанына алаңдаушы халыққа

 

Мен, Бейсенбай тегі Р.З., жобалау саласындағы жеке кәсіпкермін. Былтыр мемлекеттік сатып алуларға қатысам деп, мемлекеттік сатып алу порталынан қазақ тілді ақпарат ала алмауым себепті ұзақ «соғыстың», Президенттен бастап бүкіл республикаға жария етем деген "шантаждың" арқасында ғана қатыса алдым.

Маған да күнкөріс керек. Бірақ, барша қазақ күнкөріс деп, ана тілімізді, мемлекет тілді шеттеткендіктен осындай қорлық, күлкілі жағдайда отырмыз ғой!

Өткен аптада, мемлекеттік сатып алуға қатыспақ болғанымда, сайттан қазақ тілінде 3 күн мәлімет ала алмадым. Не қазақша парақшасы істемейді, улатып - шулатып (жәй, мемлекеттік сатып-алуларда мемлекет тілі тұруы керек, және бірінші тұруы керек дегенге ешкім құлақ аспайды) оны істеткенімше, техникалық қолдау қызметі, Астана қаласы 72-90-90 телефондағы қызметінің тек қана орыс тіліндегі автоответчигі тұрғаны былай тұрсын, телефонды  алатын оператор міндетті түрде: «Здраствуйте, ... слушает, чем могу помочь?» дейді. Қазақ тілінің иісі де аңқымайды! Қазақ тілді операторға қос десең, тағы 15-20 минуттай тосуың керек. Өйткені олардың айтуынша қазақ тілді операторлар аз! Олардың регламенті бойынша, кешіріңіздер, «бісмілләсі» орысшадан басталуы керек! Айтпақшы орыс тілінде «Ваш звонок, очень важен для нас, время вашего ожидания 31 минута!» деген автоответчик сарынын, үстіне 7-10 минуттай қосылатын үстемемен тыңдайсың! 10-шақты рет қоңыраулатқанымда, ең аз берген уақыты 15 мин. болды. Әрине, ол да қосымша уақытпен. Мүмкін осылайша біздің уақытымыздан (техникалық көмек көрсететін жұмыскерлерді көбейтпеу арқылы) компания экономия да жасап отыр...

Мемлекеттік сатып алулардағы техникалық көмек, білуімше Қаржы министрлігімен келісім-шарт арқылы жасалады. Сонда аталмыш министрлікке (естуімше бұған жауапты Бахмутова ханым) қазақ тілді микробизнесті (мында қандай бизнес екені мәнді де емес) тұқырту, оны конкурстарға қатыстырмау мақсат па? Болмаса неліктен осындай масқара компаниямен келісімге отырған? Былтыр да осы жөнінде бірнеше рет министрлікке де, бас прокуратураға да телефон шалғанмын.

Былтырдан бері түзетуге болар еді ғой! Былтыр, бас прокуратураның бизнесті қолдау жөніндегі структурасында қазақ тілді адам отырған. Биыл елдегі заңдардың дұрыс атқаруылуын қадағалайтын бас прокуратура өкілі Адильбеков мырзадан мынадай жауап алдым(тел:30-18-23):«Слушаю» деп бастап, «мен қазақпын» деген сөзіме орысша: «Кто такая, представьтесь»  деді. 71-25-85, 77-31-11, 71-26-20 бас прокуратураның мен қоңыраулатқан осы телефондарын көтергендер тек көрші мемлекеттің мемлекеттік тілінде жауап беріп отырды: «Слушаю вас», «Приемная», т.с.с. Кейбірулері ғана: «Біз білмейміз ғой, кім қоңырау шалып тұрғанын, сондықтан орысша айтамыз» дейді.

Мында Конституциядан бастап, тілге қатысты заңдар 100 пайыз бұзылып отырғанын айтпағанда, ғасырлар бойы (соңғы 300 жыл) қазақ тілінің тұқыртылуына қарсы тұрған, әр кездегі ел басында болған тұлғаларының жұрнағы да жоқ па ел билігінде? Сіздерге орыс тіліне соғыс ашыңдар деген ешкім жоқ! Бірақ қазақ тілін заң бойынша пайдалануларыңызды талап етемін!

Жазғандарыма байланысты дәлелдеме скиндар, аудиожазбалар қолымда бар.

Жалғасы: хаттың жазылу барысында белгілі болғандай, мемлекеттік сатып алулар сайтына, конкурстың коды мен атауын Самұрық-Қазына компаниясы қояды екен. Аталмыш компания соларды (мемлекеттік сатып алулар сайтының қазақшасына) атауларымен кодын орысша қойған. Бұлар неге бұай істеп жатыр деп, байланысқа шықпақшы болып, SK.KZ Самұрық-Қазына компаниясының сайтына кірдім. Қазақ тіліндегі ақпарат тұрмақ оған сілтеме де жоқ!

Баршамыз білетіндей, осы компанияның басшысы, қателеспесем -Т.Кулибаев. Құрметті Елбасы, сіз әр сайтқа кіре бермейтін шығарсыз. Дегенмен Қазақстан мемлекетінің қазынасы шоғырланған үлкен компанияның басында отырып, мемлекет тіліне орын қалдырмаған «Самұрық-қазынаның» сайтына бір қараңызшы...  Естуімше компания өз жұмысын толығымен орыс тілінде жүргізеді. Сонда бұл мекеме Ата заңға, ҚР Тілдер туралы заңына пысқырмайтын болғаны ма? Әлде мекеме басшысы көрші мемлекеттің лоббиі ме?

  Құрметпен, Бейсенбай тегі Р.З., Павлодар қаласы, Тау-Кен ЖК  

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар