«ҚАЗАҚ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚОҒАМЫ»- ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ЖАҢА ҒЫЛЫМИ БІРЛЕСТІК

/uploads/thumbnail/20170708180936113_small.jpg

Қазіргі кездегі қазақ психологиясы әлемдік білім кеңістігіндегі соны бағыттарға және  еліміздегі қоғамдық сұраныстарға сай дамып қалыптасып келеді. Психология ғылымының бастауларында тұрған, қазақ психологиясының өзіндік өрнегін ғылыми түрде негіздеп,  бүгінгі психология ғылымының қалыптасуы мен дамуы тарихының төрінде есімдері ерекше аталатын Ж.Аймауытов және Т.Тәжібаев сынды көрнекті  ғалымдарымыздың орасан зор еңбектерін саралап,  қазіргі ұрпаққа жеткізуде өзіндік мектебі бар ғалым, психология және педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қ.Б. Жарықбаевтың  жетекшілігімен  көптеген жұмыстар атқарылуда. Елімізде тұңғыш рет ашылып отырған «Қазақ психологиялық қоғамы» соның бір айғағы  болып табылады.   Кеңестік дәуірде , яғни 1958 жылдан 1991 жылға дейін КСРО психологтары қоғамының бөлімшесі ретінде Қазақстан психологтар қоғамы болған, алайда тәуелсіз еліміздің төл   тарихында мұндай қоғам алғаш рет құрылып отыр.

ҚР Әділет Министрлігінде Қоғамдық ғылыми бірлестік ретінде бекітіліп, тіркелген  «Қазақ психологиялық қоғамының» ресми тұсаукесері 2015 жылдың 15 мамырында академик Т.Тәжібаев атындағы этнопедагогика және этнопсихология ғылыми-зерттеу орталығында өтті. Аталған іс-шараға  осы саладағы танымал ғалымдар, Алматы қаласындағы ЖОО оқытушылары қатысты. Жиынның салтанатты ашылу рәсімінде алғашқы сөз профессор Қ.Б.Жарықбаевқа берілді. Профессор еліміздегі психология ғылымы бойынша қазіргі уақытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, оның даму бағыттарын атап өтті. Сонымен қатар осындай қоғамның құрылуы қазақ ұлттық психологиясын  терең зерттеуге, ғылыми жұмыстарды жандандыруға ықпал етері сөзсіз екендігін тілге тиек етті.

Тұңғыш рет құрылып отырған бұл қоғамның ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесі зор  екенін айта отырып,  жоғары оқу орындарының кафедра меңгерушілері атап айтқанда , әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультеті Жалпы және этникалық педагогика кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.д., профессор А.Қ.Мынбаева, Абай атындағы ҚазҰПУ Білім беру психологиясы және әлеуметік коммуникациялар кафедрасының меңгерушісі, псих. ғыл.кандидаты, доцент Ұ.С.Нұрғалиевалар қоғамға ақ жол тілеп, өз ойларын ортаға салды. Еліміздің танымал ғалымдары М. Құдайқұлов, А.Т. Ақажанова, Р.Б. Башаров, И.Ә.Абеуова,  М.Қ. Бапаева, Г.А. Қасен,  аға оқытушы  С.Ә. Рамазанова   және орталықтың директоры, п.ғ.к., доцент Б.А.Әрінова бұл қоғам  психология ғылымының қалыптасуы мен дамуында көшбасшы болатын іргелі идеялар мен тегеуірінді тұжырымдарды жүзеге асыратын ғылыми ортаға айналуы тиіс деген тілектерін білдірді.

Жиынды психология ғылымының докторы, Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі және құрылып отырған жаңа қоғамның Президенті М.Перленбетов қорытындылап, болашақта атқарылатын істерге тоқталды. Қоғамның басшысы сонымен қатар бұл қоғамның қазақ психологиясының халықаралық психология аренасына шығуына ашылған жол екенін ерекше атап көрсетті.

Әрінова Б.А.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, жалпы және этникалық педагогика кафедрасының доценті, п.ғ.к., Т.Т.Тәжібаев атындағы этнопсихология және этнопедагогика ғылыми-зерттеу орталығының директоры

Шағырбаева М.Д.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,жалпы және этникалық педагогика кафедрасының доценті, п.ғ.к., Т.Т.Тәжібаев атындағы этнопсихология және этнопедагогика ғылыми-зерттеу орталығының директорының орынбасары

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар