Ақтөбеде оралмандардың атын жамылып жалған құжат жасағандар ұсталды

/uploads/thumbnail/20170708181001947_small.jpg
Ақтөбеде оралмандарға арналған қаражатты жымқырған қылмыстық топ сотталды. Аймақтағы көші-қон полиция басқармасы қызметкерлерінің қатысы бар бұл іс үш жыл бойына тергелді. Сот отырысы да бірнеше мәрте кейінге шегеріліп, айыпталушылардың көптігінен және тағылған айыптардың деңгейіне орай екіге бөлген еді. 2010 жылы Моңғолиядан атамекеніне оралған 26 отбасына мемлекеттік бағдарлама бойынша квота ретінде 43 миллион теңге бөлінген. Тағы бір отбасына бөлек миллион теңгеден астам қаражат беріліпті. Бірақ шеттен келген 228 қандасымыз өмірде мүлдем жоқ болып шықты. Себебі, Алматы облысында тұратын ерлі зайыпты Мұратбаев пен Бекетова оралман келіншекті ертіп алып, Моңғолияның паспортын алып келеді. Оған жалған суреттер жабыстырып, көші-қон полициясына тапсырады. Онда істейтін Гүлвира Танбекова мен Гүлмира Бексұлтанова жалған құжат әзірлеуге көмек береді. Тіпті, елге аяғы тимеген оралмандардың денсаулығына қатысты СПИД орталығынан анықтама да алады. Ал ақшаны қолма-қол түсіру үшін жалған сенімхат әзірлейді. Осылайша қыруар қаржыны қолды қылған. «Көші-қон полициясының екі қызметкері Танбекова мен Бексұлтанова, Ақтөбеде тұратын оралман келіншек Баян Күлшарова үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айрылды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері бір айлық есептік көрсеткіш бойынша, яғни 1 миллион 512 мың теңге айыппұл төлейді. Ал ерлі-зайыпты Мұратбаев пен Бекетова алаяқтық үшін және өзге де қылмыстарына орай 4 жылға түрмеге отырады. Квотаға бөлінген алғашқы 1 миллион 716 мың теңгені айыпталушылардың бесеуі бөліп төлейді, ал қалған қырық үш миллион теңгені мемлекетке қайтару Мұратбаев пен Бекетоваға артылып отыр», – дейді №2 Ақтөбе қалалық соттың судьясы Зинаида Шмирова.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар