Жақында ОҚО-да шығатын "Жанубий Қозоғистон" атты жергілікті өзбек диаспорасының мерзімдік газетінде қазақтың батыр ұлы, жеңімпаз КСРО туын Рейхстагқа тіккен - Рақымжан Қошқарбаев туралы даулы мақала жарық көрді. Аталмыш газетте мақала авторлары Рақымжан Қошқарбаевтың ұлтын - "өзбек" деп көрсеткен. Бұл туралы "Қамшы" порталы
Today.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды. Мұндай шындыққа еш жанаспайтын, сан жылдық тариқты бұрмалауды көздеген мақала қазақ қоғамында резонанс тудыратыны сөзсіз. Н.Мавланова есімді журналист Жеңістің 70-жылдығы қарсаңында «Давр Қахрамони еки мамлакат бойлиги» атты мақаласын жариялаған. Онда қаһарманның шын есімі - Рахимжон Кучкорбоев деп айтады. Сондай-ақ, мақалада соғыс ардагері, Қазығұрт ауданының тұрғыны Тұрғын Кененбаев есімді қария өзінің Қошқарбаевпен таныстығы туралы баяндаған. "Мен Берлинге дейін жеткен адаммын. Онда шыққан тегі қазақстандық "өзбек" азаматы Рахимжон Кучкорбоев үш қабатты ғимараттың шатырына кеңес туын тіккенін өз көзіммен көрдім"-дейді мыс. Жанибек Тархан, журналист: - Тарихи тұлғаларға, хандарға, батырларға, билерге, ұлы тұлғаларға қатысты тарихи шындықты бұрмалау тіпті ұят мәселе. Аталмыш мақаланың авторы халық алдында кешірім сұрап, өзінің жазған материалындағы деректердің жалғандығын мойындауы тиіс. Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев 70 жыл қазақтың мақтанышы болып келген. Қала береді де. Ал мына мақаланы оқып,шок болып отырмыз. Бұл масқара ғой. Біздің ұлт үшін масқара. Кезінде генерал Сабыр Рақымовқа қатысты Өзбекстан билігі батырдың ұлті "өзбек" деп бұрмалады. Уақыт өте келе Рақымовтың шын мәніндегі ұлты анықталды. Ол ұлы қазақтың оғланы еді. Міне, Сабыр Рақымовтың Өзбекстандағы ескерткіші бір-ақ күннің ішінде қиратылды. Меніңше, Қошқарбаевтың ұлтын "өзбек" деп жүргендерге қатысты қазақ интелигенциясы үнсіз қалмауы тиіс. Рақымжан Қошқарбаев - Ақмола облысында туған. Ұлты қазақ. Совет офицері, Екінші дүниежүзілік соғыс қатысушысы. 1945 жылы 30-сәуір күні қызыл әскер жауынгері Григорий Булатовпен бірге Рейхстагқа жеңіс туын тіккен болатын.
Нұрзат Тоғжан
Пікір қалдыру