Мақтаралда екі жаңа балаларды сауықтыру лагерлері ашылды

/uploads/thumbnail/20170708181048765_small.jpg

Балалардың демалысын ұйымдастыру қашанда маңызды мəселенің бірі болып саналады. Жыл сайын демалыс уақытындағы балалар мен жасөспірімдердің толық демалуларына, танып білу, шығармашылық және қоғамшылдық белсенділігін арттыруға, балалардың өзін - өзі ұйымдастыру қабілеттерін дамуға, ғылыми, техникалық, көркем шығармашылық, спорт, саяхат пен өлкетану және басқа да танымдық қызмет түрлеріндегі білім мен іскерліктерін арттыруға жағдай жасау мақсатында оқушылар үшін жазғы сауықтыру ауысымдары ашылады. Жазғы каникул балалардың жылдық бос уақытының айтарлықтай бөлігін алады. Ол мектептегі сабақтан гөрі баланың еркіндікке, өзі үшін қызықты істерді жасау және өз мүдделерінің еркін дамуы үшін қажеттіліктерін жүзеге асыратын кезең. Сондықтан жаз-балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, олардың жеке басына тән байланыстарын жетілдіру, әлеуметтік және мәдени білім беру құндылықтарына араласу, әлеуметтік байланыстар жүйесіне қосылу, өз жоспарларын іс жүзіне асыру, жеке бас мүдделерін қанағаттандыру, ойын-сауық, бойында жиналып қалған шиеленістен арылу, жұмсалған күшінің орнын толтыру, денсаулығын нығайту кезеңі. Жаз балаларға өзінің сан түрлі талантын ашып көрсетуге мүмкіндік береді.Бұл кезеңді жеке басының жақсы жақтарын ашып көрсетуге жағдай жасауға, балалар арасында рухани және эмоциялық құндылықтарын алмасуға, жеке басының мүдделерін жүзеге асыру үшін пайдалану керек. Жазғы маусымда Мақтарал ауданы әкімінің бастамасымен «Толағай» және «Еркежан» атты екі сауықтыру лагерлері ашылады. Жұмысын 6 маусым күні бастайтын бұл лагерде маусымына бес мыңға жуық баланы демалдыру жоспарлануда. Жазғы балаларды сауықтыру лагерлеріне әлеуметтік аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасы балалары мен жетім, жартылай жетім балаларды қамту мақсатында жалпыға міндетті білім беру қорынан бюджеттен 15 млн. бөлінсе, білім беру қызметкерлерінің кәсібодағынан 15 миллион, аудан бюджетінен қосымша 20 миллион теңге көлемінде қаржы қаралды. Аталған лагерлер 7 маусымнан тұрады. Әрбір маусым 10 күнді құрайды. Мұнда ауданымыздағы 4-10-шы сынып аралығындағы оқушылар демалмақ. Жасөспірімдерге таңғы жаттығу, түрлі сауықтыру ойындары мен қол өнер үйірмелері, мәдени және спорттық бағдарламалар өткізіліп, төрт мезгіл тамақ беріледі. Мұндағы «Толағай» лагері 250, «Еркежан» лагері бір маусымда 100 бала қабылдай алады.

Мақтарал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі 

Қатысты Мақалалар