«Ағымдағы жылдың 15 сәуірі мен 15 желтоқсаны аралығында Мақтаарал ауданында Халықаралық Еңбек Ұйымының «Мақтаарал ауданында балалар еңбегінің мониторинг жүйесін құру» деп аталатын жоба жүзеге асырылуда. Оның шеңберінде аталған ауданда 5 мониторингтік топ құрылды. Жоба аясында мақта алқаптарында еңбек етуге мәжбүр балалардың отбасыларына 3 рет азық-түлік берілді. Жоба шамамен 50 мың АҚШ долларын құрайды. Мониторинг топтары анықтаған 130 бала үшін оқуға арналған құрал-жабдықтар сатып алынды. 16-18 жас аралығындағы 20 бала қазіргі уақытта белгілі бір кәсіп бойынша мамандық алуда», - деді ол. Ғ.Жүсіпованың айтуынша, бүгінде мақта алқаптарында еңбек етіп жатқан балалардың саны едәуір азайған. «2008 жылы балалар құқығын қорғау басқармасы балалар еңбегіне бағытталған өз жұмысын бастаған кезде, бір ғана Мақтаарал ауданында мақта алқабында еңбектеніп жүрген 400-ден астам бала анықталған. Ал қазіргі уақытта жүйелі жүргізілген жұмыстардың арқасында, соңғы рейдтік шараның нәтижесі бойынша мақта терумен айналысып жүрген 11 бала анықталды және бұл балалар өз ата-аналарының алқаптарында еңбектенгенін ескеру қажет. Себебі, бүгінде аталған ауданда алқап көлемі 5 гектардан аспайтын 23 мыңнан астам шағын шаруа қожалықтары бар. Мұндай шағын шаруа қожалықтарының жұмысшы немесе техника жалдауға шамасы жетпейтіні белгілі. Сондықтан, олар өз балаларының еңбек күшін пайдаланады», - деді басқарма басшысы.