Жапонның «Mitsubishi Havy Industries» компаниясы төрт тілде (жапон, қытай, кәріс, ағылшын) еркін сөйлейтін Вакамару есімді робот жасап шығарды. Робот қоғамдық шараларда гид қызметін атқарады, сондай-ақ ересектер жұмысқа кеткенде үйде қалған жас сәбиді «бағу» қабілетіне ие. Есімі Ушивакамару деген көне аңыз кейіпкерінен алынған бұл робот адамға интернеттен қажетті ақпаратты тауып бере алады, иесі болмаған кезде үйді күзетеді. Вакамару адам шақырғанда бетін бері бұрып, сұрақ қойғанда жауап қайтарады. EXPO-2005 кезінде гуманоид робот келушілерді қарсы алып, павильондағы заттармен таныстырумен айналысты.
Жапонияда роботтың атасы «каракури» деп аталатын қуыршақ. 1300 жыл бұрын шйогундар (қолбасшы) мен самурайлар каракуриге шай дайындатып, ұсақ-түйек заттарды тасытқаны туралы тарихи деректерден білеміз. Сол каракуридің жұмысын жапон инженерлері жетілдіріп, интеллектуалды гуманоид робот дәрежесіне жеткізіп отыр. Кабуки ұлттық театрында пайдаланылған каракуриді қазіргі жапондар лақтырып тастамапты. EXPO-2005 көрмесіне жапондар 18 метрлік үш бағанды мұнара салған. Мұнараның шамдары тербеліп тұрады да, адам жақындағанда каракури робот қошеметпен қарсы алады екен.
Сая есімді робот жапон компаниясында хатшылық қызмет «атқарады». Жүргізуші, хирург, күзетші, өрт сөндіруші, құрылысшы, т.б. функцияларды атқаратын роботтарды құрастырған жапондар бойы 120 см, салмағы 35 кг болатын музыкант роботты да сахнаға шығарды. Әлемде алғаш рет 2013 жылдың жазында кілең роботтан құралған рок топ Жапонияда концерт берді. Робот музыканттар болашақта дүниежүзін гастрольдік сапармен араламақ. Тойота компаниясы EXPO-2005 көрмесіне бойы 100 және 120 см болатын екі музыкант роботты әкелді. Түрлі аспаптарда ойнайтын роботтар секіру, жүгіру «қабілетіне» ие.
Жапонияда гуманоид роботтар қоғамдық орындарда ғана емес, үйде қариялардың шаруасына көмектеседі, ауырған адамды жедел жәрдем көлігіне көтеріп апарып жатқызады, ауыр заттарды тасиды. SONY компаниясының инженерлері таң алакеуімнен түн ортасына дейін тынымсыз еңбектену нәтижесінде ит сенсорлы роботты жасады. Робот жасаушы инженерлердің жұмысын жанкештілікке балауға болады. Ит роботты құрастыру кезінде мамандардың демалуға да уақыты болмаған, олар тіпті зауыттың дәлізіне жатып, тәулігіне үш-төрт сағат қана ұйықтаған. Бұл роботтың тірі мақұлықтан еш айырмасы жоқ, иттің әрекетін түгел істейді, заты темір болмаса. Сол сияқты гуманоид роботтар EXPO-2005 кезінде Тойотаның павильонында келген елді таңдай қақтырды. Сол роботтарды кейін Хакатадағы робот орталығынан да көрдік. Инженерлер бес жасар баланың қабілет қарымын роботқа айнытпай көшіріп, салмағы 10 кг, тұрқы 45 сантиметрік титтей роботқа ән айтқызып, би билетті.
Жапонияда балаларды ғылыми мұражайларға, робот орталықтарына ата-аналар жиі апарады. Хакатадағы робот орталығында балалар роботпен әңгімелесіп, ойнап отырғанын көрдік. Ifbot деп аталатын робот қызықты әңгімелер айтып, кісінің көңілін аулайды. Бұл робот бет әлпеті арқылы 40 түрлі эмоция білдіреді.
Жапонияда өткен 2005 жылғы көрмеге Ifbot роботы балаларды ойнату үшін павильонға арнайы қойылған. Бір ерекшелігі гид роботтан басқа гуманоид роботтардың барлығы тек жапон тілінде сөйлейді және бұл өнімдер шет елге сатылмайды. Жалпы Жапонияда технологиялық жетістіктерді басқа елге сатуға рұқсат берілмейді. Тіпті электроника дүкендерінен шет елдіктер ұялы телефонды да сатып ала алмайды. EXPO-2005 кезінде көрменің тақырыбына сәйкес павильон сахналарындағы роботтар космос пен адамзат туралы, қоршаған орта жайлы танымдық әңгімелерді айтып, көрермендердің көңілін аулады. Бұл роботтарды қалай жасайтыны туралы сұрап білгісі келетіндерге компания мамандары коммерциялық құпия екенін айтып, жауап беруден бас тартқан.
Көрмеге жапондар техникалық жетістігінің үлгісі, жаңа дәуірдің көлігі i-Unit деп аталатын кресло пішінді машинаны де таныстырды. Кемпірқосақ сияқты шұғыла шашқан «креслоға» бір адам ғана отырады, көлік тауықтың сирағы сияқты аяқпен жүреді. Жапонияда адымы ең үлкен роботтың есімі i-Foot. «Тойота» құрастырған кресло-көлік көшеде адамды алып жүрумен қатар баспалдақтармен де көтеріледі.
Шарафат Жылқыбаева
