Өлгендер қайтып келеме? (естелік-эссе)

/uploads/thumbnail/20170708181412877_small.jpg
 

Бұл менің өмірімде болған оқиғалардан үзінділер.

Адам және жер аттары да өзгертілмеді.

Автор

- Өлгендер қайтып келеме?

- Менше, қайтып келеді...

Мен ол кезде тым жас, өтпелі,  өлі ара шақта тұрған кезім еді. Біраз уақыттан бері қатты науқастанып жүрген әкем соңғы кездері мүлде нашарлап, бір жұтым су, бір түйір дән жұтаалмай, қара тұяғынан әбден хал кетті. Әкемнің тірі екендігін төсегінің аяқ жағында отырып, оның қалақтай ғана аяғын сипап отырған мен тек, қызыласығының астындағы баяу соғып тұрған тамырынан ғана сезіп отыратынмын. Ал бас жағында молда әлде аузы дуалы қарттар ғана отыратын. Әкемді кезекпен қарауылдайтын адамдар да көп еді. Бірі кетсе, бірі келіп бізді жалғыз тастамайтын еді. Айналайын халқымның, ағайынның қадірі осындай да ғой. Бір күні әкем аяқ астынан көзін ашып, қасында отырған адамға болар-болмас дауыспен анамды және үлкен ағамды шақыруын айтыпты. Шешем байқұс біраз жыл ауыру адам қарап әбден титықтап шаршап жүрген еді, ұйпасы шыққан шашын жаулығының астына бастыра салып, әкем жатқан бөлмеге кіріп кетті, соңынан ағам кірді. Сонда, анаммен бақұлдасып болған соң, ағамның қолын алып, бес саусағын бүгіп, өзінің әлсіз қолдарымен қысыпты. Шамасы, ағайынды бесеу едіңдер, енді іні-қарындастарыңа өзің бас-көз бол, ынтымақ-бірліктеріңді ешқашан жазбаңдар дегені болар. Соны білдіріп аяулы әкем мәңгілік сапарға аттанып кетті. Біз жыладық, жылай жүріп әкемізді қара жердің қойнына бердік, әкеміздің аяулы денесін табыттан шығарып жанақымға саларда көр жиегінде жүрелеп отырған үлкен ағамның көзінен сорғалаған жасты көріп бір сәт оған қарап қалыптым. Мен өмірімде күні бүгінге дейін дәл сондай жылаған жанды көргем емеспін. Оның көзінен аққан жасты “сорғалады” -деуден гөрі“селдеді”-деуім жөн шығар, көзінен шыққан жас жүзін жуып, содан барып жерге тамып жатқан жоқ, көзінен бір бұлақ ашылғандай кірпіктерінің арасынан төгелген жас тамшылары соншама тез жылдамдықпен бірінен соң бірі іркіліссіз топыраққа бірден құйылып жатты.....

Әкеміздің қазасы бәрінен бұрын анам мен ағама қатты батты. Маған да жеңіл тиді деп айта алмаймын. Бозбала шақ сірә сондай шынайы қайғырып, шынайы қуана да білмейтін, ненің қымбат, ненің арзан екенін айыра да алмайтын  “есалаң”бір күй кешетін сәттер-ау шамасы. Енді ойласам пұшайман болам, не керек уақыт кері оралмайды ғой.

Әкем күздің ортасында қара суық түсерден бұрын дүние салды. Ел -жұртына өте силы адам еді. Қытайдың Алтай деген жерінде 1929 жылы өмірге келген екен. Әкесі Құйғанбай аса дәулетті адам болған, Ертіс өзенінің бойында атамның атымен аталатын өткел бар, ол жерден атамның ірі қарасы мен жылқысы өтеді екен. Атамыз өте қатал және еңбекқор жан болыпты, тағы бір ерекшелігі аузы дуалы адам болған екен, қарғысы қапы кетпейтін атамыздың өзінің үлкен ұлы мезгілсіз қайтыс болғанда, айттыырып қойған келініне теріс бата беріп жас қыздың өмірден қоштасуына себеп болғаны өз алдына бір дүние. Оны мен "Теріс бата"-деген әңгімем де толық баяндадым. Атамыз дүние саларда әжемізге (Әжем Алтай бетіне танымал бақсы болған адам, ол кісінің бақсылығы мен қартайған шағында әжемнен алыстамақ болған жынының баласына көшпек болғандағы туындағын адам нанғысыз оқиғаларын  "Бақсы" деген әңгімемде жаздым) менен қалып бара жатқан бұл бала - ұл бала болады, атын менен қалған  бір тамшы қан сарқыты болсын деп Сарқытқан қойып кетіпті. Әкем марқұм өз әкесінің дидарын көрмеген еді, содан болар шешесін көп айтатын ды. Қытайда 1940 жылдардың басында басталған ұлт азаттық төңкеріске 15 жасында қатысқан әкем, 21 жасында аудан әкіміне дейін көтеріліп, өмір бойы әр дәрежелі қызмет атқарып келді. Халқына адал қызмет етті, ер еңбегін елі де бағалады.

Әкем қайтыс болған соң, зиратының қорғанын жинау ісі ауа райының қолайсыздығына және құрылыс материалдарының кешуілдеп қалуына байланысты дер кезінде қолға алынбай қалады. Әкемнің қабірі қалашықтың оңтүстігіндегі тау беткейіне орналасқан зираттықтың тау жағында болатын. Өрістен қайтқан азды-көпті малдың біразы сол тауға өрістеп жайылып қайтатын. Шешем бір күні қабыр басынан аса көңілсіз оралды. Біз себебін сұрағанымызда ол кісі:

- Әкелеріңнің  қабыр топырағын мал таптап кетіпті-деді. Содан ас та ішпей жатып қалды. Ертесі таң да тұрып, бізге түнде көрген түсін айтты: (Ол кезде анамның түсіне әкем жиы кіретін еді, қандай іске тап болса да соған байланысты ақылын айтып, аян беретін).

-   Емхананың бір бөлмесі сияқты, төрге қойылған төсекте марқұм әкелерің жатыр екен, маған қарап: сәл езу тартқандай болып, сен несіне уайымдап жүрсің, жет қат жер астында жатқан маған қайдағы малдың тұяғы жетер дейсің, егер қоршау керек десең міне осы аядай  жерді ғана қоршай сал-деп қолымен төсектің айналасын көрсетті-деп анам сөзін доғарды.  Кейін үлкендеу етіп қорған тұрғыздық.

Әкем өмірден озарда мен 9 сыныпта оқитын едім. Әкемнің қазасынан кейін, от басына көмектесейін деген оймен,  мектептен қол үздім де, өзімнің туып өскен Талды көмір кенінің шахтеры болып бірақ шықтым. Қауіп-қатері мол шахтада жұмыс істеп жүргенімде, бір де аяғымды жаралап алғаным бар. Сол түні түсіме әкем еніп:

-    Балам-ау неге абайлап жүрмейсің, бұдан соң өзіңе сақ бол -деп аяғымды сипап кеткені. Ертесі оянсам аяғым кәдімгідей тәуір болып қалыпты.

Бір күні таңғы аста отыр едік, анамыз сөз бастап, түсінде тағы әкемізді көргенін айтты. Біз үшін ол кезде анамыздың көретін түсінен артық қызықты да, маңызды дүние жоқ еді. Өйткені, ол кісінің әр түсі біздің от басымызға байланысты әкем тарапынан келетін хабар сияқты болатын. Әсіресе, таңға таяу көрген түстері өте анық әрі өмірде қатесіз келетін еді. Сондықтан анам: түсімде әкелеріңді көрдім десе болғаны, бейне анамыз әкем жүрген жерге барып, аяулы әкемізбен сырласып келгендей, әкем жақтан әлде бір хабар күтіп елегізіп, алдымыздағы ас-суымызды да ұмытып, бәріміз бірдей анамызға аңтарылып қарайтын едік. Сонда анам сөзін сабақтап:

- Дәл осындай жаздың жайдары таңы екен, кенет үйге сұңғақ бойлы, ұзын шапанды, дөңгелек қырма сақалды бір ер адам кіріп келді. Қайыршы дейін десем оған келіңкіремейді, молдаға да ұқсамайды, сүйтіп тұрғанымда мына жақтан әкелерің шықты да: Мына кісіге нан және менің киімдерімнен бер, разы етіп қайтар-деді. Содан мен әкелеріңнің айтуы бойынша әлгі кісіге бәрін буып-түйіп бердім-деді анам түсін тәмәмдап. Анам айтып ауыз жиғаны сол еді, есік алдына жаңа ғана анам суреттеген адам пайда бола кетпесі бар ма? Анам таңданғаны сонша:

-Міне осы кісі, осы кісі -деп әлде неше қайталады. Бейтаныс жолаушы үйге сәлем беріп кірді. Ол жайғасып отырған соң өзінің Алланың қалауымен осы ықшам ауданда бір неше үйге ғана бас сұққанын және әкемнің аруағына арнап құран оқуға келгенін айтты. Құран оқылып дастархан  жиналған соң, бейтаныс адам анама қарап отырып, әрбір баласының мінез-құлқын қолмен қойғандай айтып шықты да, анамның қасында отырған бір жасар немере қызының басынан сипап, немереңіз бақытты болады, ертең жақсылықты осы сәбиден көресіз деп батасын жасап бетін сипады. Анам мен жеңгем екеуі ол кісіге әкем аян еткеннен де мол етіп киім-кешек пен тамақ және ақша беріп, жолаушыны разы етіп аттандырды. Бейтаныс жанның айтқаны келіп, сол немере қызы медицина университетінің аспирантурасын үздік бітіріп, қазір Құлжа қаласындағы Достық емханасында беделді де, білікті дәрігер, әжесінің "жекеменшік врачы". Анамыз немересінің арқасында қалаған уақытта бөлімге жатып, жақсы ем-домын қабылдап жүр. Дәрігерлер мен медбикелердің де силастығы өзгеше, бәрі де сол немере қызының арқасы. Немере күйеу баласы да мың болғыр, сабаз да, жомарт жүректі жан. Әжесінің үйінің ремонты,  тұрмыстық техникасы соның мойнында. Әже үшін бұдан артық қандай бақыт болмақ.

Шахтада жұмыс істеу маған оңайға соқпады. Жаным қиналды. Бала күнімнен білімге құштар едім, жалғасты оқымай қалғанымды өзіме мін санап жүрдім. Әкем марқұм да менің кітап құмар екенімді біліп дүкендегі кітаптың бәрін маған алып беретін. Менің болашағымды біліммен байланыстырып менен үміт күтетін еді. Содан болар бір жылдан соң мектепке қайта бардым. Бара сала өз қатарластарыммен бірге 10 сыныпты оқитынымды айттым. Мектеп директорынан бастап мұғалімдеріме дейін барлығы менің 9 сыныпты не бәрі бір жарым ай оқығанымды алға тартып, қайтадан 9 сыныпты оқуымды ұйғарды, ал мен болсам алған бетімнен қайтар емеспін, сүйтіп тартысып жүріп мен ақыры 10 сыныпқа қайта қабылдандым. Ол кезде орта мектеп 10 жылдық болатын. Түлектердің мемлекеттік емтиханын тапсырып үйге оралып, соңғы нәтижемді күтіп жүргенімде есте қаларлық түс көрдім. Зираттықтың ар жағындағы таудың үстінде сыныптас достарыммен бірге жүр екенмін, кенет әлде кімдер бізге қарата оқ атты, менің қасымдағы бір неше жолдасым арғы беттегі сайға қарай құлдырай жөнелді, мен және екі бала қыратты бойлай қаша бердік, кенет бір оқ менің жанымдағы жігітке тиіп ол сол жерде құлап қалды, ал мен қашып келем, әлде кім әкеңе қарай жүгір дегендей болды. Мен бірден әкемнің қабіріне қарай қаштым, алдымнан көп адам күтіп тұр екен мені үсті ашық машинаға салып алып қалың қазақ мекендейтін бір қалаға алып келді. Мұнда да адам сондай көп, бәрі де мені ән салып, күй шертіп салтанатты түрде қарсы алды. Осы түсімді анама айтқанымда, ол кісі:

- Балам болашағың жақсы болады екен, халқыңа қадірлі азамат боласың-деп менің мерейімді өсіріп тастады. Мен анамның айтқанындай көп өтпей Шынжаң университетіне  гратқа оқуға түстім. Түсімде менімен бірге жүріп оқ атылғанда сайға түсіп кеткен балалар университетке түсе алмады, ал оқ тиген бала сол жылы күзде армияға қабылданып, көп өтпей байқаусызда атылған оқтан қаза тапты.

Өз басым бала күнімнен әжем мен анамның берген тәрбиесі болар, әр түні Аллаға сиынып жатып, жұма күндері мешітке барып намазға қатысып жүретін едім. Шешем дін оқуын жақсы оқыған кісі әрі табиғатынан зерек жан еді, оның үстіне анам Қытай қазақтарына кеңінен таныс шежіреші және ел билеген тұлға Қылышбай қажының жиені болатын. Жас күнінде оқыған құран сүрелері мен қиса дастандары өте көп еді. Мен "Алтай аясында", "Құралай сұлу" және "Әли батыр" т.б. дастандарды ең алғаш анамнан естідім және анамның көмегімен "Құралай сұлу" дастанын қағазға түсіріп, жаттап алдым. Содан болар әкем өткен соң өзім құран бағыштап жүрдім. Кейін университетте оқып жүргенде мүмкіндіктің болмауынан және ортаның әсерінен Құран оқып бағыштауым азайып кетті. Сондай күндердің бірінде ағам маған өзінің түсіне әкем кіріп:

- Қастерге айт, бұрын маған сусын беріп тұрушы еді, көп болды сусын әкелмеді, шөлдедім-депті. Мұны естіген мен қамығып құран оқымаған күндерім үшін қатты өкіндім.

Қазақстан егемендігін алған да шетелдегі қазақтардың қуанышы ата мекендегі қазақтардан артық болмаса кем болмады. Жолын тапқандар Қазақстанға келіп-кетіп тұрды. Менің де жүрегім тулап, қаным ойнап елге келудің жолын қарастырып жүрген кезімде тағы да түс көрдім. Түсімде үлкен ағам қалашықтың батысындағы тауды нұсқап:

- Әне қарашы, анау асу-асу таулар мен  кезеңдер сен барам деп жүрген Қазақстан, оған бару да, онда жүруде оңай емес-деді. Сол сәт үйден шыққан әкем мені жетелеп ауланың шетінде ертіп келді де, сонда байлаулы тұрған бір қойды басын құбылағы қаратып, төрт аяғын байлап жатқызып,  маған арнап батасын беріп, малын бауыздады. Содан көп өтпей мен Қазақстанға ат басын тіредім. Бұл 1997 жылдың  соңы еді. Содан бері Қазақстанда жасап келем, қазір осы елдің азаматымын. Мұнда келгелі көрген қиындығым да аз емес, алайда, жеткен жетістігім онан да мол болды.

Елге келген соң өз отанымда өз түтінімді тұтатайын деп, бір қызбен көңіл қосып жүргенімде, бір күні әлгі қыз өте көңілсіз келді, жылағаны, ұйықтамағаны қызарған, домыққан көздерінен көрініп тұрды. Мен одан не себепті осындай күйге түскенін сұрадым. Ол:

- Қастер, кеше түн мен үшін соншалықты ауыр да, азапты боды. Біз екеміздің отбасын құрсақ деген арманымыз орындалмайтын сияқты. Себебі, мен түсімде сенің әкеңді көрдім, өзің білесің мен ол кісіні өмірде көрмедім ғой, ақсары кісі екен, маған: Қызым, мен сендердің үйленулеріңе қарсымын, себебі, өкініштісі сол сен өмірге бала әкеле алмайсың, ал менің ұлым бала  сүюі тиіс-деді. Қыз осыны айтып егілді. Оның суреттеген адамы дәл менің әкемнің өзі еді. Мен не дерімді білмедім. Соңында солай болды, мен басқа қызбен тағдыр қостым. Қазір ұрпақтарым бар, бақытты өмір сүріп жатырмын.

Құрметті оқырман, бұлар менің өз басымнан өткен істер, шынайы өмірде болған оқиғалар. Радионың екі толқынында екі түрлі хабар  немесе екі түрлі арнада екі басқа көрсетілім жүріп жатқандай ол дүниедегілер мен бұл дүниедегі біздер бір-бірімізді көрмесек те, естімесек те, бірақ қатар өмір сүріп жатқанымыз да дау жоқ. Жаратушының құдіреті сол, теңіз суларын да бір-біріне қоспай, орталарына көзге көрінбес перде құрып, бір бағытта ағызып қойды емес пе? Біздер де сол теңіз ішіндегі қосылмас өзендердей көрінбес перделердің әсерінде бір-бірімізге қосылмай өз арнамызбен жүріп жатқан сияқтымыз. Пайғамбарымыз с.а.у . оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын айтқандай: Адамдар ұйқыда, өлген соң оянады-деп, өлгендер оянған, ал біз ұйқылы-ояу жүрген пендеміз-ау шамасы, содан болар олар бізге, жақындарына көмектесіп, жол-жорық көрсетіп отыратындай. Менің кешірмем тәрізді жәйттерді бұл өмірде талай адам басынан кешсе керек-ті...

Сонда, өлгендер қайтып келеді дейсіз бе?-деп сұрағыңыз келетін шығар.

Менше өлгендер қайтып келеді. Олар тек, біз қиналған, қуанған сәттерде  түсімізге ену арқылы ғана "қайтып келеді", сөйтіп бізге аян береді, сонысымен бізді қорғап-қоршап жүреді. Ол үшін адамдар тіршілікте бір-бірінің қадірін білу керек-ақ. Бұл да Алла тағаланың жер бетінде тірі жүрген пенделеріне болған мейірімінің бір белгісі болар. Барлығы да құдіреті күшті, аса қамқор, ерекше мейірімді Аллаға ғана аян.

(соңы)

Сарқытқан Қастер

Абай ат.ҚазҰПУ

 доценті

Қатысты Мақалалар