Кеше Алматыда «ҚазПрессКлуб» баспасөз орталығында www.akalam.kz атты жаңа әдеби сайттың таныстырылымы өтті және «Алтын қалам» әдеби жүлдесінің жаңа маусымы жарияланды. www.akalam.kz «Алтын қалам» әдеби жүлдесінің ресми сайты. Конкурсқа қатысатын туындылардың барлығы аталған сайтта орналастырылады. Оқырмандар дауыс беру арқылы, байқау жеңімпаздарын анықтауға ат салысады. Әдеби жүлде екі кезеңнен тұрады. Алғашқыда сайтқа түскен шығармаларды оқырмандар іріктесе, кейінгі кезеңде қазылар жеңімпаздарды анықтайды. Айта кететін жайт, «Алтын қалам» әдеби жүлдесіне жаңа номинациялар енгізілді. Биылдан бастап қаламгерлер өз жұмыстарын «Жылдың үздік сатирасы», «Жылдың үздік фантастика немесе детектив шығармасы», «Жылдың үздік киносценарий және драматургиясы» номинациялары бойынша ұсына алады. Сонымен қатар, биыл «Демеуші таңдауы» аталымы енгізілді.