Елбасы ұсынған «100 қадамның» оралманмен қандай қатысы бар?

/uploads/thumbnail/20170708181431061_small.jpg

Дэн Сяопин 1978-жылы «Төрт саланы жаңару» реформасын бастағанда тұп-тура 74 жаста болатын. Жиырма жыл бойы төңкерістік күреспен айналысқан Қытай елінің жағдайы ол кезде шынында тым ауыр еді. Басқаны былай қойғанда, бір миллиа́рд екі жүз миллионнан астам халыққа ішер ас пен киер киімнің өзі елдегі ең басты пробле́мма болатын.

Солай бола тұра, Дэн Сяопин реформаны бірден бастады. Маркс: «ғылым – өндіргіш күш» десе, Дэн «ғылым – бірінші өндіргіш күш» деген ұранды ортаға қойды. Алдымен алғашқы он жылда халықты азық-түлік, киім-кешекпен қамдау, екінші он жылда яғни ғасыр соңына қарай тұрғындардың тұрмыстық қажетін толық қанағаттандыра алатын «дөңгелек дәулетті» өреге жету нысанасын белгіледі. Ал, одан арғы он жылдықтарда ішкі жалпы өнім көрсеткішін екі еселеп, төрт қаттауды жүзеге асыру, сол арқылы 2050-жылға қарай әлемнің орташа дамыған елдерінің қатарына қосылсақ, Қытай елі үшін үлкен олжа деп есептеді. Қытай тек экономиканы дамытып қойған жоқ, реформаның өн бойында хан ұлтының тұтастығы, бірлігі қоса өріліп жатты. Ғасыр соңына жетпей жатып-ақ жат қолына өтіп кеткен екі қаласы мен аралын қайтарып алды. Бірақ, Дэн межесі бастапқы мөлшерден әлде қайда жылдам орындалды. Міне, отыз бес жылдың ішінде әлемнің орташа дәулетті емес, алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттерінің қатарына қосылып үлгіргенін дүние жүзі мойындап отыр...

Әрине, ол кездегі Қытай қоғамымен жаңа Қазақстанның бүгінгі келбетін салыстыруға мүлде келмейді. Еліміз тәуелсіздіктен бергі екі он жылда аса жылдам қарқынмен асқар асуларды бағындырды. Төрт құбыласын түгендеп үлгірді. Тұрғындары үрлеп ұрттап, таңдап киетін жағдайдаға жетті. Әлемдік саясатта да табысымыз мол, айналамызбен де, алыстағы жұртпен де тіл табысып үлгердік. Өз халқымыз да, шетелдіктер де Қазақстанның бейбіт өмірне, тыныштығына тәнті. Қысқасы, Қазақ елі – саяси реформаның қандайын болсын бастауға, қапысыз орындап шығуға шарт-жағдайы толық жетіп тұрған кемелді мемлекет.

Нұрсұлтан Назарбаев батыл қадам жасап үйренген жүректі саясаткер. Батылдық – басшы өлшемі екенін сан мәрте дәлелдеген тұлға! Бүгінгі таңда ол жолға қойып отырған "Бес институционалдық реформа мен оны жүзеге асыруға арналған бұл «100 НАҚТЫ ҚАДАМ» – Ұлт Көшбасшысының кезекті тағы бір ерлігі, астананы Сарыақаға көшіруден кейінгі жасап отырған екінші үлкен төңкерісі.

Шыны керек, сол Дэн Сяопин реформасының шет жағасын көре қалған біздер бұл күнді асыға күттік. Ерте ме, кеш пе, бір келеріне сендік те. Бұған себеп те жоқ емес еді. Бес институционалдық реформаның біріншісі- КӘСІБИ МЕМЛЕКЕТТІК АППАРАТ ҚҰРУ, екіншісі -ЗАҢНЫҢ ҮСТЕМДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ. Тәуелсіздік таңы арайлап атқан күннен бастап Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бірден қолға алған Көші-қон саясатына, басқа емес, дәл осы екі реформаның айы әбден-ақ өтті. Қазақ көшінің әлсін-әлсін табанына тас батып, тасырқаған аттай мимырттап қала бертіні де сол елбасы саястының астарына үңіле білетін, замана қарқынына ілесе алатын, мемлекеттік деңгейде ойлайтын тұлғалардан жасақталған кәсіби мемлекеттік аппараттың жеткіліксіз болғандығынан еді. Сол себепті мемлекет заңның үстемдігін қамтамасыз ете алмады.  2013 жылы халықтың көші-қоны туралы заң жобасын қайта қарау кезінде кеткен саяси қателік соның басты айғағы. Бұл жерде тағы да Нұрсұлтан Назарбаев көрегендік танытты, дұрыс шешім қабылдады. Арада алты ай өтпей жатып, 2014 жылы 4 мамырда үкіметке «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №1026 тапсырма берді. Міне, сол Заң жобасы Мәжілісте талқылану үстінде. Қазірге дейін жеті бірдей отырыс өтті. Қолданыстағы Көші-қон заңының 49-бабының екі бірдей тармақшасының көшіп келген қандастарымыздың тұрақты тіркеуге тұруына басты кедергі болып отырғанын біле тұрып, нақты қадам жасай алмай жалтақтай беретініміздің де түпкілікті себебі осы КӘСІБИЛІККЕ байланысты болып отыр. Қазақ көшінің төрт жылға іркіліп қалғанына қанша өкінсек те, КӘСІБИЛІК пен ЗАҢ ҮСТЕМДІГІ салтанат құрғалы тұрған соң, әрине, өткенге түсіністікпен, кешіріммен қарауға тура келеді. Қазақтың мемлекеттілігін нығайтуға, жолдан адаспауға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын бір емес, екі емес, 100 НАҚТЫ ҚАДАМ жасалғалы отырғаны жүрекке сенім ұялатады. Кемеңгер басшыңның болғанына тәубе дейсің!

«100 НАҚТЫ ҚАДАМ»-ды жіліктеп, талдап отырудың қажеті жоқ. Бәрі соқырға таяқ ұстатқандай анық, түсінікті. Әр қадамның арқалаған жүгіне атан түйенің белі қайысардай салмақты. Біздікі – зер салып оқып шыққан соң алған ескі-жаңа әсерімізді отандастарымызбен бөлісу ғана. Деседе, көзе жылы ұшырай берген, көңілдің түйінін дәп басқан «61-қадам» туралы айтпай кете алмадық. «Ет өндірісі мен өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту. Негізгі міндет шикізат базасын дамыту және өңделген өнімдерді экспорттау» деп көрсетіліпті бұл қадамда.

Ел есінде болса, баяғыда бауырлас Түрік елінің экс- президенті марқұм Тұрғыт Озал «Қазақстан – дүние жүзіндегі азық-түлікпен өзін-өзі қамдай алатын санаулы мемлекеттің бірі. Сондықтан сіздер сасқалақтайтындай ештеңе жоқ. Шетелдік қымбат қарызға, кіріптарлыққа ұрынбай, әр қадамдарыңызды ойланып жасауға болды» деген еді. Құнары кетпеген қазақ даласының сонысына семірген экологиялық таза мал етіне, өзімізді қойып, алыс-жақын шетелдіктер де қызығушылық танытуда. Енді сол етіңіздің саудасы жүргелі тұр.

Бірақ, елбасы тапсырмасымен ауыл шаруашылығына арналып жасалған өте ауқымды бағдарламалар бола тұра, бұл сала кібіртіктеп тұр. Осыдан төрт-бес жыл бұрын Н.Назарбаев ортаға қойған 60 мың тонна ет өндіру жобасы әлі орындалмай келеді. Мына іргемізде тұрған Шыңжаң өлкесінде небары 48 миллион гектар ғана жайылымдық жер бар екен. Қолда бар мәліметке сүйенсек, 2011-жылғы бұл өлкеде 1 миллион 990 мың тонна ет өндіріліпті. Бұл манағы 60 мың тоннадан 33 есе көп ет. Ал, Маңғолияда әрбір адамға орта есеппен 12 бас малдан тура келеді. «Мал баққанға бітеді!» дейді дана халқымыз. Шеттегі қандастарымыздың қомақты бөлігі осы Қытай мен Маңғолияда тұрады. Сол елдерді осынау мол табысқа кенелтіп отырған жұрттың ең басым бөлігін қазақтар ұстайды.

Елбасының көші-қон саясатының арқасында тәуелсіздіктен бері елге оралған бір миллионға таяу қандастарымыз қазір ешкімге иек сүйеп отырған жоқ. Қайта, ауылды жерге қоныс тепкендері қора-қора қой, үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр айдап жүр. Қала жағалағандары сауданың көрігін қыздырып отыр. Бірақ, бұл – аз, жеткіліксіз. Демек, бізде кәсіби мемлекеттік аппарат құрылады екен, онда оған сәйкесетін, ілесіп жұмыс істей алатын отандық касіби малшы да, кәсіби  балықшы да, кәсіби етікші де... болу керек!

Дэн Сяопин реформасында шыңдалып шыққан Шыңжаңдағы қандастарымыздың да, мал өсіруде әлемге әйгілі байөлкелік қазақтардың да Атажұртына берері мол! Олар нарықтық экономиканың қыры мен сырына әбден қанық, малды ғылми жолмен бағудың мектебінен өткен. «Анау жоқ, мынау кем!» деп үкіметтің де басын ауыртып жатпайды. Білек түріп, жұмысқа кіріседі де кетеді. Енді сол шеттегі қазақтардың екінші толқынының жолын ашып, атажртына әкеліп, құжатын тездеп қолына ұстатып, жайылымын белгілеп берсеңіз ғана болғаны, манағы 60 мың тона ет өндіру жобасы бірден іске асақалы тұр. Қазақстанда 189 миллион гектар табиғи жайылым жер бар. Шыңжаңдікінен 4 есе кең. Ет өнімін қалай шарықтатам десең, мүмкіндігің бар. Қайталап айтуға және тура келеді, Қазақ көшінің кедергісін жойып, жолын ашсақ, бір ғана 61-қадаммен-ақ айымыз оңынан туғалы тұр.

aut mukibek Ауыт Мұқибек  26.05.2015 Астана қаласы

Қатысты Мақалалар