Өзгерген әліпбиге жаңғырған емле керек

/image/2019/06/17/8534171.jpeg

Өзгерген әліпбиге жаңғырған емле керек

Әріп - дыбыстың қалыбы. Жазу - тілдік қалыпты сақтаушы негіз. Әріп жазуы арқылы тарихи таным сақталады. Елбасының бағдарламалық мақаласында айтылғандай, рухани жаңғырудағы басты шарт – ұлттық кодты сақтай білу. Қазақтың латынәліпбилі (латыннегізді емес) емлесін қабылдауда ұлттың сөйлеу үлгісіне негіздей отырып, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған алаш қайраткерлері зерттеулеріндегі теориялық қисындар мен қағидаларды толық меңгеріп алып, соны жүйелі түрде бүгінгі жазуға енгізу лазым.  

Е. Омарұлы: «Қазақша жазу жеңіл болу үшін де, дұрыс болу үшін де, – дыбыс жүйесінше болуы керек. Біздің ұстаған негізгі жолымыз дыбыс жүйесі болуға тиіс», – деген пікір айтады. Кеңестік саясаттың негізгі тұжырымдары бойынша жасалған, қоғамдық санаға тілдік бірліктер мен олардың жазылуы арқылы әбден сіңіп қалған, көзіміз үйреніп, қолымыз жазуға икемделіп, дағдыланған емлелер мен ережелерден осы реформаның негізінде толықтай бас тартып, өз «көшімізді» түзеу мүмкіндігі тұр алда. Өзгерген әліпбиге жаңғырған емле керек. Сонда ғана әліпбидің өзгеруі реформалық деңгейге жетпек. 

Бүгінгі жас буынды ұлттық код негізінде тәрбиелеп, қазақы болмысты танымдық деңгейде бойына сіңіреміз десек, жазу үлгіміздің өн бойында сол код сақталуы тиіс. Ал оның негізі – алаш қайраткерлері еңбектерінде мөлдіреп тұнып тұр.  

Қазақ емлесі қай принципке негізделеді?

Емленің соңғы редакцияланған нұсқасында «Ереженің негізгі ұстанымы үшін фонематикалық принцип басшылыққа алынады. Сонымен қатар қазақ әдеби тілінің лексикалық құрамындағы көне және кірме тілдік қабаттардың кейбір түрлерінің емлесіне қатысты дәстүрлі және фонетикалық принциптер қолданылды» - деп жазылған [1]. Емле-ереженің оң жасалуы үшін, басты принциптерді белгілеудің және оны емледе нақты және толық ұстанудың маңызы ерекше.

Қазақ тілінің емле-ережесінде морфологиялық принципті басты принцип ретінде ұсынуымыздың өзіндік себебі бар. Бұл ана тіліміздің төл табиғатынан шығады. Әлем тілдерінің қай-қайсымен салыстырсаңыз да, түркі тілдерінің бір бұтағы ретінде қазақ тілі жалғамалы тіл болғандықтан, бүгінге дейін көнеден келе жатқан түбірлерді тұлғалық, мағыналық және ұғымдық жағынан сақтаған ең көне тілдердің бірі. Қазақ тіліндегі бір буынды түбірлер - күні бүгінге дейін өзгеріссіз тарихи қалпын сақтап, тарихи кодты жадымызда жаңғыртып отырған жалғыз тарихи жәдігер. Ежелден келе жатқан түбірлердің сипатын өзгертуге болмайды.  

Фонематикалық принципті негізге алатын жазу үлгісі осы тарихи текті түбірлердің сақталып жазылуына басты қауіп әкеледі. Жазу емлесі бекіп, осы принциптер негізгі қисын ретінде алынса, қазақ тіліндегі мызғымай келе жатқан түбірлердің тарихи сипатына өзгеріс енуі ықтимал. Қазіргі фонематикалық принципті ұсынып отырған ғалымдардың негізгі сүйеніп отырғаны тіліміздегі морфонологиялық құбылыстан басқа түк емес. Мұндай морфонологиялық құбылыстардың сипаты профессор А. Айғабылұлы зерттеулерінде нақты қарастырылғандай, көбінесе дыбыстар тіркесімі, сөз, сөз формаларының буын жігінде айтылымда көрініс табады [3]. Профессор Ә.Жүнісбек қазақ тіліндегі фонологиялық қызметті буын атқаратынын дәлелдеп, фонема терминінің орнына сингармема терминін ұсынғанын көзі қарақты ғылыми қауым біледі [4] . Ә. Жүнісбековтің пікірінше, жалпы түркі тілдерінде фонема ұғымы болуы мүмкін емес. Осы пікірді толық қолдаған А.Айғабылұлы «Қазақ тілі морфонологиясы және лексикологиясы» атты зерттеуінде кезінде біраз ғалымдар фонема мен дыбыс терминдерін синоним ретінде пайдаланып келгенін, Ә. Жүнісбек зерттеулерінен кейін фонема терминін қазақ тіліне қолдануға болмайтынын ашық жазған [3. 210-211].  

Олай болса, қазіргі жаңғыру заманы келгенде, қазақ тіліне еш қатысы жоқ фонема терім сөзін қайта қолдану лайықсыз. 

Біз жеке ғалымның зерттеулеріне, олардың өзіндік ғылыми көзқарастарына дау айтқымыз келмейді. Ал әліпби мен оның емле-ережелері жалпы қазақ ұлтының жазуына, демек, ұлттың мәдени дамуына, рухани болмысына, рухани жаңғыруына қатысты болғандықтан, кеңестік кезеңдегі «шатасудан» сақтанып, Ақымет Байтұрсынұлы салған төте жолмен өз әуенімізді, әуезімізді қайта табуды ойлау керек деп есептейміз.

Сингармонизм заңы - қазақ тілі емлесінің негізіне айналуы тиіс

Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің (Ереже) соңғы нұсқасында «Ережеде алдымен ұлттық тілдің жазу-сызумен байланысты: тілдің жалғамалылығы; тілдің ықшамдалуы; тіл дыбыстарының үндестігі;дауыссыздардың бір-бірімен үйлесімділігі т.б. негізгі заңдылықтары мен ерекшеліктері ескерілді» - деп жазылған (1).

Тілдің жалғамалылығы – тілдік типке жатады, бұл ықшамдалу құбылысымен немесе  тіл дыбыстарының үндестігі сияқты қазақ тілінің ішкі заңдылықтарын анықтайтын қағидалармен бір парадигма құрай алмайтын әр шеңбердегі, әр деңгейдегі түсініктер.

Қазақ тілі ережесі сингармонизм заңдылығы негізінде айқындалады. Бұл дұрыс. Басқа да түркі тілдері сияқты қазақ тілінің басты қасиеті - осы.

Ал тілдегі ықшамдалу құбылысы қазіргі тілдік үдерісте емлеге басты қағида бола алмайды. Неге? Өйткені ықшамдалу құбылысы – кез келген тілдің эволюциялық дамуының жемісі, ол ұзақ уақыт аумағында бірте-бірте орындалатын процесс. Тілдік экономия процесімен байланысты қарастырылатын ықшамдалу үдерісі тілдің барлық деңгейлерінде кездеседі: фонетикалық ықшамдалу; морфологиялық ықшамдалу; синтаксистік ықшамдалу.

Мәселен: барғанмын – барғаммын – фонетикалық өзгеріс, барғаммын-барғамын - морфонологиялық құбылыс. Демек, м дыбысы кейінді ықпал жолымен н дыбысын еріндік м-ге айналдыруы фонетикалық алмасу болса, екі м-нің біреуінің түсуі – дегеминация құбылысы.  

Морфонологиялық құбылыстың нəтижесінде фонетикалық дыбыс алмасу пайда болуы да мүмкін. Мысалы: осы жақ – ос(ы) жақ – осжақ – ошшақ болып өзгергенде алғашқы өзгеріс ы дыбысының түсуі (осжақ) морфонологиялық өзгеріс болса, сж- ның тоғыспалы ықпалға ұшырап, ошшақ болуы фонетикалық өзгеріске жатады.

Дəл осы үлгімен осы жолы – ошшолы, осы жер - өшшер сияқты сөздерді келтіруге болады. Сондай-ақ, ы дыбысының түсуімен фонетикалық алмасу пайда болатын ананы қара – анан(ы) қара – анаңғара, мынаны қара – мынан(ы) қара – мынаңғара сияқты құбылыстарды да атауға болады.  Сондай-ақ, айтып жібер – айтыжбер,оқып жібер- оқыжбер,қарап жібер – қаражбер т.б. болып ауызекі сөйлеу тілінде ықшамдалып айтылады.

Немесе ықшамдалу құбылысына салсақ, бар ма екен  - бармекен, келе ме екен – келемекен болып жазылуға тиіс болар еді. Байқап отырғанымыздай, ықшамдалу құбылысы  жазу емлесінің басты қағидасы бола алмайды.

Ықшамдаудың қайда барып соқтырары бізге беймәлім. Дей тұрғанмен, кейінгі шыққан еңбектерде мынадай деректерді кездестіріп, «таң қалмасқа» лаж қалмайды. Қолымызға осы жаңа Емленің негізінде жазылған «ЖАҢА ЕМЛЕ. Оқу-әдістемелік құрал» келіп түсті. Нұр-Сұлтан қаласынан 2019 жылы жарық көрген [5]. Оқу-әдістемелік құрал арқылы латынәліпбилі қазақ жазуы мұғалімдерге, оқытушыларға үйретіліп жатыр. Мұнда «Түркі сөзінің құрылымы: префикс+түбір+аффикс = қазақ сөзі» деп жазылыпты. Әрине, «сөзалды қосымшаларының» (терім сөз автордікі) бәрі кірме болып келетіні жазылған. Өйткені авторлар келтіріп отырған бұл құрылым түркі сөздеріне мүлде тән емес, флективті тілдерге тән құбылыс. Сонда авторлардың «Түркі сөзінің құрылымы: префикс+түбір+аффикс = қазақ сөзі»» деп грамматикалық құрылымды өзгерте оқытуын білместік дейміз бе, не дейміз?

Сонымен, тілдегі ықшамдалу құбылысы жаңа емленің негізгі заңдылығы бола алмайды. Емленің негізгі заңдылығы - сингармонизм болуы тиіс.

Дыбыс тіркесі мен буынның айырмасы бар

Қазіргі ұсынылған емледе дауыссыз и, у дыбысы мен дауысты ұ, ү, ы, і дыбыстарының қатар келуі екі түрлі терім сөзбен белгіленген: «дыбыс тіркесі» (кіиім, біи), «қосар әріптер» (сый, тый):   

Мұндағы дыбыс тіркесі деген не? Ғалымдардың пайымдауынша, дыбыс тіркесі болу үшін олардың арасында артикуляциялық байланыс болуы шарт. Кез келген тіл біліміндегі (демек, жалпы тіл білімі теориясында да!) теорияға сүйенер болсақ, «дыбыс тіркесі» терім сөзі, әдетте, қатар тұрған екі дауысты немесе екі дауыссыз дыбыстарға қатысты анықталады. Ал дауысты және дауыссыз дыбыстар бастауыш сыныптардан бастап үйретілетіндей, буын ретінде танылады.  Біздіңше, бұл - аксиома. Ал емле жасаушылардың өздері жазып отырғандай, ұ дауысты мен у дауыссызды дыбыс тіркесі ретінде тануы бүгінгі ғылымның дамуына сәйкес келе қоймайды. Бұл - буын. Демек, бір буынды бір таңбамен беру әлемдік грамматология ғылымында кездеспейтін «сонылық».  

Емле түзуші қазіргі ғалымдар бүгінгі рухани жаңғырғысы келіп отырған қазақ қоғамына «сөз жүйесінің заңдарын бұзатын», «тілдің заңына келтіріп шығарған ережелердің орнына жалған ережелер кіргізіп, былықтырып, сол былықтардан құрастырып жаңадан дыбыс жүйесі, сөз жүйесін шығарып» отыр. Көріп отырып айтпау, біліп отырып жазбау, ертеңгі тіл дамуына зиянды екенін түсініп отырып көрсетпеу – күнә деп білдік.

ТҮЙІН

Қазіргі жазу үлгісі Қ. Жұбановтың жазу теориясына негізделгені және 1967 жылғы Ережеде біржола заңдастырылғаны белгілі. Бұл уақытта Ахмет Байтұрсынұлы, Е. Омарұлы, Т. Шонанұлы, Қ. Кемеңгерұлы еңбектері әлі құрсауда еді. Тілдің негізгі заңдылықтары саясат құрбаны еді.

Қазіргі рухани жаңғыру кезеңінде біздің белгілі ғалымдарымыз қазақ жазуын Ахмет Байтұрсынұлы жасаған төл емлеге негіздеп, оң жолға түссе деген тілек бар. 

Анар Салқынбай

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Филология ғылымдарының докторы, профессор.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар