Сана сілкінісі

/uploads/thumbnail/20170708182301691_small.jpg

Сөздің магиялық қуаты бар екендігіне осы өнерді төңіректеген адамдардың біршамасы қарсы келе қоймайды. Сөйте тұра біз «жақсы сөздің-жарым ырыс»  екенін қаперден шығарып алып жатамыз. Келеңсіз сөзді-келеңсіз ойларды көп ойлайтындығымыздан  айтатын болуымыз керек. Ал неге «келеңсіз» ойлаймыз? Біреудің үйінде шырылдаған сәбидің үні шығып, перзентті болыпты деген жаңалықтан көрі, өз баласын өзі өртеп жіберіпті деген ақпарат көп оқылады. Бірі еліміздің Батысында, енді бірі Шығысында жүріп, бір –біріне әрең қолы жеткен қос ғашық шаңырақ көтеріпті деген жаңалыққа қарағанда, соншама жыл отасқан әлгілер айырылысып тыныпты  деген сыңайдағы әңгіменің ғұмыры ұзақ. Көп талқыға түседі. Біз қайда бара жатырмыз? Бұрын  жағымсыз жаңалықты аузының суы құрып айтушыны өсекші деп жақтырмаушы едік. Қазір оны айтудан да, тыңдаудан да шімірікпейтін болып барамыз. Біздің жанашырлық сезіміміз бен қабілетіміз семіп бара жатқандай. Интернетте ары- бері сілтеніп жататын жаңалықтарға ұйыған халықтың самарқау кейіпі кімдерге қолайлы? Ол рас, ғаламтор біздің өміріміздің бөлшегіне айналып кетті. Онсыз дүниеден мақұрым қалғандай бір күй кешесің. Деседе, экранға үңілгеннің барлығы ергіп отыр деп айтуға тағы келмейді. Солай отырып тірлігін бітіретіндер, бизнесін жүргізетіндер баршылық. Бірақ сол баршылықтардың қарасында біздің  қандастарымыздың үлесі қанша екен деген сұрақ сумаңдай береді. Жалпы жалпақ тілде қазақты жалқау деп айтуға құштармыз ғой. Бірақ жеңіл жұмыста жүрген қазақтың саны аз секілді. Мәселен, өзім бүге-шігесіне дейін білетін бьюти индустрияда бір қазақ жоқ. Рас, бізде косметика өндірісі дамымаған. Десе де тыстан келетін брендтердің маркетологтарынан бастап, сатушысына дейін басқа ұлтқа тиесілі. Ал анығында  бьюти индустрия соншалықты ауыр сала емес. Ол этика мен эстетиканы талап ететін, таза  ортада ойнап-күліп жүретін бизнес түрі. Мұнда ерлер де, нәзік жандылар да нәпақасын айыра алады. Бұл салаға бару үшін  арнайы оқу орнын тәмамдаудың да қажеті шамалы. Бірақ табыс көзі басқа мамандықтарға қарағанда жоғары. Себебі бүгінгі таңда сұлулық пен сәнге назар аударылып жатыр. Бьюти саласының косметикалық  кәсібін былай ысырғанда, біздің ұлт өкілдерінің арасынан шыққан визажистерді де аз жолықтырамыз. Ал тойшыл қазақтың қыз-келіншектері салтанатқа сәнденіп баратыны жасырын емес қой. Жоғарыда атап өткеніміздей, визажист болу соншалықты қиын емес. Косметика өнімінің кәсібімен айналысу да аса ауыр шаруа емес. Дәл сол секілді талғамы бар адамдар-стилист те бола алады. Бар болағаны осы салаға қызығушылық қажет. ҰБТ-дан өте алмай қалса, өмір де сол жерден тоқтайды деп ойлайтын да қазақ қана. Ал басқа жұрт осындай жеңіл әрі оңай олжа табатын жерді төңіректейді. Білімге құштар болғанда дұрыс шығар. Бірақ 11 жыл бойы оқымаған баланы, « тым болмаса, мұғалім бол»,- деп колледжге сүйрелегенше заман талабына сай мамандықтарға алып келген жөн.  Қазақстанға  енді келген бір косметикалық өнімнің тұсаукесеріне бара қалсаң, ол жерден  қазақтілді әріптесімді таба алмай әбігер боламын. Әріптесті қойшы, осы бизнесте жүргендердің арасында жүріп туған тіліңді сағынып, сыртқа атып шығасың.. Мәселен блогерміз дейтіндер де әлемдік тәжірибе  көрсеткендей белгілі бір саланың саусағын ұстауы тиіс. Интернет әлемінде  қазақтілді бьюти редакторлар мен блогерлер  әлі қалыптаспаған. Сол да кәсіп болып па? Бетке ананы жағып, мынаны сипаған үшін жазғыш болмай-ақ қойдым деп ойлауымыз мүмкін. Ойлай салу оп-оңай ғой. Ал сол қадамға бару арқылы сіз екі күрделі мәселені шеше аласыз. Ең алдымен бьюти бизнестегі қазақ тілінің тынысы ашылады.  Екіншіден жеңіл әрі паң кәсіптің иесі атанасыз. Ал біз бір салаға жабысып алып, одан соң бірімізді-біріміз көре алмай, аяғымыздан шалып әлекпіз.

Айнұр Төлеу

Қатысты Мақалалар