Екі жылда Жамбыл облысынан 362 отбасы солтүстікке қоныс аударды  

/image/2019/08/23/crop-9_10_649x978_kosh-1.jpg

 

Жамбылдықтар еңбек ресурстарын басқаруды жолға жүйелі қою сол арқылы ел экономикасын ілгерілету мақсатында қабылданған «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын тиімді пайдалануда. Бағдарлама қабылданған екі жыл ішінде 1304 мүшесі бар 362 отбасы солтүстік өңірлерге көшкен деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Жалпы елімізде «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы іске қосылғаннан бергі аралықта оңтүстік өңірден 19 мың адам солтүстік өңірге қоныс аударған екен. 2020 жылға қарай қоныс аударушылар саны 3,5 есеге дейін ұлғаймақ.

–Оңтүстіктен солтүстік өңірлерге қоныс аударушыларға арнайы мамандығының болуы міндеттелед. Егер отбасымен қоныс аударуға ниеттілер болса отбасы мүшелерінің бірінің мамандығы болғаны құпталады. Мамандарға сұраныс солтүстік өңірлерден түседі. Біз азаматтарды сол сұранысқа сай көшіреміз. Ағымдағы жылдың 7 айында 352 адамнан тұратын 110 отбасы солтүстік өңірлерге қоныс аударды. Жыл соңына дейін 706 мүшесі бар 176 отбасыны теріскейдің еңбек ресурстары тапшы өңірлеріне көшіру жоспарланып отыр. Өткен жылы 198 отбасы осы бағдарлама қатысушысы атанды,–дейді Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы көші-қон бөлімінің бас маманы Әсел Сұлтанғазиева.

Ішкі көші қон саласындағы ілкімді бағдарлама арқылы Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударып, мамандығымен жұмысқа орналасқан жамбылдықтың бірі – Аида Қыдырбекова.Қазір ол Солтүстік Қазақстан облысындағы Аққайың ауданының Полтовка ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктінде медбике болып қызмет етеді.

–Біз мұнда Жамбыл облысындағы Байзақ ауданының Жетібай ауылынан ағымдағы жылдың мамыр айында ғана көшіп келдік. Өзім 2016 жылы Жамбыл медициналық колледжін тәмамдадым. Көп уақыт жұмыссыз жүргенімде оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасы жайында естіп, қажетті құжаттарымды жинадым. Қазір Аққайың ауданының Полтовка ауылында тұрып жатырмын. Мұнда біз секілді оңтүстіктен көшіп келген отбасылар да бар,– дейді Аида Қыдырбекқызы.

Айта кету түстіктен теріскейге бет алған көшке ерген жамбылдықтардың дені Солтүстік Қазақстан облысына табан тірейді. Аталған өңірдің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алмаз Қошмановтың мәлімдеуінше Жамбыл облысынан Солтүстік Қазақстан облысына 580 адам көшіп барған екен. Олар қазір ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, педагогика салаларында жемісті еңбек етіп жатыр.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар