Ықылас Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде қала прокуратурасы мен қала әкімдігінің жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен борышкерлерден нәпақа өндіру тұрғысында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті,-деп хабарлайды «Qamshy.kz» ақпарат агенттігі. Жәрмеңкені өткізудің мақсаты – алимент бойынша қарызы бар борышкерлерді жұмысқа орналастыру.
Шараның ашылуында Тараз қаласы әкімі аппаратының басшысы Барлыбай Мейірманов сөз алып, аталмыш жәрмеңкеге жұмыс беруші мекемелердің басшыларын тарта отырып, олардың тарапынан ұсынылған бос орындарға жұмыс іздеуші азаматтардың орналасуына ықпал етіп, еңбек нарығындағы жағдаймен таныстыру, өз бетінше жұмыс іздеп табуға көмектесу және жұмыс іздеуге кәсіби бағыт-бағдар беру керектігін атап өтті.
Тараз қаласының тұрғыны Аслан Қаржаубаев дәнекерлеу бойынша жұмыс іздеп келген. Балаларына нәпақа табу үшін бүгінгі жәрмеңкеден үлкен үміт күтіп келді. Ол осындай іс-шаралар жиі өткізіліп тұрса деген тілегін жеткізді.
– Менің негізгі мамандығым дәнекерлеуші. Осыған дейін жұмыс істеген жоқпын. Ажырасқанмын. Балаларым бар. Жаңа жұмысқа орналассам перзенттеріме тиісті қаржыны төлеп тұрар едім, – дейді ол.
Жамбыл облысы жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы басшысының орынбасары Мақсат Елубаевтың айтуынша, облыс бойынша 12700 алимент төлеушінің ісі жеке сот орындаушыларының қолында. Бүгінде олардың 400-ге жуығы табысын жасырып, төлемнен қашып жүр. Мақсат Ілиясұлы мұндай шаралар облыста алғаш рет өткізіліп отырғанын, алименттерді жинау мәселесін жеңілдету мақсатында мұндай шараларды өткізудің маңызы зор екенін айтады.
«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында өткен шараға 80 борышкер қатысып, оның 45-і жаңа жұмыс орындарына шақырту алды. Жалпы жәрмеңкеге кадр тапшылығы бар 9 мекеме қатысып, 180 жұмыс орнын ұсынды. Жұмыс берушілер бос жұмыс орындары туралы толық ақпарат беріп, жұмысқа үміткерлердің әрқайсысымен әңгімелесу өткізді.
Әрине, заңның аты-заң. Сондықтан да жауапкершілікпен қашпай, берешекті өтеген абзал. Ал бұл тұрғыда осындай шаралардың өз пайдасын тигізетіндігіне сенім мол.
Пікір қалдыру