Осыдан тура бес жыл бұрын облыс жұртшылығы Талас ауданындағы «Амангелді газ» кен орны маңынан «Жарқұм» кен орнының ашылу салтанатына куә болды. Сол тұста облыстағы газ-кен өндірісі саласына тың серпін берген жаңа кен орнының ашылуымен өңірдегі елді мекендерді көгілдір отынмен қамту ісі күш алатындығы айтылған болатын. Расында осы 5 жыл ішінде «Жарқұм»газы мыңдаған жамбылдықтың игілігіне жарады, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Жалпы Жамбыл облысы өңірдегі газ өндіру ісінің алпауыт саналатын «Амангелді газ» кен орнынан жылына 330 миилион текше метр газ береді. Кен орны пайдалануға берілген алғашқы 10 жылдың өзінде мұнда өндірілген 3,5 миллиард текше метр газ өндірістік, тұрмыстық қажеттіліктерге жұмсалған екен. Ал 2014 жылы 4 бұрғылау қондырғысымен іске қосылған «Жарқұм» кен орны жылына 65 миллион газ беруге қабілетті. Бұл кен орны ел игіліне берілген алғашқы жылдары мұнда 30-ға жуық адам еңбек еткен. Кен орнының негізгі мақсаты 2000 метр тереңдіктегі көгілдір отын өндірісіне жол ашып, оны жақын маңдағы Талас, Байзақ аудандары тұрғындарының игілігіне айналдыру болды. Сондай-ақ кен орнының ашылуымен Талас, Байзақ аудандары мен Тараз қаласының көгілдір отынмен қамтылмаған бөліктерін газдандыру ісі соны серпін алды. Сол секілді, өндірістік қала саналатын Жаңатас қаласына Қаратау қаласы арқылы газ жеткізу де жоспарланды.
Жалпы өткен жылы Жамбыл облысында елді мекендерді газдандыруға облыстық бюджеттен 344 миллион теңге, республикалық бюджеттен 2 миллиард теңге қаржы қарастырылды. Аталған қаржыға Талас ауданының 5 елді мекені мен Сарысу ауданының 4 елді мекеніне газ құбыры тартылды. Ағымдағы бұл жұмыстарды толық аяқтауға облыстық бюджеттен 22 миллион теңге, республикалық бюджеттен тағы 198 миллион теңге бөлініп мақсатты игерілуде.Сондай-ақ биыл Байзақ ауданын газбен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 1 миллиард 365 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржы аудандағы 10 елді мекенді көгілдір отынмен қамту ісіне жұмсалатын болады.
Мұнан бөлек Жамбыл ауданының 13 елді мекенін газдандыру үшін республикалық бюджеттен 300 миллион теңге, облыстық бюджеттен 33,3 миллион, ал Жуалы ауданының 15 елді мекенін газдандыру үшін республикалық бюджеттен 704 миллион теңге облыстық бюджеттен осының 70 миллион теңге көлемінде қаржы қаралды. Сарысу ауданының елді мекендерін, Жаңатас қаласын газдандыру үшін «Шаян –«Евро-Хим»-Жаңатас» жоғары қысымды газ құбыры құрылысы арқылы шешілмек. Бұл жобаға бастау үшін 3 миллиард теңге бөлінді. Нәтижесінде өңірдегі елді мекендерді газдандыру мәселесі алдағы 7-8 жылда толығымен өз шешімін таппақ.
Пікір қалдыру