Теңге күллі Қазақстанға Тараз арқылы тараған

/image/2019/09/23/crop-9_16_729x1176_tenhge.jpg

Тәуелсіз Қазақстанның төл теңгесін айналымға енгізу туралы заңға 1993 жылдың 12 қарашасында қол қойылды. Арада үш күн өткен соң қазақстандықтар жаппай сауда жасау, есеп айырысу кезінде төл валютаны қолдана бастады. Осы бір тарихи оқиға тарихи Тараз жерінде бастау алған еді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

29 жыл бұрын Қазақстандағы жаңа валютаны енгізілуімен елімізде тәуелсіздігімізді, біртұтастығымызды айшықтайтын тағы бір төл белгіміз пайда болды. Осынау тарихи оқиғаның Тараз жері тарихында өзінше із қалдырғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Шынында 2000 жылдан астам тарихы бар Тараз қаласында тиындарды соғу ісі сонау VI-VIII ғасырда кең қанат жайғанын археологиялық қазба жұмыстары айғақтайды. Дәл осы тарихи оқиғамен сабақтасып, тәуелсіз Қазақстанның төл теңгесі де Тараз қаласына алғаш табан тіреп, өте құпия операция ретінде республиканың түпкір-түпкіріне жол тартты.

–Елбасы ұлттық валютаны қолданыс енгізу жайлы шешім шығарған соң оның нобайын жасау үшін арнайы мамандар тобы жасақталды. 1992 жылы алғашқы банкноталар Ұлыбританиядағы 400 жылдан бері осы салаға маманданған «Харрисон және оның ұлдары» компаниясында басылып шығарылды. Ал 1993 жылы 12 қарашада «Қазақстан Республикасында ұлттық валютаны енгізу» туралы Жарлыққа қол қойылып, үш күннен соң қазақстандықтар толығымен теңгені пайдалануға көшті. Маған осынау шақта Ұлттық банктің облыстық филиалының директоры ретінде ауқымды жұмыстардың басы-қасында жүру бақыты бұйырды.

Қазіргі Тараз қаласындағы Ұлттық Банктің облыстық филиалы орналасқан ғимарат Кеңес одағы тұсында Мемлекетік банк қоймасының Орталық Азиядағы №2 қоймасы болған.Мәскеуден келген ақша осы жерден одақтас елдердің орталық Азияда орналасқан бөліктеріне тарайтын. Сондықтан еліміздің төл валютасын қолданысқа енгізу кезінде де Қазақстандағы ең үлкен қоймасы банк ретінде таңдау Тараз қаласына түсті. Сәйкесінше Англияда басылған банкноттар аптасына бір рет арнайы ұшақпен бірден Таразға жеткізіліп отырды. Әрине бұл әрекеттердің барлығы өте құпия түрде жүргізілді, –дейді сол кездері ҚР Ұлттық Банкінің облыстың филиалын басқарған Айдайбек Халимбетов.

Ұлттық валютаның 20 жылдығы қарсаңында ҚР Ұлттық Банкінің облыстың филиалы ғимаратының алдында төл теңгенің күллі Қазақстанға осы жерден таралғанын айғақтайтын арнайы стела орнатылған.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар