Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына алғашқы Жолдауында мән берген маңызды мәселелердің қатарында инфрақұрылымды дамыту жайы да бар. Осы орайда Президент «Алдағы үш жыл ішінде тұрғындарды таза ауыз сумен және су жеткізумен қамтамасыз етуге шамамен 250 миллиард теңге бөлінеді.
Атқарушы билік органдары «Нұрлы жол» бағдарламасын толық және сапалы іске асыруға баса мән беруі керек.
Бұл – стратегиялық жоба. Соның арқасында бүкіл көлік инфрақұрылымы жаңғыртылады.
Осы мақсатқа орай, мемлекет 2022 жылға дейін 1,2 триллион теңгеден астам инвестиция салады.
Үкімет бұған дейін де көп қаражат бөлген болатын, бірақ оның көбі құмға сіңген судай жоқ болып кетті. Ашығын айтсақ, шенеуніктердің қалтасына кетті, ал таза су, жол және басқа да инфрақұрылымның жағдайы әлі де сол күйінде.
Бұл жолы Үкімет пен Парламент Есеп комитетімен бірлесіп, бюджет қаражатын толығымен тиімді пайдалануды қамтамасыз етуі тиіс» деп атап өтті.
Бүгінде Қордай ауданында елді мекендерді ауызсумен, газбен қамту, автомобиль жолдарын жаңғырту жұмыстары жандана түсуде.
Бекітілген межеге сәйкес аймақта орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету индикаторы 70,7 пайызға жоспарланып, орындалған. Яғни, ағымдағы жылы Әлжан ана ауылында су жүйесінің құрылысы аяқталып отыр. Нәтижесінде индикатор былтырғы жылдың есепті кезенімен салыстырғанда 2 пайызға ұлғайып, 29 елді мекен орталықтандырылған сумен қамтылған.
Ал бекітілген межеге сәйкес орталықтандырылған газбен қамтамасыз ету индикаторы 29 пайызға жоспарланып, былтырғы жылдың деңгейінде сақталып отыр. Қордай ауданындағы елді мекендерді газдандыру мәселесін кезең-кезеңімен шешу болжамданып, бүгінде І кезең бойынша Отар аумағындағы елді мекендерді газдандыру үшін жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге аудандық бюджеттен 28,5 миллион теңге бөлініпті.
Жол жөндеу жұмыстары да жергілікті биліктің жіті назарында. Аудан бойынша жалпы 583,8 шақырым жолдар бар. Олардың 263 шақырымы республикалық маңызы бар жолдар. Сондай-ақ облыстық маңызы бар 105 шақырым және аудандық маңызы бар 215,8 шақырым бар.
Есепті кезеңде Ноғайбай-Сарыбастау ауылдары аралығындағы 2,5 шақырым және Бетқайнар-Соғанды аралығындағы 3 шақырым жолға жөндеу жұмыстары аяқталып, нәтижесінде индикатор 78 пайызды құрады. Ал Өтеген-Бәйтерек ауылдары аралығындағы ұзындығы 8 шақырым жолдың жөндеу жұмыстары аяқталған соң индикатор 100 пайыз орындалып, былтырғы жылмен салыстырғанда 4 пайызға артады деп күтілуде.
Пікір қалдыру