Сіз қандай топырақтан жаралдыңыз?

/uploads/thumbnail/20170708185959435_small.jpg

Топырақтан жаралғанымызға көбіміз нанамыз. Тіпті тілдік қолданыста « қай топырақтан жаралдың» деген поэтикалық сауал да бар. Соңғы кезде « топырақтан жаралу» деген  тіркес мені қатты ойландырып жүр. Көп қазақтың бірі ретінде мен де топырақтан жаралғаныма сенімдімін. Бірақ біздің келешек қай топырақтан жаралып жатыр? Тарқатып айтар болсақ, топырақтан жаралу дегенді былай түсінуге болады: Жаратынды ретінде біз де жерге тәуелдіміз. Жерден өніп шыққан өсімдіктерді азық етеміз. Азық асқазанға түседі, сарапталады, дәруменге айналады. Демек біздің әрбір жасушамыздың қалыптасуы осы топырақтан шыққан азық пен суға байланысты. Өсуіміз бен өніуіміз, қала берді өлуіміз де топыраққа байланысты делік. Бірақ бүгінгі қазақтың тұтынып отырған азықтарының қанша пайызы өз топырағымыздан өніп шығып жатыр? Көкөніс Өзбекстаннан алып келінеді. Етті Ресейден тасимыз. Сүт тағамдары  Қытайдан келетін ұнтақтар арқылы жасалынады. Жұмыртқаны да көршіден тасимыз. Тауық еті тіпті  мұхит асып келіп жатыр. Демек, бүгінгі қазақ құрсақта жатқан сәттен бастап-ақ қазақ жерінің топырағынан жаралып жатқан жоқ деген сөз. Бойыңа өз топырағыңның құнарын дарытпай, осы елдің отаншыл азаматы бола алатыныңызға сенесіз бе? Біз жаралсақ, осы елдің суын ішіп жаралып жатқан болармыз, бірақ туған еліміздің топырағының құнары бойымызда жоқ. Бұл ойлануға тиіс жағдай. Ол рас, азықты тыстан сатып алуға болады. Бірақ туған елге деген сүйіспеншілікті сатып ала алмайсыз.  Талай алмағайып заманда батырлардың тұлпарының тұяғына жаншылып, ананың көз жасы мен бабаның қаны сіңген топырақтан біз міндетті түрде құнар алуға тиіс болатынбыз. Жасанды жеміс шырыны мен ұнтақтан жасалған сүтті ішіп жүрген баланы көргенде жүрегім сыздап қоя береді. Тапқан амалым-оларды ауылға алып бару. Солай ғана мен үйге кіріп кеткен жыланның басына ақ құйып шығарып салатын ұрпақ өсіре аламын деп ойладым. Солай ғана «ақ мол болсын» деген тілектің мәнін түсінетін болашақ қалыптастыруға болатын шығар. Құрт жеп, айранға аузы былғанбаған бала қазақшыл бола ала ма? Құлағына жылқының кісінегені кірмеген бала «Ұйықтап кетсе, түсінде арғымақ көрмейді». Қысқасы қазақ қазақ болуы үшін Қазақияның топырағында өсіп-өнген өнімді тұтынуы тиіс. Адамның тұтынған асы оның болмыс бітіміне әсер ететіндігін генетиктер жоққа шығармайды. Асыл дінімізде де адамдардың адал ас пен арам асты парықтауына бекерден бекер талап қойылмаған. Ал бізде барлығы керісінше. Тамақтанудың да өзіндік «модасы» қалыптасқан. Былтыр американдық Сандерс деген шалдың тамағын жеу сәнге айналған. Алдыңғы жылы түріктің асын тұтыну сән еді. Биыл суши туралы көбірек айтып жүрміз. Сән қуып жүріп, ұлттық мінезімізді жоғалтып алғанымызды байқамай  қалмасақ болғаны. Хайуанаттар бағындағы аңдарға зер салыңызшы. Маймылға өзінің бананын береді. Ол біздің жерде өсетін жемісті аш өзегіне түскенде ғана жеуі мүмкін. Ал біз тоқшылықтан, италияндықтардың пицасын, жапонның сушиін қымбат бағаға сатып алғанымызды мақтаныш көреміз.

Айнұр Төлеу

Қатысты Мақалалар