Алматы облысы, Жамбыл ауданына қарасты Ұзынағаш ауылында 2007 жылдан бері Кеңес өкіметінің басқыншы – генералдарының бірі – Герасим Колпаковскийдің 20 метрлік ескерткіші мен еркерткіш тақтайшасы тұрғанын білетін боларсыз. Сырт қарағанда, Қазақстандағы көп тарихи ескерткіш мұралардың бірі болып көрінгенімен, жақындап барып қарасаңыз – «Қазақ даласын азат ету құрметіне», «в честь освобождения казахских земель от благодарного народа» және «Орыс қаруы үшін», «во славу русского оружия» деген жазулар мен Алматы қаласына қарай бағытталған қос бірдей зеңбіректің мүсіні бейнеленген.
Жалпы Колпаковский туралы біз не білеміз?
Генерал Колпаковский шаруаларды ішкі Ресейден Қазақстанға қоныс аудару жөнінде алғаш рет бастама көтерушілердің бірі болған, Жетісудың әскери губернаторы. 1868 жылы оның тікелей басшылығымен «Жетісуга шаруалардың қоныс аударуы туралы уақытша Ережелер» жасалды. Ал 1892 жылы Транссібір темір жолының құрылысы басталды. Ол Қазақстанның солтүстік өңірін басып өтті. Мұның өзі қазақтардың иелігіндегі жердің 4,2 миллион десятинасын қосымша тартып алуға жеткізді.
1860 жылы қыркүйек айының ішінде қазақ тыныштығы ұйқы-тұйқы боп бұзылып кетті. Сол кезде генерал Колпаковский орыс-казак қолбасшыларын жинап, қарулы әскерді жинақтайды. Қазақтың атты, садақты, жалаң қол әскеріне қарсы зеңбіректі қару қолданып, қырып салған да осы Колпаковский еді ғой. Кейбір тарихи деректерде ол қазақ даласын қоқандардан азат етуші деп көрсетіледі. Бұл әрине, кеңес өкіметі тұсында жазылған тарихи еңбектерде. Ал Егемендік тұсындағы жаңа тарих Колпаковскийге қатысты не дейді?
Сонымен, Ұзынағаштағы ескерткішке қайта оралатын болсақ, негізі сонау кеңес өкіметі тұсында қаланған, мәдени мұралар тізіміне енбеген, 2007 жылы казак белсенділерінің бастамасымен қайта тұрғызылған ескерткіш әлі күнге дейін біздің про-ресейлік қысымның ықпалында өмір сүріп жүргенімізді айтып тұрғандай көрінеді. Тәуелсіздігімізді алғанымызға ширек ғасыр жуықтаса да, әлі күнге дейін бабамызды қырған басқыншының ескерткішін төбемізге көтеріп, ұлықтап жүргеніміз сүйегімізге таңба болып басылуда. Ал ондағы жазбаларды көзімізбен көргенімізде, не дерімізді білмей қалдық?
Сонда бұл ескерткіш және ондағы жазулар нені меңзеп тұр? Бейбіт күнде, биік төбеге ескерткішін орнатып, зеңбірегімен зекітіп қоярлықтай Колпаковский кіміміз еді? Әлгі, астарында саяси пиғыл жатқан ескерткіш Ұзынағашта қашаннан бері пайда болған? Оның ескерткіші кімдерге керек болды? Жалпы ол ескерткіш керек пе? «Қамшы» порталы осы сұрақтарға жауап іздеген болатын.
Ләззат Есболова, Алматы обл. Мәдениет басқармасы, Кітапхана ісі, тарихи мұралар, музейлер жұмысын ұйымдастыру бөлімі басшысы:
- Г.Колпоковскийдің ескерткіші 1885 жылы қазақ халқын Қоқандықтардан қорғаған ерлігі үшін Совет одағының кезінде 1921 жылы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылы аумағында қойылған. Ол жер кейіннен орыс халқының зиратына айналған. Ескеткіштің ұзындығы 20 метр болған. Қазіргі кезде мемориалды тақтайшасы да жоқ.
2007 жылы «Жоғары Атаман» казактар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ю.Захаровтың қолдауымен ескерткіш қалпына келтірілді. Ашылу салтанатына Ресей мемлекетінің қазақстандағы елшісі, Жетісу казактары (семиреченские казаки) және Алматы қаласының зиялы қауымы қатысқан. Ескерткіш жанында зеңбірек орналасқан.
Г.Колпаковскийдің ескерткіші жергілікті маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштерінің Мемлекеттік тізімінде тіркелмеген.
Ескерткішті алып тастау жөнінде бүгінгі күнге дейін ешқандай ресми ұсыныстар түскен жоқ.
Ал ескерткішті жою немесе орнын ауыстыру үшін төмендегі процесстерді жүзеге асыру керек болады.
Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы 1992 жылғы 2 шілдедегі № 1488-ХІІ Қазақстан Республикасының Заңының 38 бабына сәйкес жүргізіледі.
1.Ескерткішке қатысты анықтама;
2.Түсіндірме жазба (ескерткішті жою себебі);
3. Ескерткішті жою туралы отырыс хаттамасы;
4. Ескерткіш туралы тарихи-мәдени сараптама қорытындысы;
5. Қала әкімдігінің жер телімі туралы шешімі;
6. Бас жоспар масштабы 1: 500;
8. Қаржы көзін анықтап көрсету;
9. Облыс әкімінің атына ұсыныс хат.
Тұрсын Жұртбай, жазушы, филология ғылымдарының докторы:
-Мен 2007 жылы Колпаковскийдің ескерткіші ашылған кезде сол жиынға қатысқан болатынмын. Ол жерге ұйымдастырушылар, белсенділер «казак» әскерінің киімдерін киіп келген, онда сол кездегі дінбасы да қатысты. Қазақстанда казак әскерінің киініп, шеру, демонстрация ұйымдастыруға тыйым салынған жарлық бар. Мұның негізгі астарында нелер жатыр дейсіз ғой? Осы сұраққа ҚР ҰҚҚ жауап беруі тиіс. Мен Колпаквоскийдің қазақтарға қарсы қару қолданып, қырып салған қылмысын алдыға тарта отырып, оған арнап тарихи ескерткіш ашуға болмайтынын айтып, бірнеше мақала жазған болатынмын. Менің сөзіме ешкім құлақ аспады. Ал мен өз мақаламда бірнеше сұрақтарға жауап талап еттім. Сол казактар шеруінде қолбасшы «атаман» болды дейді. Ол атаман кім? Маған ресми мекемелердің ешқайсысы да жауап берген жоқ. Тек, Қауіпсіздік комитетіне осы хатым жетіп, солар ғана телефон арқылы хабарласып, біз мәселемен жақсы таныспыз. Біз сіздің көтеріп отырған мәселеңізді қолдаймыз деп хабар берді. Ары қарай оны зерттеп, тексеріп жариялауға біздің толық еркіміз жоқ, бірақ хабардармыз деген. Демек бұның арғы жағында үлкен саяи қысым жатыр. Яғни, Қазақстанның ресми мекемелері, СІМ, ІІМ, ҰҚҚ және Сот пен Прокуратура араласа алмауы -Ресей жағынан бізге үлкен қысымның болғанын дәлелдейді. Ал орыс қаруы жасасын дегендей ұран салуы – бұл Қазақстанды ашық басыну. Біздің қауіпсіздігімізді қорғауы тиіс Прокуратурамыз, СІМ, Қорғаныс министрлігі т.б. намыссыздық танытып отыр. Ресей қысымына үнсіздік білдіріп, шовинистік сипаттағы ескерткіштерін орнатып беруі олардың рухсыздығын, намыссыздығын көрсетеді. Егер менің айыптауларым өтірік десе – Колпаковскийдің Қазақстанды басып алу саясаты туралы деректерді қайта қарап шықсын. Көздері жетеді. Өзіміздің аталарымызды қырып салған дұшпанды ұлықтап, ескерткішін орнатып беруіміз ұят, масқара ғой. Қазақстанның тәуелсіздігін «жаулап алушыны» – «жаулап алушы», «басқыншы» деп айту керек. Қазақстанның жерін отарлаған бас қолбасшы – Колпаковский деп жазылуы тиіс. Ал біз қазақ даласын қоқандардан азат етуші деп ұлықтаймыз-ау келіп. Бұл масқара ғой. Бұған ҚР ҰҚҚ, СІМ, ІІМ, Қорғаныс министрлігі, Идеология комитеті не қарап отыр? Бұл мәселеге қатысты солар жауап беру тиіс!
Жылбек Сембекұлы, журналист:
1. Тәуелсіздік алғанымызға 24 жыл болды. Ресейдің өзі қазір тарихты қайта қарастырып жатыр. Патшалық Ресей заманынан қалған бұл ескерткішке Совет үкіметі орнағаннан кейін де алып тастау қаупі төнген екен. Алайда Колпаковский қазақты қырғаннан басқа жақсылық жасаған жоқ. Ашығын айтуымыз керек зеңбірекпен, түрлі мылтықпен бақайшығына дейін қаруланған 2000 әскерімен қазақтың 20 000 айыр, садақпен қаруланған қарапайым халқын қырып салған адамға бейбіт заманда қазақ жерінде неге ескерткіш тұруы тиіс?
2. Еліміздегі Ресейдің қолтығына су бүркіп отырған казактар отрядтарының іс-әрекетін билік бақылауға алуы тиіс. Колпаковскийдің ескерткішіні алып тастауға бірден бір қарсы болатын сол казактардың ұйымы. Мұндай астыртын ұйымдардың жұмысын үш әріп қадағалағаны жөн. Сол Колпаковскийдің әскерінің ұрпақтары бүгінде Алматы маңайында тұрады. Олар да ескерткішті алып тастауға наразы болуы ықтимал. Алайда билік бұған қарамастан шешім қабылдауы керек. Қазақтың қанын төккен адамға төрімізден орын беріп, ескерткішін орнатып қойғанымыз болмас.
3. Бұдан бұрын сол шайқасқа қатысқан адамдардың тізімі болған. Алайда оны алып тастаған. Казактардың өзі бұл ескерткішке тікелей Ресей елшілігін араластырып отырғандықтан бұл мәселе жоғары деңгейде шешілуі тиіс.
1921 жылы бұл ескеткішті алып тастау туралы мәселе қозғалғанда сол шайқасқа қатысқан адамдардың тізімі алынып тасталған екен.
4.Қатеспесем, Алматыдағы Саяхат автобекетінің маңайында Колпаковский атындағы көше бар болатын. Әлі күнге дейін кейбір үйлер оның атындағы көшені өшіргісі келмейді. Сол сияқты Колпаковскийдің ескерткішін сары майдай сақтап, дәріптеудің қажеті шамалы. Әлі күнге дейін Мәскеуге жалтақтап отырғанымыздың бұл да бір көрінісі. Бір ескерткішті алып тастау үшін де Ресейдің қас-қабағына қараймыз ба?
Талғар ауданындағы Тұздыбастау елдімекенінде Калининнің ескерткіші де әлі тұр. Оны неге сақтап отырмыз?
Жетісу казактарының тайраңдаған жерлерінің бәрін де осындай ескерткіштер әлі сақталған. Олардың құны жойылды. Жаңа заманға жаңаша көзқараспен қарау қажет. Жалтақтайтын түгі жоқ.
Көрік Қозыбағаров, тарихшы:
-Патшалық Ресейдiң генерал-губернаторы Герасим Колпаковскийге 2007 жылы Ұзынағашта (Алматы облысы, Жамбыл ауданы) ескерткiш орнатылғанда, қазақ зиялылары қатты күйзелдi. Г.Колпаковскийге Қазақстанда ескерткiш орнату дегенiмiз - патшалық Ресейдiң отаршылдық саясатын ақтап шығу деген сөз. Немесе Ресейдiң бiр кездерi Қазақстанды отарлауын, Қазақстанға құлдық қамытын кигiзуiн «Бұл - өте жақсы нәрсе, прогресшiл әрекет» деп бағалағанмен бiрдей. Г.Колпаковскийге Ұзынағашта ескерткiш орнатқанымыз - бiздiң бетiмiзге басылған қара таңба!
Құдай-ау, қазақтарды жерiнен айырған, дiнiнен айырған, тiлiнен айырған және осындай қасiреттi iске басшылық жасаған, соның басында тұрған адамға қай бетiмiзбен көше бердiк?
Бейбіт Қойшыбаев, тарихшы:
- Колпаковский Герасим Алексеевич – орыс генералы, Орта Азияны жаулап алушы патшалық қайраткерлерінің аса ірілерінің бірі. Подполковник кезінде 1860 жылы Ұзынағаш түбінде мың адамдық жасақпен қалың Қоқан әскеріне соққы беріп, шегіндірді. Сондағы жеңісі үшін полковник шеніне жоғарылатылып, орденмен марапатталды. Ескерткіш сол жеңіс құрметіне қойылған. 2007 жылы жөнделіп, қалпына келтірілген. Әрине, басқыншы, отарлаушы елдің мүддесін астарлайды. Қоқан хандығы құрамына оңтүстік өлке түгел қарап тұрған. Орыс армиясы біртіндеп бәрін жаулап алды, Қоқан хандығын құлатты. Егер патша армиясы шынымен қазақтарды қоқандықтардан азат етуші болса, азат еткеннен кейін еліне қайтып кетпес пе еді. Жоқ, ол қазақ жерін орыс жеріне айналдырумен шұғылданған отарлаушы. Бізде тарихқа жаңаша қарау, тәуелсіз мемлекет тұрғысынан қарау әлі де қалыптаса қоймаған, сондықтан, ескерткіштің шын мәніне ой жүгіртіп жатқан қайраткер шамалы. Ел-жұрттың санасы оянса, өткендегі отарлаушыларды әспеттеудің маңызы жоқ екенін, тіпті залалды екенін тез-ақ түсінеді.
Тыстан келген адам ел ішіндегі ескерткішке қарап, тұрғылықты халықтың дүниетанымы мен құрметінен хабар алады. Мынадай ескерткіштерімізді көрген жиһангез біз туралы қандай ой қалыптастыруы мүмкін?
Ал аталмыш мәселеге тікелей жауап беруге тиіс Алматы облысы Ішкі саясат басқармасына хабарласып көрдік. Басқарма басшысы Ғалиасқар Төлендіұлы бұл мәселеден хабардар екендігін және алдағы күндері тиісті жауап қайтаруға уәде етті.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Пікір қалдыру